Әлеуметтік еңбек қатынастарының тиімді моделін қалыптастыру: жұмыспен қамту сапасын дамыту

          Шілде айында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын жариялағаны белгілі. Онда президентіміз Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртуды күн тәртібіне бес негізгі басымдық бойынша енгізу қажеттігін атап өткен болатын. Сол бес басымдықтың екіншісі - әлеуметтік еңбек қатынастарының тиімді моделін қалыптастыру. Оның ішіндегі басты мәселелердің бірі – халықты жұмыспен қамту саласын дамыту.            Ашығын айту керек, біздің елімізде еңбек қатынастары заманның өзінің қалыпты ағымы бойынша кемшілік, қалтарыстары мол жекелеген заңдармен реттеліп келеді. Азаматтарды жұмыспен қамту ісінде де талай кемшін тұстар баршылық. Бұрнағы жылдары бір министр елдегі жұмыссыздардың санын қысқарту үшін ауылдағы ағайынның қорасындағы жалғыз сиырының қанша сүт, қанша май беретінін, қала берді ауласындағы тауықтарының қаншасы, қашан, қанша жұмыртқа салатынын есептеуге тырысып көрген. Бұл шын мәнінде елді еңбекпен қамтудың, жұмыссыздардың санын азайтудың амалы емес, елдің әл-ауқатының «қандай керемет жақсарғанын» әйгілеу үшін жалаң көрсеткіштердегі, статистикалық сандардағы жұмыссыздардың санын қысқарту жолында сасқан үйректің артымен сүңгуі еді. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Басқаны айтпағанның өзінде, соңғы бірнеше жылда қарқынмен жүзеге асырылып жатқан Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өзі қанша мың жаңа жұмыс орынын берді. Оны президент өз мақаласында бір ауыз сөзбен «Тәуелсіздіктің екі онжылдығы ішінде жұмыспен қамту саласы зор өзгерістерді бастан кешті. Жұмыспен қамтылған адамдардың саны 700 мыңнан астам адамға өсіп, 8.4 миллион адамға жетті» деп атап өтті. Елбасы сонымен қатар халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесінде индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы айрықша маңызға ие екендігіне де үнемі айтып келеді. 2009-жылдың мамыр айында өткен «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық Партиясының 12-ші кезектен тыс құрылтайында мемлекет басшысы берген тапсырмаларға сәйкес қолға алынған үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері елдің өндірістік әлеуеті расымен түбегейлі өзгеруде. Тек соңғы екі жарым жылдың ішінде жалпы құны 1.8 триллион теңге болатын 443 индустриялды жоба іске қосылғанына бәріміз куә болдық. Бұл жобалар 90 мыңнан астам жаңа жұмыс орынын берді. Егер әрбір отбасында орта есеппен 5 адам бар деп есептесек, орташа алғанда 450 мың Қазақстандықтың табысы артты. Бірақ, бұл да біз тоқтайтын белес емес, 5 жылға жоспарланған Индустрияландыру картасына құны 11.4 триллион теңге болатын 706 жоба енгізілген. Сондықтан, егер бұған дейін осынау адам айтқысыз алып жоспарлар мен керемет шаралардан сырт қалған болсаңыз, әлі де кеш емес, атсалысыңыз. Мамандығыңыз келмей ме, ештеңе етпейді. Ең бастысы, ниет болса, қазір барлығының ретін келтіруге мүмкіндік бар. Нарықтың сұранысын зерттей отырып, әсіресе өзіңіз тұратын аймақтағы болашағы зор индустриялды жобалар қандай мамандарға зәру екендігін ескере отырып, жаңа кәсіпті игеруге кірісіңіз. Өкінішке орай, біздің қоғамда әлі күнге дейін алғаш нарықтық қатынастарға көшкен кезімізде санаға сіңген «аз еңбекпен көп мал табу», тек үстел басында қағаз кеміріп, шенеунік атанып отыру идеясы үстемдік етіп келеді. Кезінде жаппай модаға айналған заңгер және экономист мамандықтарының есепсіз үлестірілген дипломдарының көпшілігі қазір сандықтарда сақтаулы жатыр. Біріншіден, бұл мамандықтар иелерінің шектен тыс көбейіп, профицит болуы, екіншіден, көптеген диплом иелерінің кәсіптік біліктіліктері ешқандай сын көтермейтіні осыған алып келді. Баста білім, бойда талпыныс болмаса сатып алған дипломның еңбексіз мал табуға ешқандай септігі жоқтығын ел әлдеқашан түсінген. Бірақ, бұл түсіну әзірге жеткіліксіз секілді. Себебі, президент өз мақаласында атап өткендей «адамдар арасында жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін атқаруды қалайтын психология әлі де сақталып отыр». Кешегі бір күндік «заңгерлер» мен «экономистер» мамандықтары бойынша жұмыс таба алмағанда заманға бейімделіп, басқа, қоғамға керекті кәсіптерді игеруге құлықсыздық танытқаны жасырын емес. Біліктіліктерінің төмендігінен ешкімге керексіз болып қалған дипломдарын қаттап-шоттап сандыққа салып қойып, елбасы айтпақшы базарда арба айдап жүргендері қаншама. Есесіне, өндіріс зауыттары да, құрылыс қарқыны да бір сәтке толастамаған еліңмізде жұмысшы мамандықтардың жетіспеушілігі жыл өткен сайын айқын сезіле түсуде. Сондықтан да, «егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіні рас болса, бұл психологиядан арылуымыз қажет». Әркім қолы қимылдағанның ғана аузы қимылдайтынын түсінетін уақыт әлдеқашан жетті. Басқаны былай қойғанда іргедегі көрші елдерге қарайықшы. Оңтүстіктегі бауырлас елдердің сан мыңдаған азаматтары өз елдерінде екі қолдарына бір күрек таба алмағандықтан Қазақстан, Ресей секілді, одан қалды басқа да тұрмысы жақсырақ елдерге ағылып, сол елдердің ең ауыр, ең қара жұмыстарының бәрін істеп нәпақаларын айырып жүр. Тіпті, кейбір елдердің мемлекеттік бюджетінің қомақты бөлігін осындай шетелге «гастарбайтерлікке» кеткен азаматтарының табыстары құрап отыр. Қазір қазақ пен орыстың құрылысын да солар салуда, үй-ішінің жөндеу-әрлеу жұмыстарымен де негізінен солар айналысуда. Ауланы сыпыратын, кірпішті таситын да солар. Азаматтарымыздың шетелге жұмыс іздеп тентіреуінен құдай сақтасын, әрине, бірақ олардан да үйренеріміз көп. Мемлекет басшысы айтқан, «жұмыс бар жерге бару керек» дегенді жұрт дұрыс түсінулері керек. Қазақстанның барлық аймақтарында жүздеген өндіріс орындары ашылып жатыр. Өз тұрған жеріңізде жұмыс көзі, табыс көзі жоқ па, іргеде, көрші елдімекенде ашылып жатқан өндіріс орынына барыңыз. Мемлекет сіз бен біздің жаңа зауыттарда білікті маман ретінде жұмыс істеуімізге барлық жағдайды жасады. Дағдарыстың ең кәріне мінген кезінде жұмыссыз адамдардың басқа кәсіптерді меңгеруіне, біліктіліктерін жетілдіруіне мүмкіндік берді. Сізді алыстан арнайы алдырды, оқытты, басқа мамандықты игеріп, оқып жатқан уақытыңызға арнайы шәкіртақы төледі, сондай-ақ кәсіпті меңгерген кезіңізде жаңадан ашылып жатқан жерлерден жұмыс орынын ұсынды. Бұдан артық не керек? Бұл ретте президенттің «біз былай да жинақы, көшіп-қонуды көп бастан кешкен халық емеспіз бе!» деген сөзін осы тұрғыдан дұрыс қабылдау керек. Алыстан ештеңені арбалаудың керегі жоқ. Ең бастысы, өз болашағыңыз өзіңіздің қолыңызда