ӨЗІҢ ҮШІН КҮРЕС! Өйткені, бүгінгі жау өз ішімізде...
2012 ж. 19 шілде
1433
2


Біздің БАҒДАРЛАМАМЫЗ
1. Қазақия қағанаты (Қазақ Респубикасы) - ұлттық мемлекет! Бүгінгі күнгі әлемдік ұстанымға сай түрі - ұлттық, мазмұны – бүкілхалықтық, басқару формасы – шынайы, қазақи демократиялық мемлекетті қайта жаңғырту – бәріміздің ортақ міндетіміз. Жаһандануға жұтылмауды тек ұлттық мемлекет қана қамтамасыз ете алады. Қытай, Жапония, Германия, Франция сияқты ұлы мемлекеттердің ұлтының іргесін бар жанын сала қымтап жатқаны да сол себептен. 2. Ер - туған жеріне! Шетелдердегі отандастарымызды елге әкелу – бүгінгі күннің ең кезек күттірмейтін мәселесі! Оны шешу арқылы біз тілдік орта мен қазақтың санын күрт көбейту, ұлттық өнер мен әдебиетті дамыту, халықтың сапасын жақсарту, ең бастысы – қазақтың жаншылған рухын асқақтату секілді бірнеше мәселені бірден шешеміз.Ертең 20-30 жылдан соң қытайға, өзбекке, орысқа, моңғолға айналып бітетін, бүгін Қазақстанға қарай ұшарға қанаты болмай отырған 5 миллионнан астам бауырымызды барынша ертерек алып келудің басты құндылығы да осында. Оны қалай іске асырудың Шымкенттегі «Асар» мөлтекауданын негізге ала отырып, еліміздің әр түрлі өңіріне лайықталып жасалған тетігі көрсетілген жоспар-жоба Президентімізге де белгілі, Үкіметтің де алдында жатыр... Бауырларымызды 5 жылда көшіріп әкелуге жан аямай атсалысу - әр қазақтың перзенттік борышы! 3. Тілің – ділің! Қазақия қағанатының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Елдегі барша азаматтар оны білуге міндетті. Оны іске асыру кезең-кезеңімен әрі қатарласа, мемлекеттік ұйымдарда, мектепте, арнаулы және жоғары оқу орындарында, банк, өнеркәсіп пен құқық қорғау органдарында, 10 жыл ішінде, орындалар нақты шаралары мен мерзімдері, жауапты мекемелері көрсетілген бағдарламаға сәйкес жүзеге асырылатын болады. 10 жылда бірте-бірте өз орнын қазақ тіліне беретін орыс тілі әзірге ұлтаралық қатынас тілі боп қала береді. Қазақстан халқының барлық әлемдегідей мемлекет құраушы ұлт – қазақ ұлтының маңына ұйысуын, сол арқылы елдің қауіпсіздігі мен территориялық тұтастығын қамтамасыз ету үшін, Мемлекеттік тіл туралы заңды және оны іске асырудың нақты тетіктері көрсетілген жаңа бағдарламаны қабылдау кезек күттірмейді. 4. Дінің – діңгегің! Діндегі бөлінушілік - тілдегі бөлінушіліктен де жаман, себебі, дін – наным, ол санаға емес, түпсанаға (подсознание) байланады, ал, түпсананың санаға үстемдік ететіні белгілі. Сондықтан да діни алауыздық – ұлтты жармай қоймайтын ең қатерлі нәрсе. Еуропа мен Азиядағы кеше де, бүгін де діни бөлектік салдарынан жүріп жатқан соғыстар – сөзіміздің дәлелі. Бір ұлт – бір дін! Сонда ғана ұлт болашағы – бұлтсыз! Дәл осы мәселеде дамыған Батыс елдерінен үлгі алуымызға әбден болады. Мысалы, Ұлыбритания королевасы ресми түрде ағылшын шіркеуінің де басшысы. Бұл шіркеудің мүддесі ашық түрде алдыңғы орынға қойылған. Қалған діндер содан кейін. Ислам – үшінші орында. Францияда жергілікті шіркеу басшыларын мемлекет тағайындайды. АҚШ-та сіз протестант дінін ұстанбасаңыз, ашық айтылмағанмен, ешқашан ел президенті бола алмайсыз. Германия да сол сықылды. Іс жүзінде ұлттың, елдің бірлігін ойлау деп осыны айтады. 5. Білім - бүгінің, ғылым – болашағың! «Білім капиталы» ең бірінші орынға шыққан бүгінгі заманда бұл екеуінің маңызын айтып жатудың өзі артық. Бастауыш мектепте сабақ тек қазақ тілінде өтуі тиіс. Және онда басым бағыт қазақ тілі мен әдебиетіне, тарихқа берілуі керек. Баланың ойлау қабілетін күшейтетін шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ жеке пән ретінде, ал денешынықтыру пәніне күніне бір сабақ беріліп, командалық ойындар мен жүзу, гимнастика аптасына екі реттен жүруі тиіс. Бастауыш мекепте, әсіресе 1-сыныпта алгебра өту – бала психологиясына жасалған зорлық! Мектепті бітірген 18-дегі оқушы өзін және өзінің отбасын асырай алатындай кем дегенде екі жұмысшы мамандығын игеріп шығуға міндетті. Ғылым академиясын қайта қалпына келтіруге әлі де кеш емес. Нағыз, әсіресе іргелі ғылым университеттерде емес, академиялық ғылыми-зерттеу институттарында жасалады! Батыста оларды тек «лаборатория» деп атайды. 6. Өндіріс – өміріңнің өзегі! Әрбір тәуелсіз мемлекет дербес экономикалық саясат жүргізеді. Түрлі одақтарға кіруге асықпайды. Еуроодақтың 50(!) асқан тыңғылықты дайындықтан кейін барып құрылғанын ұмытпайық. Біз мемлекетаралық қатынастарға, әріптестіктерге, біріккен жобаларға қарсы емеспіз. Алайда, біз мемлекеттік құзырды мемлекеттен жоғары тұрған органдарға беруге қарсымыз. Стратегиялық маңызы бар кәсіпорындар мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Менделеев кестесіндегі барлық элемент бар Қазақстан өндірісі өркендеген ел болуға міндетті! Олай ету үшін кәзіргі энергия көздерін арзандату жолдары да жасалған. Тек ықылас-ниет болсын деңіз. АҚШ-тың атақты менеджері Ли Якокка 80-жылдардың аяғында дабыл қаққан болатын: «Біз не істеп жатырмыз? Тек экономист, финансист, юрист дайындап жатырмыз. Инженерлеріміздің саны жағынан Жапониядан, тіпті СССР-дан артта қалдық. Енді өндірісті Қытайға көшірудеміз. Ертең құримыз!» деген еді. Айтқаны айдай келді. Біздің де болашағымыз – тек өндірісте. Және ең сапалы өндірісте. Алла-Тағала асқан алғыр етіп жаратқан қазақтың қолынан бәрі келеді. 70-жылдардың басында миындағы жоспардан басқа ешнәрсесі болмаған Оңтүстік Кореяның үлгісі бізге сабақ болуы тиіс. 7.Өзіңді - өзің басқар! Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жасалмай, ол туралы парламентте жата-жата көнерген заң қабылданбай, жергілікті билік өкілдері жоғарғы басшылыққа емес, халықтың алдында есеп беруі жолға қойылмай қоғамға оң өзгеріс кірмейді. Бұл – демократиялық қоғамның маңызды алғышартының бірі. 8. Сот жүйесі – билікке тәуелсіз! «Ет сасыса – тұз себеді, тұз сасыса – не себеді?» дейді дана қазақ. Сот жүйесінің жемқорлыққа белшеден батқаны сондай, сол сасыған тұздың кейпін киіп отыр. Біздің басты міндетіміз – халықтың әділеттікке деген сенімін ояту. Ол үшін бірінші кезекте судъяларды халық болып сайлау арқылы, биліктің бұл тармағының шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз ету. 9. Ұлттық идея мен идеология Осы айтылған ойдың бәрін қатарластыра, ең басты назарға алына жүргізілуі – біздің ұлттық идеямыз бен идеологиямыз. Оның ішіне тегін жоғары оқу мен тегін медициналық көмек, шетелдік компаниялармен келісім-шарттарды әлемдік тәжірибені басшылыққа ала отырып қайта қарау, сол әлемдік ұстанымға сәйкес шикізаттың пайдасының 70-80 пайызы өз елімізде қалатындай етіп қайта қарау, жастарға жағдай жасау арқылы халықтың санын күрт көбейтуге бағытталған демографиялық мүлдем жаңа бағдарлама түзу, қазақ баспасөзін «шөміштен қаққанды» тоқтатып, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, т.б. аса маңызды жобалар кіреді. Біздің байланыс телефондарымыз 8-701-682-56-52; 8701-826-22-47; 8-701-566-27-91.Өмірзақ АҚЖІГІТ