ЖАҢАӨЗЕН ҚАНДЫ ҚЫРҒЫНЫ ҮШІН ШЫН КІНӘЛІ ЖАУЫЗДАРДЫ ЖАЗАЛАЙ ГӨР, ЖАРАТҚАН ИЕМ!

0
1567


Маңғыстау өңірі, дәлірек айтсақ, Жаңаөзен қаласы былтырдан, әсіресе, жыл аяғынан бері ел назарында. Тіпті, тек Қазақстан ғана емес, барша әлем назарында десек те, артық айтқандық бола қоймас. 2011 жылдың мамыр айында басталған мұнайшылар ереуілі елді селт еткізгенімен, жұртшылық о кезде бұл наразылық акциясының бірте-бірте, біріншіден, бұрын республика тарихында болып көрмеген ең қуатты және ең ұзақ – жеті айлық қозғалысқа айналарын, екіншіден, ешбір есі дұрыс адамның үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін алапат қасірет қанды қырғынға ұласарын білген жоқ, әлбетте…

Алайда, өкінішке қарай, солай болды. Өйткені, осы ереуілді тоқтату мақсатында билік тарапынан қаншама кедергілер, арандатулар мен зорлық-зомбылықтар жасалғанымен (бейкүнә адамдарды соттап жіберу, соққыға жығу немесе, тіпті, өлтіру!), мұнайшылар заңды және бейбіт іс-әрекеттер шеңберінен бір ауытқымай, бүгінгі заманда өте сирек кездесетін шыдамдылық, төзімділік пен табандылық танытып, өзгелерге үлгі-өнеге болар нағыз ерлік жасаған еді. Сондықтан, тура Тәуелсіздік Күні – 16 желтоқсанда, яғни, халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған ең қасиетті, ең қастерлі күні (!) халыққа аяқ астынан оқ жаудырып, қаншама адамды жусатып салатындай, ереуілшілер ешкімге, соның ішінде Құдайды ұмытқан имансыз, озбыр билікке де ешқандай қауіп төндірмеген болатын.
Бар «кінәлары» – адал еңбектеріне тиесілі жалақыларын дұрыс төлеуді талап еткені үшін ғана ел азаматтарына қарсы жаудан бетер жауыздық жасағанын және өзінің бұл қорқаулық іс-әрекеті ешкім (халқымыз да, адамзат та, тарих та, Алла тағала да) ешқашан кешірмейтін құбыжық қылмыс екендігін өте жақсы білетін жеке билік режимі, міне, Жаңаөзен қырғынынан бері өткен уақыт ішінде жатпай-тұрмай сол қылмыс үшін жауапкершіліктен жалтарып, оны өзгелерге аударып салу мақсатында не бір сұмдық айла-шарғыларды ойлап тауып, жанталасуда. Атап айтқанда, бір жағынан, онсыз да қан жылап, қара жамылған мұнайшылар мен олардың жетекшілерін (Талғат Сақтағанов, Роза Төлетаева, Ақжанат Әминов, Естай Қарашаев, Наталья Әжіғалиева, Айман Оңғарбаева, Жанар Сақтағанова, Мақсат Досмағамбетов,Асқар Іскендеров және т.б., барлығы 37 адам), екінші жағынан – ереуілшілерге қамқор болып, оларды биліктің шектен шыққан заңсыздықтары мен қуғын-сүргінінен қорғау ниетімен Жаңаөзенге сапар шеккен демократиялық күштер өкілдерін, тұтқында отырғандары бар, «ешқайда кетпейтіндігі» жөнінде қолхат алынғандары бар (Владимир Козлов, Серік Сапарғали, Айжангүл Әмірова, Болат Атабаев, Жанболат Мамай және т.б.), неше түрлі қылмыстық жауапкершілікке тартып жатыр.
