Дулат ИСАБЕКОВ: 20 ЖЫЛДА БІТІРГЕНІМІЗ БОЛАШАҚҚА ЖАҒЫМПАЗ, ҚОРҚАҚ, ӨТІРІКШІЛЕРДІ ҚАЛДЫРЫП БАРАМЫЗ…Олар басқа ұлт өкілі басқарса да, кез келген билiкке иiлiп өмiр сүре бередi…

8
1074

Менiңше, бұл жиында “қазақ зиялылары бар ма, жоқ па?” деген мәселе қаралуға тиiс. Бар болса, неге үнсiз? Нелiктен бас көтермейдi? Бас көтер дегенде, көшеге шығып, бiреудiң жағасынан алайық, Конституцияны тәрк етiп, билiктi қолға алайық деп отырғаным жоқ. Зиялы қауым әрқашан сабырлылықпен бiздiң қоғамдағы өкiнiштi оқиғаны тiзе бермей, соны сараптап, себептерiн айтып, жоғары жақтың, әсiресе президенттiң құлағына жеткiзуi керек. Кешегi Жаңаөзен оқиға­сында қазақ қазаққа үлкен қатыгездiк жасады. Көздi бақырайтып қойып, жалақысын сұраған адамдарды атып тастадық. Айлығын сұрағандарды ата берсек, Қазақстанда кiм қалады? Менiң айтпағым, қазақты атқан адамдардың орнында басқа ұлт өкiлi болғаны дұрыс болар едi. Иттiк, аямастық жасады деп нұсқауға болатын едi. Ал қандай форма кисе де, өз қазағымыздың аяусыздығы, көзқарасы, өлген адамды тағы атсам ба деген сөзi, “қазаққа не болған?” деген мәселенi төтесiнен қоюға жетелейдi. Осыған ақылдасайықшы. Полицейлерге үндеу жаса­йықшы.
20 жылда не бiтiрдiк? Ертеңгi болашаққа жағымпаз, қорқақ, өтiрiкшi адамдарды қалдырып барамыз. Олар кез келген билiкке иiлiп өмiр сүре бередi. Ертең елге басқа ұлттың өкiлi президент болса да дәл осындай мiнезбен иiлiп, “дұрыс, ләппай тақсыр” дейдi. Бiз қазақ халқының менталитетiн, генофондын өзгертiп барамыз.
Басты байлық – адам деймiз ғой. Адам капиталы деген жексұрын термин бар. Адам өлiгiн капиталға айналдырды. Жаңаөзенде адам өлiгiн сатты. Мұны жасап отырған кiм? Тағы да қазақ. “Қазақ, саған не болған?” деген үндеу керек сияқ­ты. “Он мың теңгенi не қыласың?” десе, “полицейлермен бөлiсемiз” дейтiн көрiнедi. Сол ақшаға алған тамақ қалай ғана өттi көмейiнен? Осындай адамдармен қандай мемлекет құруға болады? Өркениеттi мемлекет құрып жатырмыз деп ойлауға бола ма?
Халық санының көбеюi билiкке тиiмсiз сияқты. Өйткенi әртүрлi пiкiр пайда болады. Қызылағашта 47 адам қырылды. Неге қаралы күн жарияламады? Кеше Бельгияның балалар мiнген автобусы апатқа ұшырап, он бiр адам қаза тапты. Елде қаралы үш күн жарияланды. Ал бiзде адам өмiрi басты құндылық деген қайда қалды? 47 адам аз ба? Неге қаралы күн жарияламады? Бұл табиғат апатынан болды ғой. Жаңаөзен оқиғасынан кейiн, әрине, қаралы күн жариялай алмайды, себебi өздерi атып тастады ғой. Неге соны елеусiз қалдырдық? Адам екеш адам түгiл, 47 қой суға ағып кетсе де, жауап беретiн едi ғой. Бұл адам өмiрiнiң құнсыздануы, өз адамына сұрау сала алмағандық. «Бұл қазаққа не болған?»- деп, алдымен өз қазағымызға үндеу жасамасақ болмайды!

8 ПІКІРЛЕР

  1. Сол жағымпаз, қорқақ, өтірікшінің біреуі осы Дулат Исабеков. Елбасының алдына барғанда мәймөңкелемей осы ойын неге айтпаған, әншейін хан сыртынан жұдырық түйгенше!

  2. «Айтылған сөз – атылған оқ» деуші еді, қазір айтылған сөздердің күші қалмай бара жатыр, әсері жоқ. Өйткені, оны тыңдайтын құлақ жоқ!!!

  3. Қазақтың құны,қазақтың тілі деген сіздердің жан айқайларыңызды еститін құлақ жоқ секілді. Болсада ол күмәнді. Cіздердің жазып жатқандарыңызды оқыса,сөз қадірін білсе бәрін жаздыңыздар. Ел жұртыңыз сізге риза әрқашан халық сізбен бірге.

  4. 20 ЖЫЛДА БІТІРГЕНІМІЗ БОЛАШАҚҚА ЖАҒЫМПАЗ, ҚОРҚАҚ, ӨТІРІКШІЛЕРДІ ҚАЛДЫРЫП БАРАМЫЗ деп сөздің АҚИҚАТЫН айтыпсыз,ұғындық… Енді осы мәселенің шешімі қалай жүзеге асады деп йлап отырмын…

  5. Айтқаныңыз оқ екен, негізі нысанаға дәл тиген болу керек болған, оны тигізбесе онда құдайдың өзі китайский болғаны…. Бұны айтқан Болатханның Әміржаны

  6. Түбегейлі өзгеріске қазіргі ағартушылардың қолынан келмейді. ондай іс. Ағартушыларды тыңдайтын бір «қырыпсал» ортаға келмесе. (өз қазағымыздың аяусыздығы, көзқарасы, өлген адамды тағы атсам ба деген сөзi, «қазаққа не болған?») – АҚША барлығының құндылығын астан-кестен қылған, елдерді жұтқан. Бар жоғы құндылықтың ауысып кетуі, елдің аманат құндылығына, басқа жаулап алған құндылықтың келуі, енді теуіп шығара алмайсың. Әйткені, құныққан адамды емдеу қиын. Кезінде аманаттың қалтқысыз орындалуын ұзілмей ұрпақтан-ұрпаққа жетуін нақты ақ сақалына сай кемел қариялар қадағалап отырған. Бүгінде қарияның өзі саңдалып жүр, азық тауып күн көруді қиындатып бас-басына атаң түйе көтере алмайтын ауыртпашылықты адам басына төгіп берді. Осы адасқан, бодан қылған демократия құндылығы! Қазақтың ежелден келе жатқан адамгершілік пен ұят құндылығының еш салыстыруға келмейді. Мәселе осыны жанғыртамын деген адам жоқ. Біреуге қарап жалтақтап өз тілін көтеруге қоян жүні көтеріліп өзінен-өзі қорқып отырған елден, ертен батыл қадам жасайтын құқықтық тәртіпті ұяттық тәртіпке келтіретін үлкен жұмысқа, нақты ұрпақ келу керек шығар бәлкім. Әттең елдің осындай кезге жеткендігін көзім көрсе арманым жоқ болар еді. Қайтеміз құлқын билеген заманда баласы сатып кетседе таң қалмайтын болдық, масқаралығы бұдан сорғысы не болар екен деп ойға келу екен.

  7. Халықаралық беделі бар тұлға ретінде аталы сөз айттыңыз аға! Тақырыбын Қазыбек сөздеріңізден дәл қойған. Мен де өзіме көшірмесін алдым. Мұхтар ағаммен Сіздің түрлеріңізден де көрінеді, Сіздер адамзат қауымдастығы силайтын, мойындайтын, өз аз ұлтыңыздың қорғаушысы екендеріңізді. Өз түрлеріңізге мұқият қараңыздаршы, өздеріңізде соны көресіздер деп ойлаймын. Қияли деп күлмеңіздер маған. Психологтар айтадығой, қырықтан асқан адамның түрінде оның кім екені жазылып тұрады деп. Кереметтей силаймын, қазақтың алып тұлғасы, нағыз Зиялысы!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз