Дулат ИСАБЕКОВ: 20 ЖЫЛДА БІТІРГЕНІМІЗ БОЛАШАҚҚА ЖАҒЫМПАЗ, ҚОРҚАҚ, ӨТІРІКШІЛЕРДІ ҚАЛДЫРЫП БАРАМЫЗ...Олар басқа ұлт өкілі басқарса да, кез келген билiкке иiлiп өмiр сүре бередi...

Менiңше, бұл жиында “қазақ зиялылары бар ма, жоқ па?” деген мәселе қаралуға тиiс. Бар болса, неге үнсiз? Нелiктен бас көтермейдi? Бас көтер дегенде, көшеге шығып, бiреудiң жағасынан алайық, Конституцияны тәрк етiп, билiктi қолға алайық деп отырғаным жоқ. Зиялы қауым әрқашан сабырлылықпен бiздiң қоғамдағы өкiнiштi оқиғаны тiзе бермей, соны сараптап, себептерiн айтып, жоғары жақтың, әсiресе президенттiң құлағына жеткiзуi керек. Кешегi Жаңаөзен оқиға­сында қазақ қазаққа үлкен қатыгездiк жасады. Көздi бақырайтып қойып, жалақысын сұраған адамдарды атып тастадық. Айлығын сұрағандарды ата берсек, Қазақстанда кiм қалады? Менiң айтпағым, қазақты атқан адамдардың орнында басқа ұлт өкiлi болғаны дұрыс болар едi. Иттiк, аямастық жасады деп нұсқауға болатын едi. Ал қандай форма кисе де, өз қазағымыздың аяусыздығы, көзқарасы, өлген адамды тағы атсам ба деген сөзi, “қазаққа не болған?” деген мәселенi төтесiнен қоюға жетелейдi. Осыған ақылдасайықшы. Полицейлерге үндеу жаса­йықшы.
20 жылда не бiтiрдiк? Ертеңгi болашаққа жағымпаз, қорқақ, өтiрiкшi адамдарды қалдырып барамыз. Олар кез келген билiкке иiлiп өмiр сүре бередi. Ертең елге басқа ұлттың өкiлi президент болса да дәл осындай мiнезбен иiлiп, “дұрыс, ләппай тақсыр” дейдi. Бiз қазақ халқының менталитетiн, генофондын өзгертiп барамыз.
Басты байлық – адам деймiз ғой. Адам капиталы деген жексұрын термин бар. Адам өлiгiн капиталға айналдырды. Жаңаөзенде адам өлiгiн сатты. Мұны жасап отырған кiм? Тағы да қазақ. “Қазақ, саған не болған?” деген үндеу керек сияқ­ты. “Он мың теңгенi не қыласың?” десе, “полицейлермен бөлiсемiз” дейтiн көрiнедi. Сол ақшаға алған тамақ қалай ғана өттi көмейiнен? Осындай адамдармен қандай мемлекет құруға болады? Өркениеттi мемлекет құрып жатырмыз деп ойлауға бола ма?
Халық санының көбеюi билiкке тиiмсiз сияқты. Өйткенi әртүрлi пiкiр пайда болады. Қызылағашта 47 адам қырылды. Неге қаралы күн жарияламады? Кеше Бельгияның балалар мiнген автобусы апатқа ұшырап, он бiр адам қаза тапты. Елде қаралы үш күн жарияланды. Ал бiзде адам өмiрi басты құндылық деген қайда қалды? 47 адам аз ба? Неге қаралы күн жарияламады? Бұл табиғат апатынан болды ғой. Жаңаөзен оқиғасынан кейiн, әрине, қаралы күн жариялай алмайды, себебi өздерi атып тастады ғой. Неге соны елеусiз қалдырдық? Адам екеш адам түгiл, 47 қой суға ағып кетсе де, жауап беретiн едi ғой. Бұл адам өмiрiнiң құнсыздануы, өз адамына сұрау сала алмағандық. "Бұл қазаққа не болған?"- деп, алдымен өз қазағымызға үндеу жасамасақ болмайды!