Мұнайшыларды, негізінен, «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды» немесе оған «қатысты», «ұрлық жасады», «тонады» деп айыптаса, оппозицияшыларға – «әлеуметтік араздықты қоздырды», «конституциялық құрылымды құлатуға шақырды», «адамзат бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасады» (?!), «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» сияқты мүлде ойдан шығарылған, ешқандай ақылға сыймайтын айыптаулар тағып отыр. Ал, шын мәнінде, Жаңаөзенде жаппай тәртіпсіздікті, ұрлық пен тонауды қолдан ұйымдастырған да, адамзатқа қарсы қылмыс жасаған да (бейбіт қалыққа қарсы оқ атып), мемлекетіміздің тұтастығына қауіп төндіріп отырған да, халықтың Алла бұйыртқан бүкіл қазына-байлығын ұйымдасқан түрде топтаса тонап, талан-тараж етуші де – биліктің өзі екендігі баршаға мәлім.
Ал «бүлікшілерді» соттау жөнінен Қазақстан билігінің мол «тәжірибесі» бар. Ол «тәжірибенің» мән-мағынасы мен ерекшелігін ұғыну үшін, меніңше, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне байланысты 99 азаматтың, 2006 жылғы Шаңырақ көтерілісіне байланысты 25 азаматтың нахақ сотталғанын еске түсірсе де жеткілікті.
Сонымен, «күштінің алдында қашан да әлсіз кінәлі» болып шығатын жабайы «принципке» сәйкес үш жарым ай бойы жүрген әділетсіз тергеу қорытындысы «негізінде» 27-наурыз күні Ақтау қаласының «Арман» жастар сарайында Жаңаөзен қанды қырғынына орай дайындалған әділетсіз өтуі әбден мүмкін. «Сот» процесі басталып, оның алғашқы отырысы болып өтті. Менің бұл жерде «әділетсіз» сөзін еш күмәнсіз, сенімді түрде қолдану себебім түсінікті болса керек. Біріншіден, Қазақстан билігінің берік қалыптасқан «сот дәстүрі» бойынша, қылмыстық жауапкершілікке тартылған «бүлікшілер» ешқашан ақталмай (арасынан тек «көз қылып», бірлі-жарымына «рақымшылық» жасамаса), міндетті түрде жазаланып, «қылмыскер» атанатындығын өмір дәлелдеген. Ал мұндай «дәстүр» шеңберінде, сөз жоқ, әділетке орын болуы мүмкін емес. Екіншіден, қылмыс құрбандарының қылмыстық жауапкершілікке тартылып, ал қылмыс жасаушылардың өз құрбандарын «соттауы», әлбетте, жалпы «әділет» ұғымын таза жоққа шығаратындығы – аксиома, яғни, дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Үшіншіден, мұндай «ерекшеліктермен» өтетін қазақстандық сот процестерінің тек таза формалды түрде жүріп (ешкім, әсіресе шетел: «Билік бейкүнә азаматтарды сотсыз жазалады» деп айта алмауы үшін ғана), олардың түпкілікті үкімдері алдын-ала шығарылып қоятындығы – ол да өмір дәлелдеген ащы ақиқат.
Әрине, осыны айта отырып, мен Алла тағаладан өзімнің осы болжамымның қате болып шығуын тілеймін. Бірақ, бұл тұрғыда күмәнім өте үлкен болғандықтан, сонымен қатар: «Ей, құдіреті шексіз Жаратқан Ием, Шебер Құдай, өзіңнің бейкүнә құлдарыңды әділетсіз сот үкімінен сақтай гөр! Олардың орнына Жаңаөзен қанды қырғыны үшін шын кінәлі жауыздарды жазалай гөр!» деп жалбарынамын. Және, тіпті егер осы тілегім бүгінгі Қазақстан жағдайында орындала қоймаса да, көп ұзамай біздің еліміздегі қоғамдық-саяси жағдайдың түбегейлі өзгеруі нәтижесінде (ал бұған негізгі себеп Жаңөзен қырғыны мен осы «сот» процесі болуы тіпті де ғажап емес) ертең шығарылуы мүмкін әділетсіз сот үкімі өз күшін жоярына, сөйтіп, Жаңаөзен мұнайшылары мен олардың қамқоршылары – оппозициялық қайраткерлер түгел ақталып шығарына, ал, бұған керісінше, халық қанын мойнына жүктеген жендеттер өз жазасын аларына еш күмәнім жоқ. Сол кезде Шаңырақтық «бүлікшілер» де бостандыққа шығып, қазақтың ол қасіреті үшін кінәлілер де жауапқа тартылары сөзсіз. Әумин, тезірек солай болғай!
P.S. Біздің комитет Ақтаудағы сот процесіне байланысты өзінің бірнеше мүшесін (ішінде осы жолдар авторы да бар) іссапарға жіберуді жоспарлаған болатын, алайда, өкінішке орай, қаражат проблемасына байланысты әзір тек комитет төрағасы Рамазан Есіргепов қана аттанып кетті. Сонымен қатар, о жаққа алдын-ала жүріп кеткен біздің тұрақты өкіліміз – комитет мүшесі Ерлан Қалиев арқылы жұртшылықты аталмыш «сот» процесінің барысы жөнінде хабардар етіп отыру міндетін мен өз мойныма аламын.

СОТҚА ТАЛАП АРЫЗДАР ЖАЗЫЛУ ҚҰПИЯСЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Маңғыстау облысының орталығы – Ақтауда жүріп жатқан сот процесінен Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің мүшелері берген жедел хабарға сәйкес, алтыншы сот отырысында (3-сәуір) жәбірленушілерді сұрау жалғасып, ең бірінші болып сөйлеген кәсіпкер Бердібаева сенсация дерлік мәлімдеме жасаған.

Оның айтуынша, зардап шеккен кәсіпкерлер өздерінің талап арыздары сотталушы мұнайшыларға қарсы пайдаланылатындығын білмеген. «Мен өз талабымнан бас тартамын, өйткені бізді әкімдікке шақырған кезде «талап арыз мемлекеттен көмек алу үшін қажет» деген болатын. Біз соған сеніп жазып едік. Ал мұның қазір сотта іске қосылып, мұнайшыларға айып ретінде таңылатынын біз білмедік. Мен бұл адамдарға кінә тағылуын қаламаймын, сондықтан өтемақы сұрамаймын, шығыным – садақа» деген үш миллион теңге зардап шеккен Бердібаева.
Мұндайды күтпеген прокурор: «Ендеше талап арызды неге жаздыңыз?» деп сұраған кезде кәсіпкер «аңқау» заң қызметкеріне: «Мен сізге тағы да қайталап айтам – бізді әкімдікке шақырған кезде «мемлекет әрқайсыңыздың дүкеніңізді қалпына келтіруге қажет шығынды өтейді, сол үшін жазыңыздар» дегесін жаздық. Одан кейін сол жазғанымыздың сотталушы мұнайшыларға айып болып тағылатынын білмедік. Егер мұны алдын-ала айтқанда, жазбайтын едік» деп жауап берген.
Сөйтіп, прокурорлардың қоқан-лоққысынан қаймықпай, мәселенің адалына жүгінген қайсар әйел 188 жәбірленушінің басым көпшілігі не себептен сотқа талап арыз жазуының бүкіл құпиясын ашып берген!
«Өзенмұнайгаздың» кәсіподақ төрағасы Сақтағанов Наурыз да өз ұйымының бүлінген мүлкі үшін қаражаттық талаптан бас тартқан және оның үстіне, 15-ші желтоқсан күні «ертеңіне Жаңаөзенде тәртіпсіздіктер болуы мүмкін» деген әңгіме болғанын айтқан. Адвокаттың мәселені анықтау мақсатында қойған сұрағына ол мұны әкім Сарбөпеевтің де ауызынан естігенін мәлімдеген. Яғни, биліктің 16-шы желтоқсанда «болуға тиіс тәртіпсіздіктерді» алдын-ала «қамдағандығын» растай түскен. Кәсіпкер Байболатова Айгүл фамилиясы есіне түспеген полиция қызметкерінің қашан ол «мүлкі тоналғандығы жөнінде» арыз жазбайынша дүкенінің бекітулі есігін ашуға рұқсат бермей, кедергі келтіргендігін көрсеткен.
Қысқасы, бұл сот процесі, шынтуайтында, режимнің үш ай бойы дайындаған қитұрқы жоспарларын быт-шыт қылып, жалған айыптаушылардың бейкүнә айыпталушыларды емес, керісінше, билік өз мүддесіне пайдаланғысы келген қарапайым еңбекшілердің биліктің өзін әшкерелеп, үсті-үстіне соққы беру процесіне айналып бара жатқанға ұқсайды. Сірә, «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген осындай-ақ болар…

АЙЫПТАУШЫЛАР МЕН АЙЫПТАЛУШЫЛАР АРАСЫНДА ТЕПЕ-ТЕҢДІК ЖОҚ

Ақтаудағы сот процесіне қатысушы Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің хабарлауынша, соттың бесінші күні (2-сәуір) судья Аралбай Нағашыбаевтың Жаңаөзен қырғыны кезінде жарақаттар алған Өтебеков, Ерғазиев, Әспентаев, Мұқанбетов және басқа сотталушылардың (барлығы 10 адам) «денсаулық жағдайлары стационарлық емдеуді қажет етпейді» деген облыстық аурухана дәрігерлерінің қорытындысын оқудан басталған. «Сотталушы Дүйсенбаевтың бүйрегі ауырады» деген адвокат ескертпесіне судья: «Оны СИЗО ішінде емдейді» деп жауап берген.

Одан соң адвокат Жуаспаева мынадай талаптар қойған:
1. Сотталушылардың барлығына тең жағдай жасап, залда бөлек отырған сотталушы Т.Қалиевті соттың мәжіліс залының күзетілетін бөлігінде отырғандармен бірге орналастыру;
2. Судьяның сотталушы Т.Қалиевті өзге сотталушылардан бөлек отырғызу жөнінде сот отырысының бірінші күні төрағалық етуші оқыған шешімді жария ету;
3. Төрағалық етушінің түсірілімдердің кедергісіз берілетіндігі жөнінде сендіруіне қарамастан, мұны жасаудан бас тартқан сот хатшысына сот отырысы жазбаларын беру жөнінде нұсқау жасау;
4. Сот отырыстарының хаттамаларын бөлек-бөлек жасап, оларды апта аяғында адвокаттарға беріп отыру;
5. Адвокаттарға прокурорлармен бірдей жағдай қамтамасыз етіп, барлығына залдың кызмет есігін пайдалану мүмкіндігін беру. Сұрақтарға жауап берген кезде прокурорларды өздерін таныстырып отыруға міндеттеу.
Прокурорлар Т.Қалиевке қатысты талаппен келіспесе де, оның өзі және басқа сотталушылар бірауыздан келіскендіктен, сот процесінің екінші күнінен бастап қойылған бұл талапқа қарсы еш уәжі қалмаған судья оны қанағаттандыруға мәжбүр болып, Қалиевті өзге сотталушылармен бірге отырғызу жөнінде шешім қабылдаған. Және адвокаттардың сот отырысы жазбаларымен кедергісіз таныса алатындығы жөнінде сендірген. Прокурорлар қызмет есігін пайдалану себебін оның өздеріне бекітілген бөлме жаққа шығатындығымен түсіндіріп, дәретхана жанындағы адвокаттар бөлмесімен ауысуға дайын екендіктерін білдірген (бұл әңгіменің немен тынғаны әзір белгісіз).
Одан соң жәбірленушілерді сұрау барысында 41 адамның 30-ы өз талаптарынан бас тартып, сот процесінің алғашқы күні басталған оң үрдіс өз жалғасын тапқан. Екеуі талаптарын қараусыз қалдыруды өтінген. Және де жәбірленушілердің барлығы, соның ішінде талаптарынан бас тартпағандарының өзі, дүние-мүліктерін нақты кімдердің тонап, өртеп, қиратқанын көрмегендіктен, сотталушыларды айыптамайтындықтарын мәлімдеген.
Ең таңқаларлығы – полицей Нұрқуатов Нұрбектің өз талабынан бас тартуы болған! 16-желтоқсан күні алаңда жеңіл дене жарақатын алған оның айтуынша, ол Ақтаудан Жаңаөзенге 14-желтоқсанда арнайы «күшейту» мақсатында жіберілген 80 полицей құрамында келген (бұл жағдайды биліктің алдын-ала қақтығыстар жоспарлағандығын растайтын факт ретінде қарастыруға әбден болады). Нұрқуатов 37 сотталушының ешқайсысын бұрын көрмегендігін, алаңда қару немесе жарылғыш шөлмек ұстаған адамдарды да көрмегендігін, 15-желтоқсан күні өзі күзеткен киіз үй жанынан ешқандай у-шу, төтенше қимыл-әрекет байқамағандығын айтқан.
Сондай-ақ, тағы бір күтпеген жағдай – сотталушылар арасында «ешқайда кетпеу» жөнінде қолхатпен жүрген Сарыбаев Мэлс есімді «Қалқан-секьюрити» күзет фирмасының қызметкері бар болып шыққандығы. Оқиға кезінде жеңіл дене жарақатын алған фирма басшысы, жәбірленуші Тұрсынов Сарыбаевқа оң мінездеме берген, сондықтан оның не себептен осы іс бойынша сотталушы болғандығы түсініксіз жағдайда қалған. Болжам – полиция, сірә, қолдарына кімдер түссе, соларды тұтқындай берген болса керек.
Жәбірленуші Атшыбаева Ақтоты (киіз үй иесі әйелдің қызы) Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Қожаев Мұхтардың 15-желтоқсан күні қала әкімдігінің акт залында қала әкімі Сарбөпеевпен қатар отырып, өзіне киіз үйдің бүлінбейтіндігі жөнінде ауызша кепілдік бергендігін, бірақ 16-желтоқсандағы өрттен кейін осыны есіне салған кезде оған құлақ аспай: «Кейін сөйлесеміз» деп қашқақтағанын айтқан.
Назар аударарлық бір келеңсіз жағдай – сот процесінің бес күні бойы прокурорлар жәбірленушілерге: «Егер сендер талаптарыңнан бас тартсаңдар, ешкім сендердің шығындарыңды өтемейді» деп, қысым көрсетуде, ал, осыған орай адвокаттар қарсы пікір айта бастаса болды, прокурорлар мен судья олардың өйтуге… «құқығы жоқтығын» (?!) айтып, тосқауыл қоятын көрінеді. Судья жәбірленушілерге олардың құқықтарын өзі түсіндіріп (бірақ мұны сыртта отырған жәбірленушілер естімеген), әркімнің өз талабынан не бас тартуға, не оны қараусыз қалдыруға болатындығын мәлімдеген. Бірақ, киіз үйлер иелеріне кепіл-хаттар бергендігі үшін әкім Сарбөпеевті, немесе, кәсіпкерлерге қатысты өз міндеттерін орындамағандығы үшін күзет фирмаларын, өрт сөндірушілерді сотқа беруге жәбірленушілердің құқықты екендігін айтуға тиіс болса да айтпай, бүгіп қалған. Ал мұны, бейнелей айтқанда, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» дейтін халық даналығын толық растайтын жағымсыз құбылыс ретінде бағаламасқа еш лаж жоқ.
Аталмыш фактілерден анық байқауға болатын ақиқат – айыптаушылар мен айыпталушылар арасында заң бойынша міндетті түрде және қатаң сақталуға тиіс тепе-теңдік принципінің өрескел бұзылып, бұл теңсіздіктің үнемі биліктің пайдасына «қызмет етіп» жатқандығы. Және бұл жағдайдың дұрыс жағына қарай өзгеретіндігіне, әлбетте, ешқандай кепілдік жоқ. Өкінішке қарай…

«ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР» ЖАЛҒАН АЙТА БАСТАДЫ…

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің Ақтаудан берген мәліметтері бойынша, сот процесінің жетінші күні (4-сәуір) алғашқы үш жәбірленуші полицей сұралған. Оларға сұрақтарды адвокаттар мен сотталушылар қойған. Және процесс үлкен қиындықпен жүрген, себебі, полицейлердің жиі-жиі қарама-қайшы жауаптар беруіне байланысты қорғанушы тараптың жауаптарды анықтау әрекеттерін судья Аралбай Нағашыбаев: «Ондай сұрақтар қоймаңдар» деп, тыйып тастап отырған.

Жәбірленушілердің біріншісі – Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы бастығының кадрлар жөніндегі орынбасары Аббат Әділов үнемі өзінің 16-желтоқсан күні басына соққы алғандығын, қазір емделіп жүргендігін сылтау етіп, қойылған сұрақтардың көбісіне «есімде жоқ», «білмеймін» деп жауап берген. Өзін кім және қалай ұрғанын да білмейді екен. Бірақ судьядан «егер сотталушылардың кінәсі дәлелденсе, оларды қатаң жазалауды» өтінген. Алаңда таяқ, жарылғыш шөлмек, қару ұстаған адамдарды көрмеген. Адвокаттардың бірі: «Сіздің «көргенсіздер» (істе дәл осылай көрсетілген. – Ж.Қ.) деген сөзіңіз алаңдағы жұртты арандатуы мүмкін бе еді?» деп сұрағанда, ол тағы да басына тиген соққыны тілге тиек етіп: «Есімде жоқ, бәлкім, дұрыс айтпаған шығармын» деген.
Қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі Нұрлан Баржықов өзінің алаңды қоршауды күшейтуге шақырылғанын, онда қиратушы және өртеуші адамдарды көрмегенін айтқан. Адвокаттың, іс материалдарына сілтеме жасап: «Сіз өзіңіздің қызметтік қаруыңыз – ПМ пистолетінің бес оғын қайда жұмсадыңыз?» деген сұрағына: «Төртеуін аспанға, біреуін жерге аттым…» дей бергенде, судья мен прокурорлар оны: «Қару қолдану мәселесі басқа істе қаралады» деген уәжбен тоқтатқан. Адвокаттың: «Қару қолдану жөнінде қандай нұсқаунама (инструктаж) өткізіліп еді?» деген сұрағын да судья жауапсыз қалдырып, тек сот хатшысына оны хаттамаға кіргізуді бұйырған.
Тергеу кезінде берген жауабында Баржықов: «Сотталушы Жұмағалиевті фотосуретінен таныдым» деген, алайда сотталушылардың бірі одан Жұмағалиевті көрсетуді өтінген кезде жәбірленуші оны көрсете алмаған. Сөйтсе, өтініш айтушы… Жұмағалиевтің өзі екен! Солай бола тұра, Баржықов оған қосымша Жаңбыр Ерғазевті және тағы бірқатар сотталушыны «таныдым» деп мәлімдеген.
Одан соң сотталушы Парахат Дүйсенбаев: «Сендер неге қарусыз адамдарға оқ аттыңдар? Менің әкемді өлтірдіңдер! Неге менің қарындасымның аяғына атып, мүгедек қылдыңдар?..» деп бастай бергенде судья оның да сұрақтарын алып тастаған. Әкесінен айырылып, қарындасы жарымжан болып қалғаны аздай, өзі тұтқынға түсіп, камерада жатқан кезінде аяусыз ұрып-соғу салдарынан ішкі дене мүшелері ауыр зақымдалып, өлім аузынан қалған, ақыр аяғында еш кінәсіз сотталушыға айналып, әбден жүйкесі жұқарған Дүйсенбаев судьяның оған мұндай жағдайда қойылуға тиіс сұрақтардың өзін қоюға тыйым салған көпе-көрнеу әділетсіздігі мен озбырлығына шыдай алмай, есінен айырылып қалған.
