ЛАҚАП АТТАРЫ БАР 12 КУӘ СОТҚА СЫРТТАЙ ҚАТЫСУДА

0
1293

Ақтаудағы соттың оныншы күні, Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің хабарлауынша, сотталушы Талғат Сақтағановтың бұлтартпау шарасын өзгерту жөніндегі адвокат Ардақ Батиеваның талап-тілегі бойынша судья шешімін жариялаудан басталған.

Аралбай Нағашыбаев адвокаттың дәлелдерімен ішінара келіскенімен, яғни, Сақтағановқа қатысты бұрынғы тергеуші, қазіргі жәбірленуші Жандарбековтің тергеу шаралары күшін жойғандығын мойындағанымен, өкінішке орай, талап-тілекті қанағаттандырмай тастаған. Алайда адвокат сот мойындаған жағдай келешекте Талғаттың ақталуына өз септігін тигізуі мүмкін деп үміттенеді.
Одан соң адвокат Әлібиев те сотталушы Әбдірахмановтың бұлтартпау шарасын өзгертуді өтінген. Себеп – СИЗО-ға қамалғаннан кейін оның қорғауындағы азамат ашық формадағы өкпе ауруына (туберкулезге) шалдыққан, сондықтан ол сотталушы орындығында отырып, медициналық маска пайдаланады екен. Бірақ прокурорлар бұлтартпау шарасын өзгертуге қарсы шыққан, ал сотталушылар мен адвокаттар түгел Әлібиевті қолдаған. Сотқа төрағалық етуші әзірше өз шешімін мәлімдемеген.
Сот отырысының алғашқы жартысында шақырылған жәбірленушілердің көбі келмей қалып, тек алтауы сұралған. Оның үшеуі – жеке кәсіпкерлер, өз талап-арыздарынан бас тартқан, қалған үшеуінің («Өзенинвест» коммуналдық мекемесі, микронесиелік ұйым және өрт қызметі) қорғаныс тарабы қажет еткен құжаттары болмай қалып, судья оларды сотқа қайтадан келуге міндеттеген. Ал, Маңғыстау облыстық өрт сөндіру департаментінің заңгері Қайрат Ізмұқанов алаң маңайындағы өрттердің сөндірілмеу себебін «белгісіз адамдардың тас лақтыруына байланысты қызметкерлердің қауіпсіздігін сақтау үшін өртті сөндірмей, кейін қайту жөнінде шешім қабылдануымен» түсіндірген!
Судьяның айтуынша, бүгінгі күнге барлығы 152 жәбірленуші сұралған. Қалған 36 жәбірленушінің арасында, іс материалдарына сәйкес, 30 миллион теңгелік шығын шеккен «Нұр Отан» партиясы да бар көрінеді.
Сот отырысының екінші жартысы 15:00-де басталған, соның алдында бүгін сағат 12-лерге таман сотталушы Қанат Жүсіпбаевтың жұбайы қыз босанғандығы жөнінде хабар келген. Иншалла, сәбилің бауы берік, өмір жасы ұзақ, бақытты болғай!
Жәбірленушілерді сұрау жалғасып, Жаңаөзенге 14-желтоқсан күні Шетпе поселкесінен 15 адам өз автокөліктерімен келген (АІІБ-де көлік болмағандықтан) екі полицей бұрын, яғни, 2009-10 жылдары, мұндай іссапарға арнайы құрал-жабдықтар алып келмегендіктерін көрсеткен. Сұрау барысында оларды тергеу ісі процедуралық заң бұзушылықтармен жүргізілгендігі, атап айтқанда – тергеу әрекеттерінің хаттамасы жасалмағандығы, сотталушыларды «тану» кезінде статисттер болмағандығы анықталған. Екі полицей де 37 сотталушының ешқайсысын бірдемені өртеу, қирату немесе әлдекімдерді ұрып-соғу үстінде көрмегендіктерін айтқан.
Төрт жәбірленуші кәсіпкерді сұрау үстінде олардың екеуі өз талаптарынан бас тартқан. Содай-ақ, зейнеткерлік қордың өкілі де өзінің тек жеке заттары бүлінгендігін айтып, талабынан бас тартқан.
