Бұрын бір-бірін атарға оғы болмаған Әлиев пен Әбіләзовтың бүгінде ым-жымы бір...

  Адам баласы табиғатында жалқыдан жалпыға жол табады. Тек өз анаңды терең тану, сүю арқылы ғана өзге аналардың сара болмысын, қасиетін жан-жақты ұғынуға, түйсінуге мүмкіндік аласың. Өзіңді туған ұлттың тіліне, салт-санасына, жан байлығына тамыр жіберу арқылы ғана басқа халықтардың тіліне, рухани өркеніне, ақыл-сана жетістігіне өзгеше құрметпен, ілтипат білдіріп қарайсың. Өз ана тіліңді ұмытқан сәттен бастап баба рухымен байланысың толық кесіледі. XIII-ғасырда бет қаратпас алапат жаудан алты ай қорғанған қаһарман қала Отырардың қақпасын Шыңғыс хан әскерлеріне ашып берген Қарашоқы атты сатқынның әкесі өз перзентінің жат жерде білім, тәрбие алуына, ең бастысы, отаншылдық, тілдік, салт-саналық рухтан тыс өсуіне жағдай жасағаны үшін, болашақ ұрпаққа сабақ болсын деген ниетпен өзіне өлім жазасын кесуді талап еткен. Ата-бабаңның тілі мен рухын мойындамаудың, менсінбеудің киесі, мұңлы жаңғырығы болмай тұрмайтынын ақсақал тарих сан рет дәлелдеген. Осындай зардаптарға жол ашатыны үшін де космополитизм қазіргі таңда, қазақ қоғамына елеулі қауіп тудырып отыр. «Космополитизм» (грек. коsmopolites)—әр ұлттың төл мәдениетін дамытудан гөрі жаһандану процесі арқылы бүкіләлемдік бірегей мәдениет қалыптастыруды артық көретін шектеулі дүниетанымдық бағыт. «Өмір сүруге қай жер ыңғайлы болса, сол жер менің Отаным»-деген тұжырыммен сипаттауға болады. «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы», 4-том, 2002 ж. 1984 жылы «Біз бұрын ұлтшылдықпен күрескенбіз, енді ұлтсыздықпен күресер жағдайға жеттік» деп көріпкел қаламгер Ғабиден Мұстафинның айтқаны айдай келді. Ақ патшаның сатыраптарынан бастап, үш ғасыр бойы ұлттық сананың езгіге, нәсілдік кемсітушілікке, адамдық намысты аяққа басушылыққа қарсы күрес бір сәт тыным көрген емес. Қазан көтерілісінде Алаш орданы құрып, қатты өршіп, өз дамуында біраз табыстарға жетті. Жаппай қырып-жою кезеңінде әбден қансыраған «тіл майданы» екінші дүниежүзілік соғыс тұсында қайтадан жанданды. 1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы «Үкімет қазаққа қазақша мектеп салып бермейді, тіпті тілемейді. Сондықтан мектептерімізді тәртіпке қою, қазақша оқуды халыққа тарату өз міндетіміз»-деген. Одан кейінгі жылдары әйгілі Бауыржан Момышұлының Қазақстанның Орталық Комитетіндегілерге «Сатқындық жасап отырсыңдар» деп хат жазатыны да осы тұс еді. Ал қазір ше? Үкімет те өзгерді, заман да өзгерді. Өзгермеген өзіміз ғана. Заңда шығарып қойдық, ал оны орындауға келгенде, бәз-баяғыдай «ісімізден тіліміз жүйрік». Не халық көшеге шығып, көкірек жыртып шулағанша, не бастық төбемізді тесердей жұдырығын түйіп тоқпақтағанша, мыңқ етпейміз. Неге? Істеу түгелі ойлануға ерінеміз. Халқымыздың менталитетінде, тамырында, тегінде жоқ, біреудің ала жібін аттамайтын қазақ, ала жіпті аттамақ түгіл, ақ жіпті де аттап кетті, бұл идеологияның сорақысы сол, жұртты соған сендірді. Осылай сатқын ұрпақ пайда болды. Павлик Морозов, Болатбектер қаптап кетті, әкесін, анасын, бауырын ұстап беретін және оны еш ар-ұят санамайтұғын. Одақтың экономикасының қара қазанын қайнатқан кемелденген социализм заманында мұндай әлеуметтік теңсіздік қазақ топырағында елден ала бөтен кең орын алғаны ешкімге құпия-сыр емес. Содан барып, Отанын сатып шетел қашқандардың көшін бастап берген қызмет бабын асыра пайдалану, пара алу, бопсалаумен айыпталған Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин мырза болатын. Өйткені біз 20 жылдан бері қазақ тілін «мемлекеттік тіл» деп қоқитып қойдық та уақыт озған сайын ол мәртебе келемежге ме, әлде таза мазаққа қойғандай көріне бастады. Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бұрынғы бастығы Ерден Кенжебек мемлекеттік тілді дамытуға бөлінген қомақты қаржыға қол салып із-түссіз жоғалған, көкке ұшты ма, жер тарты ма, белгісіз. Ел иесі—қазақ халқының ең басты мүддесін Конституцияға, Тіл туралы заңға сәйкес қорғаған қоғамдық бірлестік Алматының бұрынғы әкімі В. Храпуновтың бұйрығымен баспанасыз қаңғып жүрді, оның есесіне Кіші Ассамблея аталатын өзге ұлт өкілдерінің бас штабы сол әкімшілік ғимаратында мамыржай өмір кешті. Мәдениет орталықтар «ұлттық тағамды дәріптейміз», «ұлттық өнерімізді дамытамыз», «жексенбілік тіл үйрету сабағын өткіземіз», секілді уәждермен мейрамхана, дәмхана, сауда орындарын емін-еркін ашып жатты. Осылай орыс орталығына В. Храпунов күйеубаланың жасаған жомарттығы арға да, ақылға да томпақ еді. Амал нешік, Елбасы «ел ішіндегі бірлікке алдымен қазақ халқы жауапты» деген бір ауыз сөзінен аспау үшін іштей тындық. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» демекші, білгенінің бәрін істеген В. Храпунов мырза ақыр соңында сол Алматының беделді жылжымайтын орындардың бәрін сатып, «Маңғыт, аузыңа саңғыт» деп Швейцариядан бір-ақ шықты. Қашқын әкімнің 28 жастағы ұлы Ілияс Храпунов женевалық журналистер Марк Бреттон мен Даян Николичке берген сұхбатында «Менің жағажайым» жобасына 150 миллион франк жұмсап 42 мың шаршы метр саябақ, бассейн мен жағажайды сатып алыпты. 1984 жылы туылған Ілиястың әкесі Виктор Храпунов кезінде талай мансапқа қол жеткізген саясаткер, анасы қазақтың мәңгүрт қызы Лейла Храпунова қысқа мерзімде министр болғанын тәптіштеп жеткізіпті. Француз тілінде шығатын женевалық «Tribune de Geneve» газетінің мәліметінше, миллионер Храпунов бір ғана «Geneve-Plage» кешеніне 147 миллион доллар құюға дайын екенін және көл жағалауында құны 32 миллион долларға жететін үй сатып алғанын хабарлапты. Жас миллионер Ілияс Храпунов отбасынан алған 10 миллион доллардың арқасында «Swiss Development Group Capital» холдингісінің негізін салған. Жылжымайтын мүлік саласындағы бұл холдингтің құрамында бес компания бар. Сондай-ақ әлгі тілшілер мәліметінше, Ілияс Храпунов тағы бір компанияның акционері. Қысқасы, шетелдіктерді жарылқап жүрген Храпуновтың активтері бастан асады. Оның мұншама байлыққа қалай кенелгенін болжап білу үшін көріпкел болудың қажеті жоқ. Храпуновтың байлығы елден емін-еркін кетуге де, ұлының мол байлықты оңды-солды шашуына да жарады, шіркін-ай дегің келеді. Қазақтың байлығын молынан қарпып, шетел асқан сабазың, бұрын да, қазір де мұртын балта шапқан жоқ. Швейцарияның ең бай адамдарының қатарында шалқып өмір сүріп жүр. К+телеарнасынан берген сұхбаттарын естісең Елбасынан бастап бүкіл Қазақстанды жерден алып, жерге салады, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген осы болса керек.«Су ішкен құдығыңа түкірме» деген қазақтың мақалын орыстың баласы Виктор Храпунов қайдан білсін.   Храпуновтың туысқаны болып келетін Мұхтар Әбіләзовтың  Рахат Әлиевпен бүгінде ым-жымы бірге ұқсайды. Алдын бірін-бірі атарға оғы болмай жүрген тіпті, «Твиттер» микроблогы арқылы былай деп жазады «Соңғы жылдары Мұхтар Әбіләзовпен қарым-қатынасымыз жақсы. Біз өткенді ұмыта алдық, енді болашағымызды бірге құрамыз». Рахат Әлиев қандай болашақ туралы сөз етіп отыр? Қанды қол қарақшының болашағы бар ма? Солардың қатарында Австрия еліне қашқан «Нұрбанк» топменеджерлерін ұрлау, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенумен айналысқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев бар екен. Біріккен Араб Әмірліктеріне жасырынған Статистика жөніндегі агенттіктің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаева қызмет бабын асыра пайдаланған, алаяқтық жасап мемлекеттік қазынадан қомақты қаржы жымқырған. Кеткен жері белгісіз алаяқ Қарағанды қаласында ай мен күннің аманында құлап қалған «Бесоба» тұрғын үй кешенін салған «Сервис ПромСнаб» құрылыс компаниясының бұрынғы директоры Андрей Малянов еді. Осылай Отанын сатқан опасыздардың тізімін тізе берсек, екі жүз адамнан асып кетті, құдайдан қорықпағандар, құдайдан басқаның бәрінен қорқатынға ұқсайды. Жылқы екеш, жылқы да өз үйірінде бір бүлік шығарған жылқыны енді қайтып үйіріне қоспай, тістеп өлтіретінін ауылдағы жылқы бағатын Ерғали атам айтқанды. Ал біз ақылды адамбыз ғой. Сондықтан қатал заң шығарып жазалау қажет, әйтпесе кім көрінген өз ойына келгенін істеп жүре бермек. Кеңес одағында арзымайтын «Жигули» көлігін сатып алсаң, ақшаны қайдан алдың деп, жендеттер КГБ-ның қызыл құжатын көрсетіп, үйіңе жетіп келетұғын. Қазір Американың «Хаммер» көлігімен жүрсең де, ешкім ештеңе демейді, қайта таңырқап, қызығып қарайды. Қазақстанның қай қаласына барсаңыз, қорғаны биік, қақпасы қалың екі-үш қабатты коттедждерді көресің. Қолы жеткендер кіріп-шыққанды бақылайтын камера орнатып тастаған. Тағы біреулері қасқитып қарауыл мен үй тазалаушы ұстап отыр. Кімнен қорғанады, кімнен қорқады, ол жағы бізге беймәлім. Қоғамның екінші бір бөлігі -  кім көрінгеннің үйін жалдап, әр босағада ит ғұмыр кешкендер қаншама. Олар өлгеннен кейін зәулім мазар саламыз. Тірісінде бір тиын бермейміз. Өлікке алтыннан мазар салсаң да, еш пайдасы жоқ. Ол қабір азабынан қорған бола алмайды. Әділетсіз қоғамның болашағы жарқын болады деп ешкімде айта алмас.                                                                 

 Жұмамұрат Шәмші                                    

                                     тарих ғылымдарының кандидаты

www.qazaquni.kz