екенін, «ал балық, аузыма сал балық» деп қарап отырсаңыз ешкім сіздің алдыңызға күлше нан әкеліп салмайтынын білуіңіз керек. Қорамда, есімнің алдында зауыт ашылмады деп ауыз ашып қарап отырмай, маңайдағы жаңа кәсіпорындарды алыссынбай оларға бару керек. Өздеріңізге белгілі, Қазақстанның индустрияландыру картасы жасалғанда жаңадан іске қосылатын өндіріс зауыттардың неғұрлым шашыраңқы орналасуы, яғни Қазақстанның барлық аумағын қамтуы басты назарда болды. Ол  әрбір аймақтың өндіріс өнімдеріне деген сұранысы, олардың экспорттық мүмкіндіктері, экспорт жолдары, шикізат көздері, еңбекке жарамды азаматтардың саны, ол жерлердегі жұмыссыздық деңгейі, барлығы қаперге алынып отырып жасалғаны белгілі. Ендеше, сіз де басқа кәсіптің құлағын ұстауға бел шешіп, талпынсаңыз неғұрлым өз аймағыңыздағы кәсіпорындарға қажетті, солардың сұраныстарына сай келетін мамандықты игеруге тырысқаныңыз абзал. Қазақ атамнан сөз артылған ба, «есектің артын жу да мал тап» дегенді де айтқан. Бірақ, сіз бен бізге ешкім есектің артын жууды ұсынып отырған жоқ қой, керісінше ең заманауи үлгідегі жаңа кәсіпорындарда, ең соңғы техникалық жетістіктермен жұмыс істейтін, ең сұранысқа ие өнімдер беретін кәсіпорындарда таза, әрі өнімді еңбек етуге болатын тамаша жұмыс орындарын ұсынып отыр. Ендеше, шайнап берген асты жұта алмасақ ендігі сын тек өз жамандығымыздан екенін мойындаған дұрыс. Тырбану керек. Оқу керек. Іздену керек. Сонда ғана сіз қоғамның жиегіне заман толқыны лақтырып тастаған балық болмай, өзіңізді осы ортаның толыққанды мүшесі сезіне аласыз. Президент сіз бен бізді осыған үндеп отыр. Оның мақаласындағы «өзін өзі еңбекпен қамтыған халықты нақты экономикаға қосуға бағытталған шараларды жүзеге асырудың маңызы зор» деген жолдар осыған меңзейді. Президенттің 4-ші тапсырмасы естеріңізде болар: Онда «ҚР Еңбек және халықты әлеументтік қорғау министрлігі 2013-жылдың 1-ші шілдесіне дейін: - өзін-өзі еңбекпен қамтығандар тобындағы еңбекке қабілетті халықты нақты жағдайларды және жұмыспен қамту саласының преспективасын ескере отырып, жұмыспен қамтуға қарай ойыстырудың әдістемесін әзірлесін; - өзін өзі еңбекпен қамтыған халықты айқындау жөніндегі жаңа әдістемені ескере отырып, жұмыссыздық деңгейін айқындаудың әдістемесін жетілдірсін» делінген. Көзі ашық, көңілі қарақты кез-келген адам қазіргі әлемдік ахуалды күн сайын теледидардан-ақ бақылап, көріп отыр. Қазақстан әлемдік дағдарыс уақытында өз азаматтарына осыншама қамқорлық жасап жатқан бірден бір мемлекет десек, ол ешқандай да артық айтқандық емес. Еуропаға қараңыздаршы, барлық әлеуметтік жеңілдіктерді қысқартып, сан мыңдап жұмыс орындарын жауып, басқадан емес, халықтың әлеуметтік игіліктерінің есебінен үнемдеп жатыр. Оның арты толассыз ереуілдер мен берекесіздіктерге ұласуда. Оған қарағанда бізде толық мүмкіндік бар екенін, өздеріңіз де білесіздер. Ендеше, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің болашағын айқындайтын, айқындап қана қоймай сол жарқын болашаққа жол ашатын осындай бастамаларына қолдау білдірейік, ағайын! Ол қолдау, кеу-кеулеп құр мақтаумен емес, нақты іспен болсын. Егер әркім өз басына, өз ісіне жауапкершілікпен қараса, өз болашағын адал еңбекпен құрып, табысын адал терімен тапса біздің қолдауымыз сол болмақ.