Жиһаз саудалайтын «Идальго» ЖШС-ның өкілі Ахметова Гүлмираны сұрау үстінде қызық жәйттер орын алған. Мәселен, оның сөзінше, өздеріне КДО (кәсіпкерлікті дамыту орталығы) мен «Самұрық-Қазына» қоры айналым капиталын толықтыру үшін кредит береміз деп уәде еткен, бірақ, соған қарамастан, ЖШС талабынан бас тартпаған. Осыған орай адвокаттардың: «Осы қылмыстық іс материалдары бойынша белгісіз тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бөлек өндіріске шығарылғандығын білесіз бе? Осы іс бойынша шағымды қараусыз қалдырып, азаматтық талап-арыз беруге болатындығын білесіз бе? ЖШС мемлекетті сотқа беру мәселесін қарастырды ма?» – деген сұрақтарының барлығына Ахметова: «Білмеймін», – деп жауап берген.
Оның есесіне соңғы сұраққа айрықша назар аударған прокурорлардың бірі – Ақбаев судьяның рұқсатымен маңғаздана сөз сөйлеп, оны: «Қылмыстық істер бойынша мемлекет төлегенін қайдан көріп едіңіз?» – деген сұрақпен аяқтаған. Әлбетте, мұндай оғаш пікір адвокаттардың қарсылығын тудырған, алайда судья олардың «дискуссия» жасауына тыйым салған. Дегенмен, адвокаттардың бірі: «Прокурорлар қаланың бұрынғы әкімі Сарбөпеевтің киіз үйлерге қатысты кепілдік хаты жөнінде не айтар екен?» – деп сұрап үлгерген, бірақ ол сұрақ жауапсыз қалған.
Өз кезегінде судьядан рұқсат алып сөйлеген сотталушы Өткелов, жәбірленушілердің көбісі заң білмегендіктен, мемлекеттің өздеріне беретін көмегі олардың талаптарының сотта расталуына байланысты болады деп ойлайды деген пікір білдірген. Сондай-ақ, өткен аптада Бас прокуратура жасаған мәлімдемеге сәйкес, КДО-ның жоғарыда сөз болған кредиті де бәріне бұйыра қоймас деген де ой айтылған.
Сот отырысының аяғында судья адвокат Әлібиевтің талап-тілегіне байланысты медициналық анықтаманы жария еткен. Оған сәйкес, 1988 жылдың 14-сәуірінде туған Әбдірахманов Есенгелдінің туберкулезбен ауыратындығы СИЗО-ға қамалғаннан соң анықталып, ол диспансерлік есепке қойылған. Қазір оған ДОТС терапия (туберкулезді тоқтату) тағайындалған. Осыған орай адвокат Әлібиев анықтама берген дәрігерді толығырақ сұрау үшін сотқа шақыруды өтініп, сонымен сот отырысы аяқталған.
Бүгінгі сот отырысына қатысқан Шетпедегі тәртіпсіздіктерге байланысты тергеудегілердің туған-туыстарының айтуынша, олардың соты 17-сәуірге тағайындалып, оралмандарды бейімдеу орталығында өтетінге ұқсайды.
Қорыта айтқанда, Ақтауда өтіп жатқан сот процесін, сірә, билік толық үстемдік етіп, ал халық оның табанының астында тапталған үлкен Қазақстанның айнадағы кішігірім көрінісіне теңесек, қателеспеспіз деп ойлаймын.
Сотталушылар құқытарының бұзылуы жөніндегі кейбір фактілер:

1. Тергеу кезінде сотталушыларды қорқытып-үркіту, ұрып-соғу, азаптау әрекеттері орын алған, алайда олардың барлығы мұны жария ету және құқықтық көмек алу мүмкіндігінен айырылған.
2. Бір адамның екі статусқа ие болуына заң тыйым салса да, Талғат Сақтағанов тұтқындалған соң оған қатысты тергеу әрекеттерін жүргізген тергеуші кейін жәбірленуші болып мойындалған
3. Журналистерді сот процесіне бірде кіргізіп, бірде кіргізбей қою сотталушылардың ашық және жариялы сотқа құқығын бұзуда.
4. Сотталушыларға, әсіресе олардың жарақат алғандарына қатысты қолданылған бұлтартпау шаралары тіпті оларға тағылған айыптар тұрғысынан да тым қатал. Ал, мұнайшылардың жеті ай бойы заңды ереуіл өткізіп, күш қолданбай күрескендігін ескерсе, сот шаралары еш негізсіз қатігездік сипатқа ие болады. Оның үстіне, 16-желтоқсан күнгі қанды қасап үстінде жақындары қаза болған азаматтардың темір торда отырып, керісінше, халыққа оқ атып, көптеген адамның ажалына себепші болған полицейлердің «жәбірленуші» аталып, бостанықта жүруі сотталушыларға өте ауыр психологиялық салмақ салуда. Сондай-ақ, кейбір полицейлер, өздерінің айтуынша, «моральдық шығын» үшін өтемақы алған, ал оқты қарудан ауыр жарақаттар алған сотталушылар сол үшін сотқа беру құқығынан айырылған.
5. Айыптау жағының 12 бірдей «куәнің» лақап аттар алуы және сотқа «сырттай қатысуы», демек, жалған екендігі алдын-ала белгілі «куәліктердің» сот үстінде тексерусіз қалатындығы да сотталушылар құқығын өрескел бұзады.
6. Не судьяның, не прокурорлардың өздерінің тікелей міндеттерін саналы түрде орындамауы, яғни, материалдық шығын шеккендердің құқықтары мен мүмкіндіктерін мұқият түсіндірмеуі, соның салдарынан жәбірленушілердің «мемлекет уәде еткен көмекті ала алмай қаламыз» деген қауіппен сотталушы азаматтарға көмегі тиюі мүмкін әрекеттерге бармауы да соңғылардың құқықтарына өз зардабын тигізуде.
7. Сотталушылардың мүмкіндіктері мен өкілеттіліктерін тергушілерде болған және мемлекеттік айыптаушыларда бар (дәлірек айтсақ – олар заңсыз иемденіп алған) мүмкіндіктер мен өкілеттіліктермен мүлде салыстыруға келмейді. Мәселен, біріншілеріне адвокаттарымен жолығудың өзі үлкен проблема. Немесесалыстырмалы мысал үшін, прокурорлар сотталушыларға әкіреңдеп, жекіп, тіпті, қорқытып сөйлесе де (прокурор Сыдықов: «Шықшы бері!»), оларға «түк болмайды», ал сотталушылар прокурорларға ұқсас мінез көрсетер болса, дереу жазаға тартылар еді…

АДВОКАТТАР    СУДЬЯҒА   СЕНІМСІЗДІК БІЛДІРДІ 

 Ақтаудан хабарласқан Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің мәліметі бойынша, 11-сәуірде өткен сот процесінің 12-ші отырысы судья Аралбай Нағашыбаевтың бұйрығымен 28-наурыз күнгі бейнетаспаны көрсетуден басталған.

Сотталушылар отыратын жердің үстінде бекітілген бейнекамерадан түсірілген және ұзақтығы 3 минуттен аспайтын роликке жалпы көрініс қана түсіпті. Одан, тіпті, судьяның өзінің бет-әлпеті мен еріндерінің қимылын ажырату мүмкін болмаған. Ал оның кадр сыртындағы (?) дауысы «жәбірленушілерден соң куәлар сұралатындығын» мәлімдепті. Соншама күдікті роликті қарап шыққан соң, журналистер мен басқа да техникалық мүмкіндіктері бар азаматтарға сот процесінің үнжазбасы мен бейнежазбасын ашық жүргізу мүмкіндігін беру қажеттігі бұрынғыдан бетер айқындала түскен.
Одан соң адвокат Батиева сот жүргізу тәртібін өзгерту, яғни, жәбірленушілерден соң сотталушыларды емес, куәларды сұрау жөнінде талап-тілек жасаған, оны өзге адвокаттар мен сотталушылар түгел қолдап, прокурорлар қашанғы «әдетімен» бұған қарсы болған.
Адвокат Досболов сотталушы Таңатар Қалиевтің тергеу сатысында берген барлық көрсетулерінің күші жоқ деп тану жөнінде талап-тілек жасаған.
