Таяуда «Ақ жол» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев партияның орталық кеңсесінде азаматтарды қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген жаңа бастаушы кәсіпкер Мәдібай Жеңісхан шағын бизнесін өрге домалату үшін орын табуға жәрдемдесуді сұрады. Ал 4 немересін тәрбиелеп отырған Астана қаласының тұрғыны, зейнеткер Зейнеп Шакирзанова мемлекеттік органдар тарапынан әділетсіздікке кезігіп, мүмкіндігі шектеулі немерелеріне жәрдемақы ала алмай отырғандығын жеткізді.
Сондай-ақ, үлескер Майра Балдыбаева депутаттан пәтерінің құжаттарын алуға және құрылысшы компаниямен арада туындаған дауды шешуге жәрдемдесуді өтінді. Кәсіпкер Айгүл Ахметқалиева Ақмола облысының шалғай жатқан ауылында мешіт пен монша салу үшін көмек сұрады. Ал 400-ден астам үлескердің атынан сөз сөйлеп, Атбасар ауданынан келген Ардақ Қасенов шаруалардың жерлерін несие алу үшін банкке салып жіберген жергілікті астық компаниясымен арадағы дау-дамай туралы шағым түсірді.
Азат Перуашев барлық өтініштер мен мәселелер бойынша орынбасарлары мен «Ақ жол» партиясының қызметкерлеріне тиісті тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, Зейнеп Шакирзанованың арызын қарау нәтижесінде оның кішкентай мүмкіндігі шектеулі немерелерінің шынымен де мүшкіл жағдайы анықталды. Мемлекеттік органдар оларды қылмыскерлерден қорғамай, жетімдерді өздерінің баспаналарынан айырған. Қазіргі кезде «Ақ жол» партиясымен бұл балаларға материалдық және заң түріндегі көмек көрсету үшін шаралар қабылданып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, «Ақ жол» партиясының орталық кеңсесінде партияның парламенттік фракциясы депутаттарының Қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылған болатын. Азаматтарды қабылдау әр аптаның жұма күні сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жүргізіледі. Мекен-жайы: Сарайшық көшесі, 11, кеңсе 5. Байланыс телефондары: 74-69-32, 51-70-01.