Серік Сапарғали: ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ Әбіләзовтің МАЙШЕЛПЕГІНЕ АЙЫРБАСТАП ЖІБЕРДІҢ, ЖАСАРАЛ!
2012 ж. 03 қараша
10220
17
*Әшкере!
Серік Сапарғали мен Жасарал Қуанышәлиннің айтысы
Мамай мен Атабаевты «қаһарман» ретінде қарсы алған оппозиция "ешкімді сатпаған" Сапарғалиға неге қатты шүйлігеді?
Серік САПАРҒАЛИ: "Конституциядан орыс тілінің мәртебесін алып тастау туралы 138-дің хатына қол қойған адамның бірі – менмін. Қол қойғандардың көбі бас тартқан кезде, өз пікірімде қалдым. Сондықтан бұлар («алғалықтар» – ред.) мені жақтырмайтын болар".
Кез келген өзекті қоғамдық-саяси мәселелер ұдайы қызу талқыға түсіп жатады. Жаңаөзен мен Шетпе оқиғаларына қатысты сот процестері аяқталғаны мәлім. «Әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айып бойынша шартты түрде бас бостандығынан айырылған оппозиция белсендісі Серік Сапарғали мен саясаткер Жасарал Қуанышәлі редакциямыздың қонағы болып, осы мәселеге қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Қызуы көтеріліп тұрған жағдайда қашанда эмоцияға ерік берілетіні сөзсіз. Әйтсе де, жеке басқа барыспай, дәйекпен сөйлей білу, пікір жарыстыру мәдениеті бізге әлі де жетіспей жатқандай. Бұл сөз сайысы осыны көрсетті. Ақиқат бәрінен қымбат. Сондықтан назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз. Қорытынды жасау, баға беру, әманда, оқырманның еншісінде. Жас қазақ: Бүгінгі қозғап отырған тақырыбымыз – Жаңаөзен оқиғасына қатысты сот ісі. Сізбен бірге қамалған Жанболат Мамай мен Болат Атабаевты оппозиция қосыны «қаһарман» ретінде қарсы алды. Абақтыдан бірден ұшақтың бизнес-класс салонына отырып Алматыға қайтты. Дүркіретіп баспасөз-мәслихатын өткізіп, интернет арқылы тікелей хабар таратылды. Бірақ сол оппозиция сізге қатты шүйлігіп отыр. Мұның сыры неде? Серік Сапарғали: Мен төрт жылға шартты түрде сотталып шықтым. Одан кейін үш жыл сынақ мерзімі тағы кесілді. Маған осындай қарым-қатынас болғанына өзім қатты таңдандым. Жанболат Мамай мен Болат Атабаев 65-бап бойынша босатылды. 65-бап дегеніміз – қылмысын мойындау, куәгер ретінде куәлік беріп, айыптау жағына өту. Демек, олар сотқа келіп, бізді, қылмыскер деп табылған үш адамды (Владимир Козлов, Жанат Әминов және мен) айыптауы керек еді. 65-баппен босатылғандардан өзгешелігі – мен өз ісім үшін өзім жауап бердім. 23 қаңтарда қамалдым. Оның алдында 15 күнде полицияның қабылдау бөлімінде отырдым. Шеру ұйымдастырды деп айып тағылды. Шынтуайтында, шеру ұйымдастырған емеспін. Оны ұйымдастырған Хасен Қожахметов еді. Қасында Медет Құлшыбаев болды. «Нұр Отан» партиясының алдына барамыз» – деп шыққан солар. Бейнежазбаларда менің бөлек кетіп бара жатқаным анық көрініп тұр. Жас қазақ: Тіркелмеген «Алға» партиясының мүшесісіз бе? Серік Сапарғали: Жоқ, ешқашан мүше болған емеспін. Құрылған кезде «әділетсіздікке, жемқорлыққа қарсы күрес болады» деген соң «Халық майданына» қатыстым. Жасарал Қуанышәлі: Жаңаөзенде толқу басталғанда мен өзім сотты болдым. 