ЭКСПО-2017: БІЗ ӘЛЕМГЕ НЕ ҰСЫНАМЫЗ? АЛ БЕС ЖЫЛДА АСТАНА ҚАЗАҚЫ КЕЛБЕТ ҚАБЫЛДАП ҮЛГЕРЕ МЕ?
Өткен апта біздің елімізге зор қуаныш сыйлады – Астана бір жылдан астам уақытқа созылған бәйгеде әлемнің көптеген үміткер қалаларын артқа тастап, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болды. Қуаныш болатын себебі – бұл көрменің өнеркәсіп саласында алатын орны спорттағы олимпиада мен футболдан әлем чемпионаты екеуін қосқандағымен парапар. Ал, ондай аса биік мәртебелі жиынды халықаралық мекемелер кез келген қаланың қанжығасына байлап жібере салмайтыны белгілі. Бұл көрме бұрынғы Кеңес Одағына кірген мемлекеттер аумағында тұңғыш рет өткізіліп отыр. Ресей Федерациясының өзі ЭКСПО-2020-ны Екатеринбургта өткізуден дәмелі.
Екінші жағынан, көңілді күдік кернеп, Абай атамыз айтпақшы, қуанайын десек те қуана алмай, отырған жайымыз бар. Неге?
Біріншіден, біз осы қашанғы шынайы жұмыс жасаудың орнына, көзбояушылықпен айналыса береміз? Егер ІІ-Екатеринаның фавориті, қазақша айтқанда көңілдесі генерал Потемкин патшайым жүретін жолдың бойындағы деревняларды ғана әрлеп-әспеттеп, сол үшін ол қыстақтар «Потемкин деревнялары» деген атқа ие болса, біздің көкке көтеріп жүрген бас қаламыз Путин патшаның дуалы аузынан шыққан «Деревня с евроремонтом» деген айшықпен тарихта аты қалар түрі бар. Қай нәрсені болсын бетің бар, жүзің бар демей, ашық айтатын адам емес пе, «дос ел еді ғой» деп бізді аямады, пәтшағар... Мүмкін, қайта сол тым адал болмаса да, достығы шығар, басқалар секілді көңiлімізге қарап, күле айтпай, жылата айтқаны? Әрине, ол ешқандай артық сөз қосқан жоқ, елдің бәрінің іші білетін, тек көпшілік алдында сыртқа шығарыла бермейтін сөзді ғана айтты. Несін жасырамыз, жаңа астананың қызығын қытайлар мен түріктер көрді ғой. Дәл біз секілді Малайзия мемлекеті де Махатхир Мохамадтың премьер болған тұсында астананы көшірді. Бірақ, олардың бізден басты екі айырмашылығы болды: біріншіден, астананы – жаңа астана салынуға тиіс жол-жосықпен! – таза жерден салды; екіншіден, олар өз астанасына тек Малайзияда жасалған бұйым, тауар, заттарды жұмсады! Цемент, кірпіш, темір арматурадан бастап, кеңселердегі калькулятор, компьютер, теледидарларға дейін. Сол арқылы да өз елдерінің экономикасын бір биікке көтеріп алды. Үшіншіден, Путраджайя – тікелей аудармасы «халықтық даңқ» деген мағынаны береді, себебі тәуелсіз Малайзияның тұңғыш премьері Абдул Рахманның құрметіне орай осылай аталған – малай халқының зияткерлік қабілетін көрсететін, заманынан озып туған, әлем мойындап үлгерген «болашақтың қаласы». Төртіншіден, ол – ертегі, аңыз қала, гүл-бақшаға оранған, жердегі жәннат қала, ең бастысы – малай халқы мақсатына жеткенін куәлендіретін арман-қала!
Негізгі ойымызға қайта оралайық, Қытай мемлекетінің 5000 жылдық тарихында болмаған ғаламат даму қарқынының бір сыры да осы тәсілде жатыр – шетелдік инвесторлар бұл елдегі өз қызметінде тек қана Қытайда өндірілген заттарды пайдалануға құқылы. Көршілеріміз шетелдіктердің қаржысы есебінен өз тауарларының сапасын үздіксіз көтеруде. Біздің елге жіберетіндері мен Еуропа мен Американы жаулап алған қытайлық тауарлардың айырмашылығы жер мен көктей.
Қытайды қазірдің өзінде әлемдегі көлемі жағынан екінші экономикаға жеткізген, мамандардың есебі бойынша алдағы 25-30 жылда бірінші экономикаға айналдыратын күштің тағы бір сыры – мемлекеттің халықтың өз тапқанын сол халықтың өзіне қайтарып беріп отырғанында. Біз бұл жерде бірінші кезекте жемқорлықты меңзеп отырмыз – Қытай-
да жылына 5 мыңға жуық жемқор өлім жазасына кесіледі. Және ату жазасының орындалуын бүкілхалықтық телеарналар тікелей эфирден береді. Ана бір жылы іссапармен барған лауазымды жолдасымыз қожайындардың делегация мінген автобусты тоқтатып, супермаркетке алып кіріп, үлкен экраннан осы көріністі «тамашалатқанын» айтып, келгеннен кейін де бір апта бойы есін жия алмай жүрді... Біздің елде бұндайды көрмек тұрмақ, естіген жан бар ма екен?
«Қытай мемлекеті халықтың өз тапқанын сол халықтың өзіне қайтарып беріп отыр» дедік. Бұл олардың ойлап тапқан жаңалығы емес, халқының қамын ойлаған әбір мемлекеттің атқарар ісі. Сталиннің кезінде де КСРО-да дәл осындай жағдай еді. Соның арқасында өнеркәсібі өркендемей артта қалған, оның үстіне жеті жыл соғысты басынан кешірген аграрлы ел бар-жоғы 15 жылдың ішінде қуатты индустриялық державаға айналды. Айнала алғандықтан да соғыстың бас кезінде Сібір мен Қазақстанға жүздеген өнеркәсіп ошақтарын эвакуация жасап, үш айдың ішінде танкі мен ұшақ шығаруға да қол жеткізді.
Бұрынғы Кеңес Одағы да, бүгінгі Қытай да көзбояушылыққа салынған жоқ, «паровоздың алдына түсіп алып жүгірген» жоқ. Не істесе де, өз уақытында, сырт жұрттың алдында арзан абырой, алдамшы атақ жинайын демей, өз халқының қамын ойлап барып істеді. Қытай ЭКСПО-ны реформа бастағаннан кейін 31 жыл өткен соң ғана, 2010 жылы Шанхайда өткізді.
Біз болсақ халықтың тапқан-таянғанын халықтың өзіне қайтарып беріп отырудың орнына – жемқорлардың жемсауынан аман қалған байлықты – оңды-солды шашудамыз. Евразиялық медиафорум өткіземіз. Сөйте отырып сөз бостандығының мойнындағы тұзақты жыл өткен сайын тарылтып келеміз. Жақын арада біраз телеарналар мен басылымдардың жабылғанына да куә болып қалармыз. Ең болмаса АҚШ-тың тұңғыш президенті, президенттік екі мерзімі біткен конгресс «Ұлттың атасы» деген ат берген Дж.Вашингтонның журналистерге арнап айтылған: «Сіздер мені аямай сынай алатын болуларыңыз үшін мен бар күшімді салатын боламын!» деген қанатты сөзін де еске алғымыз келмейтін болып барамыз...
Барымызды аямай шашып, ЕҚЫҰ-ға төраға боламыз. Дұрыс қой, бірақ бізден басқа бір де бір посткеңестік мемлекет неге біз секілді осы креслоға өліп-тіріліп ұмтылмайды демейміз. Оның саммитін өткіземіз. Ал, сол саммит өтіп жатқан күндері ия Еуроньюс, ия Би-Би-Си секілді алпауыт ақпарат арналарының бір де біреуі біздің бұл жетістігіміз жайлы ауыз жап-
пай, сағат сайын қайталап, жер-жаһанға жар салып жатпағандығы жанымызға батпайды...
Әрбір екі жыл сайын әлемдік дәстүрлі діндердің құрылтайын өткізіп келеміз. «Өткізуге хақымыз бар, себебі біз көпконфессиялы елміз, солай бола тұрса да, дінаралық толық татулық, төзімділік (толеранттық), кеңпейілділік, кешірімшілдік жағдайда өмір сүріп жатырмыз» дейміз. Көпконфессиялы болғанымыз бағымыз емес екенін байқамаймыз. Болашақта сорымызға айналмаса да жарар еді. Дешті-Қыпшақ мемлекетіне дейін атақоныс өлкемізде салтанат құрған Хазар қағанатының түбіне жеткен бабаларымыздың шектен шыққан толеранттығы екенін, қағанатты құлатқан иудея дініндегілер болғанын марқұм Рахманқұл Бердібаев тәрізді абызымыз шыбын жаны шырқырап жазса да, құлағымызға ілгіміз келмейді.
Көпдінділіктің түбі жақсылыққа апармайтынын біле тұрып 1992 жылы 15 қаңтарда, Тәуелсіздіктің келгеніне бір ай да толмай жатып – қайда асықтық?! – барлық дін тұрмақ, діни ағымдарға да толық бостандық беріп қойған, оларға деп есік-тесігіміздің бәрін айқара ашып тастаған, діни ұйымдар жайлы әлемдегі ең либералды заң қабылдадық. «Бұл бетімізбен кете берсек құримыз, бармағымызды шайнап қалмай тұрып заңға өзгеріс енізейік» деген қоғам қайраткерлерінің, парламент депутаттарының ұсынысын Конституциялық Кеңес арқылы 2002 және 2009 жылы желкесін қидық. 2009 жылы «Жас қазақ үні» осы тақырыпқа арнап мақалалар топтамасын жариялады. Ең соңғысы «Антиконституционное постановление Конституционного Совета» деп аталды. Онда аталмыш кеңестің тым болмаса, өз қаулысын баспасөз бетінде ашық жариялауға шамасы келмегені сыналды. Екі жыл өткен соң, теріс саясатымыз өзінің улы жемісін беріп, діни ағымдағылар бой көрсете бастағанда, тағы да асығыс-үсігіс діни ұйымдар туралы заңға өзгеріс енгіздік. Атын да, затын да өзгерттік. Бірақ, миссионерлер жайлы бапты алып тастауға тағы да жарамадық. Ал, Ресейдің осындай заңында миссионерлер жайлы бір ауыз сөз жоқ! Тағы да ең алдымен еліміздегі тыныштықтан екіжүзді Батыстың алдында жақсы атты болғанды артық санадық...
Азиада өткіздік. Оған қатысқан қазақстандық спортшылар арасындағы қазақ ұлтының өкілдерінің саны бір қолдың саусағына да жетпейді. Лондондағы олимпиада 7 алтын иеленіп, жарыс нәтижесінде 12-орынға іліктік деп отыз күн ойын, қырық күн тойын жасадық, бөркімізді аспанға аттық. Жеті жеңімпаздың біреуі ғана қазақ, үшеуі ғана қазақ жерінің туабітті түлегі. Серік Сәпиев болмағанда әлемге қарар бет қалмас еді. Футболдан құрама командамыз Андорра деген ергежейлі мемлекеттің деңгейінде, жеңілістен көз ашпайды, жиырма жылда адымдап алға басудың орнына тек кейін кетіп барады. Клубтық командаларымыз да сол шамада. 1965 жылы осы жолдар авторы «Қайрат» КСРО біріншілігінің жоғарғы лигасынан 1-лигаға түсіп қалғанда – балалық қой - өкпелеп, өлеңмен хат жазғаны бар еді. Сонда әкем: «қашан командада 11 қазақ болмай, «Қайратыңның» осылай болғаны болған!» деп еді. Әулие екен. «Қайратымның» күні ол кездегіден де төмен...
Неге бұлай? Себебі оларды легионерлер жаулап алған. Жаулатып қойдық. Ең болмаса команда мен құраманың жартысы қазақ спортшысы болсын деген ереже де жасай алмай отырмыз. Ендеше қазақ спортының қамын ойлаудың орнына, қаржыны ауылдағы қаракөздерге салудың орнына, бұқаралық спортты дамытудың орнына қазақ спортшысы қатыспайтын немесе аз ғана қатысатын, қазақты танытпайтын арзанқол азиадалар мен олимпиадалардың кімге керегі бар? Кімді алдағымыз келеді?
Енді, міне, тағы бір кезекті, бұл жолы бұрынғылардың барлығынан да қымбат, барлығынан да ауыр мегажобаны ұтып алдық. Үкіметіміздің есебі бойынша оны өткізуге 1,5 млрд доллар қажет көрінеді. Осы есепке біздің күмәніміз үлкен. Себебі, көрмеге үш айда ең кем дегенде 3 миллион адам келуі, кем дегенде екі-үш күн қонақ болуы, көрмені, қаланы, астананың Бурабай тәрізді жақын маңайын аралауы, көруі тиіс. Көрсетуге тиіспіз. Ол үшін қаншама қонақ үйден бастап көптеген инфрақұрылым іске косылуы керек. Соның бәріне қажетті қаржы көлемі осынша ғана болғаны ма? Кейінгі он жыл бойы бюджетті қалай қисаптап, қалай атқаруды үйрене алмай-ақ қойған, жыл сайын орта есеппен 40 млрд теңгеге жуық қаржыны игере алмайтын үкіметіміз бұл жолы да тәспісінен жаңылып отырған жоқ па?
Ең бастысы, алдағы бес жылда Астана қазақы келбет қабылдап үлгере ме, үлгермей ме? Әзірге елордаға сырттан келген қонақтардың Еуропаның көп елінің біріне тап болғандай күй кешетіні ешкімге де жасырын емес. Бұл жолы Президентті кіналауға да болмас. Мүмкіндік алып берді. Уақытынан бұрын болса да. Әлемге не ұсына аламыз?
Біздіңше, ең бірінші кезекте ЭКСПО-
2017 деген арнайы министрлік деңгейінде жоғары өкілетті мемлекеттік мекеме құрылып, көрмеге қатысты барлық шаруамен сол айналысқаны жөн. Және оның басына Иманғали Тасмағамбетов тәрізді мемлекетшіл, ұлтшыл, білімді, жігерлі, азулы азамат отырса ғана, ойлаған нәтижеге қол жеткізеріміз хақ.
Екінші кезекте, марқұм Сейілбек Қышқашұлының бидайдың тек дәнін орып алатын ұшағы; мақта жинайтын «қолы бар» комбайны; бір жүргенде жерді әрі жыртып, әрі егіп, әрі тыңайтқыш сеуіп кететін тракторы; көмір кенін қоспасыз таза күйінде қазып алатын, әрі жол салар-
да жерді керемет нығыздайтын, тағы басқа көптеген операция істей алатын бесаспап машинасы секілді бір қарағанда адам айтса нанғысыз техникалық жобалардың тәжірибелік нұсқаларын жасап, іріктеуден бастау – ауадай қажет. «Сіздің бұл идеяңыздан түк шықпайды, өйткені ол ақылға сыймайтын, нағыз есуастық идея емес!» деген сөзді әйгілі Нильс Бор бекер айтты дейсіз бе. Сол отандық «есуас» идеялардың ішінен болашақта Эйфельдің мұнарасына, Эдисонның электр шырағына, Беллдің телефонына таласар туындылар табылары сөзсіз. Ол үшін уақыт талабына сай арнайы «Инновациялық ЭКСПО» деген құзырлы комиссия құрылып, әлгі жобалармен соның тікелей айналысқаны дұрыс. Оларды ҮИИР-дің қарауына қалдыру – жемқорлар құлқыны мен бюрократияның құрдымының құрбаны ету деген сөз.
Бүгінге дейін сырты алтын, іші жез, пайдасынан зияны мол көп жобаның бәрін бастағанда да «бұл іс біздің атымызды шығарады, елімізді әлемге танытады» деп келдік. Жылтырағанға мәз болдық. Біз Алла-Тағаланың қазаққа арнап берген мол несібесін қазақтың болашағына жұмсаудың орнына, оның қызығын алдымен өз еліміз көрудің орнына, жалған атақ, жасанды абыройдың жолында өзгенің қалтасын толтырып, оңды-солды орынсыз шашып жүріп, Жаратушының қаһарына ұшырамасақ болар еді. Себебі, әділдігі шексіз Алла-Тағала адам баласына беріп бір сынайды, алып екі сынайды. Бергенді ала білмеген, игілікке, ізгілікке жарата білмеген елден алып қояды. Кейін қайтадан беруі қиынға соғады... Бұрынғы күнәларымызды осы көрме тұсында жууға тырысып бағайық!
Шуақ Айбалтаұлы