"АЗАТ" ЖСДП бөлінсе, ОППОЗИЦИЯ АҚОРДАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТПЕЙТІНІН ҚАЛАЙ ДӘЛЕЛДЕМЕК?

ЖАРМАХАН ТҰЯҚБАЙ: «ӘБІЛЕВ ТЕҢТӨРАҒА ЕМЕС, ПАРТИЯНЫҢ ТӨРАЛҚА МҮШЕСІ»

3 сәуірде Алматыда Жармахан Тұяқбайдың бастамасымен «Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық құрылымы қандай болмақ?» атты сарапшылар мен саясаткерлердің құрылтайы өтті. Жармахан Тұяқбайдың өзінің айтуынша, құрылтайдың басты мақсаты мемлекетті еш қантөгіссіз қазіргі тығырықтан алып шығатын жол табу.
    «Халықтың ішінде билікке деген ішкі наразылықтың өршіп бара жатқаны, екінші араб көктемін алып келіп, елде бүлік, қантөгіс болып кете ме деген қорқынышқа алып келді. Есі дұрыс адамның бірі де оған барғысы келмейтіні белгілі. Халықтың өзі де оған барғысы келмейді. Бірақ елде өзгеріс керек екеніне де бәрінің көзі жетті. Ал биліктің ол өзгеріске бармайтын басты себебі, ертеңгі жауапкершіліктен қорқады. Осы жиырма жыл ішінде жасаған қылмысының бәрі әшкереленбес үшін соңғы патронына дейін атуға дайын отыр. Осындай жағдайда есі дұрыс, отаншыл азаматтардың басын қосып, алқалы кеңес өткізу болды басты мақсат. «Не істейміз?» деген сауалға жауап табу керек. Билік «менен кейін топансу бассын» деп жүре бере ме? Ал халық, «қантөгіске барамыз, биліктің быт-шытын шығарамыз, құртамыз» деген бағытта кете бере ме? Әлде бір өркениетті жол табамыз ба? Осы мәселені алқалы құрылтайда талқылайық дедік», - дейді Жармахан Тұяқбай. Түрлі бағыттағы (тәуелсіз, билікшіл, оппозицияшыл т.б.) сарапшылар мен саясаткерлердің басын қосқан жиынға Ж.Тұяқбайдың партиялас әріптестері Болат Әбілев пен Әміржан Қосанов қатысқан жоқ. Көпшілік арасында олардың келмеуін «Азат» ЖСДП бөлінейін деп жатыр екен», «Жармахан Тұяқбай Болат Әбілев пен Әміржан Қосановты партиядан бөліп тастап, жалғыз төраға ретінде қалмақ» деген қауесетпен байланыстырғандар болды. Ал саясаттанушы Максим Казаначеев өздері ресми айтпағанымен партияда бөліну басталды деген пікірде. «Партия брэндіне Жармахан Тұяқбай ие болып қалады. Болат Әбілев пен Әміржан Қосанов көше саясатымен, яғни радикалды бағытқа көшеді», - дейді М.Казначеев. Ал Жармахан Тұяқбай партия бөлінуі туралы әңгімені жоққа шығарады. Бірақ, сөйте тұра Болат Әбілевтің ендігі тең төраға емес екенін, партияда жалғыз төраға өзі ғана екенін айтады: - Әлеуметтік желілерде «Азат» ЖСДП бөлінуі туралы гу-гу әңгімелер жүр. Осы туралы не айта аласыз? - Партияның бөлінуі туралы еш әңгіме жоқ. «Азат» деген партияны бізге тіркеген жоқ. Сондықтан біз Жалпыұлттық Социал-Демократиялық партиямыз. - Болат Әбілев сол бұрынғыша тең төраға ғой? - Жоқ, ол тең төраға емес. Себебі, біздің партияның жарғысы бойынша тек бір ғана төраға бар. - Ал сонда Әбілевтің партиядағы лауазымы қандай? - Ол партияның төралқа мүшесі. Ал ғаламторда, ел аузында «Жармахан Тұяқбай оппозицияны  бөлмек. Осылайша, Ақорда Тұяқбай арқылы оппозицияны халық алдында тағы бір мәрте масқаралау ойын жүзеге асырмақ» деген гу-гу сөз өршіп тұр. Жармахан Тұяқбайдың Ақордамен сөзбайласқаны туралы бұл бірінші қауесет емес. Естеріңізде болса, 2008 жылы ғаламторда президент әкімшілігінің басшысы мен ҰҚК арасындағы телефон жазбасы жарық көрген-ді. Телефон жазбасында оппозициялық партияны құру мақсатында Жармахан Тұяқбайды қаржыландыру жөнінде айтылады. Президент әкімшілігінің сол кездегі басшысы Әділбек Жақсыбеков пен ҰҚК бұрынғы қызметкері Нартай Дүтбаев арасындағы әңгіме негізінде үшінші тарап - Cоциал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай турасында. Әңгіме президент сайлауының алдында псевдооппозициялық партия құру турасында өрбиді.Тағы ол интернетте жарияланған Жармахан Тұяқбай мен Нартай Дүтбаевтың әңгімесі де көпшіліктің есінде болар. Әрине, Жармахан Тұяқбайдың өзі телефон жазбасындағы айтылғанның барлығын жоққа шығарған еді. Алайда, жаңа өршіген қауесет расталып, «Азат» ЖСДП бөлінсе, жоғарыда аталған президент әкімшілігі мен ҰҚК арасындағы телефон жазбасында айтылған сөздердің растығы ма? Қазіргі жағдай оппозицияның тағы да бөлінуімен аяқталса, Жармахан Тұяқбай бұл жолы қалай өзін-өзі ақтап шықпақ? Шынымен Ақордаға қызмет етпейтінін нендей уәжбен дәлелдемек?
                                                                                                                                                                                                                                       Инга Иманбай

                                                                                                                                                                                                                             www. janaozen.net

                                                                                                                                                                                                                                www.qazaquni.kz

*Тақырып өзгертілді