Н.САБИЛЬЯНОВ: «ҚАЗАҚСТАН – 2050» стратегиясы Мәңгілік Ел болуға шақырады

2
3950

Нұртай САБИЛЬЯНОВ,  Парламент Мәжілісінің депутаты:

«ҚАЗАҚСТАН – 2050» стратегиясы  Мәңгілік Ел болуға  шақырады 

–       Жақында белгілі болғанындай, Парламентте ең көп хат алған екі депутаттың бірі Сіз екенсіз. Әрине, бұл елмен тығыз байланыс жасаудың нәтижесі екені даусыз. Жуырда Мәжіліс депутаттары тағы да өңірлерге іс-сапарға шығып, халықпен кездесіп қайтқан екен. Сайлаушыларыңызды қандай мәселелер мазалап жүр екен…  

–       Иә, сөзіңіз рас, Парламентте ең көп хат алғандар, Дариға Назарбаева 720-дай, мен 700-дей хат алыппыз.  Парламент өкілді орган болғандықтан депутаттардың сайлаушылармен тұрақты түрде кездесуі, елді-мекендерге барып, олардың тыныс-тіршілігімен танысу, шешілмей жатқан мәселелердің шешімін табуына ат салысу жұмысымыздың бір бағыты болып табылады. Осындай кездесулер өткізуді көздеген кезекті іс-сапарымыз биылғы жылдың қараша айында болды. Онда Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында жастармен және Абай ауданына барып, аудандағы барлық 9 ауылдық округте халықпен кездесулер өткіздім.

Жастармен болған кездесу Семей мемлекеттік педагогикалық институтында өтті. Онда студент-жастармен жақсы пікір алмасу, ой-бөлісу болды, ұсыныстар айтылды.

Абай ауданындағы кездесулер туралы хабар жергілікті газет арқылы алдын-ала берлілгендіктен, оған ауыл тұрғындары белсене қатысып, өздерін мазалап жүрген көптеген мәселелер бойынша сұрақтар қойып, мұң-мұқтаждарын жеткізді. Атап айтқанда, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының салдарынан зардап шеккен адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетуді арттыру, соған байланысты қолданыстағы заңнаманы жетілдіру, зейнеткерлікке шығу жасын төмендету,  ең төменгі зейнетақы мөлшерін көбейту, халыққа медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсарту, төтенше радиациялық қауіпті аймаққа жататын Саржал ауылында аурухана ашу, жаңадан мектеп салу және полигон аймағында орналасқан шаруа қожалықтарына жер актілерін беру, елді-мекендердегі ауыз-су, мәдениет үйін салу, инфрақұрылымды жөндеу, ауылшаруашылығын дамытуға қолдау көрсету, Интернет желісіне қосылуды қамтамасыз ету және т.б. мәселелер көтерілді.

 

–       Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы өзінің халыққа Жолдауын жария еткені белгілі. Осы Жолдаудың ерекшелігіне тоқталып өтсеңіз…

–       Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсанда жария еткен Қазақстан халқына Жолдауы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын, оның басты мақсат-міндеттерін нақтылап берген тарихи құжат болып табылады. Осы жағдай оның негізгі ерекшелігі. Бұл Жолдауда мемлекет басшысы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытын көрсетті. Ең бастысы – Қазақстанды қуатты, дамыған мемлекетке айналдыру, Мәңгілік Ел болуға қарымды қадамдар жасау.

 

–       Нақтылап айтқанда, осы Жолдау бойынша халықты көп толғандыратын әлеуметтік-экономикалық салаларда қандай өзгерістер болады деп ойлайсыз?

–       «Қазақстан-2050» стратегиясында әлеуметтік саясаттың жаңа қағидалары қарастырылды. Мемлекет, әсіресе, дағдарыс жағдайында азаматтарға ең төменгі әлеуметтік стандарт кепілдігін беруге тиістігі қадап айтылды. Бұл жерде ең басты міндет кедейшіліктің өсуіне, адамдардың әл-ауқатының нашарлауына жол бермеу. Осы әлеуметтік стандартты сақтау арқылы біз бөлінетін тиісті қаражаттың көлемін де уақытында айқындап отыруға тиіспіз. Ол болашақта жаңа заң қабылдау арқылы жүзеге асырылады. Айта кету керек, мемлекет зейнеткерлерге, мүгедектерге, еңбекке жарамсыздарға, науқас балаларға және тағы басқаларға атаулы көмек үшін толық жауапкершілікті алатын болады. Ана мен баланы жан-жақты қорғау қажеттілігі де қамтамасыз етіледі. Ал енді жұмыс істей алатын, жұмысқа қабілетті азаматтар жұмыс істеп, еңбекке белсене араласу керек.

Әсіресе, қазіргі таңда назар аударатын мәселе жастарды жұмыспен қамту, еңбек ақысының дұрыстығын көздеу, еңбек дауларын болдырмау. Міне, осы бағытта Үкімет, атқарушы органдар жүйелі жұмыс істеуді жалғастыру қажет. Бұған біздің елде қажетті жағдайлар жасауға толық мүмкіндік бар. Соны дұрыс ұйымдастыру және пайдалану маңызды.

Ал, экономикалық тұрғыда шағын және орта бизнесті, ауылшаруашылығының кәсіпкерлеріне қолдауды дамытуды, көтермелеуді ары қарай жалғастыру көрсетілді. Бұл экономикамыздың дамуына өз үлесін қосатын, халықтың әл-ауқатын көтеруге септігін тигізетін үрдіс. Елбасымыз бюджет саясатының да жаңа қағидасын ұсынды. Бюджет шығынын өз мүмкіндіктеріміз шегінде ғана жұмсау, бюджет тапшылығын барынша қысқарту, яғни мемлекеттің қаражатын ысырап етпеу тапсырылып отыр. Сонымен қатар, өндіріс және жаңа технологиялар саласындағы салық салу объектілері үшін қолайлы салық салу режимін енгізу қажеттілігі айтылды. Елімізде бәсекеге қабілетті тауар шығаратын, жаңа технологиямен, құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген өндіріс орындарын ашу, олардың жұмысын қолдау негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленіп отыр. Бұл жерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту болашақта да жалғасын табады.

 

–       Қазақстан халқының 45 пайызы ауылды жерде тұратындықтан, ауылшаруашылығын дамытуға байланысты осы Жолдауға сәйкес қандай іс-шаралар жүзеге асыру көзделген?

–       Мемлекет басшысы бұл Жолдауда Үкіметке ел өнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасын әзірлеуді тапсырып отыр. Бұл бағдарламада ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындарын ашу, шаруа қожалықтарына қолайлы жағдай жасау, ауылшаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін, өз сұранысымызды өтеуге бағытталуын, экспортқа шығаруын қамтамасыз ету қарастырылу қажет. Сонымен қатар, жаңа ғылыми, технологиялық жетістіктерді ескере отырып, ауылшаруашылығындағы, соның ішінде мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғырту көзделіп отыр.

 

–       Сіз шекаралық аудандарға жиі барып тұрасыз. Шекарамен шектес аудандарды дамытуға қатысты тоқтала кетсеңіз…

–       Расында да, бүгінгі таңда шекара маңында орналасқан аудандардың, елді-мекендердің мәселесі өткір мәселелердің біріне айналып отыр. Биыл мен Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай мен Зайсан сияқты шекара аудандарында болып, халықпен кездесулер өткіздім. Оның алдында Мақаншы өңірінде де, Күршім ауданында да болғанмын. Шекара заставасында да болдым. Жалпы, шекарамен шектес аудандарды дамыту кешенді мәселе болып табылады. Ондағы негізі проблемалар тұрғындардың шекара маңындағы елді-мекендерде тұрақтамауымен, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік объектілердің, автожолдардың тозығы жеткенімен, жұмыссыздықпен, өндіріс орындарының жоқтығымен және басқа да бірқатар мәселелермен тікелей байланысты. Халық та осы мәселелерді жиі көтереді. Яғни, шекаралы аймақтардағы халықтың әлеуметтік-эколномикалық мәселелерін шешу аса маңызды болып отыр. Сонымен қатар, кезінде екі ауданды бір-біріне қосу арқылы қысқарып кеткен аудандарды қайта ашу мәселесін де тұрғындар жиі көтереді. Осы шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешенін әзірлеу Елбасының Жолдауында нақты айтылып отыр. Үкімет облыстардың әкімдерімен бірлесіп, 2013 жылы осы тапсырманы жүзеге асыратын болады. Бұл біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етудің бірден бір кепілі болмақ.

–       Елбасы Жолдауында «Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз» деп атап өтті.  Сөз соңында осы бағытта қандай жұмыс атқарылатындығын айтып өтсеңіз…

–       Президентіміз Жолдауда қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады деп атап өтті. Бұл қазақ тілінің мәртебесін көтеру, мерейін үстем етудің бірден бір мақсаты деп білемін. Қазақтың халық ретінде қалыптасып, ұлт ретінде сақталуы үшін қазақ тілін жаппай қолданыс тіліне айналдыруға баршамыз ат салысуымыз керек. Қазақ тілін білу және қазақ тілінде сөйлеу әр қазақтың абзал міндеті болу керек. Сіздердің ұлттық мүддені көтеріп келе жатқан «Жас қазақ үні» газеттеріңіз жүйелі түрде көтеріп келе жатқан басы мәселе – мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонуы екені елге белгілі. Былтыр «Мемлекеттік тілдің Атазаңға сай болуын талап еткен 138-дің хатын қолдайсыз ба?»-атты Парламент депутаттарына қойған сауалдарыңызға  «толық қолдаймын» деп жауап берген 4 депутаттың біріншісімін. Иә, мемлекеттік тілді білмей, мемлекет қызметінде, оның ішінде ел тағдырын шешетін жоғары лауазымдарда болу деген парадокс емес пе? Өйткені, Елбасымыз айтқандай, «Тілге деген көзқарас – Елге деген көзқарас».

Мен осы «Қазақстан – 2050»  стратегиясының нақты қадамдары келе жатқан Жаңа жылда – 2013 жылдан бастап, айқын байқалатынына сенемін.

-Сұхбатыңызға рахмет. Жаңа жылда жарқын табыстарға жете беруіңізге тілектеспін!

                                                      Сапар ӘЛІ

 

 

 

 

 

 

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз