Шоқайдай ұлы ұстазымызды көлденең көк аттыларға талатып қоя алмаймыз! Ашық хат

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Б.Ә.Бекназаровқа Қазақстан Республикасының Бас прокуроры А.К.Дауылбаевқа Түркістан (Қоқан) автономиялық республикасының төрағасы, Орта Азияда азаттық орнатуда ерен еңбек еткен ұлы күрескер Мұс­тафа Шоқайға байланысты Өскемен қаласындағы соттың шешімін қоғамда сыбайлас жемқорлыққа былыққан судьялардың істеп отыр­ған фарсы деп қабылдауда. Ешқандай нақты дерек көздеріне сүйенбей Данилевский, Макеев сияқты маргинал жорналшылардың М.Шоқай «фашистердің құйыр­шығы» деген жаласын қолдап отырған соттың шешімі НКВД-нің бұ­рынғы қызметкері Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күй­реуіндегі» оған жапқан жалаға негізделген. Ал, Шоқай соғыс алдында «Прометей» жорналында «большевизм мен нацизмнің арасынан таңдау жасаған – ол оба мен холераны таңдағандай...» десе, оны фашистер тұтқындап концлагерлерді ара­лағаннан кейін көргендерін хаттарында, «Сталин мен Гитлердің екеуі де қанішер», «... аш, жалаңаш, аурудан өліп жатқан қандастарымды көргенше өлгенім артық» ... 22.12.1941жылғы өлерінен (фашистердің қолынан болуы мүмкін) бес күн бұрын жазған соңғы хатында, «Гете, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр сияқты данышпандарды тәр­биелеген халықтың тұтқындағыларды осындай қорлауын көре тұрып мен «Түркістан легионнын басқар» деген ұсыныстан бас тартып әрмен қарай байланысты үземін. Бұл шешімнің жауапкершілігін сезінемін» деді. Түркістан легионы 1942 жылы сәуірде құрылды. Оны құруға М.Шоқайдың қатысы болмады. М.Шоқайдың кеңес армиясымен соғысу туралы бір ауыз да сөз айтпағанын 1948 жылы ҚСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Берлиндегі бөлімшесіне «Мұстафа Шоқайға қатысты компрматериал іздеу туралы» берілген тапсырмаға келген жауапта, М.Шоқайды қа­ралауға негіз болатын «компрматериал» таба алмағаны туралы Ресей Мемлекеттік Әскери мұрағатында сақталған материалдан көреміз (К.Есмағамбетов, Әлем таныған тұлға монографиясы). Украин Халық Республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі А.Шульгиннің, «Егер Түркістан тәуелсіздік алып, М.Шоқай тірі болса, ол Джавахарлал Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді» дегені, француздардың оны «азаттық үшін күрескенін» бағалап Парижде ескерткіш қоюы, Ресей мемлекетінің оған «Петербор тұлғасы» деген құрметті атақты беруі, Қазақстанда оған бірнеше облыс орталық­та­рында көше, мектеп т.б. аттарының берілуі оның азаттық жолындағы күресін барлық прогрессшіл адамзат мойындаған ұлы қайраткер екенінің айғағы. Фашистердің концлагерлеріндегі тұтқындарды құтқару болсын, өзі өмір бойы күрескен большевиктердің Бакудегі 26 комиссары атыл­ғанда ол серігі В.А.Чайкинмен осы қайғылы оқиғаның себептерін анық­тауға 1919 жылы 22 ақпанда Ашхабадқа барғанда сол жерде тұтқынға түскен комиссарлардың отбастарын тұтқыннан босатқанда болсын, М.Шоқай қандай қиын кезде де әділдік пен азаттық үшін күрескен қайраткер, ұлы гуманист екенін көреміз. Біз, М.Шоқайға жағылған нақақ жалаға сот органдары дұрыс бағасын береді деп сенеміз. Ол, алдымен елдің азаттығы жолында өмір­­лерін қиған ұлы тұлғалардың аруағы мен Қазақстанның тәуел­сіз­­дігінің баянды болуы үшін қажет. Шоқайдай асыл, әлем мойын­даған түркі халықтарының мақтанышы, ұлы ұстазымызды көлденең көк аттыларға талатып қоя алмаймыз! Қол қойғандар: Жанұзақ ӘКІМ – биология ғылымының кандидаты, Қазақ жара­ты­­лыстану ғылымдары Ұлттық Академиясының корр.-мүшесі, Еуропа жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі; Әбдіуақап ҚАРА – Түркиядағы Мимар Синан атындағы универ­си­­теттің профессоры, жазушы; Батырбек ШАЙЫРБАЕВ –заң ғылымының кандидаты, юстиция генералы (Қырғызстан); Ислам АТАКИШИЕВ – халықаралық «Каспий – IZ» жорналының Бас редакторы (Азербайжан); Қайролла ҒАБЖАЛИЛОВ – тарих ғылымының кандидаты, Гума­ни­тарлық, ғылымдар Академиясының корр.-мүшесі, «АЛАШ» та­рихи-зерттеу Орталығының президенті; Өмірәлі ҚОПАБАЕВ – заң ғылымдарының докторы, профессор, Д.Қонаев атындағы университеттің ректоры; Еренғайып ОМАРОВ – физико-математика ғылымдарының кан­ди­даты, профессор, Қазақ жаратылыстану ғылымдары Ұлттық Академия­сы­ның академигі, «Қайнар» университетінің ректоры; Қалқаман ЖҰМАҒҰЛОВ – тарих ғылымының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚМУ-дің әлемдік тарих кафедрасының меңгеру­шісі; Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ –тарих ғылымының кандидаты, жазушы; Мереке ҚҰЛКЕНОВ – жазушы, «Өлке» баспасының президенті; Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ – «Жас алаш» газетінің бас редакторы; Ермұрат БАПИ – «Дат» газетінің Бас оқырманы; Қазыбек ИСА – ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Мәдениет қайраткері, «Жас қазақ үні» газетінің Бас директоры; Жарылқап ҚАЛЫБАЙ – «Жұлдыздар отбасы» және «Аңыз адам» жорналдарының бас редакторы; Айдос САРЫМ – саясаттанушы, «Abai KZ» сайтының директоры; Құдияр БІЛӘЛ – жазушы, Мәдениет қайраткері, «Жалын» жорналы Бас редакторының орынбасары; Ғабиден ЖӘКИЕВ – «Ұлы дала» республикалық қозғалысының төрағасы; Қажымұқан ҒАБДОЛЛА – ақын, «Жүздесу» газетінің Бас редак­торы; Ардақ БЕРКІМБАЙ – тарихшы, жорналшы.