«ОЯН, ҚАЗАҚ!» ДЕГЕНДІ ЖАҢҒЫРТСАҚ ЖАРАР ЕДІ

0
1084

  Көрнекті саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев қаскөйлер қолынан қапыда қаза таппағанда, бүгінде Ер­дің жасы елуге толар еді. Ел ағасы болып, ел алдында жүрер еді. Біз бүгін осы орайда әрдайым ақиқатын айтып, ой қозғап жүретін жазушы Ғаббас Қабышұлының «Оян, қазақ!» дегенді жаң­ғыртсақ жарар еді» атты Алтекең туралы маңызды мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Аяулы Алтынбекті студенттік “Өр­кен” (“Горизонт”) гәзетінің бас редак­торы кезінен білген едім. “Ауылына қа­рап азаматын таны” дегендей, га­зет­те жарияланып жатқан материалдарды оқығаннан-ақ әділетті Азамат екеніңе шүбәланған жоқпын. Батылдығына тәнті бола ұзақ ғұмыр тілеп, жастары­мыздың өмір жолын, міндет-парызын жазуда үлгі-өнеге көрсете түсіңдер деп хат жаздым. Редакторлықтан кейінгі қызметтерінің бәрінде де абыройлы болғанын көрдім.
Екеуіміз кездескен уақыттардағы әңгімеміз әдебиеттен басталып, сая­сатпен аяқталатын. Көбінде он-он бес минөттен ұзақ сөйлесе алмайтынбыз, мен уақытқа «бай» болсам да, Ал­тын­бек «кедей» еді. Армансыз әңгімелесуі­міздің екі сағатқа созылған алғашқысы 2000-жылғы қаңтардың 5-і күні Ал­матыда өтті. Одан бір тәулік бұрын Астанадан телефон шалып, сәлемдесіп: «Ғаб-аға, ертең Алматыда боламын, дәл осы мезгілде, сағат он бірде, министр­ліктің сондағы кеңсесінде кездессек қайтеді?» деді. «Іздеп баруға жолым ұзақ, қолым қысқа болып жүргенімде өзіңнің келгенің жақсы болды-ау!» деп әзілдедім. Ол ақырын ғана күліп: «Ке­ліңіз, күтемін» деді.
Иә, біз екі сағат әңгімелестік. Қай тақырыпты қозғап, қандай ой түйге­ні­міз кейінде «Жас алаш» гәзетінде жа­рия­ланды, көзі қарақты қазақ оқыған болар, «ол жоқ қой, кім біліп жатырға» ұрынып оны «толықтырмайын». Қыс­қа­сы: Алтынбектің сондағы тұжы­рым-пікірлері бертінгі сөздерінде, сұхбат­тарында, мақалаларында атап-атап айтылды. Бірақ, амал не, қара мыл­тық­ты қарақшылардың кесірінен жалға­сын таба алмай кеткені өте өкі­нішті!..
Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әбіләзев бастап шыққан «Қазақ­стан­ның демократиялық таңдауы» қозға­лы­сының мақсат-жоспарымен таныс­қан сәтімде сонау жолғы сәтті сұх­ба­ты­мыз жадымда тағы жаңғырып: «Ал­тынбек ол қозғалыстың боларын білген екен, сұқкөздерге сездірмей қолдап жүрген екен!» деп түйдім.
Алтынбек қоштасарда маған жы­мия қарап:
– Ғаб-аға, осыным орынды-ау де­ген ойларыңызды ашық та анық айтып, жазып жүрсіз, құптаймын, қолдаймын. Енді өз ортаңыздан қол ұстасып шығар пікірлес іздей жүрсеңіз, тапқаныңызды көбейте алсаңыз жарар еді. Әсіресе жас ақын-жазушылардың әділеттілікті іздеген, жақтаған, тіпті батыл талап еткен үні керек. Жастар оянбайынша, жағдай оңалмайды. Ішкі де, сыртқы да жағдайымыз мәз емесін жайып салдым ғой. Жастардың оянуы қажет-ақ! – деді. Жас демократтар қозғалысының керегесін керу қолға алынғанын сонда аңғартқан екен-ау!
Ашық әңгімеде бопсалау болмайды. Мен:
– Бала-шағасынан бұрын бастық­тары­ның тілеуін тілеп үйренген зиялы көп екенін өзің де білесің. Жұртты ояту­ға тиіс олардың өзін ояту Қожекең­ше айды аспанға шығарудай оңай бол­мас, – дедім. Ол салқындау жымиды,– немкеттілік дертіне шалдыққанымызға өзінің де көзі жете бастағандықтан шығар.
Алтынбек министрлікке екінші рет барып, одан оппозицияға екінші ре­т оралғанда бірде:
– Сенің сонда жүре тұрғаның жөн болар ма еді, жақыннан қимылдап, іш­тен шалғаның оппозицияға пайдалырақ еді, – дедім. Ол басын сәл шайқап:
– Менің қолымнан келмейтін ша­руа көбейіп кетті. Түрі жаман… «Көп тү­кірсе – көл» деп, көпті қозғалтпай, оятпай болмайды. «Оян, қазақ!» деген Міржақып ағамыздың дауысын жаң­ғыртсақ жарар еді. Зиялы қауым осы­ны ойласа, қолға алса…
Е, заман!.. Зиялы қауым Алтынбек­тің үмітін ақтай алмадық. Тым болмаса, Аяулы Азаматтың қазасына көп болып күйіне білмедік. Дауыс қосып: «Бұл не сұмдық?!» демедік…
Егер Алтынбек биліктің бір тұтқа­сын ұстаған қалпында болса, «Жаңа­өзен­дегі», «Арқанкергендегі»… жауыз­дықтар да болмас еді, деп ойлаймын кей­де. Кім біледі. «Түрі жаманды» тек­ке айтпаған да шығар.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.
(07. 09. 2012 ж.)

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз