
Таяуда Алматы қаласында «Ақ жол» партиясының «Ақылдастар алқасының» кеңесі болып өтті. Бұл басқосуға «Ақылдастар алқасының» мүшелері Қазақстанның түкпір-түкпірінен келсе, «Ақ жол» партиясы төрағасы, партияның парламенттегі депутаттық фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Елордадан арнайы келіп қатысты.
Кеңесте «Алаш» партиясының 95 жылдығына дайындық, Еруазиялық одаққа қатысты партияның ұстанымы және «Ақ жол» партиясының қоғамдағы беделі мен қазіргі бағыт-бағдары сынды үш мәселе талқыға түсті.
«Ақылдастар алқасы» партияның атынан қандай да бір шешім немесе қарар қабылдай алмағанмен, келелі кеңестерін аяған емес.
Осы тұста айта кетерлік бір жәйт – «Ақылдастар алқасының» басқосуын өзге партиялар сияқты құпия түрде емес, «Ақ жол» партиясы ашық өткізді. Жиын осынысымен де ерекшеленді. Кеңесте көбіне партияның ішкі мәселесі талқыланғанына қарамастан, «Ақ жол» партиясы БАҚ өкілдерінен бұл күні ешбір сырды бүгіп қалмады. «Ақылдастар алқасы» мүшелерінің дені сөз алғанда «Ақ жол» партиясының идеологиялық мақсат-мұраты – Алаш идеясынан айнымай, алдағы уақытта нақты жоспарлы іс жасау керектігін баса айтты.
Ақын Ханбибі Есенқарақызы «Алаш» партиясының құрылғанынына 95 жыл толуына орай, бұл датаны мемлекеттік деңгейде кеңінен атап өту керектігін айтты. Х.Есенқарақызы өзінің тікелей бастамасымен Алаш ардақтылары жөнінде том-том зерттеу кітаптың дайын тұрғанын айтты. Бірақ қаржы қолбайлау болып жарыққа шығара алмай отырғанын да жеткізді.
Ал, ақын Серік Тұрғынбекұлы болса, «Ақ жолдың» парламенттегі депутаттық фракциясының жетекшісі А.Перуашевқа Жетісу өңірін отарлауда қатігездік көрсеткен генерал-губернатор Колпаковскийдің Алматы облысындағы ескерткішін құлату жөнінде үкіметке депутаттық сауал жолдауды ұсынды.
Азат Тұрлыбекұлы осы тұста «Алаштың» 95 жылдығын атап өтуді парламентте мәселе етіп көтеруге және бұл бағыт бойынша зиялылармен партияның ауқымды да жүйелі жұмыс жасайтынына уәде берді. Осы тұста А.Перуашев «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары етіп, қазақ десе, қаны қызатын ұлтшыл ақын Қазыбек Исаны тегіннен тегін қоймағандығын да айтып өтті.
Жиын барысында сөз алған «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Алашорда қайраткерлеріне арнап Қазақстанның барлық қалаларынан ескерткіш ашудың қажеттілігін айтты. Алаш партиясының 95 жылдығы мен жалпы Алаш идеясын насихаттау жөнінде «Ақ жол» фракциясы парламентте мәселе көтеруі тиістігін айтып өтті.Сондай-ақ алдағы уақытта партияның басты ұстанымы, идеологиялық насихаты – ұлтшыл-патриоттық бағытта болуы керектігін жеткізді.
Кеден одағы мен Еуразиялық одаққа «Ақылдастар алқасының» мүшелері түбегейлі қарсылығын білдірді. Жиын барысында сөз алғандардың көпшілігі Қазақстанның Ресеймен саяси немесе экономикалық ықпалдасуы ел егемендігіне төнген қатер деп бағамдады. Оппозиция мен ұлтшыл-патриоттық ұйымдардың Кедендік одақтан шығу және Еуразиялық одаққа кірмеу жөнінде жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасына «Ақ жол» партиясы басшылығының қолдау білдіргендігін қалады. Қазыбек Иса «Ресейсіз күн көре алмаймыз» дейтін құлдық психологиядан арылу қажеттігін, таяуда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бастамашы болған Түркі елдерінің бірлігіне ұмтылу керектігін баса айтты.
Бірақ партия жетекшісі Азат Перуашев мұндай экономикалық ықпалдастықтың отандық өнім өндірушілерге, халыққа тигізетін пайдасын анықтап алу үшін біршама уақыттың қажеттігін айтты. Сондықтан референдум өткізу мәселесін әлі де зерделеу қажеттігін ескертті.
Жиынның күн тәртібіне қойылған үшінші мәселе «Ақ жол» партиясының қоғамдағы беделі мен қазіргі бағыт-бағдары болды. Қызу пікір-талас тудырған да осы үшінші мәселе болды. Жиында осы мәселеге орай қадау-қадау пікірлер айтылды. А.Перуашев болса, мұның барлығы міндетті түрде ескерілетіндігін жеткізді.
«Ақсақалдар алқасының» мүшесі Шегебай Нұрпейісов партияға, сонымен бірге Мәжіліске Аманжан Рысқали сынды кәсіпкерлердің өтіп кетуін сынға алды. Осы тұста А.Перуашев
А.Рысқалидың депутат болып сайлануын өзі емес, партияның орталық кеңесі шешкендігін жиылғандардың есіне тағы бір рет салып өтті.
Сонымен қатар, Азат Тұрлыбекұлы сөз соңында «Ақ жолдың» парламенттегі мандаттары жеке адамдардың емес, партияның меншігі екендігін, сондықтан кезегі келгенде зиялылардың да депутат болуға мүмкүндіктері бар екендіктерін жеткізді.
Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясы, оның жетекшісі Азат Перуашевтың Парламентте халық мүддесі үшін көптеген өзекті сауалдар қойғанын, оның біразының шешімі табылып жатқанын көзі қарақты оқырман білетін болар. Алдағы уақытта да бұл үрдіс өз жалғасын табатын болады. Бұған жиылған жұрт та кәміл сенімді болып тарады.
Гүлмира САДЫҚОВА