Семейдің гербі – Ресей патшалығының отарлау саясатын айқындайтын 1878 жылғы герб…

22
4213

 

Қазіргі кездегі қаламыздың Гербі, империалистік Ресей патшалығының билігінде болғанда қолданылған, отарлау саясатын айқындайтын1878 жылғы Семипалатинск облысынікі. Бұл Гербтің тәжін ғана алып тастап, басқа еш өзгеріссіз, бұрынғы қалпында қалдырдық та, заңдастырмай-ақ, ресми емес түрде қолданып жүрміз.

  

   Семей – ел тарихында айрықша стратегиялық маңызға ие, белгілі бір әкімшілік-аймақтық басқару жүйесінің орталығы болған, халық ежелден қоныстанған көне қала. Қала тарихы ғасырлар қойнауына кетеді. Археологиялық зерттеулерге қарағанда, қазіргі Семейдің тұрған орны ерте замандардан бері ежелгі тайпаларға тұрақ болған. Олардың ең ескісі қола дәуіріне жатады. Одан кейінгі дәуірлерде бұл арада ежелгі ғұндар, түрік қағаны, Қимақ, Қыпшақ, Керей, Найман ұлыстарының тіршілік еткені анықталды (ҚСЭ.10 том.115 б.).

         1. Қара Ертіс өзенінің орта ағысындағы оң жағалауында, бүгінгі Семей қаласы тұрған жерде IX-XI ғ. Қимақ мемлекетінің астанасы – Имакия (Қимақия) қаласы болған. Орта ғасырдағы парсы тарихшысы Гардизи «Зайн әл-ахбар» атты еңбегінде қимақ елінің құрамында жеті тайпа болғандығын жазады. Қимақ бірлестігіне енген осы жеті тайпаның құрметіне жеті тас ғибадатхана бой көтерген, олар: имек (қимақ) эймур, татар, байандур, қыпшақ, ланиқаз, ажлар тайпалары. Этникалық жағынан түркітілдес осы жеті тайпа негізінде қимақ қағанаты қалыптасады.

         IX ғ. Қимақ астанасы туралы араб географтары Әбу ибн-Хордадбехтің «Мемлекеттер мен жолдар тура-лы», X ғ. Әбубәкір әл-Хаманидің «Қалалар туралы», XII ғ. Қимақтар мемлекетінің көне картасын сызған әл-Идрисидің «Қимақ астанасы – Имакия темір қақпалы қорғандармен берік қоршалған, ішінде базарлары, ғибадатханалары бар ірі қала» делінген
тұжырымдамалары және қимақтардың 16 қаласы болғандығы, ол қалалардың көпшілігі Ертіс өзенінің жағасында тұрғандығы айтылады. Тамим Ібірі БаҺр: «Қимақтарда қала мәдениеті мен сауда-саттық істері өрістеді, Қимақ қағанының қолбасылық ордасының жа-нында тұратын қала және оның атыра-бында егін егетін отырықшы мекендері бар» десе, Әбу Даулап: «Қимақтарда жазу мәдениеті болды, оларда өздері жазу жазатын қамыс өседі» дейді. Қимақтар мекендеген аймақтардан IX-X ғ. ежелгі түрік жазуы бар қола айналар табылғандығын археологиялық айғақтар дәлелдеп отыр (ҚСЭ.6 т.557-558 б.) XI ғ.Махмұд Қашқари «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде осы қимақ елін «Иемак» деп атап, оларды біртұтас топ ретінде Ертістің жағалауындағы жерлерде көрсетеді. IX-XI ғ. қимақтар көк тәңірге, жер-су киелеріне, отқа, әруақтарға, Ертіс өзеніне сыйынды. XI ғ. басында қимақтардан шыққан Жанах Ибн Қаған әл-Қимақи деген ғалым және жазушы қимақтар туралы кітап жазған («Ибн Қаған» деген лақап атына қарағанда, ол Қимақ қағандары әулетінен шыққан). Бұл кітапта қимақтардың қалалары, бекіністері, сауда жолдары, қолөнері, егін шаруашылығы мен діни наны- мы туралы аса құнды мәліметтер берілген. Бұл кітап және оның авторы жөнінде әл-Идриси өзінің 1154 жылы жазып бітірген «Нузхат Әл-Мүштак Фихтира әл-Афақ» атты еңбегінде ерекше атап өтеді және осы кітапты пайдаланғандығын айтады да, одан үзінділер келтіреді (Н.Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. 142 б). Біз енді Имакия қаласындағы осы жеті тас ғибадатхананың, орыс зерттеушілерінің еңбектеріндегі Семипалатинск сөзінің шығу төркіні болғанына тоқталсақ. П.Паллас өзінің күнделігінде: «Семь палат», қазіргі күні «Старая крепость» аталатын жерде 1718 жылы салынған орыс бекінісі, Долон, Глуховка, Стеклянка, Белока- менка, т.б. сияқты қарапайым бекініс- станицаның бірі. Ерекшелігі болды десек, ол – «Семь палат» аталуы «Жеті сарайға» байланысты ғана» депмәлімдейді. Ал сол уақытта қазіргі Семейдің орнында ламаизм діни ілімінің белгілі бір орталығы – Зордшинкид аталатын қалмақ қаласы тұрған. 1758 жылы Жоңғар хандығы күйрегенде Зордшинкидте құлады. Ондағы будда монастры боп тұрған Жеті сарай да қирап-күйзелуге түсті. 1861 жылы Н.Абрамов: «Семиполатный бекінісіне «Семь палат»- «Жеті шатыр» деген аттың берілуін оны қалмақтар өз тілінде «Зордшинкид» деп атағанын, олай айтылуы «Жеті шатырды» жобалап салушы Лама Дорган Зордшид осы құрылыстың өзінде тұрғандықтан соның есімімен атапты» деп жазады (Лама – дін жолындағы әулие адам). Г.Миллер Тюменнің ескі мұрағаттарының ішінен: «1616 жылы 25 октябрьде орыс патшасы Михаил Феодоровичтің жазылған грамотасында «Жеті шатыр» туралы айтылады, ол кезде «Семь палатты» – «Тасмешіт» деп аталған сөздерді оқиды. 1734 жылы «Жеті шатырға» келген, зерттеген Г.Миллер өз көзімен көрген жайларын талдап, баяндайды. Ертістің оң жағында биіктеудалалық жерге салынған құрылыстың құлап бүлінгенін бейнелеп жазады. Сол жеті ғимараттың маңындағы лама қабірлерінің бірінен таңғұт тілінде жазылған жартылай шіріген қағаздардағы хаттар табылғандығы айтылады. 1653 жылы Қытайдағы орыс елшісі Ф.Н.Байков пен орыс офицері В.Чередов бұлардың әу баста бұһарлық, яғни түркілік үлгіде салынған «Жеті тас мешіт» екендігін жазады және олардың биіктігі мен әшекейлеріне таң қалады (ҚСЭ.10 том.114б.).

         Қимақ қағанаты ыдырағаннан соң да, олардың қалалары Ұлы Жібек жолындағы мәдени-экономикалық маңызын жоғалтқан жоқ. Басқыншылар оның атын ауыстырса да, орнын ауыстыра алмады. Жоңғарлар жаулап алғаннан кейінгі Имакия қаласының XVI-XVII ғ. аты Зордшинкид еді. Сол уақытта Ертіс бойын қоныстанған құба қалмақтардың аңыздарына қарағанда, 1600 – 1670 жылдар аралығында осы Лама Дорган Зордшид деген пірәдәр кісі бұрынғы «Жеті тас ғибадатхананың» орнынан «Жеті шатыр сарайларын» будда дінінің ламаизм бағытындағы салт-ғұрыптарына лайықтап, безендіріп, қайта тұрғызған. Яғни, будда монастры кейпіне енгізген. Ертістің бойында мұндай қалалар көп болған (Абылайкент, Қолбасы, Тұзқала, Қарақала, т.б.) (ҚҰЭ. 7 том. 644 б.). Ал әлі жер қойынында жатқан, сыры ашылмаған, жұмбағы шешілмеген, зерттелмегендері қаншама.

         2. I Петр патша Қазақ даласын отарлау Орта Азия және Шығыс елдерімен сауда-саттық жолына айқара ашылатын кілт пен қақпа деп есептеген және қазақ жері Ресейдің қол астында болуы қажет деп санаған. Орыстардың тұзға мұқтаждығын сылтау етіп, ең алғаш жоғары Ертіске, Қамыс көліне (Ямыш) қарай жіті жылжуы, Сібірдің генерал-губернаторы князь М.Гагариннің есімімен байланысты. Ол 1713 жылы I Петрге өзінің сұрқия жоспарын ұсынады: «Ертіс өзенінің басындағы Жаркент (Яркент) қаласының маңынан (Алайда, Жаркентті Ертіс бойында деп Гагарин қате мәлімет берген еді. Ол қала Батыс Жоңғарияда, қазіргі ҚХР-сы СУАР-ның оңтүстік шығысында) алтын кенінің көзін таптық, енді Тобылдан Жаркентке дейін әскери-бекініс салынса, Ресейдің оңтүстік шекарасын кеңейтетін біраз жерді қосып алуға болады, ол үшін Жаркент қаласын басып алу керек» дейді. Бұл хабар I Петр патшаға жеткізілгеннен кейін, 1714 жылы 22 майда ол қаланы басып алу туралы жарлық шығарған. Ертіс бойына шолғыншы отрядтарын жеделдете аттандырып, бірнеше әскери экспе-диция жіберген. Олар Ертіс өңіріне табан тіреп, жанталаса игеруге кіріскен. Отарлаудың әлемдік тәжірибесі бойын-ша, жаңа жерге алдымен әскер барып, қамал салады да, соңынан қарапайым халық келіп, ошақталып қоныстанады. Осы жүйемен әскерилер орналасқаннан кейін, француздың әскери-инженері Вобанның жобасы бойынша, Семиполатная (XVIII ғ. жазу ерекшелігі), Ямышевская, Усть-Каменогорская, Петропавловская, Омская сияқты қазақ даласында 300 бекініс салынды (Семипалатинску 285 лет. 56-б). Бұл бекіністердің міндеті – Ресейдің шекаралық аймақтарынжоңғар көшпенділерінен қорғау дептүсіндірілді де, іс жүзіндегі түпкі мақсаты қазақ жерін соғыссыз басып алуға бағытталды. Семиполатныйбекінісі 1718 жылдың жазында, Ертіс өзенінің ағысына қарай өзінің қазіргі тұрған орнынан 18 км. қашықтықта (бүгінгі Старая крепость селосы) орналасты. Бірақ, бұл жер көктемде Ертіс суының тасқынына жиі ұшырайтын болғандықтан, халықтың тұруына қолайсыз деп табылды. Ғылыми деректерде сақталған ресми болжам бойынша, бекініс кейінгі 60 жылдың ішінде төрт мәрте орын ауыстырды деп саналып келген. Ал іс жүзінде оның орны бір рет қана ауысты, керісінше оның құрылысы төрт кезеңге бөлініп салынды. 1776 жылы 18 майда қазіргі тұрған орынға тұрақтады (бұл орын қаланың орталығында, мұнда Семипалатинскінің 250 жылдығы құрметіне арналған ескерткіш белгі орнатылған).

         Орыстардың қолына толықтай өтіп, уездный город мәртебесін 1782 жылы 20 октябрьде алғаннан кейінде, барлық құжаттарда Зордшинкид қаласы Семиполатный болып аталып жүрді. Тек 1783 жылы 27 октябрьде ғана арнайы бұйрықпен «Семипалатинск қаласы» деп атау ұйғарылды. Ал 1851 жылы 23 ноябрьде Семипалатинск қаласы өзінің бірінші Гербіне ие
болды (№1-ші сурет). 1854 жылы Семипалатинск қаласы әкімшілік орталығы болып, Семипалатинск облысы құрылды. Патшаның жарлығы бойынша қазақ даласын түпкілікті отарлау мақсатымен 1868 жылы 14 октябрьде Семипалатинск губерниясы құрылды. Оның құрамына Павлодар, Усть-Каменогорск, Қарағанды, Жезқазған, Солтүстік Қазақстан облыстары кірді. 1878 жылы 5 шілдеде басқа да, 46 губерния мен облыстар сияқты, Семипалатинск облысының да жаңа екінші Гербі бекітілді (№2-ші сурет).

         3. 1917 жылдан бергі аралықтағы Совет өкіметінің тұсында, Семипалатинск аталған туған қаламыз, жүйелі социалистік құрылыстың жоспарлы бесжылдықтарының арқасында гүлденіп, көркейді. Қазіргі заманғы өнеркәсіп, білім мен мәдениет ошақтарының іргетастары қаланып, бүгінгі қаламыздың кескін-келбеті толықтай қалыптасты. 1968 жылы Семипалатинск қаласының 250 жылдығы тойланды. Бұл мерекеніөткізуге байланысты қалалық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары қалалық Советі көптеген игі шаралар ұйымдастырғаны мәлім. Соның ішінде, Семипалатинск қаласының Гербі және «Құрметті азаматы» атағын белгілеу мәселесі де болды. Еңбекшілер депутаттары Семипалатинск қалалық Советінің 1968 жылы 15 мартта болып өткен VII сессиясының 15-ші шақырылымында, Семипалатинск қаласының Гербі және «Құрметті азаматы» атағы тағайындалды. Семипалатинск қалалық Советінің Семипалатинск қаласының Гербі және «Құрметтазаматы» атағын бекіту туралы №3378 шешімі 1968 жылы 23 апрельде шықты. Семипалатинскінің тарихындағы жаңа үшінші Гербі дүниеге келді (№3-ші сурет).

         4. Қазіргі кездегі қаламыздың Гербі, империалистік Ресей патшалығының билігінде болғанда қолданылған, отарлау саясатын айқындайтын1778 жылғы Семипалатинск облысынікі. Бұл Гербтің тәжін ғана алып тастап, басқа еш өзгеріссіз, бұрынғы қалпында қалдырдық та, заңдастырмай-ақ, ресми емес түрде қолданып жүрміз. (№4-ші сурет). Мұрағат құжаттары бойынша, Семипалатинск қаласының заңды Гербі – №3 суретте көрсетілген Совет өкіметі кезіндегі Семипалатинск қаласының Гербі болып табылады. Кешегі Совет өкіметінің кез келген символдық белгілері, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның нышандарын сипаттай алмайды. Бұл әрбір саналы азаматты ойландыратын жайт. Біз, тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің өзіне тән қасиетті белгілері болуы керек, оны ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы да осы.

         Бүгінде өз тағдырын өзі айқындаған, қазақ ұлтының жас егеменді мемлекеті, бүкіл халқымыз жаңаша жағдайда тұр. Оның үстіне, 2007 жылы 21 маусымда Елбасымыздың Жарлығымен Семипалатинск қаласының екі тілде де бірдей атауы Семей болып өзгертілді. («Семей» деген сөз – көне түркі қауымына жататын сарыұйғырлар тілінде «киелі мекен» мағынасын білдіреді. Киелі мекен – көне түркілер құлшылық ететін орын ғибадатхана. Академик С.Е.Малов. «Язык желтых уйгуров, словарь и грамматика»).
Осылайша, басынан түрлі кезеңдерді өткерген, бір кездегі қимақ қаласы – Имакия, қалмақ қаласы – Зордшинкид, орыс қаласы – Семипалатинск болып, енді қазақ қаласы – Семей деп аталды. Қаланың атын түзеттік, затын да түзетер кез жетті. Биыл, тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттікрәміздерінің қабылданғанына 20 жыл толуы қарсаңында, Семейге жаңа төлтаңба қажет-ақ. Семейдің жаңа төлтаңбасы – тәуелсіздігіміздің қасиетті, біріктіруші бейнесін танытып, егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі ретінде, қала жұртшылығын
жігерлендіріп, рухтандырып тұрса, ең басты құндылық, келісті, көркемдік шешімін тапқан ұлы идея – еркіндік идеясы біздің есімізде мәңгі тұрады.

№1. Семипалатинск қаласының Ресей империясы дәуіріндегі гербі

1851 жылдың 23 ноябрінде Семипалатинск қаласы өзінің алғашқы гербін алды. Көк түсті қалқанның бетінде күміс ай мен бесбұрышты жұлдыз астындағы дала, тоғыз жолдың торабында тұрған сауда орталығының белгісі – үстіне жүк артқан алтын түйе керуені бейнеленген. Қалқанның жоғарғы жағында қамалдың қабырғалары көрсетілген.

№2. Семипалатинск облысының Ресей империясы дәуіріндегі гербі

         1878 жылдың 5 июлінде, басқа да 46 губерния мен облыстар сияқты Семипалатинск облысының гербі бекітілді. Көгілдір түсті қалқанның бетінде күміс ай мен бесбұрышты жұлдыз астындағы дала, үстіне жүк артқан алтын түйе керуені бейнеленген. Қалқан ертедегі патшалық тәжбен айшықталып, алтын емен жапырақтары Александр лентасымен буылып, көмкерілген.

№3. Семипалатинскінің КСРО дәуіріндегі гербі

         1968 жылы 23 апрельде Семипалатинск қаласының құрылғанына 250 жыл толуына орай, Семипалатинск қалалық Советінің №3378 шешімімен Семипалатинск қаласының Гербі және Құрметті азаматы атағы бекітілді. Семипалатинск қаласының гербі конфигуральді формалы қалқан бетінде бейнеленген. Оның оң жағы қызыл түске боялған, ол – қалада Совет өкіметі революциялық жолмен орнағандығын білдіреді. Сол жағы ашық көк түсті, ол-мәңгілік көк аспанның символы. Қалқанның ортасында Советтік Социалистік қаланы бейнелейтін қызыл жұлдыз бар. Жұлдыз астында беті ашылған кітап жатыр, ол-қаланың студенттер мен оқушылар қаласы екендігін білдіреді. Ашық кітаптың сол жақ бетінде қалаға ат беруге себепші болған жеті шатыр. Оң жағында-күн сәулесіне бөленген өнеркәсіп орындарының бейнесі.

№4. Семей қаласының қазіргі гербі

         Қазіргі уақытта арнайы бекітілмеген, тәжі ғана алынып тасталынған, бұрынғы Семипалатинск облысының гербі-Семей қаласының гербі ретінде ресми емес түрде қолданыста жүр.

Айдын ЫРЫСБЕКҰЛЫ,
«Туған қалам – Семейім»
қоғамдық қорының төрағасы

Семейде патшалық кезең мен кеңестік кезеңнің төлтаңбалары дәріптелуде
http://www.qazaquni.kz/?p=21076

22 ПІКІРЛЕР

  1. Орыс гербінің сақталуы – рухани жетімдіктің салдары.Қашаған жыраудан:»…Бұл дүниеде не жетім?
    Кім қажетсіз болса сол жетім.
    Хакімі әділ болмаса,
    Бұқара байтақ ел жетім..».

  2. Қайран біздің әкімдер-ай жұмыстары ауыр ғой арқалары жауыр ғой күнде тендер откат коп басқаға онда уақыт жоқ………….

  3. Айбек Каримовты қолдайтын әкесі Сапарбаев, жұрттың көзінше өтірік ұрсып былай шыққанда арқаңнан қағатын осындай әкең болса әліде ұзаққа шабуға болады.

  4. Бұлар басқаны білмеседе жеуді жақсы меңгерген ғой оларға ел-жер,салт-сана тек теңгемен өлшенеді,

  5. Күресті тоқтатпаңдар! Қалаға жаңа төлтаңба қажет екенін әкім біледі бірақ соған бөлінген ақшан өзі жеп қойған шығар, құлқыны жақсы дейді ғой.

  6. Ақсуаттың Айдыны дегенмен жарадың турасын айтып мық шегемен қададың,Сөзің дұрыс енді не тұрыс бізге керек төлтаңба ,Төрімізге келтір содан соң аюдай талтаңда,

  7. Алаштың Айдыны! Сізді Семейліктер қадір тұтады. Бастаған ісіңізді аяғына дейін жеткізетініңізге Семейліктер сенеді! Біз,Сізбен біргеміз!

  8. Семей әрқашанда күреспен шыңдалған қала, билік қанша төмендеткісі келсе де біз үшін биіктеп асқақтай береді.

  9. Алашымның елім деген азаматтары аман болыңдар,сендер болмасаңдар жергілікті билік ойларына келгенін істейді. Әкім толғандыратын елдің намысы абыройы, болашағы емес өзінің бір күндік мансабы. Тоқтатпаңдар күресті тек қана АЛҒА!!!

  10. Айдын мырза астыңа тай, аузыңа май.Семейге жаңа төлтаңба керек, ескіні аңсайтындар үйінің төріне іліп қойсын,Алаштың астанасына атына заты сай төлтаңба керек,ұйықтамаңдар Семейлік азаматтар басқа жоққа қашып кетсеңдерде Семейдің елесі алдарыңнан шығады,

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз