БИЛІК қанша ЖАСАЙДЫ?

 

Қайталанған қасірет

Билік басына неше жаста келген дұрыс? Бәрібір, мейлі – 30, мейлі 70 жас болсын. Ал енді неше жаста кеткен дұрыс? Бұл жерде де нақты анықтама жоқ. Жоғарғы билік жас та, кәрі де болуы мүмкін. Бірақ ұзақ отырмай, өзінің маңайындағыларды сілкіндіріп, жаңартып отыруы тиіс. Мәселен, Сталин дәл солай жасады. Мао да, Иосиф Броз Тито да дәл осылай жасаған, Фидель Кастро күні бүгінге дейін осылай етіп келеді.

  Баяғыда Брежнев өзінің сыбайласы әрі замандасы Косыгинді көп жылғы қызметінен кейін зейнеткерлік демалысқа шығарып жатқанда, ел ішіне мынадай анекдот тарап кетіпті (ол кезде анекдот билікке қарсы қолданылатын жалғыз ғана құрал болатын): – Леонид Ильич, сіз неге Алексей Николаевичті зейнеткерлік демалысқа жібердіңіз? – Ол қартайып қалды. Бала сияқты. Бәрін ұмыта береді. Менің қалайы солдаттарымды алып қойды. «Бер!» десем, «Алғам жоқ!» дейді. «Отыз жылда мәңгілік үшін ешнәрсе жасалмады!» – деп, Юлий Цезарь бірде қайғылана күрсініпті. Дегенмен, Римде ол кезде ер адамның ақыл-есі толыққан шағы 45 жас деп есептеліпті (ал адамдар орташа 25 жыл ғана өмір сүреді екен – римдіктер өздерінің акведуктарынан бөлінетін қорғасынға уланады екен). Жергілікті жерде үкімет ұсақтана беретіні белгілі. Кезінде Сталин сияқты кішігірім тиран, кішкентай жауыз бен қаскүнем әрбір министрлікте, облыста, ауданда, зауытта, тіпті әрбір оқу орнының кафедрасында отырды. Брежнев кезінде (Путиннің кезіндегі алғашқы жылдар сияқты) өзіне сенімді, тыныш өмір сүйгіш ағалар жағында болды. Косыгиндік технократтарды да қолдады. Суырылып алға шыққандарды, ерекшеленгендерді қатаң түрде жазалап отырды. Ал қатаңдық әртүрлі жағдайда көрінді. «Темір Шурик» атанған Шелепинді – мәңгілік көлеңкеге айналдырды, белорустік Машеровті жұмбақ жағдайда автокөлік апатына ұшыратты, ал Андроповты – «КГБ»-ге (атақты Берияның заманындағыдай ол жерден ешқайда кете алмастай болып көрінетін) жіберді. Ал Кулаков пен Романов балаларын үйлендіріп, туысқан болып шыққаннан кейін, Кулаков кенеттен жүрек ауруынан қайтыс болады да, ал екіншісін – Эрмитаждан алынған патшаның ыдыс-аяғын той үстінде сындырып алыпты деген сияқты өсек-аяң шарпыды. Шынын айтқанда, косыгиндік реформа – бюрократиялық нарық еді, ол Венгриядағы Янош Кадордың реформасы сияқты іске аспай қалды. Кейбір зерттеулер көрсеткендей, оны елде қабылдауға болмайтын еді, ол реформа елді жаппай жұмыссыздыққа алып келетін болғандықтан, оны тыныш қана жапа салды. Осымен Косыгиннің мемлекеттік қызметі аяқталып, Министрлер Советінің төрағасына енді өзінің абыройын әп-әдемі сақтап қалу амалы ғана қалып еді, Косыгин бұл амалды жап-жақсы орындап шықты. Десек те, сол кезде үкімет басында «күшті адамдардың» да болғаны рас. Атап айтқанда, Совет Армиясындағы маршал Гречко, «ВПК»-дағы маршал Устинов, сыртқы саясаттағы «мистер Нет» деген аты бар Громыко, Мемлекеттік жоспарлау комитетіндегі Дымшиц пен Байбаков, «КГБ»-дағы Андропов, Ішкі істер министрлігіндегі Щелоков (кейіннен коррупционер ретінде тәркіленді). Ал Сусловтың (ұрылардың сөзімен айтқанда – «қарақшы») атқарған қызметі өз алдына бір төбе. Шындығында, ол кез – жаңадан туындап келе жатқан нақты көппартиялы жүйе болатын. Әрбір басшы тек өз мекемесінің ғана мәселелерімен айналысты, ал жалпы алғанда, ол мәселелердің барлығы ортақ жалпымемлекеттік мәселелерге келіп құйылып жатты. Ал ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп пен мәдениет саласы әрқашан көлеңкеде қалып қойып, оларға тек басқалардан қалған қаржы ғана бөлінетін. Дегенмен де, мәдениет қайраткерлерінің жағдайы қай кезде де жаман болды деп айту қиын шығар, олардың кейбіреулері тіпті атақ-даңқты көтере алмай, масайрап жүретін. Ал енді осының бәріне мәз-мейрам болып жүретін Брежневтің дәрежесі әрқашан да биікте болушы еді. «Бізге көрінбей өтіп кеткен коммунизм дәуірі», әлбетте, Брежневтің кезінде болып еді және соның бәрі Брежневтің таңдап алған коммунистік бағыты мен орташа жемқорлыққа «берген рұқсатының» арқасында, ең бастысы – жіті қадағаланып отырған жемқорлықтың арқасында болып еді. Бірде батыстық бір журналистің қадалып қойған сұрағына Брежнев шын көңілімен былайша ақтарылып салған екен: «Тұрмысымыз нашар дейсіңдер ме? Мен студент кезімнен бастап вагондардан жүк түсірдім. Үш қап жүкті мемлекетке өткізсем, төртіншісін өзіме аламын. Біздің елде бәрі осылай өмір сүреді!» – депті. «Брежнев заманында жейтін ас та болмады» деген сөзді қазір екінің бірі айтады. Осыған сәйкес мынадай да аңыз бар: дүкендерде сатып алатын ештеңе болмаса да, әрбір үйдің тоңазытқышы сіресіп, тамаққа толы болатын. Жейтін тамақ жоқ болса, базарға немесе алыпсатарларға барсаң, бәрін де табасың. Бірақ, әрине, екі-үш бағасына аласың. Яғни, елде тамақ және тұрмысқа қажетті тауарлар тапшы болған жоқ, оның бәрі алыпсатарларда болды. Басқаша айтқанда, бұл – жасырын инфляция деп аталды. Кезінде Егор Гайдар өзінің әріптестерімен бірге Ельциннің қылмыскерлерге жол беріп, елдің инфляцияға ұшырағанын «анықтаған» еді. Оның аяғы немен біткені әлі күнге дейін елдің есінде. Базар, алыпсатарлар, азық-түліктің «жетіспеушілігі», комиссиялық дүкендер (автобазарлар да), шетелдік «Березка» дүкендері, фарцовщиктер, шетелдік валютамен айналысқан жезөкшелер және олардың «крышасы» болып жүрген «менттер» – міне, осының бәрі брежневтік қадағаланып отырған тап-таза жемқорлық. 1990 жылдары бұл жезөкшелер өздерінің фарцовщиктерімен бірге кенеттен жоғарылап, билік басына бір-ақ шықты, ал 2000 жылдары оларды ұйқысынан енді ғана оянған «менттер» мен номенклатурщиктер ығыстырып шығарады. Бірақ одан елде бірдеңе өзгерді ме? Бұл сұраққа осы уақытқа дейін жауап жоқ. 1968 жылы Кеңестер Одағы Чехословакияға, ал 1979 жылы Ауғанстанға кірді. Оның екеуі де Брежнев заманында болды. Ал осы екеуінің арасында Америкамен арақатынас біраз шиеленісіп, Қытаймен арадағы соғыс өртінің ушығуына сәл ғана қалды. Өздерінің түрлі-түсті революцияларымен масқара болған чехтар біздің хоккейлік алаңда кек қайтарған кезде (Дубчектің басшылығымен емес, форвард әрі бомбардир Недоманскийдің көмегімен), ал қытайлықтар Амурдағы Даман аралына рұқсатсыз енген шақта, халықтың аузында мынадай өлең жодары жүрді: «Нам не до острова Даманского, держите лучше Недоманского!». 1970 жылдан бастап еврейлер тарихи отандарына қайтуға (негізінен АҚШ-қа) жинала бастаған кезде, Брежнев өзінің атақты да киелі «бұйрығында» былай деді: «Еврейлерді жұмысқа алмаңдар, әрі жұмыстан босатпаңдар! Жұмыс істеп жатқандары әрі қарай істей берсін!». Бұл аяғында шынымен де солай болды: «Жұмысқа алмаңдар!» деген бұйрығы жергілікті жерлерде дереу орындалғанмен, барлық жерде бірдей болып шықпады. Кейіннен билікте ұзақ отырған Брежнев қартайды. Оның қасындағылары да өзімен бірге алжыды. 1980 жылғы Москва Олимпиадасы қарсаңында ол көптеген анекдоттардың атақты кейіпкеріне айналды. Мысалы, «сосиски сраные» (кезекті инсульт ауруынан кейін Брежнев «социалистические страны» деген сөзге тілі келмей, осылай деген) туралы, немесе «сиськи-масиськи» («систематически») деген сөздері ел есінде. Ал енді сол Олимпиаданың ашылу салтанатында оның қатысушыларына арналған қағаздағы құттықтау сөзде: «О… о… о…о» деп оқыса, қасындағы тұрған адам: «Леонид Ильич, ол «о» емес, ол олимпиадалық төрт шеңбер ғой...» – депті. Брежнев қызметінен босатуды, өзін отставкаға жіберуді қанша сұраса да, оны жібермепті. Қазіргі тілмен айтқанда, ол сол кездегі барлық дәрменсіздердің «кепілі» болды. Қандай «кепіл» сонда? Бір жағынан, «бізге көрінбей өте шыққан коммунизмнің» гаранты, тұрақтылықтың кепілі. Екінші жағынан, геронтократияның кепілі, өзінің және маңайындағылардың «өмір бойы тақта отыру» кепілі болды! Міне, осының бәрі елдегі тоқырауға алып келді. Ол бір шалды қуып жіберді (қалайы солдаттары үшін), ал енді бір шалды, біріншіден де өткен кәріні соның орнына тағайындады. Сөйте отырып, маңайындағы шалдардан құралған политбюромен бірге бесжылдық жоспарларды қабылдады... Виктор ТОПОРОВ Svpressa.ru (Орыс тілінен ықшамдап аударған Айман Оспанова)    

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 43 (171) от 22 ноября 2012 г.