Тәуелсіздігімізден бұрын тойлардай Жаңа жыл бізге не береді?

4
3626

Оңтүстіктен басталған оң үрдіс жалғасын табуы тиіс.

Біз жыл сайын ең басты бағымыз, басты мерекеміз – Тәуелсіздік күнінен бұрын Христиан мерекесі  – 1 қаңтар, Жаңа жылға дайындалудан жарыс болатын келеңсіздіктен 21 жыл болса да, әлі арылмай келеміз. Биыл бір қуанарлығы, президент айтпаса, кірпігін де қақпайтын әкімдердің қатарынан қайрат көрсетіп, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Асқар Мырзахметов Тәуелсіздік мерекесінен бұрын Жаңа жылға дайындалуға тиым салды. Міне, азамат! » Бізде де, өзінше ойлай алатын ерлер бар екен-ау!» деп қуанды ел. Мүмкін, өзі бір кезде Қазақстанның елшісі болған Өзбекстанның Жаңа жылды тойлауға мүлдем тиым салғаны әсер еткен де шығар… Дегенмен, өзіміздің бүкіл Шығыстың  нағыз Жаңа жылы – Әз-Наурызы – Ұлыстың ұлы күні тұрғанда,  Христиан пайғамбары Исаның туған күні – 1 қаңтарға қара күзден дайындала бастайтын Астана бастаған барлық облыстар мен қалаларға қарағанда, мұндай иманды оң үрдістің оңтүстіктен басталғаны ақиқат.

Біз бүгін  www.qazaquni.kz сайтымыздың пікірлер бөліміне түскен екі маңызды мақаланы жариялап отырмыз.

 ЖАҢА ЖЫЛ БІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ? Өзгенің сойылын соғу қайда апарады?

Құрылысшымын десең құрылыстан, инженермін десең техникадан, зергермін десең зергерліктен, қысқаша айтқанда қандай кәсіппен айналыссаңыз да, сол мамандықты жете меңгеру шарт болғандай, өзімізді мұсылманмын десек, сол атқа лайықты әрекетті жасау біздің басты міндетіміз. Мұсылман болып Аллаһқа мойынсұнған соң Аллаһ сүймейтін нәрселерден бойымызды аулақ ұстауға тиіспіз. Осы тұста қандай әрекеттерді Аллаһ сүймейді? деп сұрарыңыз заңды.
Мәселен, алда келе жатқан жаңа жыл қандай мейрам? Ол жайлы Ислам не дейді? Оны тойлаудың мұсылманшылығымызға кері әсері бар ма? Жаңа жылды алаңсыз тойлап жүрсіз бе, ақырым не болады деп ойлап жүрсіз бе? Міне осы мәселеде ақ пен қараның арасын дұрыс ажырата алмасақ, тура жолдан жырақтап, басың қайда дегенге құлақ көрсетуіміз ғажап емес. Сізге ұсынылған заттың іші жылтыр, адам қызығарлық болып көрінгенімен, іші сасық, құбыжық болмасына кім кепіл. Ал енді осы мәселені қолдан келгенше тарқатып айтып көрелік:
Жаңа жыл – Христиандардың хазіреті Исаның туған күні деп тойлайтын мейрамы (Рождество). Христиандардың сенімі бойынша хазіреті Исаның туған күні 25 желтоқсанға сәйкес келеді.
Ал Батыс әлемінде Жаңа жыл 354 жылдан бері тойланып келеді. Хазіреті Исаның туған күнін 6 қаңтар деп тойлап жүрген Шығыстағы христиандар болса, Ионес Христомос пен Григори деген қасиетті әкейлердің бастамасымен жаңа жылды тойлайтын күнді батыстағылармен бірдей етіп 25 желтоқсанға ауыстырды. Міне Жаңа жылдың тарихы қайда барып тіреліп тұрғанын қараңыз. Негізі христиандардан шығып отыр. Сіз «біз жаңа жыл болғаны үшін ғана тойлаймыз, мұнда ниет дұрыс болса болды ғой» деуіңіз де мүмкін. Егер солай дейтін болсаңыз, бұл «мен арақты жақсы ниетпен ішіп отырмын ғой» дегенге саяды. Мұнда ең маңызды мәселе осы мейрамды христиандардың белгілеп беріп отырғанында. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім бір қауымның әрекетін істейтін болса, ол сол қауымнан болып есептеледі», – деген.

ШЫРША ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
Христиандарда шырша безендіру үрдісі болмаған. Христиандардың жаңа жылда безендіріп жүрген арша ағашы алғаш рет 1605 жылы Германияда қолданыла бастады. Кейіннен XIX ғасырдың орта шенінде Францияға да өтті. Армяндардың сенімі бойынша жаңа жылдың тәңірі Аманор деп аталды. Пагандықтың дәуірінде ауланған аңдар Аманордың құрметі үшін арша ағашына ілінетін болған. Жаңа жылда әртүрлі әсем бұйымдармен безендірілу арқылы өтетін бұл үрдіс пагандықтардан христиандыққа осылай өткен. Шырша – өзін Құдаймын деп жарияға жар салып, дүниеден озған Нәмрут патшаның белгісі. Нәмрутқа табынушылар біздің Тәңіріміз мәңгі тірі деп жыл он екі ай бойы жап- жасыл кейпін өзгертпейтін шыршаға теңеген. Сондықтан шыршаны, айналғанда өзгелердің Тәңірлерін айналшықтап жүретініңізді ұмытпаңыз. Римдегі пұтқа табынушылар: «Егер кімде-кім өз үйінде қысты күні лавр ағашын әсемдеп қойса, ол үйден еш уақытта бақыт кетпейді» деген сенімде болған. Міне сіз де дәл осы сенімде болсаңыз иманыңыздан айырылып Аллаһтың азабына лайықтылардың біреуі болып шығасыз.

АЯЗ АТА
Аяз ата – Люклю өңірінің бас епископы болған Сантоклаустың еңбегін бағалауынан бастау алады. Христиандардың сенімі бойынша әрдайым күлімсіреп, адамдарға қолғабыс таныту жағымен танымал болған Аяз ата, қазіргі христиандардың мәдениетіне сіңісіп кеткен. Сантоклаус адамдарды қорғайтын қайырымды жан болып табылады. Жаңа жылда балалардың көңілін көтеретін ақсақал.
Мұның астарында да үлкен саясат жатыр. Жас бүлдіршіндердің ақ парақтай таза санасы мен кіршіксіз – жүрегінен орын алып, жастай уландыру. Бейкүнә бала Мұсылманшылықтан ұзақ қалып, өзге діннің дәстүрін жаңғыртып жүргенінен хабарсыз күйде қала береді.
Жаңа жылды тойлаудың адамға тигізер зияны шаш етектен.
Бірінші, сізді сеніміңізден айырып, өзге діннің дәстүрін уағыздауға үгіттейді. Яғни Исламға қайшы әрекет істейсіз. Ең сорақысы осы болса керек. Өйткені шындықтың тамырына балта шауып, өтіріктің сойылын соғасыз. Яғни Аллаһқа серік қосып, кешірілмес күнәға бой алдырасыз.
Екінші, қанша шығын, ысырапқа жол ашады. Ал Құранда Аллаһ Тағала ысырап етушілерді сүймейтіндігі баяндалған. Бұл тағы да Аллаһқа қарсы істелген шараңыз болып қала береді. Болмашы жылтырақтармен өз-өзіңізді алдап, от шашатын (салют) құралдарға қыруар қаржы жұмсайсыз. Осылайша өзгенің түкке тұрғысыз дүниесін аласыз. Олар сізді ақымақ қылып қалтасын томпайтып кете барады. Сондай-ақ осы ойыншықтар қанша жасөспірімдерді он екі мүшесінен айырып, жарымжанға айналдырады.
Үшінші, ішімдік атаулының қып-қызыл саудасы жүреді. Бұл күні көңіл көтерудің төте жолы осы тентек суға барып тіреліп тұрады. Осылайша тағы да Аллаһтың тыйым салған ішімдігін ішіп, қарсылығыңызды көрсетіп шыға келесіз.
Төртінші, үнділер айтпақшы, «Арақ ішкенде адам әуелі туыс боп сыланып, сұлуланып, байпаңдайды. Одан кейін маймыл болып ойнақыланып, қылжақтайды. Содан соң кәрлі арыстан болып қоқияды. Ең ақыры шошқа болып тынады». Міне мұндай халге түскен адам отбасының шырқын бұзып, өзгелерді ренжітеді де, ақыретте жауап беретін тағы бір істі мойнына арқалап алады.
Бесінші, қыз-қырқындардың кейбірі дәл осы күні абыройынан айырылып, орны толмас өкінішке душар болса, қаншама адамдар пышаққа ілініп, аурухананың терінен шығады. Сенбесеңіз, бірінші қаңтар күнгі теледидардың жаңалықтар легіне көз салыңыз.
Алтыншы, сіздің бар назарыңызды осы бір жалған мейрамға аудартып, өмірлік негізгі мақсатыңызды ұмыттырады. Өз-өзіңізді «мұндай мейрам күніне келіп жатқан жоқ», «жаңа жыл күні қандай болсаң, жыл бойы сондай болып жүресің» деп Исламға сай келмейтін неше түрлі негізсіз ырымдармен, өзіңізді де, өзгелерді де алдап соғасыз. Міне, нағыз өтірік. Бұл үшін жауап бересіз.
Жетінші, қаншама оқу орындары мен мекемелер безендірілуі тағы бар. Бұл да қыруар ақшаны талап етеді. Дәл соған кеткен қаржыға жетімнің халін сұрап, көңілін ауласаңыз болмас па еді?
Сегізінші, мейрамнан кейінгі жағдайды бір көріңізші. Жаңағы сәнделген жылтырақтардың барлығы шашылып қала береді. Алаңдарда атылған от шашарлардың қалдықтары саңырау құлақша самсап жатады. Бұл да біреуге жұмыс. Оны жинайтын адам неше түрлі қарғыс айтып, жеті атаңа жеткізіп асырады. Міне, өтіріктің барлық жері былғаныш болады. Басынан соңына дейін. Мұның жамандығын, тізе берсең соңына жете алмайсың. Сондықтан Аллаһтың мына бір бұйрығына құлақ салып, одан берік ұстанғанымыз жөн: «Олар (мүмин-мұсылмандар) өтірікке айғақ болмайды да бос (пайдасыз) сөздерге кездессе көңіл аудармай өте шығады» (Фұрқан 25/72).

Файзулла ТАЙТЕЛИЕВ

Жаңа жыл мен рождествоны тойлау қажет пе?

Төл тарихымыздан тағлым алар болсақ, Атырау мен Еділдің, Алтай мен Алатаудың арасын алып жатқан сайын даланы білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтап, қорғап қалған. Ұрпағына аманаттаған батыр бабаларымыздың өнегесінен өзгеге еліктеуді, жат қылықты әдетке айналдыруды байқамайсың. Қайта оларды осындай жанқиярлық іс әрекетке итермелеген имандары неткен кәміл деген ойға шомасың. Ал қазіргі адамдарды олардың нағыз ұрпақтары деуге келе ме?
Бүгінгі күнде көптеген мұсылмандар басқа діндегілердің мерекелерін атап өту құмарлығына бой беріп жатыр және бұндай амалдардың өздеріне қаншалықты көп жәбір келтіретінін түсінбейді.

Рождество Христово және жаңа жылдың шығу тарихы.
Құрметті менің баурым, Рождество мерекесінің түпкі тамыры христиандық емес екенін білгенің абзал.
Рим империясында көпқұдайшылдар өздері жартылай құдай жартылай адам деп табынатын Митраның туған күнін (Рождествосын) сән-салтанатпен атап өтетін болған. Олардың жалған діні бойынша Митра 25 желтоқсан күні бір үнгірде жануарлар арасында туған. Тура осы сияқты славяндар да христиан дінін қабылдаудан бұрын көп жалған құдайларының біреуі болған Коляданың Рождествосын тойлаған (олардың Рождествода айтатын әндері бүгін де «колядки» деп аталады). Ел арасында кең тараған бұл мерекені ығыстырып тастау үшін ІҮ-ғасырда бұрын сол Митраның бас табынушысы болған, кейіннен христиан дінін жаңадан қабылдаған Византия империясының императоры Константин 25-желтоқсанды Иисустың (Иса а.с.) туған күні деп жариялаған. Оған дейін Исаға тиісті бұндай атаулы күнді ешкім білмеген де, тойламаған да.

Көпқұдайшыл болған римдіктердің сенімі бойынша, егер адам өз үйіне лавр (үнемі жасыл болып өсетін ағаштың бір түрі) ағашын тігіп қойса, онда оның үйінен көктем кетпейді мыс. Сондықтан да олар сол ағашты өз үйлеріне әр қыс келген сайын тігіп қоятын болған. Герман тайпалары да солай істейтін болған, бірақ лаврдың орнына олар ель (шырша) ағашын тігетін болған. Көріп тұрғанымыздай, бұл да Иса (алехи салям) ға және оның Рождествосына қатысы жоқ .

Христиандарға ұқсау

Олар (Мейірімді Аллаһтың құлдары) өтірікке айғақ болмайды… (Құран кәрім, 25:72)
Бұл аяттың тафсирілерінің бірінде, басқа діндегілердің діни мерекелерінде болып қатысу туралы айтылған деп келтіріледі.
Бүгінгі күндерін ақтай келе, адамдар: «Мерекелерде ешбір тыйым салынған нәрсе жоқ», немесе «Біз бұл мерекеге барғанда тыйым салынған барлық нәрседен тыйыламыз (арақ-шарап ішпейміз, тек қана дастарған жайып атап өтеміз)», – дейді. Көп жағдайда христиандардың Кітап иелері болғандықтан мұсылмандарға жақын екендігі де жиі айтылады. Пайғамбарымыз саллалаху алейхи уассалямның: «Кім қай халыққа ұқсағысы келсе, ол солардың бірі», – дегеніне сүйенсек, бұған қандай рұқсат болуы мүмкін?

 

Абзалын алайық

Егер Аллаһ бізге бір нәрсеге тыйым салса, міндетті түрде одан абзалын береді. Алланың елшісі (с.а.с) былай деді: «Аллаһ оларды сендер үшін олардан да абзал болған Құрбан және Рамазан айт күндерімен алмастырды». Аллаһ тек қана шындықты айтады. Бүкіл жаратылыстың Раббысы осы екі күнді ең абзал күндер деп атаған екен, ой-санасы түзу, Аллаға және оның пайғамбарына иман келтірген адам бұны қабылдайды да , қалғандарын тастайды.

Мусылмандар Аллаға иман келтірмегендердің мерекелерін тойлап, өз мерекелерін ұмытса, онда олар мұсылмандардың жамағатынан алыстап кетеді, және сол имансыздардың әлеміне жақын болады. Бірде-бір христианның, олар мұсылман мемлекетінде өмір сүріп жатса да, Құрбан айтты немесе Рамазан айтты атап өтіп жатқанын көрдіңіз дер ме? Ал не үшін біз – мұсылмандар, Аллаһтын дінінде екенімізді ұмытып, оларға ілесуіміз керек?

