Мұндай азаматты қолдауымыз керек

          Мен ұзақ жылдар су шаруашылығында жұмыс iстеген адаммын.  Бүгiнгi тiлмен айтсам, су маманымын. Басқаны бiлмесем де, су мәселесiн, оның iшiнде елiмiздегi судың жай-күйiн жетiк бiлемiн. Осы жақында ғана Өзбекстанның президентi Ислам Каримов “Орталық Азияда су үшiн соғыс болып кетуi де әбден мүмкiн...” дедi. Көптi көрген, тiсқаққан саясаткер мұны текке айтып отырған жоқ...
Қош, ендi айтайын деген мәселеме көшейiн. Ислам Әбiшевтiң Ауыл шаруашылығы министрлiгiне қарасты Су ресурстары комитетiнiң төрағасы болып келгенiне де көп бола қойған жоқ. Мұның алдында ол Өскемен қаласының әкiмi болды. Әкiм ретiнде халықтың көңiлiнен шыға бiлдi. Қандай әкiм халықтың көңiлi­нен шығады, шыға алады? Iскер әкiм. Иә, тек iскер әкiм ғана!
Ислам Әбiшев өзiнiң iскер­лiгiн Су ресурстары комите­тiн­де де көрсете бiлдi. Қа­лай? Қайтiп? Ендi соған ке­лейiн. 2011 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың үш насосын ауыстыру үшiн жобалан­ған қаржы 3 миллиард теңгеден асып жығылған. Бұл қаржының басым бөлiгi 2011 жылы игерiл­ген. Осыдан соң тағы да төрт насосты ауыстыруға тура келген. Бұл жұмысқа аталған мекеме 6 миллиард теңге сұраған. Осы­ның бәрiне күдiкпен қараған Ислам Әбiшев мамандарға қажеттi қаржыны қайта есептеттiрмей ме. Сөйтсек, төрт насосты ауыстыруға 6 мил­лиард емес, 1 миллиард 800 мың теңге қажет екен. Солай бола тұрса да, Қ.Сәт­баев атындағы каналдың басшысы Тұрғанбай Сәрсенбаев тұрып алған ғой “Бiзге 6 миллиард керек!” деп қасарысып. Осы тiрлiгi үшiн, яки мемле­кеттiң ақшасын, халықтың ақшасын оңды-солды шашқаны үшiн Т.Сәрсенбаев орнынан алынды.
И.Әбiшев бұдан басқа да қилы қитұрқылықтарды аш­ты. Мәселен, Солтүстiк Қа­зақ­стан облысының су құбырларының картасы бойынша барлық ауылға су құбырлары жүргiзi­луi керек деп шешiлген. Ал тексере келгенде, көптеген ауылда адамдардың тұр­майтыны анықталған. Адам тұрмайтын ауылға су құбыры не үшiн керек? Ал әлгi қулар “ауылдардың бәрiне құбыр жүргiзiл­дi…” деп ақша жеген. Мемле­кеттiң ақшасын жым­қыр­ғысы келгендер түрлi айла-амал табатыны белгiлi ғой. Әсiресе, осындай амал-айлалар елiмiз­дiң су шаруашылығында өте көп (Оның шет жағасын өзiм де көрдiм).
Мiне, осындай жемқорлықтармен, тәртiпсiздiктермен, бетiмен кетушiлiкпен, жаны­ашымастықпен Ислам Әбiшев күресiп-ақ жатыр. Осы азаматты қолдауымыз керек.
Жақында И.Әбiшев баспасөз мәжiлiсiн өткiздi. И.Әбi­шев “397 миллиард теңге жұмсалады” деген жобаны бастан-аяқ тексерсе, бұл жобаға бар-жоғы 95 миллиард теңге жетiп-артылады екен. Ал қалғаны қайда кетедi? Әри­не, шенеунiктердiң iшiп-жеуi­не, қыдыруына, төгiп-шашуына. Осыны тоқтатты И.Әбi­­­шев.
Жоғарыдағы баспасөз мәжiлiсiнiң барысынан байқағаным және республикалық басылымдардан оқығанда аңғарғаным, жеп үйренiп қалған шенеунiктер (үлкенi бар, кiшiсi бар және олардың “крышасы” бар), жегенде де ұйым­дасып, ұжымдасып, топтасып жеп қалған, асап үйренген лауазымды шенеунiктер Ислам Әбiшевтi тыныш күйiнде қоймайтын сияқты. Тiптi, “ша­буылды” бастап та жiбердi.
Бұлар мың жерден “шабуылдаса” да, Ислам Әбi­шев өзiне нық сенiмдi кө­рiндi. Баспасөз мәжiлiсiн­де ол бәрiн ашық айтты. Еште­ңенi жасырған жоқ. Әдетте, қолы таза емес шенеунiктiң сөзi де сұйық әрi бұлыңғыр, сонан кейiн көп нәрсенi жасырып-жауып, бетiнен сипап, алыстан орағытып сырғыта бередi. Ал И.Әбiшев негiзгi, түйiндi мәселелердi түгел ортаға салды (өзiм осы саланың маманы бол­ғандықтан, мұның бәрi маған жете таныс).
Менiң ойымша, ендi Ислам Әбiшевтi бәрiмiз қолдауымыз керек. Бастаған iсiн аяғына дейiн жеткiзу үшiн.
Нұрхан Қоғабайұлы,
гидротехник,
Алматы қаласы.
"Жас Алаш" газеті