Қазақтың қоңыр тірлігін қоңырсытып көп сөз қыламыз: жұмыс жоқ, балабақша жетпейді, мектептер білім бермейді, жоғарғы оқудың құны қымбат, дәрігерлер – дәрменсіз, полиция – пайымсыз, прокурор – парасатсыз, имам – имансыз (Астағфраллаһ!) т.с.с. тізбегі тұйығын таптырмайды...
Кейде ойлаймын: осынау қат-қат қиындықтардың арасын ажыратпай, құрыштай қуаттандырған
бір пәлекеттің бары анық.
Көп ойланып, мың толғанып, жұмбағын таптым. Бұл пәлекеттің аты – «бармақ басты, көз қысты» жемқорлық екен...
Дәп сол сабаздың өзі. Шырмауықтың шылауындай шап беріп, шыркөбелек айналдырады да, жапонның «бу ши до» күресінің тәсілімен, тынысыңды тарылта түседі. Түбінде, алдымен, байлықтың торына, сосын, тағдырыңның табаны тайып кетсе, темір торға «топ» ете түсіп қалғаныңды сезбей де қаласың...
Қазақ жемқорларының «биографиясы» біркелкі, бір-бірінен аумайды.
Мысалы, күні кеше күнін әзер көріп, көтерем атанған, айталық, Сабалақ бауырымыздың аспаннан күткені жерден табылып, кішкене дәрежелі шенеунік болып шыға келетіні бар. Алдымен, аздап кәсіпкерлікпен айналысқан Сабалақ бауырымыздың шаруасының кірісін – шығысы жығып кете берген соң, бұл байғұс жиған-терген, тапқан-таянғанын тиісті кісінің қалтасына тықпалап жүріп, тапал тайқардай ортанқол қызметке тұяқ іліктіреді. «Қарға – қарғаның көзін шұқымайды» дейтін принциптен айнымаса, бұл пендеңнің де қарынына май бітіп, қабырғаларының арасы бітеле береді...
...Алты ай бұрын Алматының ғажайыптарына ауызын ашып, көзін жұмған Сабекең тілі күрмеліп, Шанхайдың шайханасы мен Үрімшінің үйлері туралы толғайды...
...Араға бір жарым жыл салып, Араб Әмірліктерінен соғылған Сабекенің ұялы телефонының қоңырауы түн ұйқыңды төрт бөледі...
...Небәрі отыз айдан кейін, Сабалақтың Праганың пәтірін асап отырғанын көруіңіз кәдік...
Басынан шіріп, аяғынан іритін бұл тірліктің бұрылыс-бұралаңын іздеп әуре-сарсаңға түспей-ақ қойыңыз...
Тіпті, әрбір жылы мемлекеттік бюджеттің жылдық жалпы кіріс-шығысын түзу барысында-ақ, жылпос жемқорлар өздерінің «арман-мақсаттарын» осынау қарымды қаржылық құжаттың қуыс-қуыс құпия қатпарларына жасырып үлгеретін сияқты...
Бірақ, «Асқанға – тосқан» былай дейді: Қазақстанның Ауылшаруашылық министрлігінің қарауындағы Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Ислам Әбішев 303 миллиард теңгенің қыруар қаржысын үнемдеді. Қалайша? Себебі, Әбішев мырза мәселеге жанашырлық ниетпен, отаншылдық ой-парасатпен қарап, ерінбей есеп-қисаптар жасады...
Әйтпесе, әлгі 303 миллиард теңгенің ішіне «түйені түгімен» жұтатындардың Швейцариядағы қонақүйлері, Нидерландыдағы жер телімдері, Кипрдегі мейрамханалары, Лондондағы пентхаустары, Хорватиядағы ойынханалары мен Парижде жеген қуырылған құрбақалары мен Пекинде асаған шалажансар жыландары; сосын, ұлын үйлендіру, қызын ұзату, құдасын шақыру, тиімді акциялар мен қымбат көліктер сатып алу; фин моншасына шомылу, герман сырасын сіміру, тоқмейіл тоқалмен табысу тәрізді жер бетінің жылы-жұмсақ «жұмақтары» түгел енгізілетіні сөзсіз...
Сөйтіп, «жемқорлық» диагнозы қойылып, айықпас ауыруға шалдыққан Сабалақ бауырымыз күндердің-күнінде кісіге сәлем беруден қалады. Кеше ғана соңғы күлшесін бөліскен досынан жеритін күйге түседі...
Өздерін «Демократияның отанымыз!» деп далақтап, кеудесін қаққан Американың өзінде жыл сайын мыңнан астам шенеунік жемқорлықтың торына түсіп, түрмеге төсек салады екен. Құдай сақтасын, бұл – «Демократияның отаны емес – опасыздық отаны!» ғой....
...Атам заманнан қазақта «күшігінде таланған» дейтін тіркес бар. Қазақ данышпан халық қой, меніңше, жемқорлықты да күшігінде талап тастау керек, әйтпесе, өсіп-өніп, өз-өзіне келіп, кемелденіп алған соң, бой бермей, «балағымызды жыртады...»
Құлтас ДОСТАН