Полицейлер оны көтеріп алып кеткен соң да залдағы шу басылмай, жағдай ушыға бастаған соң судья 20 минутқа үзіліс жариялаған. Ал үзілістен соң Нағашыбаев, фельдшердің «қорытындысына» сүйеніп, осы қазір ғана орын алған әлгіндей ауыр жағдайға да қарамастан, Дүйсенбаевтың бүйрек ауруына байланысты оны тұтқындау шарасын үй қамақ шарасына ауыстыру жөніндегі адвокаттың бұрыннан айтып келе жатқан талап-тілегін тағы да қанағаттандырмай тастаған.
Одан кейін сұралған ҚІІБ-ның қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Мұрат Қызылқұлұлы да алаңда қиратушы және өртеуші адамдарды көрмегенін айтқан. Іс материалдарына сәйкес оның фотосуреттер бойынша 24 адамды «тануына» орай адвокат: «Сізге дәл осы 24 адамның тарапынан қауіп төнді ме?» деп сұрағанда ол: «Жоқ» деп жауап берген. Сондай-ақ, сотталушы Жұмағалиевтің өзін бетке ұрмағанын, тек… қолынан ұстап тұрғанын айтқан. Ал ең «қызығы», Қызылқұловтың айтуынша, шолақ мылтықтан оқ алаңда жиналғандар арасынан емес, жоғарыдан, 5-ші ықшамауданындағы №1-ші үйдің төбесінен атылыпты. Яғни, сайып келгенде, бұл жағдайдың (оның өзінде де ол шынымен орын алған факті болса) айыпталушыларға еш қатысы жоқ екендігін дәлелдеген. Және бір «қызық» жағдай – айыптау қорытындысында Қызылқұловтың 16-желтоқсанда «жарақат алғандығы» көрсетілген, бірақ сотта оның өзі мұны… теріске шығарған.
Прокурорлардың: «Қандай тілектеріңіз бар?» деген сұрағына байланысты аталған жәбірленушілердің үшеуі де: «Кінәлілер жазаларын алсын» деп жауап берген.
Түстен кейін тағы да алты жәбірленуші полицей сұралған. Судья олардың құжаттарын тек адвокаттар ескерту жасаған соң, оның өзінде тоғыз полицейдің… алтыншысы сұралған кезде ғана талап етіп, ҚР ҚПК тәртібін өрескел бұзған.
Ақтаудан Жаңаөзенге іссапарға 14-желтоқсан күні «ерекше өкімге дейін» аттандырылған полиция қызметкері Қаражаев тәртіпсіздіктер кезінде бронежилет киіп жүргенін және шлемінің қорғаныс пердесі зақымдалғанын көрсеткен. Егер ол, өзі айтқандай, тек «күшейту» үшін ғана жіберілген болса, нақты тәртіпсіздіктер жағдайында ғана киілетін арнайы киім-жабдықты тәртіпсіздіктерден… екі күн бұрын киіп келуі, әлбетте, өте күрделі күдіктер тудыратын факт болса керек.
Сұрау кезінде полицей Сағиев өз көрсетулеріне өзі «шырматылып» қалған. Мәселен, ол сот процесінде «тергеушілердің сұрақтарына қазақша жауап бердім» деген, ал қылмыстық іс материалдарында оның жауаптары… орысша берілген. «Мүмкін, сіз дайын хаттамаға қол қойған боларсыз?» деген адвокат сұрағына ол сасқалақтап: «Жоқ, жоқ…» дегеннен басқа ештеңе айта алмаған.
Қадірлі оқырман, басқасын айтпағанда, сотталушы Дүйсенбаевқа байланысты сот отырысында орын алған және кез келген дені дұрыс адам баласын немқұрайды қалдыруы мүмкін емес қасіретті жағдайдың өзі селт еткізбеген фельдшер, прокурорлар, судья мен «жәбірленушілер» жөнінде сіздердің ой-пікіріңіз қандай екенін мен, әлбетте, білмеймін, ал мен өзім мұны ешқандай қалыпқа сыймайтын, яғни, шектен шыққан әділетсіздік һәм адамгершіліктен мүлде жұрдай қатыгездік деп бағалаймын!

Мақалалардың авторы:
Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН,
Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің ақпараттық топ жетекшісі.
Алматы,
2- 4 сәуір 2012 жыл.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз