ҰЛЫ МҮДДЕ НЕ БОЛМАҚ?

  ...Боданнан босай сала, қып-қызыл сау­даға бас қойдық: зауыттар мен фабри­каларды, балабақшалар мен дүкендерді, алтын мен күмісті, мұнай мен уранды, мыс пен мырышты сутегін бердік, тіпті, гектарлаған туған жердің топырағына дейін саудаға салдық... Сөйтсек, «судың да сұрауы боларын» ұмы­тыппыз. Лезде саудалағанымыз таң­дайға татымай, отқа салған мұздай еріп кетті... Өркениетке өңмеңдеп, гендер-тендер­мен алысып жүргенімізде, сыбайласқан жемқорлықтың құрығына түсіп қалдық... Ана тілімізге шыққан сүйелдей орыс­тың сөзінен құтыла алмай жатқанда, мұ­рынынан мыңқылдаған ағыл­шын жабыса кетті, шаужайымызға... «Еркінбіз!» деп қаншама еліргенімізбен, елдігіміз еленбей, ұлттығымыз ұран бола алмады. Жұртымыз­дың жартысы жыртық-жамау, аш-жа­лаңаш... Ауыздыға сөз бермей, «Қазақстанда 130 ұлттың өкілі бар» деген мақтангер­шілігіміз қайда?! 2009 жылы жүргізілген ұлттық халық санағы­ның дерегі мынадай: Қазақтар – 63,6 пайыз, Орыстар – 23,3 пайыз, Өзбектер – 2,9пайыз, Украиндықтар – 2,0 пайыз, Ұйғырлар – 1,4 пайыз, Татарлар – 1,2 пайыз, Немістер – 1,1 пайыз, Басқа этностардың жиынтығы – 4,5 пайыз... ...Қазақ болмысынан кеңжүрек, кең­пейіл. Жақсыны жатсына қоймайды. Әйткенмен, ойдан қашқан, қырдан асқан, Тыңға келген-Тыңшы боп енген, «қырық рулы» елдің синтезінен саф алтын жасау­ға ұмтылу – құр әурешілік. Атам қазақ: «Темірдің бәрі алтын емес» дейді... ...Халқымыз өз болмысы мен рухын анықтап алмай, тілі мен дінін қорғамай, Арқан­кергендер де азаймас, «терроршы­лар» да түгесіле қоймас... Өзін тапқан, рухын таныған ұлтқа бақ-береке де, ырыс-ынтымақ та күн нұрын­дай құйылады. Меніңше, кемел келе­шектің сенімді кілті қазақ ұлтының құл­пырып-бусануында. Ең басты мақсат, ең маңызды мүдде – туған ұлтымыздың күрт көбейіп, қаулап өсуі болуға тиіс. Мемлекеттің барлық ішкі-сыртқы сая­саты осынау ұлы мақсат-мүдделерге қыз­мет еткенде ғана ұлттың келешегі мен қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілетін болады. Құлтас ДОСТАН