Своиктей ұлтқа қарсылардың басын қосқан мұндай партияның болашағы жоқ!

1
893

     

Көп жылдан бері «оппозицияда» келе жатқан Петр Своиктің мүше болмаған саяси партиясы жоқ. Ғалым Әбілсейітов, Мұрат Әуезовпен бірігіп «Азамат» партиясын құрды, Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақияновтың тікелей бастамасымен құрылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысында, одан соң партиясында болды, Болат Әбілевтің шақыртуымен «Азат» партиясына келді, оппозициялық партиялар бірігіп, Жармахан мен Болат саяси тандем құрған соң «Азат» ЖСДП партиясына кірді, Тұяқбайдың арандатуымен екі партия бөлінуге жақын тұрған қазіргі шақта Своик ЖСДП да қалуды жөн көрді. Бұл саясаткер әрі демагог Петр Своик жүріп өткен саяси жолдың қысқаша сипаттамасы ғана.

Своик өзін идеялық жағынан «социал демократтар» тобына жатқызады. Бірақ, оның түсінігіндегі «социал демократия» Своиктің либералдардың да, олигархтардың да, социал демократияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Жармаханның да партиясына қосылуына кедергі болған жоқ. Соған қарағанда Своиктің идеясы да, көзқарасы мен позициясы да шақырған топтың «мырзалығына» қарай өзгере беретін тәрізді. Оның партиядан партияға ауысып, әр кезде әр түрлі сөйлеуіне қатысты биліктің «бұлбұлы» Ермұхамет Ертісбаев былай деген еді: «Своиктің сөзін тыңдасаңыз, ол билікке оппозиция саналатын «Азат» ЖСДП ның емес, «Нұр Отанның» мүшесі сияқты сөйлейді». Расында да, саяси «түрлене» беретін Петр Своик «тұрғын үй коммуналды шаруашылықтан» бастап Моңғолиядағы монополияға (сол елде қызмет етті) дейін қатысты сөз сөйлесе де, биліктің кемшілігін, сайлаудың әділетсіздігін, Жаңаөзен халқының қан жоса қырғынын қашанда жұмсартып айтуға тырысады. Елдің саяси өмірін қадағалап отыратын қауымға бұл белгілі жайт.

Саяси «маусымның» ауысуына байланысты өзгеретін Петр Своиктің жалғыз ғана «ауыс түйіске» ұшырамайтын, өзгермейтін, қатып қалған қағидасы бар. Ол Своиктің шовинистік, қазақ ұлтына қарсы фашистік көзқарасы. Қазақ ұлтына, тіліне, салт санасына, тіпті қазақ мемлекетінің тәуелсіздігіне қатысты мәселе көтерілсе, ол үнемі қазақты орға жығатын топтың сойылын соғып, соның сөзін сөйлейді. Айталық, қазақтың тәуелсіздігіне зор қатер төндіретін, Путиннің империялық амбициясынан туындаған Еуразиялық одақты Петр Своик қолдап қолпаштап жүр емес пе? Қолдап жүр. «Еуразиялық одаққа кірмесек, күніміз қараң болады, бұл Қазақстан үшін аса қолайлы одақ» деп жер жерде мақала жазып, қоғамдық пікірге ықпал етуге тырысып ақ жүр барынша. Петр Своиктің бұл арқылы нені көздеп отырғаны жұртқа түсінікті. Алдымен Қазақстан кедендік одаққа енеді, одан соң Путин жоспары бойынша Еуразиялық одақ құрылып, баяғы КСРО ның ықшамдалған түрі құрылады. Ал қазақтың тәуелсіздігі, ұлттық, елдік мүдде деген Своик үшін түкке тұрмайтын сөздер. Оның ойынша, қазақтың болашағы тек қана Ресейдің қол астына кіріп, соның боданында болу ғана.

Петр Своиктің қазақ ұлтына деген менсінбеушілігі мен оның келешегіне мұрын шүйіре қарауын оның соңғы сөздерінің бірінен де аңғаруға болады. Онда ол былай деді: «Если лукаво феодальную языковую политику поменять на современную, придется исходить из той реалии, что казахским государственным языком в Казахстане является русский язык. В том числе благодаря необратимо состоявшемуся русскоязычию казахских элит. Казахский же язык, исходя из тех же реалий, рано или поздно придется превращать во второй, к русскому, язык межнационального общения. Через действительное обучение в школах, стимулы и требования двуязычия для кандидатов в депутаты, министры и руководители госорганов. Только на таком пути удастся поднять казахский до второго государственного языка».

Своиктің ұстанымы тұрғысынан бұл дұрыс, әрине. Себебі, қазақ ұлтын жойып, оның келешегіне балта шабу үшін оның тілін, онымен бірге, салт санасын, ертеңіне деген сенімін өшіру керек. Своиктің көздеген мақсаты да осы болса керек.

Бірақ, Своик пен оған тектестердің бұл арманы ешуақытта да орындалмайды. Оған қазіргі күнгі қарапайым демографияның өзі мысал бола алады. Қазақтың саны күннен күнге өсіп келе жатыр. Қазір 65 пайыз шамасында болса, ертең 75-80 пайызға барып жетері анық. Ал елдегі орыс диаспорасының саны жылдан жылға азайып келе жатқаны да анық. Түрлі себептерге байланысты. Дәл қазір Қазақстанның оңтүстігі мен батыс аймағында орыс тілін білмейтін (!) қазақтардың саны күрт артты. Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Қызылорда өңірлерінде болған кез келген азамат мұны жақсы біледі. Қазіргі бір адамға негізделген авторитарлы жүйе ертең шынайы демократиялық, халыққа бағынатын билікке ауысатын болса (түптің түбінде ауысады да), «қазақ элитасы қазақша сөйлемейді» деп кім айта алады?! Ешкім де айта алмайды! Олай айтқан адам, мемлекеттік тілге мұрын шүйіріп, қазақтың келешегіне сенбейтін адам билікте бір күн отырмайды да. Сайлауда дауыс беретіндердің басым көпшілігі қазақ ұлтының өкілдері болса, оның алдына мемлекеттік тілде сөйлемейтін, сөйлегісі келмейтін, «біз түбегейлі орыстілді болдық, енді мұны өзгерте алмайсыңдар!» дейтін биліктен үміткер келсе, халық оны қолдай ма? Қолдамайды, әрине! Сол себепті, Своиктің айтып отырғаны еш негізі жоқ шовнистік арман ғана.

Қазақ тілі Қазақстанда ешуақытта да екінші мемлекеттік тілге айналмайды. Қанша тырысса да, бүгінгі Ресей мүддесінен шыға алмайтын авторитарлы биліктің өзі бұл қадамға бара алмайды. Себебі, бұл халықтың шынайы наразылығын, қарсылығын тудырады. Соңғы жылдары елде орын алған тілге қатысты шиеленісті оқиғалар осыны айқын дәлелдеді. Назарбаев өзінің не себепті ресми жиындарда мемлекеттік тілде сөйлемейтінін түсіндірген кезде «мені сайлаушыларымның жартысы түсінбей қалады» деген еді. Әрбір авторитарлы басшы тәрізді Назарбаев та өзін халықтың 100 пайызы қолдайды деп санайтынын ескерсек, демек, Ақорданың өзі мемлекеттік тілде сөйлейтін сайлаушылардың екінші жартысы барын мойындап тұр деген сөз. Яғни, дәл бүгін бір тұр ғой, мың своик «қазақ тілін орыс тілінен соң екінші мемлекеттік тіл жасайық» деп қанша тыраштанса да, бұл ешкімнің қолынан келмейтін бос әрекет болмақ.

Қазақ элитасына қатысты айтсақ, өзінің саяси болашағын жасағысы келетін шенеунік пен кәсіпкердің кез келгені қазір мемлекеттік тіл мәселесіне менсінбеушілікпен қарай алмайды. Себебі, оларды халықтың қабылдамайтынын олар түсінеді. Өткен жылы Жаңаөзен қаласында мұнайшылар ереуілі басталған тұста «Қазмұнайгаздың» сол кездегі басшысы Қайыргелді Қабылдин халықтың алдына шыға алмады. Биліктегі кейбір азаматтардың айтуынша, Қабылдиннің мұнайшылар арасына баруға жүрексінуінің бірден бір себебі оның мемлекеттік тілге шорқақтығы болған көрінеді. Әрине, мұнайшылар мәселесінің шешілмеуінің түпкі себебі Қабылдиннің қазақша білмеуінің кесірі емес, бірақ, жүз пайыз қазақ тілінде сөйлейтін халықтың арасына барып, оларға түсініксіз тілде сөйлеу елмен тіл табысуға үлкен кедергі болары сөзсіз. Басқа мысал келтірсек. Айталық, мемлекеттік тілде екі сөздің басын құрай алмайтын Құлыбаев пен Тасмағамбетовті (авторитарлы жүйенің «өнімдеріне» қатысты ғана айтып отырмыз) салыстырыңыз. Халық арасында қайсысының беделі жоғары болады? Әрине, қазақшаға судай, қазақтың жанын түсінетін Тасмағамбетовтің салмағы жүз есе артады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік тілді білмейтін, оның ертеңіне сенбейтін қандай да «элитаның» бұл елде болашағы жоқ, болмайды да.

Своиктің айтқан бір ауыз сөзіне не үшін сонша назар аудардық? Бұдан да өткен сорақылықтарды айтып жүрген Данияр Әшімбаев, Марат Шибұтов, Нұрлан Ерімбетов тәрізді ұлттық мүддеге қарсы қайраткерсымақтар бар емес пе еді? Әрине, олар да бар. Бірақ, Своик жай ғана саясаттанушы немесе саясаткерсымақ емес, ол Қазақстанда оппозициялық саналатын біріккен демократиялық партияның төралқа мүшесі! Яғни, Своиктің айтқан сөзі, пікірі мен көзқарасы ол мүшесі болып табылатын партияның да ұстанымы ретінде қабылданады. Ашығын айту керек, Своик тәрізді ұлтқа қарсы тұлғалардың басын қосқан мұндай партияның ешқандай да болашағы жоқ. Партия деген идеялас, мүдделес тұлғалардың тобынан тұрады. Партия теңтөрағасы Болат Әбілев Еуразиялық одаққа наразылық білдіріп, оған қарсы жалпыұлттық референдум өткізейік деп мәлімдесе, оның партияласы Петр Своик «Еуразиялық одаққа ойланбастан кіруіміз керек!» деп ұрандап жүр. Бұл қандай бірлік сонда? Қандай ортақ мүдде мен идея?

Осы жолдардың авторы да «Азат» ЖСДП ның төралқа мүшесі. Партия төралқасы мүшесі ретінде Своиктің мұндай шектен шыққан мәлімдемесіне мен өз наразылығымды білдіремін! Мұндай адаммен бір партияда болу түгілі онымен бір шақырым қашықтық аумағында болу мен үшін жиіркенішті. Қазақтың тәуелсіздігіне қатер төндіретін бастамаларды қолдағаны, ұлттық мүддеге қарсы шыққаны үшін партия төрағалары мен алда өтетін партия құрылтайында мен Своикті партия қатарынан аластау туралы бастама көтеремін!

  Жанболат МАМАЙ,

janaozen.net

 

1 Пікір

  1. Жанболат, осылардан аулақ бол. Өзіңнің партияңмен жұмыс жасай бер, әр аймақта өзіңнің жақтастарыңды тап. Ашықтан ашық билікке қарсы шықпа әзірше, күшің жетпейді. Кіші жұмыстан баста, мақсатың қазақ қоғамының жағдайы, оның болашағы болсын.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз