А.Орман: Елбасының 20 тапсырмасының барлығы да өркениетті елдер қатынасын дамытуға бағытталған

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың  «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы:

Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы    «Ақ жол» ҚДП ОҚО филиалында талқыланды

 

«Ақ жол» партиясы ипотекалық несиеге тұрғын үй сатып алған азаматтардың құқықтары мен меншігін жосықсыз банктердің озбырлығынан қорғауды, ал   барлық жоғары оқу орындарындағы ақылы білім жүйелерінің бағасын жылдан-жылға кемітуді ұсынады.»

    Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық тапсырмасы еліміздің әлеуметтік дамуының басым бағыттарын тиянақтап, алда атқарар істердің ауқымын айқындап берді. Соның ішінде 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың Жалпыұлттық Тұжырымдамасын жасау, өзін-өзі еңбекпен қамтығандар тобындағы еңбекке қабілетті халықты нақты жағдайларды және жұмыспен қамту саласының перспективасын ескере отырып, жұмыспен қамтуға қарай ойыстырудың әдістемесін жасау тапсырылды. 2020 жылға дейінгі біліктіліктің ұлттық жүйесін кезең-кезеңімен әзірлеу жоспарын дайындау ұсынылды. Еңбек дауларының алдын-алу, еңбекақы жүйесін қамтамасыз ету мәселелері қойылды. Кәсіподақтардың ролін күшейту, қолжетімді баспана мәселесі, жоғары оқу орындарының санын оңтайландыру және кадрларды сапалы дайындау, жаңа пәндер енгізу, денсаулық сақтау, спорт, туризм мәселелері жөнінде айқын тапсырмалар берілді. Журналистердің қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп Журналистік этика кодексі жобасын әзірлеу тапсырылды. Еңбекке, адал кәсіби табысқа, Отанға қызмет етуге, жоғары патриоттық ниеттерге оң көзқарастар қалыптастыратын отандық әлеуметтік мәдени өнімдерді жаңғыртудың салалық бесжылдық жоспарын әзірлеп қабылдау тапсырылды. Нұрсұлтан Әбішұлы белгілеп берген 20 тапсырманың барлығы да саламатты қоғам құруға, сауатты ұрпақ тәрбиелеуге, өркениетті елдер қатынасын дамытуға бағытталған. Бүгінгі баспасөз мәслихаты жоғарыдағы бағдарламаны, Президенттің 20 тапсырмасын жан-жақты талқылауға арналып отыр. «Ақ жол» ҚДП ОҚО филиалы Елбасының бағдарламалық тапсырмасын толық қолдайды және көпшілік талқысына төмендегідей мәселелер мен пікірлер ұсынады: 1.Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға жан-жақты қолдау көрсету керек деп санаймыз. Соның ішінде ұсақ шаруаларды ірілендіруге көбірек назар аударылуы тиіс. Ірілендірілген шаруашылықтар Үкіметтің тарапынан субсидия, несие, басқа да жәрдемдерді жеңілдікпен алады. Сонымен бірге жаңа техникалар алуға  қол жеткізеді. Шаруашылық жүргізуде жаңа технологияларды пайдалана алады. Ірілендірілген ұжым төрағаларын тағайындағанда немесе сайлағанда қоғамдық пікірмен санасу тәжірибесін енгізу керек. Жайылым, суат мәселелерін жергілікті билік оңтайландыруы тиіс. Егістіктерге су бөлуде белгіленген кесте сақталуын қадағалаған жөн. Жері қуаң, суы жоқ жайылымдарды құнарландыру қарастырылғаны дұрыс. Мемлекет тарапынан жайылымдарға құдық қазып берілуі тиіс. 2.Шағын несиелер бөлу. Шағын несиелер шаруаларға ұзақ мерзімге (5-10 жыл) пайызсыз берілуі тиіс. Шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, ірілендірілген ұжымдар жұмыстарын сонда ғана жолға қоя алады. 3.Әрбір аудан орталығында кәсіптік білім беретін лицейлер салу керек. Әрбір адам, соның ішінде, әсіресе, жастар белгілі бір кәсіптік саладан өз болашағын көргісі келетіндей мүмкіндіктер жасау қажет. Өйткені, адам өзінің қайда бет алғанын анық көрген кезде ғана биікке қарай күш-жігермен талпынады. Сол үшін біліктіліктің ұлттық жүйесін (БҰЖ) құру жөніндегі барлық жұмыстарға екпін берілуі қажет. Жастардың өз біліктіліктеріне, болашағына сенімділік ұялату өзекті мәселе. Жоғары оқу орындарына түсе алмаған жастарға кәсіптік білім беруді ойластырғанымыз жөн. Ол ертең осы кәсібінің жемісін татарына сенімді болғаны абзал. Халық қалаулылары, зиялы қауым жастарды кәсіпке бейімдеу үшін насихат жұмыстарын жандандырып, көмек бергендері дұрыс. Білім алушылардың әлеуметтік жағдайлары да ескерілсе. Мәселен, олардың шәкіртақы, жатақханасы, тамағы мен киімі мемлекет тарапынан шешілсе, оқушылардың ынтасы артары анық. 4.Еңбек қатынастары саласындағы қарама-қайшылықтарды реттеудің тиімді көп деңгейлі тетіктерін құру ұсынылады. Еңбек дауларының Президент ұсынып отырған өндірістік кеңестер арқылы шешілуін қолдаймыз. Бұл жерде кәсіподақ ұйымдары өздерінің белсенділігін арттырғанын дұрыс деп санаймыз. 5.Жұмысын жаңа бастаған кәсіпорындар, ЖШС, жеке кәсіпкерлерді үш жылға дейін салықтан босатылуын ұсынамыз. Тексеруші, қадағалаушы органдардың жазалау шараларынан гөрі әдістемелік көмек көрсету шараларына бет бұрғаны дұрыс болар еді. Бұл органдар бизнестің қамқоршысына айналуы керек. Егер кәсіпорын немесе өндіріс орны жыл сайын өнімділікті арттырып, жұмыс орындарын көбейтіп жатса оларды салықтан уақытша босатуды ұсынамыз. Есесіне, қуаттылығы артқан кәсіпорын мемлекетке ертең салықты молынан төлейтін болады. 6.Елбасы корпоративті салықты 30 пайыздан 20 пайызға түсірді. Міне, осы кезде мемлекетке салық бұрынғыдан анағұрлым көп түсті. Егер кәсіпорын табысының 10 пайызын өндірісін көбейтуге жұмсаса, жаңа техникалар алса, салықты 10 пайызға кемітуді ұсынамыз . Сонда тауар сапасы жақсарады, салық та көбірек түседі. 7.Елбасының тоғызыншы тапсырмасына орай біз мына төмендегілерді ұсынамыз: –Өмір сапасының қазақстандық үлгі-қалыбын әрбір отбасында қалыптастыру; –Әрбір азамат өзі туып-өскен жерді, ауылды сүюі; –Әрбір ауыл тазалықтың, көркеюдің, тәртіптіліктің үлгісіне айналуы; –Құнтты қожайын өзі тұрған ауылдың тазалығын, көркеюін үнемі бақылауға алуы; –Ауыл тазалығын қамтамасыз етуді ауыл әкімдеріне жүктеу (түсіндіру жұмыстары, арнайы қоқыс жәшіктер әзірлеуге көмектесу. Қоқыс жәшігін сыртқа тасымалдайтын автокөліктер ұйымдастыру). - Ауыл әкімдері көктемнің бір күнін жаппай ағаш отырғызу күні деп белгілегені дұрыс. 8.Саналы өмір – сапалы табыс. Бұл орайда төмендегідей жұмыстардың атқарылғаны жөн деп санаймыз: –Даңғазалық пен ысырапқорлыққа қарсы жалпыхалықтық бастама көтеру; а).Тойлардың шығын көлемін шектеу; в).Осы істерге зиялы қауым өкілдерін жұмылдыру; г). Ауыл ақсақалдары мен депутаттарды тарту; д).Той кортеждерінің санын шектеу; ж).Тойдан үнемделген қаржы жастардың жеке есеп-шотына салынса немесе жетім-жесірлерге берілсе; з).Тойды кешкі 19.00-ден кешіктірмей бастап, 23.00-ден кешіктірмей аяқтау. 9.Ұлттық құндылықтарды ұлықтау. а).Мазарлар мен бейіттерді аяқасты етпеу; б).Еске алу күнін белгілеу; в).Мазараттарды тәртіпке келтіру; г).Зираттарды көгалдандыру; д).Қорымдарға біркелкі көктас қою. 10.«Қолжетімді тұрғын үй – 2020» және Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы бойынша мыналарды ұсынамыз: –халықтың күнкөрісі төмен топтары және жас отбасылар үшін әлеуметтік тұрғын үй салуды қоса алғанда, нарықтың құнынан төмен бағамен салынатын немесе жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үй құрылысын ұлғайту; –құрылыс салушыларға элиталық тұрғын үй құрылысына жер учаскесін бөлген кезде табыс деңгейі жоғары емес халық үшін сол деңгейде әлеуметтік тұрғын үй алаңын салу міндетін жүктеу; –жаңа шағынаудандар салар алдында инфрақұрылымдарды алдын-ала бекіту; –қауіпті аймақтар мен канал, өзен жағаларынан тұрғын үй үшін жер учаскелерін беруді тоқтату; –ипотекалық кредитпен тұрғын үй сатып алған азаматтардың құқықтары мен меншігін жосықсыз банктердің озбырлығынан қорғау; –тұрғын үй салушыларға ұзақ мерзімге пайызсыз несие беру; –көпқабатты үйлердің қасбеттерін әрлеу және күрделі жөндеуден өткізуді тұрғындармен бірлесе шешу; –пәтерлердің меншік иелері кооперативі (ПМК) жұмысының барынша ашықтығын және тұрғын үйлер мен басқа да үй-жайлардың меншік иелері мен жалдаушылары алдында олардан алынған ақша қаражатының жұмсалуы жөнінде жиі-жиі есеп беруін қамтамасыз ету; –қолжетімді баспана бағдарламасына жергілікті әкімдерді қатыстыру. 11.Ұлттық бірыңғай тестілеу. а).Биылғы тестілеу қорытындыларындағы кемшіліктерді қайталамау; б).Тестілеуді жетілдіру; 12.Мектептерде инновациялық курстар ашу. а).«Қазақстан құқығы», «Өлкетану» оқулықтарын енгізу; б).Жеке табысқа жетудің, жеке тұлғаның әлеуметтенуінің әдістемесі сынды «Акмеология» пәнін ендіру. 13.Қолжетімді білім. –«Ақ жол» ҚДП ОҚО филиалы барлық жоғары оқу орындарындағы ақылы білім жүйелерінің бағасын жылдан-жылға кемітуді ұсынады. Ғалымдар ғылыми жаңалықтарын студенттермен бірге өндіріс орындарына енгізулері тиіс. Ал, сол өндіріс орындарына түскен пайданың жартысын ғылыми жаңалық енгізген университетке, институтқа аударылса. Сонда ЖОО студенттердің қалталарына түспейтін болады. 14.Елбасының 14-ші тапсырмасына байланысты мыналарды ұсынамыз: –көпқабатты әрбір үйдің алдына шағын спорт алаңдарын салу; –салауатты өмір салтын насихаттау; –денсаулық сақтау орындарындағы тәртіпті нығайту; –тамақтану тәртібін үнемі насихаттап отыру; –әрбір қазақстандық азаматты жылына бір рет тегін медициналық тексеруден өткізу; –бұқаралық спортты дамыту; –қолжетімді спорт сарайларын көбейту; –денсаулық сақтау орындарына деген сенімділікті арттыру; –міндетті медициналық сақтандыру жүйесін, сондай-ақ жиынтық табысы ортадан төмен отбасылар үшін медициналық сақтандыру көлемін субсидиялау жүйесін енгізу. 15.Балалар бақшалары туралы. –жекеменшік балалар бақшаларына Үкімет тарапынан көмек көрсету; а).Егер балалар бақшасы бір бала үшін айына 30 мың теңге алатын болса, оның 50 пайызын мемлекеттен төлеу; б).Жекеменшік балалар бақшасын салушыларға мемлекет тарапынан көмек көрсету. 16.Тендерлер толық электронды түрде өткізу. Сыбайлас жемқорлық туғызатын алғы шарттарды болдырмау. 17.Отандық фильмдерді насихаттау. –Бұл үшін шетелдің арзанқол киносымақтарын арналардан мүлдем алып тастау; –Эротикалық фильмдерді көрсетуге тыйым салу. Баспасөз мәслихатында талқыланған пікірлер мен  ұсыныстар ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» ҚДП фракциясының жетекшісі Азат Перуашовқа жолдансын.    

Анарбек ОРМАН,

«Ақ жол» ҚДП ОҚО филиалы төрағасы

Шымкент қаласы

18 шілде 2012 ж.