2006 жылдан бері мені қайта-қайта сотқа беріп жүрген бір адам бар. Сотта жүргеннен кейін Жаңаөзенге бара алмадым. Бірақ жіті қадағалап отырдым. Өз басым ешқандай партияда жоқпын. Бірақ «Алға» партиясымен жұмыс істегенді дұрыс деп есептедім. Хасен Қожахмет 17 желтоқсанда «Нұр Отанның» ғимаратына дейін шеру жасап баруды ұсынғанда: «Ол жерде қазір ешкім жоқ. Қаңырап бос тұрған кеңсеге барып, тұлыпқа мөңіреген сиырға ұқсағым келмейді. Несіне барам?» – деп бас тарттым. Одан кейінгі жағдай белгілі... 37 адамның ісі қаралған алғашқы сот отырыстарына бара алмадым. Қаражат мәселесі шешілмеді... 21 тамызда сотқа барып, бастан-аяқ қатыстым... Жас қазақ: Козлов сотталды, қалғандар босап шықты. Жасарал Қуанышәлі: Бір адамның сотталып жатқан адамды алып шығуы тарихта болмаған жағдай. Ермек Тұрсыновтың Болат Атабаевты, Төлеген Жүкеевтің Жанболат Мамайды алып шығуы бір сценарий бойынша жүзеге асты. Серік Сапарғалиға да 65-бап бойынша босатуға ұсыныс болғанымен, оған рұқсат берілмеген сияқты. Ол жағын Серіктің өзі айта жатар. Козлов бір кездері Болат Атабаевтың: «Жаңаөзенде баскесерлер бар, олар дайын тұр. Спортшылармен де сөй лестім. Көтерілуге олар да дайын», – деген сөзін қолдамаған. Жас қазақ: Әйтеуір, арандатушылық әрекеттердің болғаны күмәнсіз ғой? Жасарал Қуанышәлі: Ол арандатушылық па, жоқ па, оған мен баға бермеймін. Мен тек қана болған әңгімені айтып отырмын. Жас қазақ: Серік аға, сізге Ермек Тұрсынов, Төлеген Жүкеев секілді араша түскен адам болды ма? Серік Сапарғали: Онда мен баяғыда бостандықта жүрер едім. Ешкім Ермек Тұрсынов, Төлеген Жүкеев секілді әрекет жасамады. Жанболат Мамай мен Болат Атабаев шығып кеткен соң тергеушілер: «Халыққа танымал бір адам сізге де араша түссе, босатар едік», – деп ағынан жарылды. Рас, өтірігін білмеймін. Бәлкім, бұл сылтау да шығар. Жасарал Қуанышәлі: Ермек Тұрсынов Болат Атабаевты алып шыққаннан кейін баспасөз мәслихатын өткіздік. Серікболсын Әбділдин, Ғазиз Алдамжаров, Петр Своик және мен болдым. Сол кезде бізге де мүмкіндік берсе, біз де азаматтарды алып шығуға дайын екенімізді айтқанбыз. Жас қазақ: Өзіңіз айттыңыз ба? Жасарал Қуанышәлі: Иә, мен айттым. Бірақ оның орындалмайтынын білдік. Өйткені, Ермек Тұрсыновтың жөні бөлек, біздің жөніміз бөлек. Ол саясатта жоқ, бейтарап адам. Біз әдейі шықтық, биліктің тамырын басып көрейік деп, хат жаздық. Төлеген Жүкеев баяғыдан билікте болған адам. Серік Сапарғали: Ол өзін оппозиция ретінде көрсетіп жүр емес пе? Жасарал Қуанышәлі: Мен оның қандай «оппозиция» екенін жақсы білемін. Мен бәрін ашық айтып, ашық жазамын. Сондықтан көп адамдарға жеккөрінішті болып жүрмін. Болат Әбілев, Төлеген Жүкеев жалған «Азат» партиясында болды. Оларды жалған «Азат» деп атаймын, «Азат» деп атауға аузым бармайды. «Азат» деген атты ұрлап алды. Алтынбек (Алтынбек Сәрсенбаев – ред.) қаза болған соң, бұлар быт-шыт болды. Ешқандай жұмыс жүргізбеді. Атын «Азат» деп өзгертіп, туралап алғаннан кейін, Петр Своикті орынбасар етіп алғаннан кейін: «Бұл – масқара! Ақылға сыймайтын жағдай! Бұдан кейін партияда бола алмаймын!» деп есігін тарс жауып кеттім. Жалған оппозиция! Жас қазақ: Қараша айында мұнайшылардың іс-әрекеті мен талаптары заң шеңберінен шығып кетті деп көрсеттіңіз. Сіз ол кезде Жаңаөзенде болдыңыз, бәрін көзіңізбен көрдіңіз. Осы жағын да тарқатып айтып берсеңіз? Серік Сапарғали: Негізінен, мұнайшылардың талап-тілегінің негізі бар. Жұмысшылардың жалақысынан кем дегенде 13 миллиард теңге желінген. 80 пайыз сыйақының 42 пайызын кесіп тастаған. Бұл жерде үлкен жемқорлық жатыр... Бірақ бастапқыда-ақ заңды жолмен жүрмеді. Еңбек кодексінде еңбек дауы басталар алдында ұжымның жиналысы болуы керек. Сол жиналысқа келген адамдардың жартысынан көбі талап-тілекті қолдап қол көтеруі керек еді. 23 қарашада жиналысқа қатыстым. «Қазмұнайгаздың» Барлау Өндіру» АҚ-ның бас директорының бірінші орынбасары Владимир Мирошников пен К.Ешманов екеуі: «Бітімгершілік комиссия құрайық, сіздер жұмысқа шығыңыздар», – деп ұсыныс жасады. Сол кезде Наталия Әжіғалиева: «Бізге Соколованы алып келіңдер. Төлемақы мәселесі шешілгенше осында отырамыз», – деп келіссөзден бас тартқан. Мұнайшылар алдына шығарған адамдардың келіссөзге икемі болмаған. Олардың құқықтық шеңберге түсуге мүмкіндігі болды. Бес адамды бітімгерлік комиссияға кіргізіп, олардың талаптары бойынша жұмыс істеттіріп, қалғаны жұмысқа шыққаны жөн болар еді. Артық талаптарды алып тастау керек еді. Аудандық комитеттің 60 пайызын беру, жекешелендірілген кәсіпорындарды қайтару – еңбек дауына кірмейтін мәселелер... Жасарал Қуанышәлі: Мұнайшылардың ереуілі жалғыз жалақыға келіп тіреліп тұрған жоқ. Жалпы, бұрыннан келе жатқан дау-дамай. 2008 жылы, одан кейін де ереуілдер болған. Ол кезде мұнайшылардың талаптары орындалып, бейбіт түрде шешіліп отырды. Тіпті, бірнеше бастықты орындарынан алып тастаған. 2011 жылға дейін солай болып келді. Сосын, жоғарғы жақ: «Қашанғы бұлардың талаптарын орындай береміз?» – деп, шегінбеуге бекінген болуы керек... Мұнайшылар тарапынан қателік кетсе, ол – формальды түрдегі қателік. Жас қазақ: Жаңаөзенде неге тек қана «Алға» партиясы ұрандатып жүрді? Шын мәнінде, арандатушылық болған жоқ па? Мәселен, Атабаевтың жаңағы сөзі туралы не айтуға болады? Жасарал Қуанышәлі: Арандатушылық болған жоқ. Ең алғашқыда «Алғаға» Бақытжан деген бір мұнайшы келіп, заңгерлік жағынан көмек сұрады. Естай Қарашаев та келіп көмек сұрады. Бұл – факт. Содан кейін «Алға» партиясы көмек көрсете бастады. Бірақ бар мәселесін шешіп беретіндей, «Алға» үкімет басында отырған жоқ. Жас қазақ: Саяси реңк беруге тырысушылар болды емес пе? Оны неге жасырамыз? Тіпті, бума-бума доллармен ұсталып жатқандар болған жоқ па, сол кезде? Жасарал Қуанышәлі: Ақша алып жүруге болмайды деп кім айтты? Оларды ұстап алуға кімнің хақысы бар? Жанболат Мамайдың қалтасындағы ақшаны неге түгендейді? Ақша алып жүру – қылмыс емес! Жас қазақ: Біз 70 жыл бойы большевиктерді билікке әкелген халық деп оқып, соған сеніп келдік. Қазір ол революцияның қалай жасалғанын жақсы білеміз. Шетелден, нақтырақ айтқанда, Германиядан вагон-вагон ақша келген. Революция сол ақшаның күшімен жасалған. Кез келген төңкеріс қаржымен жасалады. Мұны қазір еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін біледі. Жасарал Қуанышәлі: Иә, ол кезде төңкерісшілер ақша табу үшін тонаумен айналысқан. Сталиннің өзі банк тонаған. Оның жөні бөлек дегенім сол. Бұл жерде ондай ақша келіп жатқан жоқ. Жас Қазақ: Әбіләзовтің БТА-дан тонап кеткен миллиардтары ше, ол қайда жұмсалып жатыр, сонда? Серік Сапарғали: Жәкеңді кішкене түзейтін жер бар. Бұл жерде Козловтың ар жағында Әбіләзов тұр. Жасарал Қуанышәлі: Оны айтып отырмын. Серік Сапарғали: Ол туралы бір мәрте де айтқан жоқсыз. Ал мен Козлов үшін отырдым деп айтқан жоқпын. Мәселе онда емес. Жасарал Қуанышәлі: Сен солай айттың ғой, өз аузыңмен айтылды. Серік Сапарғали: Мен «наурыз айынан бері қарай» дедім. «Мен үш рет Козловтың нұсқауымен бардым» десем, сол жетер еді, жарты жыл бұрын – наурыз айында бостандыққа шығар едім. Мен оны мойындамадым. Жасарал Қуанышәлі: Мойындасаң, өтірік айтқан боласың ғой. Серік Сапарғали: Есесіне, Болат Атабаев пен Жанболат Мамай сияқты сытылып кетер едім. Жасарал Қуанышәлі: Онда өтірік айтқан болар едің! Жала жапқандар онсыз да көп болды. Серік Сапарғали: Мен кімге жала жауыппын, Жәке! Жасарал Қуанышәлі: Жала жапсаң, кім болар едің?! Серік Сапарғали: Мен сізге сұрақ қойып тұрмын. Айтыңызшы, кімге жала жаптым? Жасарал Қуанышәлі: Жапқан жоқсың. Серік Сапарғали: Онда неге маған шабуылдап жатырсыздар? Жасарал Қуанышәлі: Ешқандай да шабуыл болған жоқ. Баспасөз мәслихатында түрмеде отырған Козловқа кінә тақтың. Серік Сапарғали: Қандай кінә тағыппын? Жасарал Қуанышәлі: Ақша жөнінде бірдеңелер айттың. 75 мың доллар қалтасында жүр деп... Серік Сапарғали: Айсұлу екеуіңіз шабуылдаңыздар ғой. Бұл ұят болды! Жасарал Қуанышәлі: Ұят нәрсе жасаған – сен. Баспасөз мәслихатың масқара болды! Серік Сапарғали: Неліктен? Жасарал Қуанышәлі: Баспасөз құралдарын кінәладың. Қасыңда отырған Козловты кінәладың. Бірақ билік туралы бір түйір нәрсе айтпадың. Серік Сапарғали: Сонда мен не үшін сотталдым? Жәкең «Жаңаөзенге жеті ай бойы бара алмай жүрдім» – дейді. Бұл өзі – күлкілі жағдай. Ал бастығын қамап қойып еді, апта сайын барып жүрді. Жасарал Қуанышәлі: Не деп тұрсың?! Мен бір-ақ рет бардым. Серік Сапарғали: Ақтауда неше күн болдыңыз? Жасарал Қуанышәлі: Соттың аяғына дейін болдым. Серік Сапарғали: Міне, көрдіңіз бе? Сонда барып жатқансыз. Ал мұнайшылар қиындыққа тап болғанда баруға жарамадыңыз! Жасарал Қуанышәлі: Жаңа айттым ғой, өзім сотталып жаттым деп. Сен кінәңді маған қарай бұрма! Өзіңнің не бүлдіргеніңді біл! Серік Сапарғали: Ұлттық мүддені олигархтың – Әбіләзовтің май шелпегіне айырбастап жібердіңіз! Жасарал Қуанышәлі: Берген антыңнан тайдың! «Өлсем де, таймаймын», – деп ант берген бұл! Серік Сапарғали: Мен кімді көрсетіп беріппін? Жасарал Қуанышәлі: Ешкімді көрсетпей-ақ қой, сен өзіңді өзің саттың! Серік Сапарғали: Онда не шаруаң бар? Жасарал Қуанышәлі: Әбіләзовтен ақша алғанымды дәлелдеші, қане! Жала жауып отырсың маған! Көк тиын жұмсалған жоқ! Ақшаға жұмыс істеген жоқпыз. Сен секілді «қырам-жоям» дегенім жоқ. «Алғада» не дегенің есіңде бар ма? Серік Сапарғали: Қазақтар қиналып жатқанда аяқ басқан жоқсың! Козловты ұстағанда шаңдарың шығып кетті! Жасарал Қуанышәлі: Шаңым шығады... Серік Сапарғали: Сендер мұнайшылардың мәселесін әлі күнге дейін түсінбей жүрсіңдер! Егер маған шабуылдайтын болсаңдар, 61 томның бәрін интернетке шығарамын. Қазір Әбіләзовтің ақшасы болған соң шашбауын көтеріп жүр. Ақшасы біткен күні олигарх бұлардың біреуін де таба алмай қалады. Жасарал Қуанышәлі: Мен Әбіләзовтен бір тиын алған емеспін. Еш уақытта ешкімге сатылған емеспін. Бір жарым қабат үйім бар. Сонда тұрып жатырмын. Зейнетақыммен күн көріп жүрмін. Сондықтан аяғым тұсаулы. Баратын жерге бара алмай қаламын. Серік Сапарғали: Халық менің жағымда. Халықтың мені қалай қарсы алғанын көрдің? Сенің қасыңда кім бар? Бір адамның атын айтып берші? Жасарал Қуанышәлі: Козловтан «бір келі күріш, екі келі тағы бірдеңе» сұрадым дейсің... Серік Сапарғали: Мен халыққа көмек сұрадым. Жасарал Қуанышәлі: Халық үшін олай сұрамайды. Еркек болсаң, өз қалтаңнан бер. Мен ақша үшін жүрген жоқпын. Серік Сапарғали: Онда неге Әбіләзовтің адвокаты болып тұрсың! Заңды түрде ешкім миллиардер бола алмайды. Соған миың жетпей тұр ма? Әбіләзовті неге даттамайсың? Жасарал Қуанышәлі: Даттамаймын. Серік Сапарғали: Мен 61 томды түгел оқып шықтым, бірақ Әбіләзовтің халық үшін істеген бір нәрсесін көргенім жоқ, халыққа жаны ашыған бір сөзін естігенім жоқ. Козловқа сенің істерің туралы жеткіземін. Ол сендерді орындарыңа қояды. Сендерді ертең-ақ қуып жібереді... Алдыңғы күні – Аслан Мусин, сосын Ғалымжан Жақиянов, кеше – Болат Әбілев, енді бүгін – Козлов пен Әбіләзов пайғамбар! Жасарал Қуанышәлі: Рас, мені қызметке Аслан Мусин шақырды. «Мен oппозицияда жүрген адаммын, қызметке келіп, сенің бұйрығыңды орындап отырамын ба?» – деп сауал тастадым. «Ешқандай бұйрық болмайды, «өз қалауыңша жұмыс істеңіз», – деді ол. Карт-бланш берді. Содан кейін бардым. Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы болдым. Сол кезде тіл үшін қытай компанияларымен, басқалармен де күрестім... Серік Сапарғали өзі ғайбаттап отырған Әбіләзовтің ақшасымен жүрді. Жаңаөзенге барды, ұшақпен ұшты. Ақшаны кімнен алды? Солардан алды. Сөйте тұра, маған килігіп отыр. Өзгере қалыпты... Серік Сапарғали: Әбіләзовтің медиа-ресурстары маған қатысты дұрыс ақпарат таратып жатқан жоқ... «Халық майданы» Әбіләзовтің жобасы екенін білмеген едім... Конституциядан орыс тілінің мәртебесін алып тастау туралы 138-дің хатына қол қойған адамның бірі – менмін. Қол қойғандардың көбі бас тартқан кезде, өз пікірімде қалдым. Сондықтан бұлар («алғалықтар» – ред.) мені жақтырмайтын болар. Р.S. Әңгіме осылай аяқсыз қалды."Серік Сапарғали: Қазақтар қиналып жатқанда аяқ басқан жоқсың! Козловты ұстағанда шаңдарың шығып кетті!Сендер мұнайшылардың мәселесін әлі күнге дейін түсінбей жүрсіңдер! Егер маған шабуылдайтын болсаңдар, 61 томның бәрін интернетке шығарамын. Қазір Әбіләзовтің ақшасы болған соң шашбауын көтеріп жүр. Ақшасы біткен күні олигарх бұлардың біреуін де таба алмай қалады."
Шадияр ӨСТЕМІРҰЛЫ,
"Жас қазақ"
*тақырып өзгертілді
Қажымұқан Ғабдолла. Ж.ҚУАНЫШӘЛИН ҚАЗАҚТЫ ҚАЛАЙ САТТЫ? http://www.qazaquni.kz/?p=14089 ЖАПҚАН ЖАЛАЛАРЫҢНЫҢ ЖАНАЗАСЫ ШЫҚТЫ, ЖАСАРАЛ-ЖАНБОЛАТ! http://www.qazaquni.kz/?p=25608 Төлеубек Сейітқалиұлы. «СЕНГЕН ҚОЙЫМ СЕН БОЛСАҢ…» Жасарал өз халқының тамырына балта шабуға кіріскенін айтуды міндетім деп санаймын. http://www.qazaquni.kz/?p=26605