ПУТИННІҢ ПАСЫҚ ПИҒЫЛЫ

  Қай заманда да, қай халық та, орыстың қаупі мен қиындығын, орақтығы мен опасыздығын қа­зақтай сезіне алмады. Батыс өңірінің қазағы сонау Әбілқайыр ханның кезінен бастап, ама­лы­­ның аздығынан, шара­сының жоқтығынан сары шашты, шегір көзді орыспен табақтас болуға мәжбүр болды. «Көп қорқытады, терең батырады» дейтінді басты «қаруы» еткен сасық самагонның төл-атасы қандай мәселеде де аз-кем келіспеушілік туын­даса, кеңкелес тапыраңдай ер-тұрманын бауырына алып тулайды... Қазақстанның Президенті Н.Назарбаев түр­кі баласының бірлігіне картысты бір ауыз сөз айтып еді, қалың орыс Елбасымыз бен Қазақ­станға қарсы арсыз, ақпараттық соғыс бастап, тағы да бөрінің артындай шулап шыға келді... Шын ныспысын жазудан да қаймыққан Колеров Модест дейтін лақапшы біреу «Назар­баевтың мәлімдемесі туралы үш сөз» атты ма­қаласымағында: «Назарбаев Еуразия Одағын құрудағы Ресей мен оның президенті Владимир Путиннің еңбегін бағаламайды да, құрметте­мейді де. Ол әлдеқашан қирап қалған «Түркі бірлігі» жобасын жаңғырту арқылы Күрдістан, Израил, Иран, Сирия, Ресей сынды елдерді өзіне қарсы қойып алуы ықтимал» – деп күң­кілдейді. Керек десеңіз, Еуразия Одағы туралы идея­ның тарихи авторы Нұрсұлтан Назарбаев. Нұрағаң бұл ойын тұңғыш рет айтқан кезде, біріншіден, «Владимир Путин» ешкім де емес еді және оны бір адам танымайтын; екіншіден, сірә, Елбасы көңілшек Ельциннің емеурініне үміт артқан болуы керек... Мақаласымақтың мылжыңбасы Колеров Модест әрі қарай былайша сандырақтайды: «Қасіретті 1930-1940 жылдардан кейін Д.Қонаев пен атышулы 1986 жылы Н.Назарбаевтың би­лікке келуі мен оның кепілдігін өзі айтқан «бас­қыншылдыр» орнатып берді». Сандалыпты! Қазақ ұлтының отызыншы жылдардағы қырып-жойылған қасіреті үшін орыстың «кеңес» деп атын өзгерткен билігі мәңгі-бақи жауапты болып, көрлерінде де өкі­ріп, тыныш жатпайды. Ал, 1986 жылдың жел­тоқсанын біздің құрбы-құрдастарымыз, қа­зақтың рухы күшті, намысы оттай қайсар жас­тары жасап, күллі әлемді дүр сілкіндіріп, 15 бо­дан елге бостандық сыйлап қана қоймай, адамзаттың келешек тағдырын түбегейлі өз­гертті. Осынау орасан шындықты мойындағысы келмеген меңіреу Мәскеудің қалай оттаса да өз еркі, бірақ, одан тарих өзгермейді... ...Мәскеуден Түркияға тіке ұшып барған Нұрағаңның: «Барлық түркі халқы біріксек, біз қуатты одаққа айналамыз» – деуі әсте тегін емес. Қазақ елі басшысының түрік топыра­ғын­дағы ниетін Қазақстан халқы толық қуаттап, қолдауы керек. ...Айналасындағы «ресейшілдердің» көңілі­не қарап, қашан да парасаты мен сезімталды­ғына сүйенген Елбасы орыспен ойланбай, асы­ғыс, «аттың жалы, түйенің қомында» жасалған жа­қындасулардың – қазақ ұлтының ғасырлық армандары «тәуелсіздіктен» ажыратып қана қой­май, өзін де халқынан алыстататындығын түсінген тәрізді... Бір ғана мысал: бүгінде Қазақстандағы азық-түлік, киім-кешек, жанар-жағармайдың бағасы шарықтап барады. Жұмақтағы жеңіл өмірге уәде берген Кедендік Одақтың нәтижесі қайда? Көлемі жыл санап артқан, мәселен, былтыр 67,7 млн тонна мұнай өндірген еліміздің хал-ахуалы неге бұлай? Оған кім кінәлі? Мәселенің мәнісі мынада екен. Алдымен, Кедендік Одақта екендігіне қарамай, Ресей Қазақстанға баж салығынсыз жеткізілетін мұнайға квота енгізіп қойған көрінеді. Ол-ол ма, Қазақстанның мұнай мен газды сыртқа эскпорттау үшін Ре­сейдің көмегіне сүйенуге мүдделілігін пайдаланып, орыс билігі Павлодар зауытына мұнайды әдейі дер кезінде жеткізбеуі­- мен тоқтамай, мамыр айында мұнайдың көлемін екі есеге қыс­қартып, тиісті 500 мың тонна мұнайдың орнына, небәрі 270 мың тонна ғана жеткізілген... Аталған мысал орыспен шешімін күткен шиеленісті мәселе­лердің жалқысы ғана. Яғни, қазақ елінде жаппай қымбаттау­шы­лықтың кілтипаны Ресеймен тығыз байланысты болып шықты. Мұнай – Қазақстан үшін мемлекеттік бюджетті құраудың негізгі кіріс көзі. Орыс орнатқан одағай квота талабы өзгер­месе, ел кірісінің көлемі азая бермек. Құдайға шүкір, Г.Мар­ченко қаншама «қорықытып-үркітсе» де, елімізде жаңа кен орындарын ашып, мұнай өндірісінің көлемін молайтудың тетіктері табылады. «Теңгіз» кен орнын үлкейту арқылы сөт­кесіне 900 мың баррель мұнай өндіре алсақ, «Қашаған» жоба­сының алғашқы кезеңінде сөткесіне 370 мың баррель, кейі­нірек 450 мың баррельге жеткізуге мүмкіндік бар. Жалпы, қазақтың мұнайының өндіру көлемін 2013 жылы 82 млн тоннаға, 2017 жылы 102 млн тоннаға дейін өсіруге болады. Осыншама көл-көсір қазынаны орыс қана көріп отыр ма? Жоқ, әрине. Айталық, жардың астындағы Қытай қазірдің өзінде біздегі мұнай өнімдерінің 25-30 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Ал, айдаһардың тәбеті тау бұзатын дауылдай алапат... Қазақ басшысының, ең бірінші кезекте, өз халқының мүд­десін көздеуі түсінікті. Нұрағаңның «1861 жылы қазақтың соңғы ханы өлтірілгеннен кейін, ұлтымыздың орыстың бода­нына айналғандығы, кейінірек Кеңес Одағының езгісіне түс­кендігі, бір заманда әлемді алақанында ұстаған «Түркі қаға­натының» болғандығы, Ататүріктің: «Күндердің-күнінде күллі түркі баласы бірігетін күн туады» деп айтқандығы, жер бе­тіндегі 200 миллионнан астам түркі баласы жұдырықтай жұ­мылса, әлемдегі әсерлі күшке айналатындығы» турасындағы сөздерінің бәрі тарихи шындық. Бірақ, Кедендік одақ, Еуразиялық одақ т.б. толып жатқан жобаларды Қазақстанды «қантөгіссіз» қайтадан отарына айналдырудың айла-тәсілдері ғана деп түсінуден ары аспайтын, шын мәнісінде, Қазақстанды «екінші сортты ел» санайтын Ресей, бағымызға қарай, дүниенің тұтқасын ұстап тұрған жоқ. Ресей қымбат құндылықтар негізінде достық қарым-қаты­нас орната алмайтын, экономика мен сауда саласында да өте нашар әріптес болатындығын, тек күштік қысым мен ақпарат­тық тоқпақтарды ғана түсінетін ел екендігін қаншама мәрте дәлелдесе де, көрші қонғандықтан, Қазақстан Президенті бас­пасөз хатшысының: «Қазақстанның сыртқы саясаты бұрын­ғыдай өзгеріссіз қалады» деген мәлімдемесіне түсіністікпен қарасақ та, әсіре ұлтшыл Путиннің Ресейімен жақындаса бе- ру – егемендіктен айырылуға жасалған қадам болмақ... ...Түркі баласының бірлігі – Қазақстанның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігінің кепілі ғана емес, әлем түркілерінің ынтыма­ғының алтын қазығы. Мәселені осылайша тұңғиық түсінген адам ғана түрік топырағындағыдай батыл мәлімдеме жасай алады...                Құлтас ДОСТАН