Осыдан кейін адвокат Батиева ауызша, ал адвокат Жуаспаева жазбаша түрде судья Нағашыбаевқа сенімсіздік (отвод) мәлімдеген. Мұны олар судьяның тергеу кезінде Сақтағановтың құқықтары бұзылғанын назарға алмауымен, сот жүргізу тәртібінің өзгеруін қорғауындағылармен талқылауға мүмкіндік бермеуімен, жәбірленушілерді аяғына дейін сұрамауымен, сотталушыларды сұрау кезегі жөніндегі адвокаттар пікірін ескермеуімен, отырыстардың дыбыс және бейнетаспаларын беруді тым созып жіберуімен, отырыстар хаттамасын уақытында бермеуімен және басқа себептермен негіздеген.
Бұл мәлімдемелердің судья үшін тосын жағдай болғандығы сонша, ол қатты абыржып отырып тыңдаған. Тыңдап болып, жарты сағатқа «кеңесу» бөлмесіне кеткен. Үзілістен соң өзін «Ақтау қалалық сотының судьясы Досетов» деп таныстырған мантиялы бейтаныс келіп, адвокаттар мәлімдемесі бойынша пікір айтуды өтінген. Өкініштісі, мәлімдемені адвокаттардың тек үшеуі ғана қолдап, Қосбағаров қарсы болып, қалғандары соттың еркіне қалдырған. Прокурорлар, әрине, қарсы болған, ал прокурор Ақбаев «адвокаттар өз мәлімдемесімен процеске дайын еместігін бүркегісі келеді»-міс деген пікір айтқан. Ең таңқаларлығы – бүкіл 37 сотталушының адвокаттар мәлімдемесіне қарсы шығып, Нағашыбаевтың сот процесін жүргізе беруін қолдағаны! Залда отырған екі жәбірленушінің бірі мәлмдемені қолдап, екіншісі бейтарап қалған.
Кеңесу бөлмесіне кеткен Досетов жарты сағаттан соң келіп, мәлімдемені қанағаттандырмағанын жариялаған. Нағашыбаев қайтып оралып, процесті жалғастырған.
Одан әрі сөз сұраған сотталушы Таңатар Қалиев кеше сөйлеуден бас тартпағанын, ауырып тұрғандықтан ертеңіне сөйлемек болғанын айтып, өзінің тергеу кезінде барлық көрсетулерін азаптау мен психологиялық қысым жасалғандықтан бергендігін, сондықтан олардан түгел бас тартатындығын мәлімдеген. «Екі күн қан үстінде тұрдым, КНБ-да басымнан табуретпен соқты… Алдап-арбап, сені куәгер қыламыз деді, жібереміз деді… Жылап тұрып жауап бердім… Ал, мұнайшылардың тәртіпсіздіктерге ешқандай қатысы жоқ, олар тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған жоқ және ешкімді оған шақырған жоқ», – деген. Сондай-ақ, үлкен ұлын «қудалаймыз» деп қорқытқанын, бес баласының бірі мүгедек екенін айта келе, Қалиев кеше өзін ИВС-те өзге сотталушылардан бөліп әкетуіне байланысты тағы да ұрып-cоғуы мүмкін болғандықтан денсаулығы үшін қауіптенетінін білдіріп, судьядан өзін жалпы камераға ауыстыруды өтінген және сөзін: «Менің осы айтқанымды толық хаттамаға енгізуді сұраймын», – деп аяқтаған. Судья «енгіземіз» деп сендірген.
Одан соң сұралған екі жәбірленушінің екеуі де өз талаптарынан бас тартқан.
Адвокат Жуаспаева судьядан қалған жәбірленушілерді сотқа келтіру үшін қандай әкімшілік шаралар қолданылып жатқаны жөнінде ақпарат беруді сұраған. Нағашыбаев ашулы дауыспен, жәбірленушілердің келмеу себептерін өзінің кеше түсіндіргенін айтып, барлық жәбірленушілердің фамилияларын және келмеу себептерін қағазға жазып беруді ұсынған. Бұған Жуаспаева: «Маған қажеті бұл емес, жәбірленушілерді сотқа алып келу мақсатында белгіленген шаралар», – деп жауап берген. Және жәбірленуші полицей Хасановтың сотқа үш күн бойы келсе де, сұралмай кеткенін айтқан. Шамасы, адвокаттың сөздері судьяны қатты ызаландырса керек, ол Жуаспаеваға айрықша ескерту жасап, оны хаттамаға кіргізген.
Адвокат Батиеваның сотталушы Сақтағановтың бұлтартпау шарасын өзгерту жөнінде осымен үшінші рет берген талап-тілегінен соң судья үзіліс жариялаған.
Үзілістен соң судья Сақтағанов пен Әбдірахмановтың бұлтартпау шараларын өзгерту жөніндегі талап-тілектерді қанағаттандырмағанын жариялаған.
Одан соң сотталушы Таңатар Қалиевке сөз берген. Ол ереуіл барысы, алаңда өткен айлар туралы қысқаша әңгімелеп, өздеріне «билік құлақ асар» деп үміттенгендіктерін айтқан. Ұсталған соң алдымен полицияға түскенін, бірақ туыстарының көмегімен онда ұзақ болмағанын, одан әрі прокуратурада жауап алған кезде тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру хақындағы айыптауларды мойындамағанын, ал ҰҚК-ға алып барған соң ұрып-соғу, азаптаулар басталғанын («екі күн қанда тұрғанын» тағы айтқан), ақыры, алаңда болған үлкен ұлын «қудалаймыз» деген соң «сынғанын» баяндап, тергеу кезінде берген көрсетулерінен толық бас тартатынын растаған. Оның айтуынша, ешкімге үміті болмағандықтан, шындықты тек сотта ғана мәлімдеуді ұйғарған. Бастан өткерген азаптар салдарынан күні бүгінге дейін қиналатынын, қатты шу шықса болды, ауыра бастайтынын, ұрып-соғу мен азаптаулар жөнінде жазған арыздарының бір де біреуі қабылданбағанын, адвокатты қамалғаннан соң тек 2-3 күн өткесін бергенін және «ҰҚК-ге ешқандай адвокат ештеңе істей алмайды» деген әңгіме болғанын айтқан.
Адвокат Қойбағаровтың: «Сіздің көрсетулер 8 бетте баяндалған, соның бәрін жазуға сізді мәжбүрледі ме?» – деген сұрағына Қалиев: «Бір бөлігін жазуға мәжбүрледі, бір бөлігін өзім ойдан шығардым», – деп жауап беріп, өз жолдастары – Сақтағанов, Төлетаева, Досмағамбетов және басқаларға қарсы берген көрсетулерінің түгел жалған екендігін мәлімдеген.
Одан әрі ол, өткен жексенбі күні ИВС-ке өзін тергеу кезінде жауаптаған ҰҚК полковнигі, спорт киімін киген Әбдірахим Қыдырәлиев келіп: «Бас тартатын болсаң байқа, тағы да бір баппен (164-ші) іс қозғаймыз!» – деп қорқытқанын айтып, сенсациялық мәлімдеме жасаған. Сондықтан тағы да өзін жалпы камераға ауыстыруды өтінген Қалиевке Нағашыбаев: «ИВС-ке менің бұйрығым жүрмейді, бірақ мәселені анықтаймыз», – деп жауап берген.
Бұдан кейін монитордан Қалиевті жауаптау сәтінің, оның үйінде, ЖЖС-да, гараж кооперативінде жүргізілген тергеу әрекеттерінің бейнежазбалары көрсетілген. Сонда ол өзінің бір канистр АИ-80 бензинін сатып алғанын (тергеудің «версиясы» бойынша, Сақтағановтың бұйрығымен Қалиев бензин сатып алып, шөлмектерге құйған-мыс), тергеушілер оның үйінің «подсобкасынан» ол шөлмектерге бензин құйған-мыс «воронка» тауып алғанын айтқан.
Бейнежазбаны қараған кезде тергеушінің Қалиевті тергеуге қажет жауаптар беруге итермелеу ниеті анық байқалған. Мәселен ол: «Бензин маған өрт-мөрт жасауға қажет болды», – десе, тергеуші Асқар Мұхтарұлы: «Киіз үй өртеуге ме?» – деп «ымдаған» соң амалсыз кейіппен: «Иә, иә», – деген. Енді бір тұста Қалиев: «Жүсіпов», – десе, тергеуші: «Жүсіпбаев?» – деп «түзеткен».
Бейнежазбаны қарап шыққан соң адвокат Сәрсембина наразылық білдіріп, мұндай тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде орындалуға тиіс процедуралар бұзылғандықтан бұл бейнежазбаны заңдық күшінен айыру туралы талап-тілек жасаған.
Сотталушылар Жарылғасынов пен Қойшыбаев өз сөздерінде: 16 желтоқсанға дейін жарты жыл бойы қалаға АИ-80 бензині түспегендіктен және ЖЖС-тарда қандай да болса ыдысқа бензин құюға тыйым салынғандықтан, көрсетілген бейнежазба Қалиевтің өз көрсетулірінің «бір бөлігін ойдан шығардым» дегенін растайтындығына назар аударған. Сонымен қатар, Қалиевтің үйнен табылған «воронканың» шүмегі сыра құятын шөлмектерге үйлеспейтіндігі де әңгіме болған.
Сәрсембинаның талап-тілегін судья ашық қалдыратынын айтқан.
Сотталушы Жарылғасыновтың да (19-желтоқсан күні тұтқындалған) өзіне қатысты азаптау мен психологиялық қысым қолданып, 10-11 сағат бойы қинап жауап алудың салдарынан әбден сілесі құрып, бірнеше жауаптау хаттамасына оқымастан қол қоюға мәжбүр болғаны жөнінде жасаған мәлімдесінен кейін Нағашыбаев сот отырысын аяқтаған.

Жәбірленушілер талап-арыздарынан бас тартып жатыр

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің Ақтаудан хабарлауынша, 10-сәуір күні өткен он бірінші сот отырысында жәбірленушілерді сұрау жалғасқан. 

Бірінші болып сөйлеген үлкен кісі, Тәуелсіздік күні алаңда тұрған киіз үй иесі Жайық Жұмалиев өзінің арыз жазғысы келмегенін, бірақ полицейлер қыстаған соң жазуға тура келгенін айтқан. 16-желтоқсан күні қала әкімдігінде болған кездесуде ол Сарбөпеевке киіз үйді алаңның тас табанына емес, оның сыртына, топыраққа орнатуды ұсынған, алайда бұрынғы әкім: «Осылай жоспарланған», – деп келіспеген. Сөзінің соңында мұнайшылар тарапынан киіз үйге қатысты ешқандай қауіп болмағандығын мәлімдеген Жұмалиев өз талабынан бас тартқан.
Одан кейін сұралған «Гефест» ЖШС-нің өкілі өздерінің Жаңаөзендегі дүкені шығын шеккенін, сондықтан сотқа арыз жазғандарын, бірақ 37 сотталушының ешқайсысын кінәламайтындықтан талаптарын анықталмаған тұлғаларға қоятындығын мәлімдеген. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары адамдарының бейнебақылау камераларындағы дискілерді алып кеткенін, алайда бұл жөнінде хаттама жасалмағанын айтқан.
Келесі кезекте сұралған Жаңаөзен жол полициясының қызметкері өзінің автокөлігі зақымдалғанын айтып, оның шығынын өтеу талабынан бас тартқан.
Содан соң Аралбай Нағышыбаев жәбірленуші 28 адамның түрлі себептермен сотқа келе алмайтындығын жариялап, күтпеген жерден соттың енді… сотталушыларды сұрауға көшетінін мәлімдеген. Бұған өре түрегелген ашулы адвокаттар: «Сот процесінің басында жәбірленушілерден кейін куәлар сұралатындығы жөнінде шешім қабылданған болатын», – деп, наразылық білдіргенде судья міз бақпай: «Жоқ, куәлар жәбірленушілер мен сотталушылардан соң, үшінші кезекте сұралатындығы жөнінде келіскенбіз», – деген. «Олай болса, мәселені айқындап алу үшін осы сот залында бірінші отырыстың бейнетаспасын қарайық», – деп ұсыныс жасаған адвокаттармен судья тағы да келіспей: «Әркім сот отырысының қағаз хаттамасымен таныса алады, сонда барлығы жазылған», – деп, келте қайырған. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дейтін жағдайды еске түсіретін осы көріністің өзі-ақ «қазақстанша» сот жүргізу «ерекшеліктерінен» көп нәрсені аңғартса керек.
