Амангелді АЙТАЛЫ. ҰЛТШЫЛДЫҚ пен ҰЛТСЫЗДЫҚ

                      Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының  ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде «Этносаралық келісімді нығайту ұдайы күш-жігер жұмсауды қажет етеді» деп, ұлтаралық қатынастардың өзінен-өзі реттелмейтіндігіне, олардың астарында сан алуан әлеуметтік, саяси, психологиялық қайшылықтар барлығына назар аударды. Жаһандану заманында ұлттар мен ұлыстар, бір жағынан, топтасып, өзара байланысып, біртұтастыққа икемделсе, екінші жағынан, бұл үрдістің ұлттар (бұл мақалада ұлт ұғымын біз этникалық мәнінде ғана қолданамыз) арасында күрделі қайшылықтар тудырып, ұлттық мемлекеттер мен олардың мәдениетінің тағдыры алаңдатып отыр. Оның көріністері ұлтшылдық деп ұлтсыздық қарама-қарсылығының шиеленісуінен де аңғарылады.  Бірақ, әр аймақта, әр мемлекетте ұлтаралық байланыстар, оның адамдар санасындағы бейнесі, қабылдауы бірдей емес. Мақалада Қазақстанға байланысты ұлтшылдық, оның түрлері мен ұлтсыздық көріністерінің кейбір тұстары туралы ғана сөз қозғалады.

Ұлтшылдық у ма, бал ма?                                                                                           Ұлтшылдық - ұлтты тәуелділіктен, кіріптарлықтан азат ету жолы

  Ұлттық сана мен ұлттық болмыс әр халықта өзін басқалармен салыстыру барысында қалыптасып, өзгеріп, жағдайларға  икемделеді. «Біз» бен «Оларды» саралап, өз тілімізді, мәдениетімізді, дәстүрімізді ажыратып, кейде тіпті таласып та жатамыз. Дегенмен әр халықтың тарихына байланысты белгілі бір ұлттармен ғана қарым-қатынасқа түскендіктен, солар туралы жағымды, жағымсыз пікірлер, стереотиптер санаға орнығады. Ол байланыс әртүрлі деңгейде көрінеді. Қазақ халқының ұлттық санасында бірінші деңгейде Қазақстанда тұратын диаспоралардың бейнесі, олардың ішінде орыс диаспорасының тарихи жағдайларға байланысты келбеті қайшылықты, күрделі қарама-қарсылықтарға  толы. Патша үкіметінің отарлау саясаты, қазаққа қиянаты кезінде «Орыстан досың болса, айбалтаң жаныңды болсын» деп сақтандыратын сөз де тудырды. Екінші деңгейдегі біздің санамыздағы образ Ресей халықтары мен бұрынғы Одақтас Республикалар халықтары. Сонымен бірге, немістер, француздар, қытайлықтар, американдықтар, басқа да ұлттар,  соңғы кезде бізге жақын араласатын іскер серіктерімізді біз танып-біліп жатырмыз. Үшінші деңгейде бізбен тығыз қарым-қатынас, әрекеттестікте болмаған халықтар, олар туралы әдебиеттен, ақпараттық құралдардан көбірек білеміз. Ұлтшылдық пен ұлтсыздық психологиясы өз ұлтын және басқа да жақын қарым-қатынастағы ұлттардың бір-бірін қабылдауына байланысты туады. Ұлт саясатын айқындау барысында бірқатар мемлекеттер ұлт ұғымын, ел халқының қалай түсінетініне мән береді. Ресейдің осы мәселеге арналған зерттеулеріне жүгінсек, сауалға жауап бергендердің 48,6 % ұлт қасиетті, адамға табиғаттан , Алладан берілген деп қастерлейді; 48,2 % ұлты арқылы адам Отанын,  ата-бабасын, тарихын танып, елін сақтайды депті; 41,2 % әрбір дені дұрыс адам ұлтымен мақтануға тиіс деген . 16,4 % ұлт адамдарды қауымдастырып , ортақ мақсатқа қол жеткізеді десе, 11,8 % болашақты айтпағанда, ұлт бүгін де көп жағдайда ескірген ұғым депті. 9,7 % адамдар тегіне қарамай, ұлтын өзі таңдауға хұқылы болсын деген. Ұлттар мидай араласып, орыс ұлтына сіңісіп бара жатырған ресейлік қоғамда бұл жауап таңқаларлықтай емес. Сауалға жауап бергендердің 6,3% ұлт ұғымы адамдарды жікке бөліп, бір-біріне қарсы қояды деп жауап берген. Ең бір назар аударатын жағдай, 50-жастан асқандар арасында ұлтты қасиетті деп санайтындар көбейе түседі. Бұл мәселеге немістердің де пікірі көңіл аударарлық. «Шпигель» журналының зерттеуі бойынша, «Сіз үшін ұлт деген нені білдіреді?" деген сауалға 14 пен 29 арасындағы жастардың 31 % «ештеңені де білдірмейді» десе, 21% «ескірген ұғым» депті. «Немістердің басқа да ұлттардан артықшылықтары бар ма?-» деген сауалға 52% «жоқ» десе, 45% кейбір халықтардан артықшылықтары бар депті, ал 2 % тіпті фашистік ұстанымда болған. «Егер артықшылықтар болатын болса, қай халықтардан немістер артық? деген сауалға, 87% поляктардан, 74% -түріктерден, 63%-орыстардан, 20%- француздардан, 11%-американдықтардан деген. Осылай біреулер үшін ұлт қасиетті, киелі болса, екіншілер үшін ұлттың тарихы, өткен асулары - құндылық, үшіншілер үшін ұлт патриотизмнің қайнар бұлағы, ұлттық ар-намыс еңбек етуге, күреске қуат,  қажыр-қайрат береді. Бұл әр халыққа тән ұлттық патриотизм. Сонымен бірге, ұлтқа бей-жай, болмаса жағымсыз пікірлер де баршылық. Әр адамға ұлттық құндылықтары, үйренген ортасы соншалықты қымбат, қадірлі, тіпті өз ұлтынан артық құнды ештеңе болуы мүмкін емес сияқты. Сондықтан басқа ұлттардың құндылығы алыс, бұлдыр, көзге көрінерліктей бағалы емес деп қабылдауы да мүмкін. Шынында да адамдарға өз халқының өзгеде жоқ қасиеттерін жинап-теріп, оның артықшылығын психологиялық, идеологиялық тұрғыдан сендіру қиын емес. Осылай өз ұлтына өзге де жоқ қасиеттер таңылады. Абай айтқандай «ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп...» ойлау қазақтарға да тән. Енді қазақты өзбекпен, ноғаймен, орыспен байыптай келе, Абай олардың бірлігін, өнерде, шаруада да қазақтан зор екендігін айтып, «Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?»-деп сұрайды. Мұндай өзімшіл психологияны этноцентристік психология деп атайды. Бұл індетке терең шалдыққандар өз ұлтын, ортасын басқалардан артық қоятын отарлаушы ұлттар . Себебі астамшылық міндетті түрде бөтен этностарға жағымсыз көзқарас туғызып, өз этносының артықшылығын мойындатуға тырысады. Кейде бұл құбылысты этникалық нарциссизм - өзін өзі суюшілік, менмендік дейді. Көне грек аңызы бойынша, Нарцисс судан өз бейнесін көріп, өзіне өзінің сүйіспеншілігі соншалықты, тіпті көз алмастан қарап, сол күйінде қатып қалып өмірден кеткен. Өлгеннен кейін ол нарцис атты гүлге айналған. Адамның өз халқының мәдениетіне, тарихына көзқарасы әралуан. Әсіресе империялық ұстанымдағы ұлттар астамшылық психологиясымен ерекшеленеді. Ол індетке шалдыққан ұлт өкілдері өздерін ерекше жаратылған,  тіршіліктің ішіндегі ең маңдай алдысы деп есептейді.Осыдан келіп басқалармен қарым-қатынасын оның ортасы, ұлты, нәсілі басқалардан артық деген қағидаға негіздейді. Ұлттық өркөкіректік бара-бара ұлылық дертіне, ұлттық масаттанушылыққа, паңдыққа шалдықтырады. Ондай ұлттың өкілдері өздеріне ерекше құрмет, ерекше хұқ талап етеді, осылай ұлтшылдықтың асқан түрлері шовинизмге, одан фашизмге ұласады, түптің түбінде өзін-өзі құртуға апарады. Өмірде астамшыл ұлтшылдықтың көріністері бір-бірімен байланысып, ықпалдасып жатады. Менменсіген орыс шовинизмі Еуропа ұлтшылдығы алдында  төменшіктеп, бәсеңдеп қалады. Орыстардың «Чем быть азиатом в Европе, лучше быть европейцем в Азии» деуі, Ресейдің азиялықтарды айтқанына көндіру,  мойын ұсындыру, мақсатын айқындайды.  Орыс интеллегенциясы өзін-өзі танудан гөрі, Азияда нағыз еуропашылдар болғысы келді. Бірақ қандай тыраштанғанмен орыс отаршылдары орыстанудан, шоқындырудан, елді мекен, жер-су аттарын орыстандырудан аса алмады, еуропалықтардай ел басқарудың өркениетті үлгісін көрсете алмады. Дегенмен, қазақ зиялылары аз да болса орыс демократтарынан үйренді, орыс білімінен сусындады. Астамшылдық психологиясы басқаларды кемсітумен, олар туралы әртүрлі ғылыми теориялар  таратумен, халықтарды  «ең мықты», «орташа», «төмен» деп жікке бөлумен қатар жүреді. Ол «теориялар» жылдардан жылдарға, ғасырдан ғасырға ұласып, ел ішінде наным-сенімдер қалыптастырады. Осылай астамшылықты негіздейтін «эволюция  басқыштары» немесе «даму сатылары» деген тұжырым өмірге келді. Адамзат даму барысында халықтар әр түрлі деңгейден көрінеді, біреулер ілгерілеп, екінші тоқтап қалса, біреулері өрлеп алға баса береді. Сонымен адамзатқа көз жіберсек, ол эволюцияның әртүрлі кезеңдерінде дамып келеді. Осыдан адамзат эволюциясының басқышы деген тұжырым жасалды. Ол басқыштың жоғарғы төрінде өркениетті деген елдер орын алса, төменгі басқыштарда өркениетті елдерге мәдениеттері ұқсас, үйлесімді мәдениеттер орын алады, ең төменгі басқышта орналасқан «мәдениетсіз», «жабайылар» орналасқан. «Эволюциялық басқыштарда» да орналасудың басты критериі Еуропа мәдениетіне сәйкестілігі, сондықтан да бұл пікір шындықтан аулақ, субьективті психологияға негізделген. Төменгі басқышта орналасқан көшпенділер жоғарғы басқыштарға орналасқан отырықшы халықтарды рухымен, ақыл-айласымен, білімімен, күшімен талай бас идіргені де тарихи ақиқат. Басқалардан өз ұлтын жоғары бағалау, болмаса шовинизмнің көрініс алуы әртүрлі деңгейде этнос өкілдерінің ерекшеліктеріне, әлеуметтік жағдайларына, этносаралық өзара байланыстарды реттейтін мемлекеттің ұлт саясатына байланысты. Дағдарыстар жағдайында қаһарына мінген шовинистік топтар этносқа қарсы зорлық-зомбылық жасап, оны жер бетінен жоюға дейін барады. Шовинизмнің себептері әр түрлі: этносаралық қатынастарда өз мәртебесін жоғары санау, мүмкін болса этностарды бағындыру, сырттан келген мигранттардан сақтану, өз мүддесі үшін басқа ұлттың табиғи байлығына таласу, экономикалық бәсекелестікте қарсыласын әлсірету, тағы басқалар. Ұлтшылдықтың тағы бір көрінісін мәдени консерватизмдеуге болар. Ұлттың төл ерекшеліктерін тек өткен замандағы құндылықтармен, тұрмысымен ғана өлшеп, ол үлгілерді бүгінгі талапқа сай икемдемей, сол қалпында пайдалануға тырысушылық. Оны бүгінгі ұрпақтың қабылдауы не қабылдамауымен есептеспеу де дағдарысқа апарады. Ұлттық астамшылық, шовинизм қай заманда сол ұлтты толықтай өз ықпалына икемдей алмаған. Ұлтаралық қатынастарда толеранттылық, төзімділік, сыйластық та тән. Этностар арасында бәсекелестік, сенімсіздік, жек көру де, ынтымақтастық пен бірлестік іс-қимыл жасау да қатар жүреді, болмаса кезектесіп те жатады. Ал отарланған, бағынышты ұлттардың ұлтшылдығының астарында патриотизм, өзі-өзі сүю, ішкі ашу-ызаны сыртқа шығару, өзін-өзі сақтаудың амалы жатыр. Кейде өзін басқаларға қарсы қойып, өзін-өзі таныту, өз талабының дұрыстығын дәлелдеу үшін бағынышты ұлт өкілдері де астамшылық, ұлттық тәкәпарлыққа, этнопопулизмге ұрынатынын Абай екінші қара сөзінде қазақты сынға алғанын айттық. Бұл "біз де мықтымыз" деген жұбаныш сияқты. Абайдың салыстыру әдісін кейінірек саяси ғылымда компаративтік әдіс деп атады. Этностарды әртүрлі тұрғыдан, мысалы, демографиялық, кәсіби, білім, денсаулық т.б. деңгейлерден даму үрдісін анықтау әлеуметтік ғылымда бүгін кең тараған оларды сабасына түсіретін ғылыми амал. Сонымен, ұлтшылдық әр түрлі. Ол у да, бал да құюға болатын сауыт сияқты. Кез келген ұлтшылдықты қисынды деп, адамгершілік  деп қолдауға тұрады деуге болмайды. Оның бір көріністері шындыққа жуыспаса, екіншілері, ұлттың орынды талаптарының белгісі. Мұндай ұлтшылдық - «халқымыздың жаны мен тірегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді». (М.Шоқай.Таңдамалы.Бірінші жол, 1998, 62 бет) Ұлтшылдық - ұлтты тәуелділіктен, кіріптарлықтан азат ету жолы. Тағы да М.Шоқайша айтсақ: «Ұлтшылдық біздің, соның ішінде менің де, саяси идеяларымыздың соңы емес, басы. Олай болса біздің барлық іс-қимылымыз өз билігіміздің өз қолымызға өтуін қамтамасыз ету тұрғысынан жасалуы керек» (Сонда, 115 бет).

Ұлттық патриотизм және отарлау саясаты

Кеңес Одағында  халықтар достығы, интернационализм идеологиясы екі қарама-қайшы үрдістердің қыспағында болды. Бір жағынан, ұлттық мәдениеттің дамуы, ұлттық театрлар, жоғары оқу орындарының ашылуымен бірге ұлттық интеллегенция қалыптасып, ұлттық сана өсті. Кеңес заманында әр тарапқа шашырап кеткен қазақ жері жинақталып, жаңа әкімшілік шекаралар айқындалды. Қазақтар Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы деген территорияға шоғырланып, сол жердің иесі  болды. Олар өздерін тұтас ұлт (этнос) ретінде сезінді. Сөз жоқ, бұл ұлттық сана сезімді көтеріп, қазақтың беделін өсірді. Осы атамекенде 1991 жылы Тәуелсіз қазақ елі пайда болды. Екінші жағынан, кеңес билігі бір қолымен жаңа ұлт қалыптастыруды қолдаса, екінші қолымен сол ұлтты тұншықтыруға тырысты, бірақ оларды жоя алмады. М.Шоқай айтқандай, «коммунистер «балғасымен жаншып, «орағымен» орап тастап» отырды. Осы екіұшты саясат терең қайшылықтарға әкелді. «Союз нерушимый республик свободных» деген жай      ғана ұран болды. Кеңестік басқару жүйесі орыс билігі деп қабылданды. Жасанды достықтың ар жағында дағдарысқа толы күрделі жүйе жатыр еді. Одақтың іргетасына түскен сызат оны қиратып тынды.  Соңғы кезде кеңес социалистік жүйесінің ыдырауына байланысты ұлтшылдықты «әлемдегі ең құдіретті де қуатты күш»-деп баға беретіндер де бар. Дегенмен ұлтшылдық төңірегінде, оның пайда болу себептері мен мәні туралы ғылыми және саяси айтыстар толастар емес. Ұлтшылдық туралы жағымды не жағымсыз деп ой жүгірту, үзілді-кесілді пікір айтудан гөрі, оны қолдаушылар батыл, әділ істің адамдары ма, әлде қызба қанды даурықпалар ма деген ой келетініні анық. Кеңестік қоғамтану әдебиетінде ұлтшылдық (национализм) тек жағымсыз мағынада, ұлттық менмендік, эгоизм, өз ұлтын басқадан жоғары қоюшылар, басқа ұлттарды өз ұлтының мүддесіне икемді, тіпті күшпен бағындыру, қудалау деген айдар тағылды.  Ұлтшылдық деп өз ұлтын ең жоғары құндылық деп санап, оны басқалардан артықшылығын түсіну, халықтардың тең хұқығын мойындамау, басқаларға шыдамсыз болу, аралас некеге тыйым салу деп біржақты баға беріліп келді. 1985 жылдан бастап, Батыспен байланыстар ұлғайған сайын, орталық билікке қауіп төндірген 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін, оған тіпті «Қазақ ұлтшылдығы» деген баға бергеніне қарамастан  Балтық жағалауы, Грузия, Украинадағы ұлттық қозғалыстар ұлтшылдық төңірегінде терең ой салды. Оған жақсы-жаман деп баға беруден гөрі, оны ғылыми доктрина есебінде зерттей бастады. Енді тарихтың қозғаушы күші таптар дегеннен гөрі, ұлттық қауымдастыққа қарай ойыса бастады. Ұлттық құндылықтар мен мүдделерді тек таптық мүдделермен өлшеудің ақиқатты бұрмалауға соқтыратынына көз жеткізілді. Ұлттың тәуелсіздігінің табиғи қажеттілігі мойындалып,  маңызды саяси принципке айналды. Сөз жоқ, жаңа тарихи ақиқатты тәуелсіздік алған елдердің байырғы халықтары мен метрополия әртүрлі тұрғыдан қабылдады. Тәуелсіздікті қазақтар, грузиндер, басқалар ұлт тарихындағы ұлы бетбұрыс, ұлттық жаңару деп қабылдаса, Кеңес одағының ыдырауын, ұлттық қозғалыстарды, дербес мемлекеттердің өмірге келуін апат келтіретін ұлтшылдық деп бағалағандар аз болмады. Байырғы ұлттардың тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие бола бастаған тұста, мұндай саяси жаңаруға дайын емес ресейліктер, Одақтас республикада тұратын орыс диаспораларының бірқатар өкілдері бұрынғы кеңестік дағдыға салынып, тәуелсіздікті «этнократиялық революция», «этнонационализм»,  деп бағалады, әлі де одан айнығандары аз.  Бүгін ұлтшылдық айдары Ресейдің автономиялық республикаларының ұлттық саясатына да таңылады. Ресейдің империялық саясатына қарсылық бұрынғы социалистік мемлекеттерде де анық байқалады. Ресейдің билігі мен қоғамдық санада ұлтшылдық ұғымын сөздің тек ескі мағынасында, тек зиянды саясат пен идеология деп қабылдау әлі де орын алып келеді. Қазақстандықтардың басым көпшілігі Ресейдің саяси идеологиялық ықпалында қалып отыр. Ұлттық мүддені қолдау, мемлекет құраушы ұлттың талабы, отарлау саясатының ұлттың жанына салған жарақатын жазу, орнын толтыру, әлеуметтік, тарихи әділдікке қол жеткізуді, шынайы ұлттық патриотизмді елге зардап әкелетін идеология мен психология ретінде қабылдау әлі де көрініс алады. Қазақстандағы бірқатар  орыстілді баспасөзде, орыстілді славян, еуропалық диспоралардың арасында қазақ мәселесін «нациократия», «русофобия», басқаларға қарсы бағытталған пиғыл деп ойлайтындар аз емес. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ұлттық патриотизм орыс халқына емес, империялық үстемдікке қарсы сипат алды. Тіпті интернационализм идеологиясын белсенді насихатталған сайын ұлттың тағдыры төңірегінде үрей, қорқыныш, сақтану, алаңдау сияқты психологиялық көріністер белгі бере бастады. Сонымен бірге орыс, басқа да Қазақстанға қоныс аударғандардың ұлттық санасында туған топырағына деген қызығушылық, тарихи Отанын аңсау  сияқты патриоттық сана ұялады. Сол себепті де Кеңес Одағы ыдырамастан бұрын, 70 жылдары орыс, украиндық, тағы басқалар тарихи отандарына орала бастады. 80-ші – 90-ші жылдардың басында 1 млн. 200 мың адам РСФСР, Украина, Беларуссияға оралды.  1991 ж.  қыркүйек айындағы зерттеулерге қарағанда,  орталыққа деген көзқарастың жағымсыздығын Молдавиядағы орыстардың  79%,  Қырғызстандағы  - 54%,  Батыс Украинада 59 %, Қазақстанда үш орыстың бірі сезген. Өкініштісі, империя үстемдігіне қарсылықты  орыс халқының бірқатары орыс ұлтына қарсылық деп қабылдады. Ал тәуелсіздік алған байырғы халықтардың арасында күнделікті сана деңгейінде ұлттық патриотизм жалаң этнопопулизмге ұласып жатқан тұстары да болды.           Одақтас республикалар түгіл, Ресейдің автономиялық республикаларының байырғы халықтары іргесін Ресейден аулақ салуға тырысты. Оның себебі, біріншіден, «үлкен ағаның» салқын құшағы, көзге шұқитын «қамқорлығы», «мен білемін»дейтін өктемдігі халықтардың намысын аяққа басты. Сондай-ақ ұлттың мүддесін, сұраныстарын менменшіл кеңес билігі қанағаттандырмайтынына көздері жетті. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі империяға қарсы шығуға болатынына көз жеткізді. Ұлттық патриотизм бүкіл социализм әлеміне тарады. Империялық астамшылықтың тарихи тамыры тереңде. Ресей ғалымы И.В.Малыгина мынадай қорытынды жасайды: «В полиэтнический российской империи мощное развитие получил «государственный» или «официальный национализм», «национализм, который реализовывался посредством политики «русификации» инородческого населения страны». («Национализм как форма культурной идентичности и его российская специфика. «Общественные науки и современность», 2004, №1 149 бет). Ғалымдардың айтуынша, бұл саясат екі жүз жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді. Н.М.Ядринцев «Сибирь как колония» атты 1892 жылы Санкт-Петербургте шыққан еңбегінде қазақ жерінде болған орыстану саясатының көріністерін баяндайды. Сібір казактары әдейі қазақ, қалмақ ауылдарын аралап, олардың балаларын, қыздарын, әйелдерін тартып алып тұтқында ұстаған. Көптеген орыстар қазақ қыздары мен балаларын, сатып алып жүрген. Кейде әйелдерді, жетімдерді қазақтар орыстарға сыйға берген. (12 бет). Олар православ дінін қабылдап, орыстармен отбасын құрып, бірте-бірте орыстанған. Орыстандырудың бұл жолы 1737ж. 16 қарашадағы патша жарлығымен бекітілген (13 бет). Кейде орыстар қазақ, басқа да халықтарды орыстандыру үшін оларға әдейі үйленген. Автордың айтуынша, төменгі сатыдағы кемшін қазақ, қырғыз, бұряттарды  асылдандыру үшін аралас неке аса тиімді. Сібір, қазақ даласын «орыстың Индиясы» деп қараған патша әйел Екатерина ІІ отарлау саясатының  жұмсақ либералды жолын таңдады, барлық ұлттар мен ұлыстардың келісімін қалады. 1763ж. оның жарлығы бұратана халықтармен байсалды бағыт ұстанып, мейірімді, қысымшылық көрсетпеуді, заң жолымен әділ болуды міндеттеді. Бұл саясат орысемес халықтарды орыстың құшағына тартып орыстандыруды көздеді. Дегенмен орыстандыру дөрекі жолдармен жүзеге аса берді: осы мақсатта миссионерлік мектептер ашылды, оларға кейде қазақ балаларын зорлап тартты. Орыстандыру қазақтарды қорқытудың, олардан пара алудың жолына айналды. (119 бет). Н.М. Ядринцев қазақты шоқындырудың жұмсақ жолын , православ дінін зорлап тақпай, бірте-бірте , діни кітаптарды қазақ тіліне аударуды қолдады (120 бет). Ол   саясат бүгін де жүзеге асуда. Кеңес билігіне қарсы ұлттық патриотизм терең әлеуметтік психологиялық құбылыс екені белгілі. Басты себебінің бірі СОКП ашық жарияламағанмен, ішкі саясаттың негізіне айналған орыстану саясаты екені анық. Орыс мәдениеті, маркстік-лениндік идеологиямен бірге «жаңа» тарихи қауымдастық кеңес халқының тірегіне айналуға тиісті болды. Бұл жасанды үрдісті қолдау, қамшылау басқа этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін ығыстыруға, шеттетуге әкелді. Ұлттық дәстүрлер ұмытылып, орыс-славян дәстүрлері терең санаға сіңіріле бастады. Наурызды ысырып тастап, христиан жаңа жыл мерекесі  мұсылман қазақ, өзбек, басқаларға таңылды. Қазақстанда қыс болмайтындай «орыс қысын» шығарып салып, көктемді қарсы алатын болдық. «Русский характер» жалпыға бірдей мінез-құлыққа айналуға тиісті болды. Бұл жерде бір мәселеге арнайы көңіл аударған жөн. Этносоциология ілімінде аккультурация деген термин жиі қолданылып, оны мәдениет,  дәстүрлер мен наным-сенім алмасуы деп атайды. Сөз жоқ, кеңес елінде шынайы мәдениет алмасу, өзара жағымды ықпалдастықтың болғанын айтуымыз керек.  Бірақ мәдениеттер қарым-қатынастарында бір мәдениеттің үстемдігі оның күш-қуатымен басқаларды бағындыруға, сіңіруге тырысқаны да ақиқат. Осылай мәдениеттер байланысы ассимиляцияға ұласып – басқа этностар өміріне қауіп төндірді. Ұлттың  таза өзегін, арқауын, құндылықтарын, стереотиптерін, дәстүрлі мәдениетін сақтаған халық ұлттың басқа, бөтенге сіңіп кетуіне қарсы тұрады. Бұл бүгін американдануға да, батыстануға, басқа да кері әсерлерге табиғи қарсылық. Бұл ұлттың заңды қарсылығы, оның этникалық өзегін, тілін, сана-сезімін сақтау қабілеттігінен туындайтын қарекет. Бүгін еліміздегі мәдени-мұра бағдарламасының мәні ескілікті, көнені аңсау емес, ұлттың бай рухани мұраның иесін екенін ең алдымен ұлттың өзіне  таныту. Екінші жағынан, бұл ғаламдану заманының тасқынының, сырттай қысымынан қорғану. Сол қорғанудың бір амалы талай ғасырлар үстемдік жасаған империяның індетінен де айырылу. Бұл отарсыздану,оның мақсаты жалпы орыс мәдениетіне, біліміне жек көрушілік, ұлт психологиясын жатырқаушылыққа икемдемеу емес. Орыстандыру саясатына орыс халқы қаншалықты кінәлі? Бұл сауалды орыс ғалымдары да өздеріне қояды. Әрине, кінәлі деп жауап береді. Ғалымдардың айтуынша, кеңес заманында орыстар басқа этнос өкілдерін сыйлау мәдениетінен біраз  айырылып қалды. Өздері өмір сүріп жатырған халықтардың тілін меңгеруге, мәдениетін  сыйлауға, ортаға икемделу қабілетінен айырылды.  Қостілділік жай ғана ұран болып, орыстар орыс тілінің үстемділігін қалыпты жағдай деп қабылдады.  Сөз жоқ, бұл орыстарға жағымды көзқарас тудырмады.  (Социологические исследования», 2000, №4.129-130 беттер). Орыстанудың бір белгісі бірқатар ұлт өкілдерінің  орыс ұлтына ауысуы.  Кейбір деректерде орыстардың саны 12 млн.ға дейін табиғи өсімнен гөрі, басқаларды өзіне сіңіруден өскен.  Себебі ұлттық тегіне қарай қудалау күшейіп, «сенімсіз халықтар» шеттетіле басталды, олар жер аударылды, ана тілінде білім алу мүмкіндігінен айырылды. (Социологические исследования», 1998, №2.49- бет). Әрине, орыс халқы Кеңес саясатының құрбаны да болды. «Бөлшекте де, билей бер» саясаты халықтарды бір-біріне қарсы қойды.  Кеңестік тәрбие негізінен таптық, әлеуметтік құндылықтарға артықшылық беріп, ұлттан, діннен жоғары идеяларға  негізделуге тырысты. Ол саясат орыс ұлтына да, оның мәдениетіне, дініне, санасына зақым тигізді, ұлылық ұйқысына бөледі. Ол ұйқыдан орыс халқы әлі толық арылған жоқ. Ресейден басқа мемлекеттерде де, Ресейдің автономиялық республикаларында да тұратын орыстар әлі де өздері өмір сүріп отырған этникалық ортаның тіліне, мәдениетіне бейімделуі өте күрделі.

Бүгінгі ұлыдержавалық сана

Ұлыдержавалық сана орыс халқының мәдениетіне, психологиясына айналғалы 200 жылдан астам уақытта оның тұрақты менталитетіне айналды. Әрине, орыс ойшылдарының барлығы бұл дертке шалдықпады. Ресейде бұрын да, бүгін де демократиялық деңгейде ойлайтындар болған және бар. Оларға ұлыдержавалық авторитарлық ұстанымдағылар қарсы тұрып келеді. Ұлыдержавалық саясат Ресей тарихында екі рет дағдарысқа ұшырады: 1917-1920 жылдары және 1980 жылдың ортасынан 1990 жылдың ортасына дейін. Оның себептері әртүрлі, бірақ ұлыдержавалыққа тосқауыл қойған ішкі тойтарыс, ұлттық патриотизм болды. 1990 жылы ұлыдержавалық сана орыстардың 20% тән болған. Ал РФ халық депутаттарының 4 % ғана 1990 жылы осы ұстанымды болған. Демократияға беталыс бәсеңдеп, авторитарлық жүйе күшейген сайын, ұлыдержавалық астамшылдық та қанат жая бастайды. Соңғы социологиялық өлшемдер бойынша, «қандай мемлекетте өмір сүргіңіз келеді?» деген сауалға , ресейліктердің  75% 2008 жылы «Әрі басқалар сыйлайтын және әрі сескенетін мемлекетте өмір сүргім» келеді деген. Тек 19 % ғана «шағын, жайлы, ешкімге зияны жоқ мемлекетте өмір сүргім» келеді депті. Ал саяси элитада ұлыдержавалық пиғыл тіпті басым деп көрсетеді ресейлік ғалымдар. («Общественные науки современность», №6, 2011, 13 бет). Орыс жерлестеріміздің бірқатары әлі де Қазақстанға Ресейдің жалғасы деп қарап, елді мекендердің бұрынғы  қазақ атауларын қайтаруға мүлдем қарсы. Бұл отарлау саясатының, астамшыл психологияның  көрінісі. Отарлаушылар, оның ішінде орыстар да , елді мекендер, жер-су аттарын өзгертіп, байырғы халықтың тарихи санасын өз билігіне икемдеуге тырысқан. (П.И.Ковалевский.Русский национализм и национальное воспитание. С.Петербург, 1912ж. 12 бет). Ресей ғалыми М.Н.Руткевич «Крым или Семиречье являются исторической родиной многих поколений подавляющего большинства проживающих там русских» деген тұжырым жасады. Н.Назарбаевтың орыстардың Ресейге қоныс аудару ниеті бәсеңдеді дегеніне «Это не соответсвует действительности» деп, Қазақстанның солтүстігі Ресейдің оңтүстік өңірінен, Сібірден ешқандай айырмашылығы жоқ, өмір сүру салты да бірдей, бұл Ресейге тиісті территория дейді автор. Орыс тілі көп қолданылатын, елді-мекен атаулары орысша басым жерлер ресейлік жер деген ойды алға тартқан. (М.Н.Руткеевич «Теория нации: философские вопросы». «Вопросы философии», 1999ж.№5)  Осылай жер-су аттары үлкен геосаяси мақсаттарға пайдаланып отыр. Бүгін Ресейде ұлыдержавалық сана әртүрлі түрде көрініс алуда. И.В. Малыгина бұл пікірді былай деп түйеді: «Нельзя не признать, что сегодня идеология национализма в России имеет чрезвычайно широкий спектр: от примитивной демонстрации идей шовинизма до более тонких форм, связанных с интерпретацией истории  народа и его духовности. Особую озабоченность в обществе вызывает активизация русского фашизма». («Общественные  науки и «современность», 2004, №1.стр.151 бет.) Бірақ ұлтшылдықтың тұрпайы, дөрекі көріністері орыс қоғамына түгелдей тән деуден аулақпыз. Қатардағы азаматтар мен  бірқатар интеллегенция өкілдерінің  Кедендік одақ, Бірыңғай экономикалық ынтымақтастықты  қабылдауы назар аудартады. Нобель сыйлығының лауреаты Жорес Алферов  «разделив страну на пятнадцать вроде бы независимых государств, большинство из них можно назвать так лишь потому, что от них ничего не зависит» деп, кеңес Одағының ыдырауын сынап, астамшылық танытады. Ғалым ұлттық патриотизмнің деңгейін тек Ресей құрамында болуымен өлшейді. («Литературная газета»,19-25 қазан, 2011жыл). Осыдан 20 жыл бұрын Ресейді менсінбегендер, енді сүйретіліп, жорғалап Ресейдің қол астына, Кеден одағына кіре бастады деп түйеді көптеген ресейліктер. Збигнев Бжезинскийдің айтуынша, Еуразиялық Одақ туралы Н.Назарбаевтың тұжырымы дәстүрлі Ресейдің еуразиялық ой-пайымдарынан, орыс халқының үстемдігіне  бас иіуден, мистикалық, жұмбақ, қиялдан аулақ,  нақты мақсатқа негізделген прагматикалық жоба. (Великая шахматная  доска.М.1999.135 бет). Бірақ ол Еуразиялық Одақты Еуродақпен салыстыру  қисынсыз деп есептейді. Еуроодақтың  мүшелері бұрын-соңды бір-біріне үстемдік жасамаған, отарлаушы және отарланған елдер болмаған, ешқандай мемлекет бұрынғы империяның мұрагері емес. Еуроодақ елдерінің артықшылығы да бар, кенжелеп қалған елдер дамыған елдерден дотация алып, интеграциядан экономикалық та, саяси да пайда табады. Автор демократиялық интеграцияға Ресейдің әлі де дайын емес деп есептейді. (Сонда, 135-136 беттер). З.Бжезинскийдің пайымдауынша, Ресей кеңестік империялық мұрадан әлі толық арылған жоқ. Билік әлі де коммунистердің қапсыра қысқан құшағында : «Продолжает существовать Мавзолей Ленина.Это равнозначно тому, что постнацистской Германии руководили бы бывшие нацистские «гауляйтеры» среднего звена, которые провозглашали бы демократические лозунги, а при этом мавзолей Гитлера продолжал стоять в центре Берлина». (127 бет). Қазақстан дипломаты В.Ғиззатов Кедендік одақты қолдай отырып, ресейліктердің шешімдер қабылдағанда өркөкіректік танытатынын, өз мүдделерін басқаларға қайтсе де мойындатқысы келетініне назар аударады. («Қазақ әдебиеті», 6.04.2012). Расында да Ресейдің  57%,  Беларусь пен Казахстанның әрқайсысының 21,5  %-тен ғана дауыстары бар. Әр мемлекет бір дауысқа ие болған жөн деген пікірді көпшілік қолдайды. Еуро одаққа 27 мемлекет мүше, бірақ бір мемлекет қарсы болса, шешім қабылданбайды. Бүгін Еуроодақ үлкен дағдарыста, бірақ оның құрылымы демократиялық қағидаларға негізделгенін айтуымыз керек.

                      Қазақ ұлтсыздығы                                                                                                Орыс тілін қолдау – қазақ тілін шеттету. Орыс тілін осы қалпында сақтау деген - қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесіне жете алмайды дегенмен бірдей.

  Социологиялық зерттеулер бойынша, ұлтқа деген ұстаным әртүрлі бағытта айқындалады. Бірінші бағыт-бағдарды психологиялық, мәдени, тілдік ортамен байланыс жасай  отырып, ұлттық құндылықтарға артықшылық беретіндерді айтуға болады. Екінші ұстанымдағылар өз бойына екі, не одан да көп мәдениетті сіңіруге тырысатындар. Үшіншілербір жақты, негізінен бөтен ұлт тілін, мәдениетін артықшылық деп білетіндер.   Олардың ішінде қай тілді де, мәдениетті де меңгермеген, не басқа, не ана тілін  білмейтіндер де аз емес. Ұлтшылдық ұлт мәселесіне осы әртүрлі ұстанымнан туады, ал бұл саладағы  ой-пікірлер мен тұжырымдар алуан түрлі екенін көрдік: бір шеті патриотизмнен екінші шеті ұлттық ерекшелікті мойындамайтын, адамзатты бір тілге, мәдениетке икемдеуді, қолдайтын космополитизмге дейін жалғасып жатыр. Ұлттық құндылықтарға көзқарастың бір қыры ұлтсыздық, ғылыми әдебиетте ұлттық нигилизм  дейді. Нигилистер ұлтқа мән берген құндылықтарды қайта бағалап, арзансытып, дінге де күмән туғызып, ұлт табан тірейтін тіл, мәдениет, дәстүрдің мәнін, беделін түсіреді. Нигилизм - отарлау саясатының салдары. Қазақ еліне шексіз басқа этнос өкілдерін қоныстандыру, байырғы халықты ұлттық азшылыққа айналдыру, қазақ мектептерінің азаюы, аралас некенің көбеюі, тілдік мәдени ортаның тарылуы елдің этникалық келбетін өзгертті. Нигилистер ұлттық мемлекеттігімізді жоққа шығаруға, ресейлік отарлау саясатын ақтауға дейін барады. Азамат соғысы жылдарында С.Садуақасов ел аралап жүріп, қазақтардың нақақтан көп өлгенін естіп: «Сендер не қайрат қылдыңдар?», - деп сұраса, оған: «Қазақтың қолынан не дәрмен келеді? Қойша айдаған жаққа жүру беру! Қырса, үндемей қойша қырыла беру! Біз мал емеспіз бе?»-депті  қазақтар. «Қырыла береміз-дағы...»,-деп өздерін кемсітеді. «Қырыла береміз-дағы»-деген сөзі жүрегіме оқтай тиді. Бұл не деген жуастық , өлімге мойынсынғандық? Бүйте берсе, қашан бұл қазақ адам болады!» -деп күйінеді ұлт қайраткері. (С.Садуақасов, Танымдық зерттеулер, мақалалар. 2том. Алматы – Алаш.  2003. 271-272 беттер).  Намыссыз, басқа ұлт тіліне, мәдениетіне әбден бейімделген, әдеттенген, қорлауға да үйренген қазақтар бүгін де жеткілікті. Нигилизмге шалдыққан ұлттың өкілдері ұлттың ішкі байланыстарының әлсіздігіне, ұлттық намысының төмендігіне қарамастан, ұлттық құндылықтар төңірегіндегі тірлігі көбіне ұрандатудан, болмаса даурығудан, бас иіп қостаушылықтан аспайды.  Бүгінгі қазақтың психологиясында олардың әртүрлі жағымсыз көріністері байқалады. Қазақтың қонақжайлығы жалпақ шешейлікке, кішіпейілдігі құлдық ұра берушілікке, елдігі рушылдық, жүзшілдік, жершілдік микропатриотизмге, кеңпейілдігі ысырапшылыққа ұласып жатады. Қазақтың мақтанышы бүгін даңғойлыққа айналды. «Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз?»-деп Абай айтқандай, бүгінгі қазақтың қуанышы кейде артымызға қарап масаттануға сүйенген. Айта кетейік, әсіресе еврейлерге тән ұлттың өзін-өзі сынауы қазақтар арасында бүгін тіпті көрінбейді. Сынаудан гөрі өзімізді мадақтауға үйірміз. Өз ұлтын өткір сынау оны тазартудың жолы, себебі өзіңнің кемшілігіңді өзің ғана білесің. Өзі ұлтыңды басқаға сынатпай, өзің сынау-өз намысын өзі қорғай алатындығын, өмірге төзімділігін байқатады. Сонымен бірге ол психологиялық жағынан ұлтты сақтаудың амалы. Өзін әсіре, артық бағалау қазақтарда әртүрлі көрініс алып отыр.  Басқа халықтардың тілін, мәдениетін, дәстүрлерінен мәлімет аз болғандықтан ба, бірқатар қазақтар өз тілін, мәдениетін жоғары қоюға әуес.  Қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде ең таза, ең бай тіл деуімізге басқа түркі тілді халықтар қосыла қояр ма екен? Қазақтарға басқа халықтардың салты шамалы, қызықсыздау, өзінің құндылықтары өзгеден артық, ғажайып көрінеді. Әр ұлттың символдары өзінше ерекше бағалы болуы тарихи отбасылық тұрмыстың айнасы екені ескеріле бермейді. Өзгені өзінің еті үйренген дағдысымен өлшеу ұлтаралық қатынастарда жиі кездеседі. Сондай-ақ өз ұлтының өкілдерінің кісілігі мол, әділ, шетінен батыр деп тану да қазақтар арасында да жиі ұшырасады. Кейде қазақтардың интеллектуалдық деңгейін жоғары бағалау да жиі кездеседі. Сонымен бірге басқа халықтардың университет, академиялары, бағзы заманнан өз ғылыми интелегенциясы болғаны ескеріле бермейді. Халықтардың барлығы білімге, ғылымға қабілетті, әр ұлттың ұлы ғалымдары, ойшылдары болуы заңды. Бірақ тарихи жағдайларға байланысты мүмкіндіктер халықтарға бірдей бола бермейді. Басқа ұлттарды өзіне сіңіру, қосып алу отарлаушы ұлттар мен сан жағынан басым ұлттардың саясатына тән. Өзге тілде сөйлейтін, этникалық келбетін жоғалтқан қазақстандықтар, сол сияқты, серб тілінде сөйлейтін, бірақ әртүрлі, этносқа жататын югославтар социалистік ұлт саясатының салдарының көрінісі. Бұл халықтар достығы,  интернационализм емес,  ассимиляция, басқа этносқа түгелдей, болмаса жарым-жартылай сіңісу. Әсіресе, саны аз этностық топ басқаға тез сіңіседі. Мысалы, Қазақстандағы шағын этностық топтар негізінен орыстанғандар. Ұлтсыздану, басқа ұлтпен сіңісу, оның тілін мәдениетін қабылдау бірден емес, ұзақ мерзімге созылатын құбылыс, ұлт оның қаупін сезе бермейді, ол радиация сияқты ұлт организмін бірте-бірте әлсірете береді. Әр ұрпақтың құндылықтар мен тіл таңдауы әр түрлі жағдайларға, әсіресе географиялық  факторларға да байланысты. Нигилизмге кейде жасанды, алдамшы патриотизм де итермелейді. Мысалы, Қазақстан сияқты тәуелсіздік алған бірқатар ұлттар, БҰҰ-ға мүше болғанына, «ұлы» халықтардың оны мойындағанына, әлемдік қауымдастыққа мүше болғанына мәз болып, өзінің тұрмысын, мәдениетін, дәстүрін, наным-сенімін сол «өркениетті» елдерге икемдеймін деп, өз тілінен мәдениетінен жериді, тіпті қазақ болғанына намыстанады. Сырттан қарағанда қазақы мәдениет үшін бұлардың қылығы дөрекі, күлкілі көрінгенімен, бұл кең тараған қасірет. Бұл жерде өзіңді-өзің тануға, сыйлауға  мүмкіндік жоқ, керісінше, өзгедей болу, «өркениетті елдердегідей» болу, «еуропалық мырзалардай» боламын деп тырысып, ұлт болмай қалу қаупі басым. Осылай жаңбырдан шығып, қарға ұрынғанның кейпіне еніп жатырмыз. Мұндай жағдайда Тәуелсіздікті тек тәуелсіздік алу үшін алдық па, орыстану, батыстану, американдану үшін алдық па деген ой туады. Ең қатерлісі ұлттық құндылықтар жаһанданудың құрбаны болады. Ол мәдениеттің, тілдің, мәдени ортаның ластануынан да көрінеді. Сырт көзге бұл тыраштану, басқалармен тереземізді тең ету, ұлттық патриотизм болып көрінгенмен, шын мәнінде бұл жай ғана ұлттық даңғойлық, мансапқорлық. Бұл шынайы мәдениеттер алмасуы, алыс-берісі де емес, нигилизммен астасып жатқан үрдіс. Осындай көңіл-күй етек алған сайын «ұлт», «тәуелсіздік» идеялары бұлдыр бола береді. Ұлт жалған идеяға икемделген сайын жастар жағы «бақытсыз болмыстан», «бақытты өмір» жасап масаттана береді, айналып келгенде өздерінің орыс, батыс, американдық жастарға ұқсастығын үлкен мәртебеге саяды.  Сондықтан да Н.Назарбаев «Бүгінгі уақытқа ілесемін деп, өзіміздің ұлттық «мен» дегізерлік бітімімізді жоғалтып алмау» деп, даурықпадан сақтандырды. («Бейбітшілік және келісім саясаты» Астана, 2008, 129 бет). Нигилизмнің әлеуметтік негіздері де бар. Техника, технологиясын, киімі мен тамағын молырақ шығаратын, жастарын көбірек оқытатын   елдің тілі, мәдениеті, діні басым болып, өзіне тарта беретін сыртқы ықпалдың да барлығы белгілі. Екінші жағынан, отандық тауарлардың аздығы да ұлт мүддесін кемсітеді. Орыс, ағылшын тілдерінің  басымдығы, жарнамалардың  да басқа тілде басым болуы ұлттың еңсесін басып, жаңа отаршылдық жағдайда өмір сүретіндей көңіл-күй тудырады. Бүгін ақша, материалдық игіліктер, ұлттық құндылықтардан, жалпы рухани құндылықтардан артық бағаланатын болды. Пайда идеологиясы өмірдің барлық саласын реттеуде, ашық айтсақ, бүгін кеңестік тоталитаризмді қаржы тоталитаризмі алмастырып барады. Бұл да ұлттық байлықтарды арзансытып, ұлтсыздыққа бейімдейді. Ұлтсыздану  басшылықтан, әкімшілік топтардан, қала халқынан басталды, техникалық мамандар да оған бейімді келеді, бірте-бірте олардың отбасылары да  бейімделді. Бұл үрдіс ақырын-ақырын ұлт организміне тарай береді де, ұрпақ алмасқан сайын бөтен тіл, мәдениет күш алады, ұлттық тіл, мәдениет білдірмей ығыстырыла берді.  Басқа мәдениетті, тілді қабылдап, ана тілінен, мәдениетінен қол үзген сайын ұлт өкілдері  жат тіл мен мәдениетке жақындай береді. Ұлтсыздануға ұшырай бастаған ұлттың әлеуметтік таптары, топтары, кәсіби мамандары әртүрлі деңгейде басқа   және ана тілін меңгергендер болып жіктеле даралана береді. Олар ұлттан оқшаулана, бөлектеніп тұрады, тек тілімен ғана емес, қылықтарымен, салтымен, пиғыл-ниетімен көзге түседі. Олар әлеуметтік-кәсіби, күнделікті өмір тұрмысы, киген киімі дос-жарандарымен  де ерекшелінеді. Кейде ол дүбәралар, маргиналдар өз ұлтының мәдениетіне, дәстүріне, қызықса да, басқа бір елдің, жат жұрттың көзімен қарайды. Кезінде тіпті В.И. Ленин айтқан: «Обрусевшие инородцы всегда пересаливают по части истинно русского настроения». Ұлтсыздану, ұлттық астамшылық қаупі ұлт патриоттарына маза бермей, оқтын-оқтын билікке үндеу жариялатып жатады. Орыс тілін қолдау – қазақ тілін шеттету деп бағалау психологиялық тұрғыдан түсінікті. Бұл қоғамда қалыптасқан тілдік оппозициядан туындайды. Мемлекеттік тілдің қызметін атқарып тұрған орыс тілін осы қалпында сақтау деген қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесіне жете алмайды дегенмен бірдей. Егер орыс тілі мен қазақ тілінің Қазақстандағы орнын таразыласақ, қазақ тілі бөлшектің бөлгіші де, орыс тілі алымы. Бөлгіштің алымнан артық  болуы  заңды болса, мемлекеттік тіл саясатының заңдылығы-қазақ тілінің басымдығы. Екі тілдің қатар мемлекеттік тіл қызметін атқаруға ұмтылысы дау-дамай туғыза береді. Демографиялық жағдайды да ескеру жөн: келесі он жылда қазақтардың саны 70% асса, мемлекеттік тілде қызмет жасауды бүгін ойластырған жөн. Қазақстан орыстарының үлесі салмағы 1989 жылдан әр он жылда 7% азайып келеді, 1989 жылға 37,4% болса, 2009 жылы-23,7 % құрады. Орыс тілін жасанды түрде осы қалпында сақтауға тырысуда, оған тосқауыл қойып шеттету де біржақтылық болар. Орыс тіліне елімізде қанша сұраныс болса, оны соншалықты қолдау қажет, әсіресе, білім, мәдениет, гуманитарлық салада. Ұлттың тілдік, мәдени, ақпараттық алалығы, әр тілділігі  ұлттың тұтастығын әлсіретеді, әрі әлеуметтік топтарының бір-бірімен байланысы, ұлтішілік қарым-қатынасы бәсеңдейді. Осыдан келіп ассимиляцияға ұшыраған, іштей бөлінген ұлт ұлтаралық бәсекелестікте ұтылады. Ондай ұлттың шығармашылық қабілеті де әлсірейді. Сондықтан біртұтас, бір тілде сөйлейтін , ақпараттық қуаты жоғары ұлт іштей бөлінген ұлтқа менсінбей қарайды, оның тілін, мәдениетін де сыйламайды. Бүгінгі қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде  «менің де тілім» деп мойындамаудың психологиялық себебі осында жатыр. Дүбәраланған ұлтқа олар тек қабылдаушы, әлжуаз ұлт ретінде қарайды және дүбәраланған ұлттың нигилистері осы артықшылықты мойындайды, өзін-өзі сыйламайды. Өзін өзі сыйламақ түгілі, тіпті жек көреді. Осы психология бүгінгі қазақ ұлтының бірқатарына тән. Ішкі бірлігі жоқ ұлттың өзіне өзінің сенімі төмен, ол әсіресе күнделікті өмірде, тұрмыста, отбасында жиі байқалады. Ұлтын, тілін бағаламайтын, өзін-өзі кемсітуге үйренген, тартыншақ, жасқаншақ, қайсарлығы жоқтар, тіпті кейде озбырлыққа да көнеді, бір сөзбен айтқанда тіпті өзінен білімі, қабілеті төмен болса да, билеп қалған ұлттың  өкіліне икемді келеді. Намысы кемсітілген ұлт намысы жоғары ұлт өкілдерінің алдында ынта-жігері түсіп, бұғып тұрады. Сондықтан тәуелді, бағынышты бола береді. Кейін осылай жалғаса береді де, тегі ұмтыла береді, бұл өте ұзақ процес болғандықтан, оның қаупі бүгінгі күні айқын сезілмейді. Бұл апат қауіп, бірақ табиғи апаттай көзге ұра бермейді, әр әлеуметтік топтарда оның көрінісі әр түрлі. Нигилистер болса, өз ұлттық болмысынан жеріп, түгелдей болмаса, жартылай айрылып қана қоймай, үзілді-кесілді  қарсы шығады. Ал өмірде сол нигилист белгілі бір ұлттық тілде сөйлеп, мәдениетті, дәстүрді таңдайды, таңдағанда, әрине өз мәдениетінен жиренген   нигилист өзі артық деген мәдениетті таңдайды. Басқа тіл, дәстүр таңдаған сияқты, жұбай таңдағанда да ұлт алдындағы парызын, ұрпақтар сабақтастығын да ескермейді. Бұл жерде тағы да бір еврей халқының патриотизмі ойға оралады. Еврейлар басқа ұлттардың білікті, бірақ ұлтсыздануға бейім жігіттеріне қыздарын беріп, дөрекі де болса да айтайық «какой бы бычок  ни скакал, теленочек будет наш» деген қағиданы ұстанады. Осылай аралас некеден туған баланы ұлты еврей етіп тәрбиелейді. Біздің не әкесі, не анасы аралас некеден туған балалар қазақ болып жазылса да, қазақ тілі мен мәдениетін меңгергендері аз. Сырттай басқа халыққа тым жақындасып    тілін, дін  қабылдаған, тіпті сіңіп  кетуге тырысқандарды, қанша адам хұқын, таңдауын сыйлау дегенмен, қоғамдық пікір қолдамайды, себебі оларды ұлттық намысынан жұрдай айырылған, азғырғанға ергендер деп есептемейді. Ал осы нигилистерге сен алды артыңа қарамай басқаның жетегінде кеттің десе, онымен олар келіспейді. Ал мұндай нигилистер (космополиттер) қай халық арасында да жиі кездеседі. Олар ұлт мәселесінде біржақты, алған бетінен қайтпайтын ұлтсызданғандар. Бірақ ешқандай ұлт әсіресе, мемлекет құраушы ұлт, ұлтының келбетін өзгертуге, басқа ұлтқа қандайда, тіпті, дамыған болсын, сіңісуге келіспейді. Кейде шағын ұлт өкілдері «адамзаттық құндылықтар», «өркениетті елдер», «әлемдік прогресс»  т.б. сөздердің астарын білмей, оның артында қай ұлттың мүддесі тұрғанын алданған интеллегенцияның  сезінуі оңай да емес. «Өркениетті елдер» дегеннің ар жағында басқа ұлттың есебі тұрғанын түсінгенде ғана ұлт зиялылары ойлана бастайды. Соның өзінде үстем болып қалған мәдениеттің жақсысы мен жаманын ажырату, оның жағымсыз ықпалынан айырылу бірден бола қоймайды. Көңіл тоқтатып қарағанымызда шовинизм, космополитизм, нигилизмнің түп тамыры бір. Жаһандану заманында олардың әрқайсысы да ұлттық құндылықтарды менсінбей, орыс мәдениетіне, батыс өркениетіне, американдануға бейімдейді. Олардың бір-бірінен түбегейлі айырмашылықтары жоқ. Шовинист өз ұлтының үстемдігін, басқа ұлттардың, әсіресе отарланған ұлттардың  тілін, дінін, мәдениетін қабылдағанын армандайды, сол үшін аянбай қызмет жасайды, өз халқының табысын, өркениетке қосқан үлесін  аса зор етіп көрсетуге  тырысады. Сөйте тұра үстемдік етуші ұлт өзіне сіңісіп кетушілерге сенімсіздікпен де қарайды, антропологиялық келбеті өз алдына, әсіресе, оның аты-жөні сақталса, оған сенімсіздік туғызады.  Ал космополит те, шовинистер сияқты этникалық ерекшеліктерді менсінбей үстүртін қарап, сан жағынан басым ұлттардың мәдениетіне бейімдейді. «Аз и Я» еңбегімен Одақты дүр сілкіндірген О. Сүлейменовты ұлттық ерекшеліктерден бас тартады деуге көңіл қимайды. Дегенмен, кейбір пікірлері ойландырады: «Диалог цивилизации, к которому призывает ЮНЕСКО, происходит не на конгрессах, а в самом человеке, который читает пусть в переводах мировую литературу, смотрит американские, индийские, иранские фильмы. Такой постоянный диалог, происходящий в каждом, и формирует человека земли. Мы не хотим запираться в каком-то отсеке – «Европа», «Азия», «мусульманский мир». («Свобода слова», 2. 04. 2009г). «Дүние жүзі – бір ел дегенді» дегенді жиі айтамыз, адамзаттың ортақ мүдделері барлығы сөзсіз. Бірақ әлемдегі мәдениеттер алмасуының түп мақсаты әлем адамын тәрбиелеу дегенді қабылдау қиын. Әлем дегеніміздің өзі ұлттар. Адамзатты әрі дараландыратын, әрі жақындататын ұлттық қауымдастықтар. Ұлт тұлғасы болмай, әлемге танылу  мүмкін емес. Шовинизм мен нигилизм ұлттардың өзін-өзі бағалауынан туады. Шовинист өзін-өзі «ұлымыз» деп жұбатудан туса, нигилист өзін-өзі кемсітуден туады. Ал олардың түп-тамыры, негізі ұлттың өзін-өзі танымауынан туады. Ұлттың шынайы өзін-өзі тануы жеке адамға да, ұлтқа да оның қоғамдағы, әлем мәднеиетіндегі орнын анықтайды. Шовинизм мен нигилизм өзін алдаудан, «ұлымыз» деп өзін өзі жұбатудан , «кемшін» деп өзін өзі кемсітуден туған психология. Астамшыл ұлт өкілдері өзінің мәдениетінің дүниежүзінің кіндігі еместігін, кемшінбіз деп сезінген ұлт өкілі ұлтының бай рухани мұраның иесі екендігін сезінеді. Олардың түсінігі тереңдей келе ұлттардың, олардың мәдениеттерінің бір-бірінен артық не кемі жоқтығын ұғады. Әр мәдениеттің қайталанбас құндылық екендігін түсінген жеке адам, ұлт та өз билігі өзінде, ешкімге тәуелсіз болғысы келмейді.Ал өзін-өзі танымаған адам болсын,ұлт болсын өзін не тақсыр, не пақыр сезінеді. «Момындардың басы сау, жаманды байқап қарасаң, күндердің күні болғанда, өз басына өзі жау"- деп, - Махамбет айтқандай, өзін өзі таныған ұлт өзі де алданбайды, өзгені де алдамайды. Шынайы үйлесім, адамгершілік, ар-ұят өзіңді өзің сыйлап, өз арыңның алдында, ұлттың алдында таза бол, деп бұл ойды бұдан жиырма ғасырдан астам бұрын  Сократ айтқан. Ешқандай дін, ұлт бүгін бұл қағиданы теріске шығара алмайды. Әр ұлттың өзгеше өзінің ерекшелігін танытатын рухани мәдениетінің болуы оның өзіндік келбетін де қалыптастырады. Сондықтан жалпы адамзаттық, ортақ, жалпыға бірдей мәдениеттің болуы мүмкін емес. Материалдық, технологиялық, ғылыми сұраныстарды қанағаттандыратын құндылықтар болғанмен, жалпы адамзаттық мәдениет  идеясының  астарындағы космополитизм идеясы жатыр. Шынайы ұлтшылдық ұлттың өз қадір-қасиетін білетін, төл-тума мәдениетіне негізделген. Ұлт өзінің ішкі және сыртқы саясатында , сын сағатында ұлт мүддесінен шығуды парыз көреді. Өз абыройын таныған ұлт басқаның қадір-қасиетін сыйлап, оларға өз мәдениетін зорлық-зомбылықпен таңбайды және жарамсақтануға, басқа  ұлттарға құр еліктеуге де жол бермейді, тіпті өзін тым жоғары санайтын астамшыл ұлттар алдында да, өз қадір-қасиетін сыйлайды. Сондықтан шынайы ұлтшылдық оқшаулануға да қарсы. Шынайы патриот татулыққа, келісімге, төзміділікке бейім, икемді болады. Ұлт патриоттары өмірдегі болып жатқан жаңалықтарға, тың идеяларға, озық технологияға назар аударып, мәдени құндылықтарды өз мәдениетіне икемдеп, өз қазанында қайнатуға дайын болады, өз құндылықтарымен бөлісуге, еркін алмасуға дайын. Ұлттың өзін-өзі нақты танып білуі жеке адамға да, ұлтқа да әлем мәдениетіндегі шынайы орнын анықтайды. Шынайы ұлтшылдық оптимизмге, дүниеге сеніммен қарап рақымдылыққа, парасатқа негізделінеді, өзін қорғайда алады, ал ашу, ыза, өш алуға, астамшылыққа бастайтын ұлтшылдық бәлеге жолықтырады. Әр мәдениет, бір жағынан, тұрақтылық, екінші жағынан ұдайы дамудан тұрады. Даму үйренуден, игеруден, меңгеруден, оны бойға сіңіруден тұрады. Бірақ бұл қайшылыққа толы үрдіс, кейде басқа мәдениетті қабылдау сән (мода), кейбір әдет-ғұрыптармен  шектеледі. Ал мәдениеттің өзегі, маңызы тереңдеу, ол сақталып тұрады. Мәдениеттер алмасуына, мәдениеттердің ортақ тегі, діні, дәстүрлерінің ортақтығы (ислам мәдениеті, түркі мәдениеті) әсер етеді. Дәстүрлерді сабақтастырушы - отбасы, мектеп, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет. Жастар әр кезде ұлттық мәдени дәстүрлерімен, соның ішінде шетел мәдени үлгілерімен де танысады, таңдайды. Бірақ әр ұрпақтың, әр адамның өз мәдениетін және басқа мәдениеттерді қабылдауына оның заманы, жеке өмір жолы із қалдырады. Орысша білім алған  қазақ жастарының сөз жоқ басым  көпшілігі орыс, еуропа мәдениетіне басымдық береді. Орыстану мен орыс мәдениетін, ғылымын меңгеру  бірдей еместігін, қазақ халқының бірқатары әлі де ажырата алмай жүр. Шын ниетімен, жанашырлықпен сезініп, ұлтсыздық жанына батып жүргендер, әрине, аз. Ұлтшылдық - азапты тағдыр. Талай қиындықтарды бастап өткізсе де, қажымайтын  күрескерлер бар. Кеңес заманы тұсында өз жағдайымыз туралы өтірікке алдандық, көз бояушылық толы болды. Ол дерттен бүгін де арылған жоқпыз. Ұлтсызданудың қауіпті деңгейге жетіп, енді ешқандай шегініске, ымырашылдыққа жол қалмағандығын, намысты қамшылайтын заман туғаны сезіне бермейтін сияқтымыз. Ең басты сілкініс қазақ интеллегенциясының ұстанымының  түбегейлі өзгеруіне де байланысты. Халықтар достығы деп, шындығында ұлтсызданудың жаршысы болған қазақ интелегенциясы, қоғамдық ғылым өкілдері, ғалымдар, жазушылар, композиторлар өз тілінің  әлсіреуіне, дәстүрінен қол үзуге күш-жігерін жұмсады. Осыған орай М.Шоқайдың ұлт зиялылары туралы ойы назар аударады. «Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған «ұлттың зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз», - дейді ұлт қайраткері. Одан әрі ойын жалғастырып келіп: «Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі» -деп, ол зиялылардың тарихи парызын нақтылайды. Батыс тәрбиесін алғандар, дейді ол, рухани жағынан өз халқына өгей болып қалады, ұлтымыздың жан-дүниесіне сіңген, ұлттың бойындағы зердесінен айырылады. Мысал ретінде, ол өз халқына өгей болып бара жатқанын сезіп, қыр баласы Шоқанның ата-мекеніне оралғанын айтады. Бүгін жеке-дара тұлғалар емес, тұтастай ұлт интеллегенциясының қасиетті міндеті туралы әңгіме болып отыр. Сонымен, бір ұлттың екінші бір ұлтты бағындырып, тәуелді етуі,  басқаны айтпағанда отарлаушы ұлттың да, отарланған ұлттың да жан дүниесіне жарақат салып, біреуін ұлттық астамшылыққа, менмендікке бейімдесе, екіншісін өзін-өзі кемшін сезінуіне, өзінің құндылықтарынан жатсынуға итермелейді.  Бірақ қай ұлт та түгел құлдилап, рухани жағынан азбайды. Ұлттық астамшылық пен ұлтсыздық заңды, ұлттың маңдайына жазылған тағдыр емес. Ұлттық тәкәппарлықтан да, басқаға  сіңісудің  құрбандығы болудан да бас тартып, қарсы тұрып, ұлттық адамгершілік, өзара сыйластық жолына түсу ұлттық саясатқа байланысты. Тәуелсіздік алып, ұлтына төнген қауіпсіздікті сезінген қазақ ұлтының біраз өкілдері бүгін ана тіліне, мәдениетіне, дәстүріне бет бұрды. Ұлттық құндылықтар арқылы бүгінгі ұрпақ кешегі ұрпақпен де, ертеңгі ұрпақпен де байланысуға мүмкіндік туды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ұлттық патриотизм өскен сайын басқаларды шеттету заңдылыққа айналады деген болжамдар ақталмады. Қазақ ұлты жалаң этнопопулизмге бой алдырмады. Еліміздегі диаспоралар да күрделі мәселелерді ой елегінен өткізіп, жаңа этноахуалға бейімделуде. Жаһандану әртүрлі деңгейде қазақ ұлтының болмысына күрделі ықпал етуде. Диаспораларға ішкі ұлтаралық ахуал да,  тарихи отандары да (материнский этнос) әсер етуде. Біртұтас қазақстандық қоғамдағы күнде өзгеріп тұратын күрделі ұлтаралық мәселелерді біржола шешу мүмкін емес, оны реттеу қоғамның,  мемлекеттің, әр азаматтың күнделікті парызы.  

Амангелді     АЙТАЛЫ, 

философия

                                  ғылымдарының   докторы,  Ақтөбе

                                     мемлекеттік  педагогикалық

                                     институтының  профессоры

www.qazaquni.kz