"Әкемнің қазасы жайлы білетіндер өзіме келіп айтсын!.."

Ернар Ақселеуұлы: ӘКЕМНІҢ ҚАЗАСЫ ТУРАЛЫ АЛЫП-ҚАШПА СӨЗГЕ ДЕМ БЕРМЕҢІЗДЕР!

  Осы жылдың 22 желтоқсаны күні Ақселеу Сейдімбектің туғанына 70 жыл толады. «Дөңгелек дата» болмағандықтан, бұл шара аса ауқымды көлемде аталып жатқан жоқ. Әйтсе де, елі, жері, туған халқы, жақын достары, шәкірттері мен туыстары қазақ әлеміне өшпес қолтаңбасын қалдырған тұлғаны еске алып, шаралар өткізді. Сондай жиындардың бірінде Ақселеудің ұлы Ернармен кезігіп, көкейімізде жүрген сауалдарды жолдадық. Ернар Ақселеуұлы әкесінің қазасы туралы ел ішіндегі «алып-қашпа әңгімелерге» қатысты ойын білдірді. – Ернар Ақселеуұлы, Сіздің әкеңізді ел-жұрты, шәкірттері, достары ерекше құрметтейтін. Өмірден озған соң ол құрмет тіптен артып, марқұмды сағына еске алушылар көбейіп келеді. Осыны көргенде қандай күйде боласыз? – Жүректе мұң бар. Сағыныш та, өкініш те бар. Ең бастысы, әкеммен сырласа алмай қалғаныма өкінем. – Сонда қалай, сіздердің араларыңызда рухани байланыс болмады ма? – Неге олай дейін, болды. Бала күнімізден бастап, еліне айтып, еңбектеріне негіз еткен ой-пікірлері мен ақыл-кеңесін бізге де айтып отыратын. Мен кейін қызмет бабымен солтүстік облыстарға кетіп қалдым. Әке-шешем Астанада қалды. Сонда демалыс алып, үйге келгенде кейде әкеммен әңгімелесіп отырып, кейде қалай таң атқанын да сезбей қалатынбыз. Әкемді тыңдау, оның ойлы сөздеріне құлақ салу маған сондай ұнайтын еді. Қазір енді өкінем, әкем тағы да қасымда болғанда ғой, тағы да әкемді тыңдағанда ғой деген орындалмас бір өкінішім бар. – Сіздер Ақселеу ағаның қайтатынын сездіңіздер ме? – Жоқ. Өйткені, әкем өмірі бір ауырып көрген емес. Ауырса да, өзінің ауырып жүргенін де, қиналғанын да не жора-жолдастарына, не отбасына – ешкімге сездірген емес. Кейін білдік, әкем жүректен қатты қысылған екен. Таңертең шешей шәй жасап жатқанда, жүрегі ұстаған болуы керек, қайтып кетіпті… Суық хабарды естігенде бәріміздің өзегіміз өртенді. Қабырғамыз қайысты. Бірақ, не істейсің. «Жазмыштан озмыш жоқ». – Әкеңіз ауыратынын неге жасырды деп ойлайсыз? – Әкем кеңес үкіметі кезінде де көп қиындық көрген. Тоталитарлық режимге қарсы көп жұмыс жасады. «Қазақ не мәдениеті, не білім жоқ, қараңғы халық» деген тұжырымдардың жалғандығын дәлелдеу үшін жатпай-тұрмай еңбек етті. Өз көзқарасын газет-журналдарда қызмет істеп жүргенде ашық білдірді де. Осындай өр мінезінен кеңес үкіметінің тепкісіне түскен ездері де аз болмады. Бірақ, әкем оған мойыған жоқ. Өте мықты болды. Өзінің қиналып, қысылып жүргенін ешкімге сездірмеді. – Сізге әкеңіз «біз батырдың тұқымымыз, соған лайық болуға тиіспіз» деп айтатын ба еді? – Иә, Шоқан Уәлихановтың Байғозы батыр туралы новелласын оқып беріп: «Міне, сендерің аталарың қандай болған! Сендер осы кісіден үлгі алуларың керек!» деп отыратын. Әрине, бұл біз үшін үлкен жүк. Ақ назаның ұшымен, қылыштың күшімен елін қорғаған батырды ңұрпағы болғандықтан, біз де елге, жерге қызмет етуіміз керек дейтін. – Қайтарынан бір күн бұрын, яғни 2009 жылдың 15 қыркүйегінде Ақселеу ағамыз барлық қолжазбаларын орталық мұрағатқа тапсырып, келісімшарт жасасып кеткен екен. Осында бір құпия бар деп ойламайсыз ба? – Мен сізге айтайын, әр адам бір іс бастағанда өзіне жігер, қайрат береді. Бастаған жұмысы соңына жеткенше өзін қатты, мығым ұстайды.Сол секілді, әкем соңғы кітабын жазып біткеннен кейін маған телефон шалды. Сөйтіп: «Мына кітапты бітірдім.Шаршадым. Енді қайтып қолыма қалам алмаймын» деді. Сонда әкеме: «Әке, неге олай дейсіз? Жазатыныңыз әлі көп қой. Өз-өзіңізді бұлай босаңсытпаңыз», – дедім. «Жоқ, талдым. Көз де бітті. Қол да дірілдеп, енді жазуға мұрша болмай жатыр», – деді әкем. Менің ойымша, жазуын аяқтағанда ойы бар, толғауы бар – барлық ішкі күйі, әсері әкемді қалжыратқан сияқты. Өйткені, әкем өмір бойы қызу еңбек етті. Кейде күнімен университетте сабақ берсе, түнгі сағат 4-5-ке дейін үйде жазу жазатын. Сөйтіп, таңертең ерте тұрып алып, қайтадан жұмысқа шығып кете беретін. – Әңгіме басынан айналшықтап жүргенім: ақпарат құралдарында елге танымал азаматтардың аузынан шықты делініп, Ақселу ағаның қазасы туралы алып-қашпа әңгімелер айтылып жүр. Біреу «өзін-өзі пышақтапты» дейді, біреу «у ішіпті» дейді… – Жоқ, осы дұрыс нәрсе емес. Ол жалған, қауесет. Әкем қайтқанда үйде бәрі болды. Әкем қайтқаннан кейін жарты сағаттан соң үйге үлкен зиялы азаматтар келді. Бәрі жағдайды көрді, бәрі біледі. Сондықтан, ондай өсек-өтірікке бой алдыруға болмайды. Екіншіден айтарым, әкемнің қазасы туралы бірдеме білем дейтіндер болса, өзіме келіп айтсын. Кісі қайтқаннан кейін оның соңынан жел сөз ергізу дұрыс емес. Әкем ешқашан ауырмаған. Төсек тартып, үйде жатқанын ешқашан ешкім көрген емес. Енді келіп, қалай мұнша өсек өргізуге болады? Рас, ондай әңгіменің неше түрлісін мен де естігенмін. Бірақ, көзі жетпеген соң ешкім келіп, бетімізге айтқан емес. Өйткені, сөзі жалған болған соң, оны келіп айтуға дәті бармайды.

«Араша-ақпарат»

www.gu-gu.kz