ҚАРА БАЛАНЫҢ ҚАРЫМЫ

...«Күштінің құйрығы – диірмен тартады» дейді қазақ. Ақиқат сөз. Күштіден көз жазып қалу, күшті­ге селқос қарау – өміріңе өте қауіпті. Мысалы, мұхиттардың иеніндегі Аме­риканың қазақтың тағдырына қаты­сы шамалы сияқты көрінеді. Шынды­ғында, мүлдем олай емес. Америка – әлемдегі ең қуатты, ең қу, мүмкін, ең қатыгез ел... Америка – қолы ұзын, күші бе­кем, ықпалы жойқын мемлекет. Жер­шарына танымал көріпкел кемпір: «Американың 44-ші Президенті қара нәсілді болады» – деп, шынымен болжады ма, әлде, бұл әншейін лақап сөз ба, арасын ажырату қиын. Бас­тысы, Американың 44-ші Президенті қара нәсілді болды... Сорына қарай, қара баланың тағ­дыр-талайы тәтті болмады, дүние­жүзілік қаржы дағдарысы Америка Құрама Штаттарын Санди дауылы­нан бетер қиратып, әлсіретіп, есең­гіретіп кетті... Өзін «протестант» санайтын Ба­рак Хусейн Обама жас кезінде Барри Соеторо деген атпен Индонезиядағы мұсылман мектебінде оқып, студент­тік жылдары Пәкістанда да болған­дық­тан ба екен, болмысындағы са­бырлылық пен салиқалылық қасиет­терін сарқа пайдаланып, әліптің ар­тын бағып, дағдарыспен арыстанша арпалысты. Кениялық мүмін Хусейннің ұла­ғат­ты ұлы Американың бай-шонжар адамдарының табыстарына салына­тын салықтың мөлшерін көбейітті. Мұның өзі мұсылманның «кедей-кепшіктерді тамақтандырыңдар» дейтін ізгі қағидасымен қабысып жатты... Асап ас ішіп, асыра асқақтап кет­кен американдықтар дағдарысты се­зініп, дағдарып қалғанда, Барак батыр 100 миллион АҚШ доллары көлемін­дегі қаржыны үнемдеп, дағдарыстың дарбазасын бекітуге үлестіріп берді... ...Табиғатында тілі мен жағына сүйеніп, ақ нәсілдінің ауызын айға қаратып кететін кез-келген қара ба­ла­ны он орап, «жүз шайнап» тастайтын Иллинойс штатының кіші сенаторы Барак Обама айналасының айқай-шуын аттап өтіп, Ирактағы соғысты тоқтатып, 50 мың ғана американ жа­уын­­герін қалдырды; Ресейдің бей­піл сөздеріне сарказммен жауап қат­ты; Қытайдың Африкадағы «асыл арман­дарын» тұсады; Иранмен ара­дағы кикілжіңге көсеуін қыздырмады; дің­нің торларын зерттеуге тыйым сал­ды; адамды Айға қайтару бағдарла­ма­сы­ның тамырына балта шапты т.с.с. Мұндай батыл қадамдардың сер­гек сарыны Барак Обаманың соңғы сайлаудағы: «Ask for Change!», яғни, «Өзгерістер жасауға шақырамын!» деген ұрандарынан айқын байқалып тұрды. Республикалық партияның өкілі, Барактың қайтпас қарсыласы Митт Ромнидің «денсаулық саласын сутегін жасап, ипотекалық несиелерді ке­шіремін» деген арзан уәделеріне ха­лық сенбей, қолын бір-ақ сілтеді. Обаманың Израилға иліге қоймай, Палестина мұсылмандарына тізесін батырмағандығына наразы Аме­ри­каның жөйттері қандастары Митт Ромниге ет-бауырлары елжіремесе де, әйтеуір, қара баланы сүріндіру пиғылымен қарбаласып, қарсы дауыс беріп жатты... Қиямпыр қоқан-лоққыдан қорық­пақ түгілі, Барак Обама: «Біз Ресейдің қадамдарынан аса қауіпті заңды­лық­тарды байқай бастадық: орыстардың Шешенстандағы жауыздықтары мен бұрынғы кеңес республикаларына өктемдік етуге талпынуы – бізді те­рең ойларға итермелейді» – деп, ашық мәлімдеді... ...«Жеңімпаз барлығын алатын» жүйесі бойынша өткізілген әділетті сайлауда Барак Хусейн Обама басым дауысқа ие болып, АҚШ-тың 45-ші Президенті болып сайланды. Қайсыбір білгіштер: «Барак Оба­ма­ның қанының құрамының 50 па­йызы ақнәсілді анасына, 44 пайызы мағриптік арабқа, 6 пайызы негрге тиесілі» – деп болжайды. Жаны бар сөз: қанының 44 пайызы арабқа тән адам, әмісе мұсылманға жат болмаса керек. Лаңкестік орын ал­ған атақты 9/11 маңынан мешіт са­луға рұқсат берген Хусейннің ұлының бұл өнегелі қылығы жаттанды толе­рант­тықтан гөрі, шынайы иманды­лық­қа жақын қасиет... Қалай болғанда да, Ақүйді екі мәр­те «басып алған» қайсар да қараторы қожайынды қазақ бөтенсімейтіндей сезіледі...  Құлтас ДОСТАН