Адвокаттар позициясын сотталушылар Сейсен Әспентаев пен Роза Төлетаева қолдап, бейнетаспаны көрсетуді, немесе, тым құрығанда, жәбірленушілерді сұрауды аяқтап, сотқа келмегендеріне әкімшілік жаза қолдануды өтінген. Алайда Нағашыбаев өз шешімін өзгертпей, сотталушы Таңатар Қалиевті орнынан тұрғызып, оның 16-желтоқсан күнгі жағдаяттарды айтып беруін ұсынған. Бірақ Қалиев есту қабілеті нашарлағанын және басы ауыратынын айтып, сотта сөйлеуден, ал шын мәнінде – өзінің тергеу сатысында Сақтағанов пен Төлетаеваға қарсы берген көрсетулерін қайталап айтудан бас тартқан, сондықтан прокурор Әбіләкім оның көрсетулерін өзі оқып беруге мәжбүр болған.
Одан әрі адвокаттар Сақтағановтың бұлтартпау шарасын өзгерту, кейбір тергеу әрекеттерінің күші жоқтығын мойындау (мәселен, фотокестеден «тану» жүрген кезде хаттамалар жасалмауына байланысты), сотталушылар Әбдірахманов пен Аманжоловты қарау үшін дәрігерлер шақырту, сотталушылармен консультация өткізу үшін екі-үш күн беру жөнінде өздерінің бұрын да жасаған талап-тілектерін қайталаған.
Прокурорлар, әдеттегідей, Сақтағановтың бұлтартпау шарасын өзгертуге қарсылық білдірген, сөйтіп «тергеу әрекеттері түгел заң шеңберінде жүргізілді-міс» деп сендірген.
Кеңесу бөлмесіне барып келген судья Сақтағановқа және тергеу әрекеттеріне қатысты талап-тілектерді қанағаттандырмағанын мәлімдеген. Жергілікті тубдиспансердің фтизиатр-дәрігері: «Әбдірахмановтың сырқаты асқынбағандықтан ол СИЗО-да отыра алады», – деп қорытынды берген. Бірақ адвокат дәрігерлердің сырқаттан тағы да анализдер алып, сотта қайтадан есеп беруін талап еткен.
Осы жерде сөз сұраған Әбдірахманов өзінің сырқаттануына себеп болған жағдайларды, яғни, 16-19-желтоқсан күндері полицейлердің оны, басқа да тұтқындалғандар тәрізді, тырдай жалаңаш шешіндіріп, қалалық ІІД-нің мұздай еденіне жатқызғанын және үстіне суық су құйғанын, бас көтерсе болды, ұрып-соққанын, ал бір «семіз кісінің» арқасына секіргенін, соның салдарынан ауызынан қан кетіп, оны дәрігерлер әзер тоқтатқанын әңгімелеп берген.
Судья мұның бәріне еш эмоция байқатпай, тек сотталушының жазбаша арызын белгіленген тәртіп бойынша қарайтындығын айтқан. Ал, адвокттардың сотталушылармен консультация өткізу үшін бұдан бұрын уақыттары жеткілікті болғандығын, бірақ олармен жолығу үшін күннің екінші жартысы берілетіндігін жариялап, сот отырысын аяқтаған.
ЕСКЕРТПЕ: соңғы күндері сот процесінде мемлекеттік БАҚ өкілдерінен ешкім қалмағанға ұқсайды. Тәуелсіз ақпарат құралдары журналистерінің айтуынша, оларға «жоғарғы жақтан» өз тілшілерін кері шақыртып алу жөнінде бұйрық түсті деген әңгіме бар көрінеді. Және баспасөз залындағы қалған журналистердің де монитордан сот көріністерін суретке түсірмеуін қадағалау үрдісі күшейген сыңайлы. Бір есептен, тек қарапайым халық өкілдері ғана емес, кейбір мемлекеттік мекемелер мен полицейлердің өзі жәбірленушілер ретінде талаптарынан да, сотталушыларды кінәлаудан да бас тартуы салдарынан айыптау жағы неше ай бойы дайындаған бүкіл «дәлелдердің» быт-шыты шығып жатқан жағдайда ресми ақпарат көздерінің мұндай әрекетін түсіну қыйын болмаса керек. Сайып келгенде, тергеудің фашистік әдіс-тәсілдермен, яғни, қорқытып-үркіту, ұрып-соғу, азаптау арқылы «жинаған» жалған материалдары «негізінде» жүріп жатқан «сот процесінде» басқаша болуы мүмкін бе?..

ТҰТҚЫНДАРҒА ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ЖАСАҒАНДАРДЫҢ АТТАРЫ АТАЛА БАСТАДЫ…

Естеріңізге сала кетейін – бұған дейінгі сот отырыстарында тергеушілердің зорлық-зомбылық көрсеткен заңсыз іс-әрекеттері жөнінде Т.Қалиевтен басқа сотталушылар Есенгелді Әбдірахманов пен Нарын Жарылғасынов та айтқан болатын.
Әрине, әр сотталушының жағдайына олардың өз жеке бастарына байланысты ерекшеліктер тән, алайда баршасын «біріктіретін» ортақ факті – тергеушілердің көрсетулерді тұтқындардың қай-қайсысынан да күшпен алғандығы көрінеді.
Және бір назар аударатын жағдай – азаматтарды ұрып-соғушылар көбінесе беттерін маскамен жауып алғандықтан, сотталушылар олардың аты-жөндерін атай алмай, прокурорлардың мұны біле тұра соны талап еткен сұрақтарына нақты жауап беруге қиналып қалатындығы түсінікті болса керек.
Ал өзіне сөз кезегі келгенде осынау объективті «дәстүрді» бұзған сотталушы Мақсат Досмағамбетовтің: «Мені ұрып-соққандар – Нұржан Жандарбеков, Жаңаөзен қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Әбдірасул Өтешев және Каманбай Әуезов», – деп, анық көрсетуі – бүгінгі сот отырысының негізгі оқиғасы болды. Рас, ол соңғысының қызметін айта алмаған, бірақ аты-жөні аталған полицейдің қызметін анықтау қиын болмаса керек. Ал біріншісі – бастапқыда Талғат Сақтағановтың тергеу ісін жүргізіп, одан соң «жәбірленуші» болып мойындалуына байланысты осыған дейінгі репортаждарда әлденеше рет тілге тиек болған тергеуші Жандарбековтің дәл өзі.
Сондай-ақ, сот отырыстарында «жәбірленушілер» ретінде сұралған бірнеше полицейді сотталушылардың алаңда оқ атқандар және өздерін ұрып-соққандар ретінде танығандығы жөнінде ілгерідегі репортаждарда айтылғаны естеріңізде болар. Ал, бұған керісінше, сұралған полицейлердің басым көпшілігі 37 сотталушының ешқайсысын алаңда қандай да болса қылмыс жасады деп айта алмаған, тіпті, олардың не үшін жауапқа тартылғандығына түсінбеушілік, таңданыс танытқан. Кейбіреулері өздеріне тас лақтырғандардың мұнайшылар емес, мүлде басқа, әлдебір қара киім киген жастар екендігін айтқан. Сондықтан көбі өздерінің талаптарынан бас тартқан.
Құлаққағыс: Ақтауда он күн іссапарда болып қайтқан Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің төрағасы Рамазан Есіргепов пен «Правда Казахстана» газетінің тілшісі Шәріп Құрақбай 10-сәуір күні Ұлттық баспасөз клубында баспасөз мәслихатын өткізіп, сот процесінде көздері жеткен ақиқаттар жөнінде баяндап берді және сұрақтарға жауап қайтарды. Екі азаматтың ойларына түйген негізгі ақиқатты қысқаша қайырсақ, ол – 16-желтоқсан күнгі қанды сойқанды қазір сот өткізіп жатқан биліктің өзі алдын-ала дайындап, жүзеге асырғандығын және, бұған керісінше, сотталушы орнында отырған 37 мұнайшының ол сойқанға ешқандай қатысы жоқ екендігін дәлелдейтін мағлұматтар шоғырының күн өткен сайын молая түсуі…

«Жаңаөзен ісін» жүргізген –
Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН,
Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің
ақпараттық топ жетекшісі.
Алматы
9-12-сәуір, 2012 жыл
«Абай-ақпарат»

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз