Тәжин тәуекелмен жұмыс істеді
2020 ж. 08 сәуір
4013
0
Бүгін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин 60 жасқа толды.
Совет Одағы ыдырағанда, тәуелсіз, жас мемлекеттің іргесін қалап, аяғынан тік тұрғызу оңай болған жоқ. Саяси құрылымды өзгертіп, жаңа нарықтық қатынастар орнату, әлемдегі барлық елмен терезесі тең барыс-келіс жасау, қысқасы тыңнан түрен салу үшін Елбасы өз командасын жасақтады. Бұл команданың бір бөлігі өз елімізде, КСРО аумағында еңбек етіп, көзге түскен кәсіби мамандардан қамтылса, енді бір бөлігі қайта құру заманында жоғары білім алған, жаңаша ойлайтын, өзгеріс пен жаңалыққа жаны құштар жас мамандар еді.
Сол бір уақыт белесінде жас саясаткерлерге үлкен, жауапты жұмыстар сеніп тапсырылды. Осы буынның ұшар басында ғылыми орта мен президент аппаратында сынақтан өтіп, өрімдей жасында терең білімі, сабырлы мінезімен үлкен мемлекеттік мүддені түп нысана еткен, мемлекет және қоғам қайраткері Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин тұрғаны айдан анық.
Алматы халық шаруашылық институтын, Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ аспирантурасын бітірген соң, Ұлыбританияда Лондон Университетінде ғылыми тәжірибеден өткен Марат Тәжиннің жалынды жастық шағы тәуелсіздіктің шұғылалы таңымен тұспа-тұс келді. Ол бар білімі мен парасатын елінің ертеңі үшін жұмсады.
Тәжиннің сабырлы мінезі мен терең білімі, ұзақты ойлайтын көрегендігі мемлекеттің кәдесіне жарады. Ол Елбасы мен элитаның, халықтың сеніміне бөленді, ішкі саясат пен сыртқы саясатта барлық маңызды құрылымдардың тетігін ұстап, міндетін абыроймен өтеді.
Тәуелсіздік жылдарындағы Марат Мұханбетқазыұлының еңбек жолы елдің көз алдында. Сондықтан, біз Тәжиннің соңғы үш жыл ауқымындағы жемісті қызметіне аз-кем тоқталғанды жөн көрдік.
2017 жылғы қаңтарда, Елбасының ұйғаруымен, Марат Мұхамбетқазыұлы ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Тәжин осы лауазымға келгенде, жасыратыны жоқ, елдегі идеология шатқаяқтап, кері кетіп тұрған еді. Ішкі саясатқа жауапты құрылымдар елдегі ақпараттық-идеологиялық саладағы мәселелерден алыстап кетті, осы саланың тізгінін ұстаған басшыларға деген қоғамның, зиялы қауымның сұрақтары көбейе түскен.
Соған анық куәлік ететін бір мысал келтірейін. Тәуелсіздік жылдары Отанға оралған қандастарымыздың жалпы саны миллионнан асқан болатын. Соған қарамастан, біз айтып отырған уақытта көші-қон саясатына қарсы коммерциялық каналдар мен баспасөз құралдары арқылы, ашық-көмескі түрде шабуылдар үдеп кеткенін жақсы білеміз.
Кейбір сарапшылар, тіпті, «шеттегі қазақтардың салт-санасы, дәстүрі, жазуы мүлде басқа. Сондықтан шетелдегі қазақ пен Қазақстан қазағын бір ұлт деуге келмейді» деп кесіп-пішті. Енді біреулер «бұлар бұрынғы бай-кулактардың тұқымы, қиындық кезінде қашып кетіп, енді даярға маяр болып келіп жатыр. Өзіміз қиналып жүргенде, бұларға үй, жер беріп неге әспеттейміз», «Өзіміз нанға, суға жарымай отырғанда, бұларға неге коттедж салып береміз?» деп даурықты. Бұның аяғы 2013 жылы көші-қон заңына жаңа түзетулер енгізілгенде, қандастардан азаматтық алу үшін 4 жыл күтетін, банкке кепіл ақша қойылатын жаңа тармақтар енгізілді. Әрі келген елінен көші-қон парағынан шығу, сотталмаған деген екі анықтама алып келетін болды. Сонымен көш тығырыққа көзге көрінбейтін қолдың көсеуімен тірелді. Бұл – бір ғана мысал.
Баспасөзде Алаш Орда, жер, көші-қон туралы әңгіме қозғамауға идеология саласының басшылары жасырын бұйрық бергені туралы қауесет желдей есті. Әсіресе, қазақтілді ортада, қазақ қоғамында мұндай шектеулер заңды наразылық та туғызып жатты.
Унитарлы мемлекет құру жолындағы ішкі-сыртқы саясатымыз, отарсыздандыру үдерісін бір арнаға түсіру жолындағы шараларымыздың кейбіреуі көрінбейтін кедергіге ұшырап жатса, кейбіреуі қиындықпен, мысық табандап алға жылжыды.
Осының бәрі Тәуелсіздігіміздің үшінші онжылдығында мемлекет үшін, қоғамның дамуы үшін жаңа идеологиялық ұстанымдар мен көзқарастардың, жаңа бастамалардың ауадай қажет екендігін көрсеткендей еді.
Сөзі мен ісі алшақ кетпейтін, ешқашан популизмге бой ұрмайтын стратег, үлкен білім иесі Марат Тәжин идеологияны қолға алған кезде, еліміздің ішкі-сыртқы ахуалы қысқаша осындай болатын. Көп кешікпей-ақ жағдай түбегейлі оңала бастады.
2017 жылы 12 сәуірде Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Еліміздің саяси өмірінде, болашақ дамуында маңызды рөл атқаратын бұл құжат, ә дегенде «біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық», деп атап өтті.
Рухани жаңғыру саяси, экономикалық жаңғырулардың ажырамас бөлігі екендігі қадап айтылды. Ең бастысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы декларативті күйде, сөз жүзінде қалған жоқ. Бағдарлама аясында еліміздің мәдени-рухани дамуына алғышарт болатын кешенді жобалар жасалды.
«Туған жер», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобалары сәтімен іске асты.
2018 жылы 21 қарашада Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты, 2017 жылы сәуірде жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасын жариялап, өзінің саяси, рухани жігерін көрсетіп, өткенге деген құрмет, келешекке деген сенімін кеңінен пайымдады.
Бұл екі құжаттың дайындалып, халық арасында кеңінен насихатталуы, іске асырылуы кездейсоқтық емес екенін, мұқият жоспарланып, ел тағдырын өзгертетін ұзақ стратегия үшін дайындалғанын біз бүгін ғана сезіне бастағандаймыз.
Ең бастысы, осы екі құжаттың аралығында ұзақ жыл ырғалып-жырғалып, әлдекімнің қабағына қарап, жалтақтап жүрген жобамыз – латынға көшу мәселесі түбегейлі шешілді. Латынға көшу жобасы қоғамда қызу талқыланып, зор қолдауға ие болды.
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген халқымыз. Жоғарыдағы мемлекет үшін, болашақ үшін тағдырлы, жауапты бастамаларды іске асырудың басы-қасында Марат Тәжиннің жүргенін атап айтуға тиіспіз.
2019 жылы наурызда елімізде тұңғыш рет билік транзитінің өркениетті, бейбіт ауысу процесі сәтімен жүзеге асты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның екінші президенті боп ресми сайланды. Осы тұста М.Тәжин Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалып, Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге, жемісті қызметін жалғастырды. Бұл да ел президенттерінің Тәжинге деген зор сенімінің көрінісі болса керек.
Бір сөзбен айтқанда, үш жылға жетер-жетпес уақытта идеология саласында ғасырлық маңызы бар шаруалар атқарылды. Бұрынғы кеткен қателіктер түзеліп, келешектің көкжиегі тіпті де жарқырай түсті.
Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, Марат Мұханбатқазыұлы өзінің қайраткерлік, азаматтық тәуекелінің арқасында, отаншылдық, мемлекетшілдігі мен терең парасат-пайымының арқасында ел басшыларының да, елдің де ризашылығына бөленгеніне көз жеткіземіз.
Ол елге өзі қызмет етіп қана қойған жоқ, соңынан елге қызмет етуге тиіс тұтас саяси буынды тәрбиеледі. Қазіргі кезде Марат Мұханбетқазыұлының шәкірттері әр салада еліне абыройлы еңбек етіп жүр. Бұл ұлы мұраттар мен үлкен мақсаттар жолындағы тұлғалардың ғана қолынан келетін ізгі іс болса керек.
Бүгінде Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин Қазақстанның Чехиядағы Төтенше және өкілетті елшісі. Елін сүйген қайраткер ұлға тек зор табыстар мен амандық тілейміз!
Омарәлі Әділбекұлы,
«Жебеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.