Бұл мерекені атап өтушілер өздерінің сөздерінде бұл мерекені олардың әкелері атап өткендігін, және олар сол ата дәстүрді жалғастырушылар екендігін жиі келтіреді. Бірақ Аллаһ оларға Құранда былай деп тікелей жауап береді:

\”Алла түсірген (Құранға) бой ұсыныңдар делінсе олар: «Жоқ, үстінде ата-бабаларымызды тапқан жолға ілесеміз» деді. Егер аталары еш нәрсені түсінбеген әрі тура жолда болмаған болса да ма?» (Сонда да солардың жолымен жүре ме?) (Құран, 2:170)

Бауырым, Аллаһқа және оның соңғы пайғамбарына иман келтірмегендер, біздің де соларға ұқсауымызды, Аллаһтың бекіткен заңдарына мойынсұнбауымызды қатты қалайтынын біл:

\”Олар, өздері қарсы болғандай сендердің де қарсы болып, бірдей болуларыңды қалайды» (Құран, 4:89)

Тағы бір қасиетті аятында Аллаһ бізге былай деп әмір етеді:
\”Сендерге Пайғамбар не берсе алыңдар да неменеден тыйса, одан тыйылыңдар әрі Алладан қорқыңдар. Сөзсіз Алла, қатты азап иесі». (Құран,59:7)

Айналайын досым! Мүмкін сіз менің әкеммен үзеңгілес, немесе өзіммен қатар болмаса қара көз қарындасым, өкшемді басар інім шығарсыз. Тарихтың қай бетін парақтасаңызда, арғысы сонау Абылайхан, Бөгенбайлар, Төле би, Қазыбек би және Әйтеке билер мен бергісі Ыбырай мен Абайлар християндардың рождествосында үйіне шырша тігіп, балалары мен немерелерін: «Санта-клаус келеді, бізге сыйлық береді. Бір қолында шокалад, бір қолында мармелад», – деп алдамаған. Аллаһқа ғана шын тәуекел етіп, Одан ғана береке тілеуді үйреткен. Сондай ұлы иманды аталарымыздан имандылық пен ибалылықты, арлылық пен намысқойлықты үйренсек болмас па еді?

Аллаһтың және Оның Елшісі бергенді алып, тыйым салғанынан тыйылайық!
Әлемдердің Раббысы, Аллаһқа мадақ, Аллаһтың елшілеріне Аллаһтың сәлемі және жарылқауы болсын!

Әбдірахман МҮСЛІМ

www.qazaquni.kz

4 ПІКІРЛЕР

  1. Ия жаңа жыл дертінен айрылу үшін бізге ұзақ уақыт кетеді-ау.Бүлдіршіндерді алдаймыз Аяз ата сыйлық береді деп сөз жоқ сыйлықтың ақшасы толенген соң бермей қайда барсын.От шашу деп тағы шығындаймыз аз уақыттық қуанышқа алданып қаламыз.Ел ертеңі жастар сол жастарымыз қандай жолмен жүріп жатыр христиан салған ізбен ба,әлде ата-бабамыздың салған сара жолымен бе? Кімге сенеді Аяз атағама,әлде жаратушы бір аллаға ма?

  2. Мен дұрыс түсінсем, оңтүстіктің әкімі жаңа жыл мүлдем тойланбасын деген жоқ. Тек, шыршалар 16-желтоқсаннан кейін ғана орнатылсын деді.
    Жалпы, бәріміз бала болдық….енді өз балалармыз бен немерелерімізге тағы бір мейрамды артық көреміз бе?
    Мен өз басым немеремді бір қуанту үшін папуастың жаңа жылын да қарсы алуға дайынмын….енді тек мені каннибаллдар қатарына қосып қоймаңыздар!

  3. ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДЕН БҰРЫН ТОЙЛАРДАЙ ЖАҢА ЖЫЛ БІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ? Өзгенің сойылын соғу қайда апарады? Оңтүстіктен басталған оң үрдіс жалғасын табуы тиіс.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз