"АҚ ЖОЛ" АЛАШ ИДЕЯСЫНАН АЙНЫМАЙДЫ

  Таяуда Алматы қаласында «Ақ жол» партиясының «Ақылдастар алқасы­ның» кеңесі болып өтті. Бұл басқосуға «Ақылдастар алқасының» мүшелері Қазақстанның түкпір-түкпірінен кел­се, «Ақ жол» партиясы төрағасы, пар­тияның парламенттегі депутаттық фракциясының жетекшісі Азат Пе­руашев Елордадан арнайы келіп қа­тысты. Кеңесте «Алаш» партиясының 95 жылдығына дайындық, Еруазиялық одаққа қатысты партияның ұстанымы және «Ақ жол» партиясының қоғам­дағы беделі мен қазіргі бағыт-бағдары сынды үш мәселе талқыға түсті. «Ақылдастар алқасы» партияның атынан қандай да бір шешім немесе қарар қабылдай алмағанмен, келелі кеңестерін аяған емес. Осы тұста айта кетерлік бір жәйт – «Ақылдастар алқасының» басқосуын өзге партиялар сияқты құпия түрде емес, «Ақ жол» партиясы ашық өткізді. Жиын осынысымен де ерекшеленді. Кеңесте көбіне партияның ішкі мә­селесі талқыланғанына қарамастан, «Ақ жол» партиясы БАҚ өкілдерінен бұл күні ешбір сырды бүгіп қалмады. «Ақылдастар алқасы» мүшелерінің дені сөз алғанда «Ақ жол» пар­тия­сы­ның идеологиялық мақсат-мұраты – Алаш идеясынан айнымай, алдағы уақытта нақты жоспарлы іс жасау ке­ректігін баса айтты. Ақын Ханбибі Есенқарақызы «Алаш» партиясының құрылғанынына 95 жыл толуына орай, бұл датаны мем­лекеттік деңгейде кеңінен атап өту керектігін айтты. Х.Есенқарақызы өзі­нің тікелей бастамасымен Алаш ардақ­тылары жөнінде том-том зерттеу кітап­тың дайын тұрғанын айтты. Бірақ қар­жы қолбайлау болып жарыққа шығара алмай отырғанын да жеткізді. Ал, ақын Серік Тұрғынбекұлы бол­са, «Ақ жолдың» парламенттегі де­путаттық фракциясының жетекшісі А.Перуашевқа Жетісу өңірін отарлау­да қатігездік көрсеткен генерал-губер­натор Колпаковскийдің Алматы об­лы­сындағы ескерткішін құлату жөнінде үкіметке депутаттық сауал жолдауды ұсынды. Азат Тұрлыбекұлы осы тұста «Алаш­тың» 95 жылдығын атап өтуді парламентте мәселе етіп көтеруге жә­не бұл бағыт бойынша зиялы­лармен партияның ауқымды да жүйелі жұмыс жасай­ты­нына уәде берді. Осы тұста А.Пе­руа­шев «Ақ жол» партиясы төр­аға­сының орынбасары етіп, қазақ десе, қаны қызатын ұлтшыл ақын Қа­зы­бек Исаны тегіннен тегін қоймаған­дығын да ай­тып өтті. Жиын барысында сөз алған «Ақ жол» пар­тиясы төрағасының орынба­сары Қазыбек Иса Алашорда қайрат­кер­леріне арнап Қазақстанның барлық қалаларынан ескерткіш ашу­дың қа­жеттілігін айтты. Алаш партия­сының 95 жылдығы мен жалпы Алаш идеясын насихаттау жөнінде «Ақ жол» фрак­циясы парламентте мәселе көте­руі тиіс­тігін айтып өтті.Сондай-ақ ал­дағы уақытта партияның басты ұста­нымы, идеологиялық насихаты – ұлт­шыл-патриоттық бағытта болуы керек­тігін жеткізді. Кеден одағы мен Еуразиялық одақ­қа «Ақылдастар алқасының» мүшелері түбегейлі қарсылығын білдірді. Жиын барысында сөз алғандардың көпшілігі Қазақстанның Ресеймен саяси немесе экономикалық ықпалдасуы ел еге­мен­дігіне төнген қатер деп бағамдады. Оппозиция мен ұлтшыл-патриоттық ұйымдардың Кедендік одақтан шығу және Еуразиялық одаққа кірмеу жө­нінде жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасына «Ақ жол» партиясы басшылығының қолдау білдіргендігін қалады. Қазыбек Иса «Ресейсіз күн көре алмаймыз» дейтін құлдық психо­логиядан арылу қажеттігін, таяуда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бас­тамашы болған Түркі елдерінің бірлігіне ұмтылу керектігін баса айтты. Бірақ партия жетекшісі Азат Пе­руашев мұндай экономикалық ықпал­дастықтың отандық өнім өндіру­шілер­ге, халыққа тигізетін пайдасын анық­тап алу үшін біршама уақыттың қа­жет­тігін айтты. Сондықтан референдум өткізу мәселесін әлі де зерделеу қа­жеттігін ескертті. Жиынның күн тәртібіне қойылған үшінші мәселе «Ақ жол» партиясының қоғамдағы беделі мен қазіргі бағыт-бағдары болды. Қызу пікір-талас ту­дырған да осы үшінші мәселе болды. Жиында осы мәселеге орай қадау-қа­дау пікірлер айтылды. А.Перуашев болса, мұның барлығы міндетті түрде ескерілетіндігін жеткізді. «Ақсақалдар алқасының» мүшесі Шегебай Нұрпейісов партияға, соны­мен бірге Мәжіліске Аманжан Рысқали сынды кәсіпкерлердің өтіп кетуін сынға алды. Осы тұста А.Перуашев А.Рысқалидың депутат болып сай­ла­нуын өзі емес, партияның орталық кеңесі шешкендігін жиылғандардың есіне тағы бір рет салып өтті. Сонымен қатар, Азат Тұрлыбекұлы сөз соңында «Ақ жолдың» парла­мент­тегі мандаттары жеке адамдардың емес, партияның меншігі екендігін, сондықтан кезегі келгенде зиялы­лар­дың да депутат болуға мүмкүндіктері бар екендіктерін жеткізді. Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясы, оның жетекшісі Азат Перуашевтың Парламентте халық мүддесі үшін көп­теген өзекті сауалдар қойғанын, оның біразының шешімі табылып жатқанын көзі қарақты оқырман білетін болар. Алдағы уақытта да бұл үрдіс өз жал­ғасын табатын болады. Бұған жиылған жұрт та кәміл сенімді болып тарады.  Гүлмира САДЫҚОВА