ҚОҒАМДЫҚ ОЙҒА ҚОЗҒАУ САЛҒАН ОҚИҒА немесе Қазақстан Татарстаннан кем бе?

              Қай мемлекетте өмір сүрсең де жергілікті халықтың заңымен, салт-дәстүрімен санасуға тиіссің. Оның тарихы мен тіліне қарсы шығуға қақың жоқ. Әйтпесе мәдениетсіздігіңді көрсетіп, жұртқа жеккөрінішті боласың. Бұл барлық жерде бұлжымайтын қағида. Бірақ Татарстандағы «орекеңдер» тағы да «су ішкен құдықтарына түкіруге» бейім екендіктерін байқатып алды. Ал намысты қолдан бермей, шовинистердің шектен шыққан қылығына қарсы тұрған журналистің әрекеті нағыз ерлік болды. Өйткені ол қоғамдық санаға қозғау салып, бейқамдыққа бой алдырып бара жатқан бұқараға «Ұлттық Намыс» деген нәрсенің бар екенін ескертті. Тіпті, бұл оқиғаның бұған дейін туған халқының тағдырына бейжай қарап келген нигилистік көзқарастағы азаматтардың да көп нәрсеге көзін ашқанын атап өту қажет. Себебі, қанша мәңгүрттенсе де басқа ұлттың баласы ешқашан орыс болып жарытпайтыны белгілі. Ата-тегі әйтеуір түбі бір жерден атойлап шығады. Қазақ мұндайды «тегіне тартады» деген. Сондықтан «қанына тартпағанның қары сынсынның» кері келіп, өзін татармын дейтіндердің барлығы «Сүйінбикенің сіңлісіндей» болған қыздарын абыроймен қорғап қалды. Осылайша, түркі дүниесінің алдында ата-бабасының атақ-даңқына дақ түсіртпеді. Әйтпесе, Ресейдегі басылымдар экстремист, қылмыскер деп айыптауға көшкен Эльмира Исрафилованың темір торға тоғытылары анық еді.. Намысқа тырысқан татарлар мұндай әділетсіздікке жол берген жоқ. Ал бізде дәл осындай күйге тап болған қандастарымызды өз шенеуніктеріміз ит терісін басына қаптап, «халық жауы» қылып жіберуден тайынбайды. Әйтеуір еліміздегі өзге диаспораларға шаң жуытпаса болғаны. Сондықтан өз ұлтының емес, өзгенің көңіліне қарап жалтақтайды. Себебі, барлығы билікке қолы тиісімен-ақ, бірден идеологияның қолбаласына айналады. Ал «күшік кезінде таланған» шенді-шекпенділердің көбісінен ұлттық намысқа келгенде қасқыр алатындай қайсарлықты күту мүмкін емес. Ұлттық намыс демекші, мұндай келеңсіздіктерді өз елімізде күнде көреміз. Ең өкініштісі, біздің қоғамның да бұған еті үйреніп, кезекті дозаның «кәйпіне» кірген нашақор құсап, мүлгіп барады. Бұған, ең алдымен, биліктің бейқамдығы себеп. Орыстардың бұндайды «преступный халатность» дейтіні бар. Өйткені, айналада болып жатқан әділетсіздікке «көз жұмып» қарап, тек «жетістігімізді» жырлауға шақыратын саясатымыздың сиқы сондай. Интернет беттерінде «Мен татар тілі үшін кез-келгеннің кеңірдегін қиюға дайынмын» деп аталған мақаланы талқылағандардың Татарстандағы оқиғаны біздегі ахуалмен салыстырғаны тегін емес. Барлығы дерлік қазақ тілінің өз елінде өгей баланың күйін кешіп отырғанына қатты қапаланатындарын айтыпты. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асса да, тіліміздің әлі өз тұғырын таба алмай келе жатқанына намыстанған. Бірақ, қолдан келер қайыр болмаған соң, оқырмандар ащы шерін бір тарқатып, ғаламтор арқылы өз ойларын ортаға салыпты. Осылайша, сайттағы мақала ашық пікірталас алаңына айналған. Бұны ғаламтордың бізге берген еркіндігі деу керек. Өкініштісі, әзірге осы еркіндіктен ары қарай аттап баса алмай отырмыз. Оған, ең құрығанда, көшеде кездескен кез-келген орысқа қазақша сұрақ қойып, қазақша жауап ала алмайтынымыз дәлел бола алады. Осындай шарасыз халдеміз. «Не понимаю» десе болды, тіліміз келмесе де ойымыздағыны орысқа орысша жеткізбек болып әлектенеміз. Біздегі «ұлттық идеология» қазақты қазір осындай дүбәра деңгейге жеткізді. Татарстандағы жанжалдың қазақ ғаламторында үлкен пікірталас туғызғанының бір себебі осыдан деп білеміз. Өйткені, тәуелді мемлекет болса да, татарлар мен біздегі жағдайдың бір-біріне ұқсас тұстары толып жатыр. Ең бастысы, Қазақстанда тілші қыздың тілектестері көп екенін көрдік. Оны қолдағандар билік басындағылар емес, ең алдымен, қарапайым халық болды. Бұл жағдай бұқараның басым бөлігі қазір қандай көңіл-күйде екенін де көрсетіп берді. Яғни, жұрт бүгіндері шовинистік пиғылдағы кез-келген арандатушылықты елеусіз қалдырмайтын болды. Ондайды өткір сынға алып, қоғамдық пікірге қозғау салуға тырысады. Бұл бұқараның бұйықпа мінезден арылып, ел ішіндегі оқиғаларға еркін араласа бастағанының белгісі. Бұны демократияның белгісі деуден аулақпыз. Себебі, демократияның атымен еуропалықтардың қандай қылмыс жасап жатқаны бәрімізге белгілі. Бұған сол еуропалықтардың арасынан шыққан Черчилльдің «Демократия азаматтық қоғамның дамыған үлгісі бола алмайды, біздің әзірге басымыз жетіп ойлап тапқанымыз осы ғана» дегені мысал. Ең бастысы, халық қазір өз құқын жақсы біледі, саясаттың қайда беталып бара жатқанын да сезіп отыр. «Демократияның даңғыл жолына» түскен елімізде үлкен бетбұрыстар болатын күннің алыс емес екені анық. Әлеумет арандап қалмас үшін, тек әліптің артын күтуде... Жолымбет МӘКІШЕВ