АЗИЯНЫҢ КЕЗЕКТІ «ЖОЛБАРЫСЫ»… Моңғолияның экономикалық дамуы әлемді таң қалдыруда

0
2370

Сараптама

   Расында да моңғол елінің кәзіргі аяқ алысы дүние жүзін таңдандыруда. Ол 2011 жылы 17,2 пайыз экономикалық өсуге қол жеткізді. Биылғы жылдың қорытындысын да да бұдан кем болмайды деседі. 2016 жылға қарай ЖІӨ көлемі 3,5 есеге, яғни 10 млрд. доллардан 35 млрд.-қа жетеді деген болжам бар. Бұл көптеген мемлекеттермен салыстырғанда ауыз толтырып айтарлықтай жоғары көрсеткіш.  Осыған қарап кәзіргідей  ауық-ауық дағдарыс қысқан алмағайып заманда бір кездері дүниені дүр сілкіндірген Шыңғыс хақан ұрпақтарының  қаны қызып, намысы оянды, ма екен деген ойға қаласың?!

       Көпшіліктің есінен шыға қоймаған шығар. Кеңес өкіметінің тұсында сонау қиыр-қиянда жатқан  Куба Республикасын «…бостандық аралы, Латын Америкасындағы бірден бір социалистік мемлекет!» деп жер-көкке сыйғызбай дәріптеуші еді. Сол айтқандай, кейінгі кезде АҚШ бастаған батыс елдері Моңғолияны «демократияға бет бұрған азат ел», оның болашағы зор, деп мақтай бастады.

Күні кешеге дейін КСРО-ның ықпалында болған, жұрт  әзілдеп болса да оның «алтыншы республикасы» деп келген, экономикасы аса дами қоймаған, небәрі 3 миллионға жетер-жетпес халқы бар, тұрғындарының үштен бірі көшпенді тұрмыс кешіп, негізінен мал өсірумен айналысатын  моңғол елін халықаралық қауымдастықтың демократияшыл ел деп бағалауы жұртшылықты таңдандыратыны хақ.

    Рас, Моңғолия ХІІІ-ші ғасырда, Шыңғыс хақанның тұсында қуатты мемлекет – империя  болды. Оның аттарының тұяғы дүниені дүбірлетіп, Еуропаға дейін барды. Керек болса, Қытайыңызды – Ұлы Ханның ұлысы, Орта Азияны – Шағатай ұлысы, Иранды – Илхандар мемлекеті, Ресейді – Жошы ұлысы немесе Алтын орда ретінде уысында ұстап тұрды. Бірақ та ол басып алған жерлердегі мәдениеттің сан алуандығы сияқты себептер ұлы империяның түбіне жетіп, ыдырауға апарып соқтырды.

«Дүние кезек» дегендей, ХVІІ-ші ғасырдың аяғында Моңғолияның өзі Қытайдың (Цин империясының) қол астына өтіп, үш ғасырға жуық бодандықтың қамытын киді.

Ал, бергі 1921-1990 жылдар аралығында Моңғолияның Кеңес одағының жетегіндегі социалистік мемлекет болғаны баршаға аян.

Мұның бәрі әрине тарихтың еншісіндегі әңгіме.

Бүгінгі ақиқат басқаша. Тым тереңге барамай-ақ, соңғы жиырма жыл көлемінде моңғол жерінде орын алған оқиғаларға шолу жасасақ біраз жәйтті  аңғарғандай боламыз.

Көбіміз білетіндей, 90-шы жылдары құламайтындай өрінген алып мемлекет КСРО ыдырап, әркім өз басымен қайғы болып кеткен тұста, Моңғолия да өлместің қамына көшті. Заманның ағымына қарай, елде бірлі-жарым өзгерістер мен реформалар жүргізілген болды. Саяси сахнаға алты оппозициялық партия шықты. Ішіндегі ең ірісі Демократиялық одақ болып, 1990 жылы оны үкімет мойындады. Ол артынан Моңғол демократиялық партиясы деп аталынды. Сол жылдың наурызында елдегі тәртіпсіздікке байланысты билік басындағы коммунистер МХРП (Моңғол халықтық революциялық партиясы) түгелімен отставкаға кетті. Оның жаңадан сайланған бас хатшысы П. Очирбат партияда қайта құру жүргізді.

Сондықтан ба екен, 1990 жылдың шілдесінде өткізілген парламент сайлауында МХРП-сы 431 орынның 357-сін иеленді. Алайда осы сайлау барысында елдің көптеген аудандарында депутаттыққа үміткер болып оппозициялық партиялардың өкілдері де қатынасты. Бұл демократияның бой көрсетіп, биліктегі жалғыз партияның үстемдігінің әлсіреп, шытынай бастауының белгісі еді. Айтқандай-ақ, күзде коалициялық үкімет құрылып, оның құрамына МХРП-дан өзге Моңғол демократиялық партиясы, Моңғол социалистік-демократиялық партиясы және Ұлттық прогресс партиясының да өкілдері енді. Коалициялық үкімет елді 2000 жылдың орта шеніне дейін басқарды.

Эволюциялық дамудың ықпалымен елде 1992 жылы жаңа Конституция қабылданып, ол бойынша екі парламент жойылып, оның орнына 76 мүшесі болатын бір парламент қалды. Президенттік басқару үлгісі енгізілді, оны тікелей дауыс беру арқылы сайлау халықтың еркіне берілді. Демократия мен жекешелендіруге жол ашылғанымен экономика нарықтық сипатқа көшіп, дереу оңалып кете қоймады. Дағдарыс қысып, жаппай жұмыссыздық пен кедейлену белең алды. Мұның бәрі әлеуметтік қайшылықтар мен қиыншылықтарға апарып соқтырды. Билік басындағы демократиялық күштердің өкілі ретінде президент болып сайланған П. Очирбат  моңғолдардың үмітін ақтамаған сияқты көрінді. Сөйтіп, 1997 жылғы президенттік сайлауда күтпеген жерден МХРП-ның үміткері Н. Багабанди сайланып кетті. 2000 жылғы сайлау нәтижесінде  билік тізгіні тағы да МХРП-ның қолына тиді.

Сайлаудан кейін үкімет басшысы болған МХРП-ның Бас хатшысы Наммбарын Энхбаяр (ол 2005 жылы Моңғолияның президенті де болды) рыноктық реформалар асығыстыққа жол берілмей, байыппен жүргізіледі деп сендірді. Соған қарамастан билеуші партияның ықпалы бірте-бірте әлсіреп, үкіметтегі келіспеушілік күшейді. Мұның ақыры 2006 жылдың қаңтарында ішкі саяси дағдарысқа жеткізіп, министрлер кабинетінің алауыз болып бөлінуіне  апарып соқтырды. МХРП өзінің каолициялық үкімет құрамынан шығатынын мәлімдеді. Ел астанасы Улан-Баторда жаппай тәртіпсіздіктер орын алды. Премьер-министр қызметін атқарып келген Демократиялық партияның жетекшісі Цахиагийн Элбэгдорж өзінің мың жарымдай жақтастарымен орталық алаңға шығып, қарсыластарының әрекетін батыл айыптады. Ашу-ызаға булыққан олар полицейлердің қарсылығына қарамастан МХРП-ның штаб-пәтеріне басып кіріп, оны бірнеше сағат бойына иеленіп тұрды. Алайда онда МХРП өкілдерінен ешкім қалмаған еді. Мұндай әрекеттер елдегі жетекші екі партияның арасындағы  әрең қол жеткізілген «келісімді» бұзды.

Тіпті, үкіметте дау-жанжал туды. Осыған байланысты  МХРП-ның төрағасы теледидар арқылы премьер-министрге үндеу тастап, оны өзіне жүктелген басты міндет: кедейшілік, жұмыссыздық және сыбайластық мәселерін шеше алмады деп айыптап, қызметтен кетуін талап етті. Бірақ та премьер-министр бұл талапты орындаудан бас тартты. Сондықтан МХРП атынан жұмыс істеп жатқан он министр кабинет құрамынан шығатындықтарын мәлімдеді. Сөйтіп, конституция бойынша үкімет  биліктен айырылды. Көп өтпей-ақ,  Моңғолия парламенті келісіп жұмыс істей алмаған каолициялық үкіметтің қызметтен кетуін мақұлдап дауыс берді. 2006 жылдың қаңтар айының аяғында жаңа үкімет жасақталып, МХРП бар билікті өз қолына алды.

Арада екі жылдан астам уақыт өткен соң, яғни 2008 жылы маусымда Мемлекеттік ұлы хурал ел парламентіне кезекті сайлау өтті. Әйтсе де билікке  таласушы демократиялық партияның жетекшісі, бұрыңғы премьер-министр Цахиагийн Элбэгдорж бұл сайлауды әділетсіз өтті, дауыстарды санау барысында көз бояушылыққа жол берілді деп мәлімдеп, мұның соңы наразылық пен тәртіпсіздікке ұласты. Ұлан-Баторға әскер кіргізіліп, қақтығыс салдарынан бес адам көз жұмып, жүздеген адам жарақаттар алды. Елде бірнеше күнге төтенше жағдай жарияланды.

   Ал, 2009 жыл мамырдағы президенттік сайлауда күтпеген жерден (күні бұрыңғы талай болжамдарды теріске шығарып) демократ Цахиагийн Элбэгдорж 51,24 пайыз дауыс жинап, басты қарсыласы МХРП-ның  үміткері Намбарын Энхбаярдан басым түсіп,  Моңғолия президенті болып сайланды. Бұл сайлауда көптеген елдер, оның ішінде Ресей де негізгі үмітті Н. Энхбаярға артқан болатын. Осыған байланысты (дәлірегі  елдегі ішкі жағдайды дұрыс бағалап, қисынды болжам жасай алмады деген себеппен) Ресейдің Моңғолиядағы елшісі  Борис Говорин қызметінен кері шақыртылып алынды.

Міне, осы оқиға, фактілердің бәрі моңғол елінде әділеттілік пен демократиялық дәстүрлердің оңайлықпен емес, көптеген қиындық-кедергілермен жүзеге асып келе жатқанын  аңғартады.

Көз жүгіртіп қарасақ, соңғы жиырма жылдың көлемінде елдің негізгі заңы –Конституциясы бірнеше рет өзгертілді. Әу баста кейбіреулердің үлгісімен құрылған қос палата таратылып, оның орнына 76 депутаттан тұратын бір палаталы парламенттік үлгі таңдалды, Моңғолия парламенттік республика болып жарияланды Ел президенті  тікелей дауыс беру арқылы сайланатын болды. Көп партиялылыққа жол беріліп, ресми түрде 17 саяси партия тіркеліп, олардың ішінен бесеуінің өкілдері елдің жоғары парламеттік органы – Ұлы халық хуралына сайланды. Парламенттік жүйе елде биліктің бір басшының президент не премьер-министрдің қолына шоғырлануына жол бермейді. Әйтсе де   кәзірше билікке негізінен екі партия: Моңғол халықтық революциялық партиясы мен Демократиялық партия таласып отырады.

Осы орайда менің есіме сонау 80-ші жылдары Мәскеудегі Жоғарғы комсомол мектебінде бір топ моңғол жастарымен оқығаным түседі. Кейбіреулер оларға «бойкүйездеу, баяулау» деп күлгенімен, олардың бойынан өрмінезді, бірбеткей  екені, әділетсіздікке, қиянатқа жол бермейтіндігі сезіліп тұратын. Алдарына қандай да бір мақсат қойды ма, соған жетпей тынбайтын. Біреуі «волейбол ойнауды үйренеміз» дей ме, бәрі бір кісідей соған жұмылады. «шахмат үйренеміз» дей ме, жабылып, үйренуге ұмтылады. Қандай да бір мерекені, туған күндерін атап өтуге бас қосқан көңілді сәттерінде бәрі бір кісідей ән салып, шырқай жөнеледі. Дүниедегі ең әнші халық моңғолдар деп ойлайды. Бірде олардың шырқауында өте таныс ән-әуен естігенім бар. Сонда олар күліп: «бұл моңғолшаға аударылған қазақтың «Ақтамақ» әні ғой деген. (Бір айта кететіні, кейбір психолог зерттеуші мамандар: «жалпы моңғолдар біреуге бағынышты болуды қаламайтын,бастықтардың алдында құрақ ұшып, жалпаңдаймайтын халық. Бұл олардың қанында бар қасиет!» дегенді айтады).

Сол комсомол мектебінде бірге оқыған, Моңғолияның ревсомол, партия ұйымдарында жауапты және басшылық қызметтер атқарған, артынан үлкен бір көмір шахтасын да  басқарған, беріде атамекенге оралған Әбейұлы Бердімұраттың айтуынша: «моңғолдардың  демократия, жариялылық бағытында біршама алға жылжығаны рас. Елде негізінен бәсекелес, билікке таласушы екі партия:  ДП (Демократиялық партия) мен МХП (Моңғол халықтық  партиясы) болғандықтан бұлардың қай-қайсысы да  халықтың сеніміне ие болу үшін  шындыққа, ақиқатқа жүгінеді, турашыл болуға тырысады. Бұл үрдіс өз кезегінде, елдегі демократиялық ағымның, жариялылықтың дамуына ықпал етеді»,- дейді. Ол айтып отырса Моңғолияда жыл сайын өндіріс орындарынан түсетін табыс пен пайда елдегі барлық азаматтарға үлес ретінде беріліп отырады екен. Мұндай үлес 2005 жылдан кейін атажұртқа қоныс аударған қазақтарға да берліп жатқан көрінеді. Мұндай шаралар сөз жоқ, қалың көпшіліктің көңілінен шығады.

Екінші бір есептен, батыс елдерін Моңғолияға назар аударып отырғаны, оларды мұндағы табиғи ресурстар екені де жасырын емес. Өйткені, моңғол жері мыс, алтын, уран және көмір секілді  қазба байлықтарға бай.  Бұл кен орындарын дамыған жетекші елдердің  алапауыттарының ешқайсысы да әлі   емін-еркін игеріп, билеп-төстеп үлгерген жоқ. Олардың қай-қайсысының да моңғолдарға «достық қолдарын» созып, АҚШ-тан бастап, Германия, Жапония және Австралия тәрізді  үлкен мемлекеттер басшыларының сондай-ақ,  еуропалық елдердің сауда-саттық компаниялары өкілдерінің Ұлан-Баторға жиі келгіштеп жүргендері де сондықтан. Аталған қазба байлықтарды шетелдік инвесторлардың көмегіне сүйеніп игермесе, өздерінің шамалары жетпейтінін моңғолдар да жақсы біледі. Сол себепті шетелдік инвестормен елдің игілігі үшін тиімді келісім-шарт жасасуға бұлар да мүдделі.

Бұған қоса, моңғол мемлекетінің кәзіргі даму жағдайында екі қанатындағы алып көршілері  Ресей мен Қытайдың айтарлықтай геосаяси және экономикалық рөл атқаратындарын жоққа шығаруға әсте болмайды. Өйткені, жетпіс жыл бойына орыстардың және  КСРО-ның мұрагері болып отырған Ресейдің ықпалы, қалдырғаны із-таңбасы аз болған жоқ. Оның үстіне  Моңғолияны мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған бірден бір ел осы Ресей. Бұдан басқа да факторлар мен жағдайларды ескерсек, Моңғолияның таяу жылдарда Ресейдің ықпалынан құтылуы екіталай. Бұл елдің зиялы қауымының, саяси элитасының көпшілігі Кеңес одағында, Ресейде  білім алғандар. Басқасын айтпағанда, билікке таласып жүрген екі партияның жетекшілері Ц. Элбэгдорж бен Н. Энхбаяр екеуі де КСРО-да оқып, алдыңғысы Львовтағы әскери-саяси училищені, екіншісі Мәскеуде Әдебиет институтын бітірген. Әдебиетші Энхбаяр Гогольден бастап бірқатар орыс классиктерінің шығармаларын моңғолшаға аударған. Моңғолдар жазу-сызуында әлі де орыс алфавитін пайдаланады. Оны өзгертуге ниеттері де байқалмайды. Бірақ моңғол жастарының ағылшын мен қытай тілдерін үйренуге талпынып жатқаны анық.

Моңғолия теңіз порттарына тек Қытай арқылы ғана шыға алады. Оның үстіне бүгінде моңғол экспортының 80 пайызы және импортының 50 пайызы Қытайдың үлесіне тиеді. Тіпті, кейбір сарапшылар Моңғолия елі кешегі 90-шы жылдары КСРО-ның ықпалынан босап, өз бетінше даму жолына көшкен тұста Қытайдың экономикасы қазіргідей қуатында болғанда моңғол жұртын түгелінен солар билеп-төстеп отырар еді. Елдің бүгінгі даму қарқын да оны  Қытаймен тығыз сауда-экономикалық байланыс жасауға мәжбүр етеді, дейді.

Әйтсе де Моңғолия мемлекеті өзінің саяси және экономикалық тәуелсіздігін нығайту, тұрақтылығын сақтап қалу мақсатында Ресей мен Қытайға қоса, «үшінші көрші» саясатын ұстанып, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея деген сияқты елдермен де тиімді ынтымақтастыққа ұмтылып, өзінің түрлі халықаралық ұйымдар мен жобаларға қатынасуын да шама-шарқынша ұлғайтып келеді. Мәселен, 2003 жылы өз әскерінің белгілі бір шектеулі бөлігін Иракқа жіберді. Сондай-ақ, бұлардың әскерилері Ауғанстанда, БҰҰ бейбітшіл күштерінің құрамында Конго мен Сьерра-Леона елінде қызмет етуде.

Саясат өз алдына, ал экономиканың айқындаушы фактор екені әлімсақтан белгілі. Сол айтқандай, саяси жүйенің бірқатар кемшіліктері мен қателіктеріне қарамастан моңғол экономикасының біршама ілгерілегені анық. Мысалы, 2011 жыл елдің ЖІӨ (Жалпы ішкі өнімі), былайша айтқанда, тұтынуға дайын өнімдер мен көрсетілген қызметтердің нарықтық құны 27,8 пайызға өсіп, 2005 жылғы баға шамасымен есептегенде 17,3 пайызды құраған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9,7 пайызға артып, жалпы сомасы 1,47 млрд. АҚШ долларын құраған. Көрші елдің «Қытай жаршысы» басылымы 2014 жылғы қарай Моңғолияның ЖІӨ көлемі доллар есебімен екі есеге өседі деген болжам айтуда. Халықаралық қаржы қоры (МВФ) бұл елдің экономикасы рыноктық реформаны табысты жүргізудің барлық талаптарына сай келеді, деп бағалап отыр. Алдағы уақытта Гоби шөліндегі мыс өндірудің ұлғайып, көмір өнеркәсібінің дами түсетіні, басқа да жер асты қазба байлықтарының игерілетіні экономиканың өсуін тұрақтандыратындай көңілге үлкен үміт ұялатады. Мол қаражат құйған шетелдік инвесторлар моңғол жұртында тыныштықтың болғанын қалайды. Моңғолдардың өздері мұндай жетістікке жариялылықтың, демократияның арқасында жеттік  деп есептейді.

Елдің кәзіргі президенті, демократиялық партияның серкесі Цахиагийн Элбэгдорж да: «Мен бостандықта ғаламат күш-құдірет бар екеніне сенемін. Еркін, азат  адам талай жасампаз істерді атқара алады, ол сондай икемді, аңғарымпаз келеді. Мұның ақыры даму мен гүлденуге жеткізеді. Азаттықтың толқыны мен тегеуіріні Моңғолияның ұлы ел етеді » дегенді жиі айтады. Биыл Моңғолия халықаралық «Демократия қауымдастығы» ұйымына төрағалық ету құрметіне ие болды.

Дей тұрғанмен, өткен сәуір айының орта шенінде  бұрыңғы президент, МХП-ның төрағасы Намбарын Энхбаяр қамауға алынып, тамызда оған: «сыбайлас жемқорлыққа жол берді. Мемлекеттің есебінен өз от басын және жақын-жуығын байытты» деген айып тағылып, Моңғолия соты оны 4 жылға бас бостандығынан айыру және құны 18,5 млн. доллардан астам дүние-мүлкін тәркілеу жөнінде үкім шығарды. Бұл әрекеті арқылы демократияшыл моңғол билігі «заңның алдына адамның бәрі бірдей жауапты» деген ойды меңзегендей. Өйткені, сотталушы анау-мынау емес, Моңғолия президенті, премьер-министрі және парламент төрағасы секілді билік лауазымды қызметтер атқарған айтулы тұлға. Ал, Энхбаярдың өзі «менің істі болып, сотталуымның  ар жағында биліктен аластату мақсатындағы саяси мүдде жатыр!» деп мәлімдеді.

Кейбір сыншыл  сарапшылардың өзі Моңғолияның индустрияландыру мен диверсификацияға бет бұрып, қарқынды дамып келе жатқанын мойындайды. Айтқандай-ақ, Дархан мен Сайшанда ауыр өнеркәсіптің базасы жасалынып, алғашысында жапон технологиясы бойынша осы заманғы мұнай өңдеу зауыты, екіншісінде металлургиялық және кокс-химиялық кәсіпорындардан тұратын тұтас бір кешен бой көтермек. Онда жылына 15 млн. тонна көмір өңдейтін жаңа зауыт салынды.  Электр қуатын өндіру, энергетика саласында да табысты қадамдар жасалынып, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония және Моңғолияның өзінің фирмаларының қатысуымен Улан-Баторда ТЭЦ-V салынбақ.

Осы сияқты елдің астанасын әр аймақпен және өндіріс орындарын бір-бірімен байланыстыратын сапалы темір жол, және автокөлік жолдары салынып, инфрақұрылым да дамытылмақ.

Сондықтан да базы бір экономист мамандар мұндай екпінмен дамитын болса моңғол жұртының әлі-ақ Корея, Сингапур, Тайвань және Гонконг секілді Азияның кезекті бір «жолбарысы» атануы әбден мүмкін деседі.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ.

 [email protected]

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз