ОБАЛ-САУАПТЫҢ СҰРАУЫ немесе қайсар қазақтың қайтуы

0
758

  Қаламы бардың Құдайы беріп қалды…
Үкімет ауысса, әкесі базардан қайт­қандай қуанатын жорналшылар аттың басын жіберіп, мың сан мылжың бол­жамдарын қарша боратты.
Сәуегейлер: «Үкімет ауысса болды, ірі биз­несмен Ерболат Досаев бір министрдің пәпкесін ұстап шыға келеді. Ол – укол салып, «система» қоя алмаса да, Даниал Ахметовтың кезінде 2004 жылдың 5 сәуірі­нен 2006 жылдың қыркүйегі аралығында Денсаулық сақтау министрі болып еді, мінеки, жаңа үкімет құрамына тағы да қайтып оралды…» – деген сауалымен са­на­мызға «шанышқы» сұғады…
Расында, 2005-2006 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысындағы емдеу мекеме­лерінде ВИЧ инфекциясы 133 шаранаға жұғып, күнәсіз сәбилердің тоғызы көз жұм­ған сұмдық оқиғадан кейін, «министр» лауазымынан босатылған Ерболат Досаев­тың бүгінгі күнгі байлығының мөлшері 100 млн АҚШ долларын құрайды екен.
Біреулер: «Бай адамдар халық қазына­сын ұрлап қайтеді?!» – десе, қатты қателе­седі. Өйткені, 100 млн АҚШ доллары көлемінде қаржысы бар дені-басы сау, бауыры бүтін пенде – 200 млн АҚШ дол­лары туралы аяулы арман-қиялға беріле алмаса, онда оның денсаулығында күмән болғаны да!
Десе де, Шымкенттің шырылдаған сәбилеріне қол ұшын созуға қаржылық мүм­кіндігі толық Ерекең есеп-қисаптың адамы ғой, баяғы «топ-менеджерлік» мі­незіне салып, мізбақпайтын шығар…
Кезінде елдің наразылығымен кеткен министрлердің бірі тағы келді үкіметке. Парламентте «Ана тілімді, яғни мемлекет­тік тілді білуге сауатым жетпейді, миымды ауыстырмаса» деп ашық мәлімдеме жаса­ған экс-министр Ерлан Ыдырысов Сырт­қы істер министрі тізгінін ұстады. Бұған әсіресе, ұлттық мүддені ұстанғандар қатты реніш білдіруде. Ал ұлттық бағыттағы аза­маттар күн сайын көбейіп келе жатқаны ақиқат. Онымен билік санасатын уақыт жетті. Алдағы уақытта бұл ана тілін біл­мей­тін экс-министр туралы бұрын жарық көрген белгілі материал қайта басыла­тындықтан, бұл жолы көпке созбай-ақ қоялық деп отырмыз…
Ал, жаңа премьер-министр, білікті бас­қарушы, экономикамен қоса, әлеуметтік-мәдени саланың да білгірі Серік Ахме­товтың нағыз ұлтжанды екенін ел жақсы біледі… «Сонда қалай болғаны бұл?» – деп ойланамыз…
…Әйткенмен, жаңа Үкіметке байлық­қа аса қызыға қоймайтын, «топ-менеджер­мін» деп, кеудесін соғып-сыр­баздан­бай­тын, біртоға болмысты, қарапайым, қазақ құлықты азамат та келді. Ол – Қы­рымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орын­басары.
Кезінде комсомолдың мықты мекте-бінен өтіп, Білім мен ғылым уәзірі , вице-премьер болып үлгерген Қырекеңді, әсі­ресе, өзі әкімдік еткен батысқазақстан- дықтар қазақылығы үшін өте жақсы көрді. Орыстанып кеткен Орал қаласында қазақ мәдениетінің «иісін» шығарған, арнайы театр салып, жергілікті зиялы қауымның мәртебе-мерейін асқақтатқан Қырым­бектің әкесі Елеу өз заманының әрі зия­лысы, әрі ел басқарған елеулісі болған­дықтан, ұяда көргені мол азамат әрқашан халықтың қошеметіне бөленген тұлға бо­латын.
Өкінішке қарай, 2011 жылдың желтоқ­санында Маңғыстау облысының Жа­ңа­өзен қаласындағы қазақтың қасіретіне айналған оқиғадан соң, Қырымбек Елеу­ұлы өзінің қызметінде қалуға моральдық құқы жоқ деп есептеген сыңайлы. Әйт­песе, Ресей Федерациясындағы Қазақ­стан­ның елшісі лауазымында екі елдің, екі ұлттың, екі мемлекеттің бір-біріне шы­найы жақындасуына, әсіресе, шекаралас аймақ тардағы облыстардың сауда-саттық пен мәдени-әдеби қатынастарына жаңа серпін берген ұлтжанды азаматтың бір облыстағы әлеуметтік ахуалды бақылауға білім-білігі мен ерік-жігері жетпеуі мүмкін емес еді…
Сөз жоқ, Қырымбек Көшербаевтың Маңғыстау облысының әкімі құзыретін­де Жаңаөзен мұнайшыларының ахуалын мемлекет басшысына баяндау үшін Аста­на­ға ат басын тіреп, апталап жатса да, Президентке кіре алмай қайтқандығын кез келген көзі ашық, көкірегі ояу адам сезген болатын.
Ұзынқұлақтың айтуынша: «Қырым-бекті өзінінің орнына отыруға әбден лайықты адамның бірі деп есептеген сол кезеңдегі Президент Әкімшілігінің жетек­шісі Елбасына Көшербаевты әдейі жо­лықтырмай қойған. Кейінірек осы мәсе­ле­нің анық-қанығын анықтаған Нұртай Әбіқаев Қырымбектің мұнайшылардың мұң-зарын дер кезінде Елбасына жеткізе алмағандығын нақты себебін мемлекет басшысына мәлім еткен көрінеді…».
…Нақақ бейнет шегіп, біраз уақыт шеттеп қалған Қырымбек Көшербаев, алдымен, Президенттің аймақтар жө-нінде кеңесші қызметіне тағайындалған­да, әділеттің ақ туы желбірегендей же­ңіл­денген сезімде болдық.
Сосын, мінеки, еліміздің аймақтары-ның дамуы, экономиканы шұғыл бас-қару, агроөнеркәсіп кешені, жер мен су мәселелері, табиғатты қорғау, табиғи байлықтарды пайдалану, құрылыстың, тұрғын-үй шаруашылығының, көлік ин­фрақұрылымдарының және логистиканың дамуы секілді аса күрделі мәселелерді қадағалау мен бақылау сеніп тапсырылған Қырымбек Көшербаев мүлдем тың са­лаларға, адуынды құлшыныспен кірісіп кетті…
ӘДІЛДІКТІҢ ТУ ТІККЕНІНЕ, ҚИЯ­НАТТЫҢ КЕМІГЕНІНЕ ЫНТА-ШЫН-ТАМЫЗБЕН ҚУАНА АЛМАСАҚ, НЕ­СІ­НЕ ҚАЛАМ ҰСТАП, ҚЫЗЫЛ­КЕ­ҢІР­ДЕК БОЛЫП ЖҮРМІЗ?!.
КЕЙДЕ ӨЗІМ ДЕ ҚАЙРАН ҚАЛА­МЫН: ҚАЛАМ ҰСТАҒАН, ҚАЙРАН БАУЫР­ЛАРЫМ-АЙ, НЕ ҮКІМЕТ ҚЫЗ­МЕТКЕРІ ЕМЕСПІЗ, НЕ БИЗНЕСМЕН ЕМЕСПІЗ, «САНДА БАР – САНАТТА ЖОҚ» БІЗДЕР – ЖАЗУШЫЛАР МЕН ЖОРНАЛШЫЛАР – ЕШҚАНДАЙ ҮКІМЕТІҢ ҮКІ ТАҚПАСА ДА, ҮМІТІ­МІЗДІ ҮРЛЕУДЕН ТАНБАЙМЫЗ-АУ… РАСЫНДА, «ЕЛІМ-ЖҰРТЫМ!» ДЕ­МЕГЕН ҚАЛАМГЕРДІҢ ҚОЙШЫДАН ҚАЙ ЖЕРІ АРТЫҚ?!
Құлтас ДОСТАН

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз