ПАРАҚОРЛЫҚТЫ ЖЕҢУДІҢ ЖОЛЫ БАР НЕМЕСЕ СІЗ ӨЗІҢІЗДІ ТЕКТІМІН ДЕЙ АЛАСЫЗ БА?

                Қазір пара туралы әңгіме айтылса ешкім де таң қалмайды. Қоғамдық орындарда, кәдімгі үйреншікті әңгіме сияқты, бейтаныс адамдардың ортасында ашық айтыла беретін болды. Біреулері бермесіңе қоймайды десе, екіншілері алмауға амалың жоқ дейді. Бір таңқаларлығы, пікір білдірушілердің ешқайсысы ешқашан өзін кінәлі санамайды. Сонда қоғамның бұл дертінің, қылтамақ кеселі сияқты, емі қашан табылары белгісіз болғаны ма? Парақорлықтың, шынында да, өте өміршең құбылыс екенін тарих та растайды. Әлем өркениетінің танымал тұлғаларының бірі – біздің дәуірімізге дейінгі 100-44 жылдары өмір сүрген Гай Юлий Цезарьдің өзі билік басына келгенге дейін диктатор Сулланың қуғынында жүріп, соңына түскендерден пара беріп құтылып отырғаны белгілі. Кейін император болған шағында байып кеткені соншалық, өзінің жұмсаған қаражат мөлшерін есеп кітабына жазбауды бұйырған. Бұндай бұйрықтардың неге пайда болатыны айтпаса да түсінікті. Рим империясының басқа азаматтары да қылмыстық әрекеттен алыс жүрмеген. Бірде Публий Сулла мен Луций Атроний сайлаушылардың дауысын пара беру арқылы сатып алғаны анықталған. Бұл бүгінде тарих оқулықтарында «адамзат дамуының үлгілі өркениеті» деп оқытылатын үлкен империяның тіршілігінің аз ғана көріністері. Осы және басқа да жағдайлар туралы Тай Светоний Транквилдің «Он екі патшаның өмірі» атты кітабында молынан жазылған. Әйгілі венециялық саяхатшы Марко Поло өзінің 1298 жылы жазған «Әлем түрлілігі» атты кітабында Ханбалық қаласындағы бір Ахмах деген кісінің өзінің ханға жақындығын қалай пайдаланғанын әңгімелейді. Ахмах егер біреудің әдемі қызы барын естісе, оған өзінің шабармандарын жібереді екен. Олар «сен қызыңды Ахмахқа берсең, ол саған қалаған лауазымыңды әпереді» деп хабар жеткізетін болған. Осылайша қыздарын параға бергендер ертеңіне жоғары лауазым иелері болып шыға келеді екен. Бірақ, ақыр соңында бұл әрекеттері насырға шапқан Ахмах әбден зығырданы қайнаған қытайлардың қолынан қаза тапқан. Орыс тарихшысы Н.Ядринцев 1882 жылы өзінің «Сібір колония ретінде» атты еңбегінде мынадай деректерді келтірген: «По распоряжению Сперанского за грабежи и взятничество были переданы суду два губернатора, 48 чиновников, а всего замешанных в преступлениях было 681 человек. Кроме того, с виновных в должностных преступлениях, прежде всего, взятках, были взысканы деньги на сумму 22 миллиона 847 тысяч рублей». 2004 жылы «Өлке» баспасынан шыққан «Русские писатели о Казахстане» атты кітаптың 98 бетінде ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Потаниннің мынадай естеліктері бар: «При Госфорте в крае царил дикий произвол подчиненных ему властей. Все должности были оценены и продавались за определенные суммы, львиная часть которых доставалось советнику Главного управления Почекунину, приближенному Госфорта. Взятки брались просто открыто. Мелкие власти, зная что им все пройдет безнаказанно, чинили всяческие безобразия. И все это делалось у всех на виду. Вся администрация Омска жила в богатстве, имела хорошие дома, комфорт, а низы страдали». Мәдениеттіліктің ошағы делінетін Франция да Ресейден алысқа ұзай қоймаған. Жазушы Роберт Гриннің «Биліктің 48 заңы» атты кітабында Люстиг есімді бір алаяқ өзін мемлекеттік шенеунікпін деп таныстырып бір іскерді «атақты Эйфель мұнарасы аукцион арқылы сатылады, соны сіздің сатып алуыңызға көмектесе аламын» деп сендіріп, пара алғаны туралы жазылған. Бұл оқиға француз шенеуніктерінің қандай болғанын аңғартады. Пара алу әдісін қазақ халқының өкілдерінің де өз мүмкіндігінше меңгергені белгілі. Оған уақыттың шаңы басқан тарих атты көне кітаптың беттерін ашып көз жеткізуге болады. Қоқан ханының жандайшабы, халыққа тырнағын әбден батырған Мырзаби бекті көтеріліс көсемі Мұсабек батырмен бірге өлтіруге қатысқан  қазақтың батыр әрі ақын ұлы Мәделіқожаның: «Бұл күнде болыс болмас ақшасы жоқ» деуі сол кезгі өмірдің нақты келбетін айқын көрсетеді. Қазақ халқының болашағын ойлап, жанын қинай-қинай өткен ғұлама ақын Абайдың өмір сүрген ортасы да параға белшесінен батқан. Бұны заңғар жазушы Мұхтар ағамыздың нақты тарихи деректерге сүйене отырып жазған «Абай жолы» роман-эпопеясын оқыған әрбір қазақ біледі. Осы шығармасымен қазақтың жақсы жағын барша әлемге паш еткен кемеңгер туған халқының болмысының келеңсіз жақтарын Абай мен досы Ерболдың пікірлесуі арқылы әшкерелейді: «– Билер ше? Бидің бәрі жемтіктес пе? – Бидің көбін барлай алмадым. Бірақ олардың да жеп жатқанында шек-шүба жоқ. Өзің ойласаңшы, Керей-Тобықтының, Сыбан-Тобықтының, Бура-Тобықтының дауы болса, оны әуелі болыстар арқылы айтысады. Биге болыстар айдап беретін болса, сол болыс алдын-ала ым-жымды өзі жайлайды. Биге бергенде жең ұшынан жалғасып, «анаған кессең аламыз», «мынаның кіна сұмдығын кешсең аламыз» демей отыр ма! Сүйтіп, болыстың да парасы биліктен келеді. Содан түседі. Ал билік би аузымен айтылады. Аузымен адалдықты айтам деп ас жемей, әулиелік істеп отыратын біздің Жиренше, Әбділда, Оразбайлар ма? – Өй, шыныңды айтшы, Жиренше мен Оразбай да жей ме? – Бәлі, ол не дегенің?!. – Бір кезде ел сөзіне сол екеуінің араласуына менің өзім себепші болып едім. Кісілік абройды ерте алып екеуі де қатты малданды деп естимін. Тым құрыса, арам жемесе несі кетер еді! Әлде сенікі үстірт болар. Әлі де соларды адал дегім келеді. Ал оларың тағы жеміт болса, онда кімің қалды? – деп Абай үлкен бір дағдарыс ойға тірелгендей. Өзінен өзі сұрағандай бір сөзді айтты да ары қарай әңгімелеспеді». Абайдың замандасы, Оңтүстіктен шыққан ақиық ақын Майлықожаның: «Құрдас деп үйір болмаңыз, Өзіңнен күшті ұлықты» деуінде де көп астар жатыр. Пара алу індетінің құрығының қаншалықты ұзын екенін қазақ халқының мақал-мәтелдерінен де көруге болады: «Ақша ашпайтын құлып жоқ», «Ақшада көз жоқ», «Алтын көрген періште жолдан таяр», «Бара бергенше, пара бер», «Берген перде бұзар»... Шенеуніктер саны 18 миллионға жеткен кешегі Кеңес өкіметінің тұсында да парақорлық кеңінен дамығаны соншалық, «шенеуніктік мәдениет» деген ұғым пайда болды. Қазіргі таңда бұл сөз тіркесі басқа ұғымдармен қатар сөздіктерде орын тапты. «Шенеуніктік мәдениет» – мемлекеттік басқару құрылымдарында қызмет ететін қызметкерлердің жұмыс істеу әдісі. Олар көбінесе барлық мәселенің шешімін «жоғары жаққа» тіреп қойып, өз мойындарына ешқандай жауапкершілікті алмайтындар. Осылайша олар өздерінің қандас бауырларын, отандастарын пара беруге мәжбүрлейді. Қазір пара алу мен берудің жолдары да көп. Сондықтан, қоғамның қай саласын алсаң да: «Жаман адамға ісің түссе Жаныңды сұрар шешуге» деген жағдайға келіп тұрғаны да рас. Парақорлықтың кең етек жаюының себебі неде? Кейбіреулер бұл сұраққа тіршілік ету қымбат, ал жалақы төмен деп жауап береді. Басқа да түрлі пікірлер жеткілікті. Бұлардың бәрін ести отырып, бір ойдың ең аз айтылатыны таң қалдырады. Ол адамгершілік құндылықтары беделінің ақшаның беделінен төмен қойылуы. Бүгінгі қоғамның парақорлық дертінің ең басты себебі осы. Ал енді бұл тығырықтан шығар жол бар ма? Ондай жол бар. Ол үшін еліміздің әр азаматы өзін тәуелсіз Қазақстанның бір бөлшегімін деп танып, мемлекеттік мүддені ту етіп, өзінің қоғам алдындағы құқы мен жауапкершілігін қоғамдық өмірде заң шеңберінде қолданылуын талап етіп өмір сүруі қажет. Себебі, әділ қоғам өзінен өзі құрылмайды. Римді өзіне қаратқан Аттила-Еділ батырға Теодоз деген римдік ақсүйек: «Сіз қай текті атаның ұлысыз?» деп сұрапты. Сонда Атилла бабамыз: «Мен текті ұлттың ұлымын!» деп жауап беріпті. Егер Қазақстанның әр азаматы өзін Аттила бабасындай текті ұлттың перзентімін деп білсе, алынбайтын қамал, шешілмейтін мәселе жоқ. Сонымен, құрметті оқырман, сіз өзіңізді тектімін дей аласыз ба? Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы