Тұрсын ЖҰРТБАЙ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТЫ ЖАУЫ - ОППОЗИЦИЯ ЕМЕС... мемлекет құрушы ҚАЗАҚҚА ҚАРСЫ БИЛІКТІҢ ұлтсыздыққа негізделген САЯСАТЫ!..

Алматы қаласында 19 наурызда (2012 жыл)  өткен   «Руханият. Тәуелсіздік. Модернизация» атты

Қазақ зиялыларының  Форумында сөйлеген  сөзі

Бүгінгі қазақ қоғамының - дертті қоғам екені анық. Оның дауасын табу үшін операция жасар алдында дәрігерлер адамның ағзасына қалай анализ жасаса, біз де бүгінгі қоғамға сондай тиянақты түрде талдау жасауымыз керек. Билік - ұлттық мемлекеттік құрылымнан бетін бұрып, ұлттық мүддеден тыс қалып, өздерін өзі қызықтап, құрылықтан бөлінген салынды аралға ұқсап, шыр айналып, заман ағысынан, яғни, мемлекеттік басқарудан - «мен, мен» мен мендік» басқаруға көшті. Биліктің өз халқына ғана емес,  кеше ғана алдында тізерлеп қолын қусырып, онсыз Қазақстан күнін көре алмайтындай өбектеген ОБСЕ-нің өзіне кілт теріс әрі шорт бұрылғаны сондай, мойнын үзіп ала жаздап тұр. Ал халық кешірсе де, олар - еуропалықтар мұндай «бетбұрысты» кешірмейді. Түбі не боларын қайдам, әйтеуір, назасы мен жазасы халықтан аулақ болғай. Өйткені, кеше ғана «елі үшін туған ерден айналайын» деп әндеткен халықтың кеудесіне оқ тиді. Мылтық әлі де оқтаулы. Мылтық әлі де халыққа кезеліп тұр. Бұрын қатардағы тергеушінің жазықсыз әйелді қылмысқа тартып, шырылдатқаны үшін, қатардағы жазалау отрядының өзінің әке-шешесіне қарсы оқ атқаны үшін жағамызды ұстаушы едік. Енді онымен генералдар айналысатын болыпты. Бүкіл монархиялық Ресейдің беделін сақтап қалу үшін аулаға дамбалын іліп қойған кемпірді сотта қорғаған қазақтың жиені, атақты адвокат Плеваконың: «Сорлы Ресей! Сорың енді   қайнайтын болды! Бір кемпірдің дамбалына бола ар-ожданың төгілді-ау! Енді ол кемпірді соттамасақ болмайды,Ресейдің намысы кетеді. Бишара кемпірдің дамбалы бетіне шіркеу болған сорлы Ресей! Соттаңыздар, мырзалар! Кемпірді соттауын соттайсыздар-ау, бірақ Ресейдің бетіне шіркеу боп жабысқан мына дамбалы құрғырды қалай сыпырып тастар екенбіз. Сол қиын болады-ау», - деген сөзі естеріңізде шығар. Күні кеше теледидардан: Жаңаөзенде өткен наразылық шеруінің басты себепкері, яғни, қазақтың басты жауы - күйеуі мен баласы желтоқсандағы қанды оқиғада жауапқа тартылған шынашақтай ғана сорлы келіншек екен, оның «Жойылсын!» деген үндеу қағазын таптық, өзін қолға алдық, енді жауапқа тартамыз», - деп жариялаған аса сұсты, погоны алтын генерал-майордың айыптауын естігенде, Плеваконың осы сөзі есіме түсті. Жаңаөзендегі жаңа шеруге күйеуі мен  баласы үшін арашаға түскен әйел, ана кінәлі екен. Шынында да, неткен масқара! Күйеуін қорғаған - әйел, баласы үшін ашынған ана - Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп төндірген барып тұрған арандатушы қылмыскердің өзі болып шығып тұқр! Ал: күйеуі мен баласына араша түсу - әйелдің басты парызы - деген пайғамбардың хадисі, әлгі генералға «діни фундаментализмнің астыртын уағызы» сияқты көрінетіні анық. Кетпектей генералдың әлгі айыптауы кейуананы соттатуын соттатып тынады-ау. Бірақ, азамат басымен мұқым жұрттың алдында күйеуі мен баласын  қорғаған шынашақтай ашынған әйелді (сол генералдың өзі де бір ананың баласы, бір әйелдің күйеуі ғой) арандатушы есебінде теледидар арқылы жариялауы қандай төменетектік десеңізші! Азаматтығын былай қойғанда, еркек, генерал деген аты бар емес пе! Былай құмыға сөйлеуіміздің себебі, дәл қазір Абай айтқандай: Тынымадық, Жарымадық, Жақсыға бір іргелі. Қолына алып, Пәле салып, Аңдығаны өз елі, - деген күйді басымыздан кешіп отырғанымызға назар аудару. Дәл қазіргі кезеңде «өзінің елін өзі аңду» науқаны -мемлекеттік режим деңгейіне көтеріліп отырғанын аңдату. Қазақстанның басты жауы - оппозиция да емес, оралман да емес, күйеуі мен баласына араша түскен әйел де емес, мемлекет құрып отырған ұлтқа қарата биліктің қолданып отырған ұлтсыздыққа негізделген сатымсақ     саясаты. Мұның басты себебі не және қайдан басталды? Ол, ашық айтайын, ұлттық -азаттық бағытты ұстанған алғашқы мәжіліс депутаттарын таратып, соның орынына келген, «Ли көкем»: «Сенің жауың - өз ұлтың, сенің досың - біз» деген ұранды ұстанған және оны санаға сіңірген, сөйтіп, бүгінгі күнде билеуші партия «Нұр Отанға» билік жүргізіп отырған Халық ассамблеясының құрылуынан басталды. «Халық ассамблеясы өмір сүріп отырғанда қазақ ұлты толық рухани бостандыққа жетпейді» - деп осыдан үш жыл бұрынғы «халықтық доктрина» мен дін туралы заңның алғашқы жобасы дайындалған тұста айтқан едім. Сонда менің бір сенатор және екі депутат досым маған «Тұрсын Асанқайғы» деп атақ тағып еді. Қазақстанды бүгінгі ішкі, сыртқы экономикалық тәуелділікке, діни  төзімсіздікке алып келген де Ресейдің ХІХ ғасырдың соңындағы рухани және экономикалық тәуелділік туралы қабылдаған Ережелері мен заңдарының, Патша мен архиепископ қол қойған жарлықтың бүгінгі тілмен жазылған доктриналық және заңдық нұсқаларында солардың қолтаңбалары мен белсенді ықпалы барлығы анық : Қасиетсіз туған - ол да жат, Күңкілдеп берер сазаңды, - деп Абай айтқандай, «күңкілдеп жүріп», міне, сазамызды берді. Оған биылғы бірінші қаңтардан бастап күшіне енген кедендік одақтың шарттары толық дәлел. Кедендік одақтың атқарушы кеңесінің шешімінсіз экономика, баға туралы енді Қазақстан Үкіметі қаулы шығара алмайды. Демек, бағаны реттей алмайды, оны Ресей белгілейді. Өйткені, кедендік одақ шешім қабылдау үшін 69 пайыз дауыс жинауы керек. Ол дауытың  57 пайызы Ресейге тиесілі, ал қалған 12 пайыздың 7 пайызға жуығы ішкі өнімі Қазақстаннан көрі басым Белоруссияның еншісінде. Бұл дегеніңіз Ресейдің шешіміне экономикалық тұрғыдан бүтінгдей тәуелдіміз деген сөз. Демек, біз қазіргі жағдайда толық экономикалық тәуелді елміз. Біз аңсаған, алаш аңсаған тәуелсіз мемлекет осы ма еді? Бұл - Кеңес тұсында жасалып, кеңестік республикалар тәуелсіздік ала қалған жағдайда жүзеге асырылуға тиісті, ал тоқсаныншы жылдардан бастап ашық жүзеге асырылуға кіріскен 950 бапқа жуық әскери-саяси доктринаның жеміс бере бастағаны деп санаймын. Біз «жасасындатып» жүрген Еуразия идеясы - Еуропадан, Африкадан, Австралиядан бодандық үлестерін ала алмай, одан күдерін үзген орыстық массондардың Еуразия идеясына негізделген. бұл доктринаның басты  мақсаты - Ресейдің шығыстағы үстемдігін орнату. Яғни, тағы да сол Абай айтқандай: Шыдасаң есті қашырмай, Құлдатып, қор қып жіберу. Егерде еуразияшылдардың тұжырымдамасын оқысақ және олардың гербтік рәмізіндегі екі басты самұрықтың басындағы қарқарасының орынында крест тұрғанын ескерсек, оның қазіргі көсемі Дугиннің кітабін оқысақ, мұның барлығы анық аңғарылады. Ал сол Дугиннің Елбасы туралы кітап жазуында қандай астар жатыр? Осы біздің жанығып жүрген Еуразиямыз - қандай Еуразия?!. Бұған жауап беруге тиісті біздің ұлттық зиялыларымыз, тағы да сол Абай дегдар айтқандай күйде: Тура сөзін айта алмай, Қит етуге бата алмай, Қорлықпенен шіруге, Аз ақшаға жалданып, Өнбес іске малданып, Жол таба алмай сандалып - жүр. Халық, зиялы қауым - кезінде тәуелсіз мемлекеттің идеологиясы мен экономикалық тәуелсіздігіне әр түрлі себептердің кесірінен белсене араласа алмады, ықпал ете алмады. Ал қазіргі қоғамдық жағдай мүлдем басқа. Ленин айтқандай, «халық бұрынғысынша өмір сүре алмайтындай, билік бұрынғысынша басқара алмайтындай» қалге жетті. Жанақ ақын айтқандай: Ханнан - қайыр, байынан - пейіл кетіп, Телмірген, теңдігі жоқ ел болған кез - туайын деп тұр. Енді не істеу керек? Сондықтан да бұрынғыдай дайындықсыз, шарасыз, амал-құралсыз қалмас үшін тәуелсіз мемлекеттің барлық мұраты мен мұхтаждығына жауап беретін жалпы ұлттық даму тұжырымдамасын жасау керек. Онда сонау «мәңгілік елді» аңсаған көшпелі дәуірден бастап кешегі біртұтас алаш идеясының әр тармағы қамтылып, оны бүгінгі мемлекеттік құрылыммен, идеологиялық, экономикалық бағытпен, ішкі, сыртқы саясатмен, қауіпсіздік шараларымен тиянақты түрде салыстыра отырып, ертеңгі ұстанатын билік нысанасы анықталуы тиіс. Бұл - жалпыға ортақ арман. Бүгінгі халықтық қозғалыстың беталысы соған бұрылып келеді. Қарапайым халықтың арманы да қарапайым утопияға негізделген.  Кім болса ол болсын, әйтеуір, адал адам билікке келсе екен деп тілейді. Қазір халықтық қозғалыстың нышандары бар, оппозициялық партиялар да біршама ысылып қалды. Бірақ олардың Жаңаөзен сияқты жекелеген оқиғаларға қатысты көзқарастары болмаса, жоғарыдағы жалпыұлттық мүддені қамтитын тұжырымдамалары анық емес. Олар Біртұтас алаш идеясын қамтитын көкейкесті мәселелерге орай қандай көзқарас ұстанады, халықтың қолдауы соған тікелей байланысты. Өйткені сол оппозияция көсемдері мен мүшелерінің өздері де қазақтың жаңа қалыптасып келе жатқан буржуазиялық табының өкілдері болып табылады, яғни, әжептәуір меншік пен әлуетті капитал иелері. Мен Алаш идеясын ту еткен кез-келген қозғалысқа, оппозициялық немесе билік партиясына қатысуға дайынмын. Алайда олардың мынадай ұлттық мәселе жөніндегі ұстанатын саясаттары анық болуы тиіс. Ол, ең алдымен жер мәселесінеи қатысты. Әлихан Бөкейханов айтқандай: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмесін». Өйткені,  Жер - Отан, ал Отанды сатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны. Қазір қазақ жері өзінің тарихи иесінен айырылып қалды. Тіпті Торғай өңіріндегі аса зәру тұщы бұлақтан бастап, айналасы мың шақырымға дейінгі елді мекеннің тұрғындары азығын айыратын Ақкөлге дейін меншіктеліп кетті. Дала ине жатыр. Бірақ ауылдағылар шөп шауып, егін салатын, мал өрістететін жер таба алмай отыр. Ә.Бөкейханов сияқты қазақ жеріндегі әр түп тобылғы мен жусанның, ащы-тұщы бұлақ пен құдықтың қанша адам асырай алатынын есептеп барып, Ресейге жылына 60 мың тонна ет сата ала ма, жоқ па. Егістік көлемін азайту керек пе, жоқ па? Азайтса, он - он бес гектармен күнін көріп отырған шаруалардың егістік жері қысқара ма, жоқ, алпауыттардың егістік жері қысқара ма? Міне, осының барлығын экономикалық, ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият түрде ескеретін партия мен қозғалысты жақтаймын. Екінші,  қозғалыстар мен оппозициялық партиялар үкімет басына келе қалса: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық шикізаттық игілікті игеруде қазақ мемлекетінің үлес салмағы қалай бөлінеді, меншіктің қандай формасына үстемдік беріледі? Ә.Бөкейханов айтқандай: «Оның әр бір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадала ма, жоқ па?». Яғни, бұл - өз жеріміздің игілігін - әуелі өз еліміздің игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат -  деген емеуірін. Ал қазірАбай данышпанның: Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, - дегеніндей, қазынамыздың ырқы бізден кетті. Абайдың айтып отырған «ырығы» - осы ырық. Жердің астына, үстіне, аспанына иелік ете алмасаң - ырықтың кеткені сол емес пе?!. Атыраудағы, Ақтөбедегі, Жаңаөзендегі қозғалыстар тура осы табиғи байлықтардың әділетсіз бөлінуіне тікелей байланысты. Олардың талабы: «Ата-бабамыз қанын төгіп, жанын беріп қорғаған жердің астындағы байлыққа қонған қытайдың шыбынын қағып отыра алмаймыз» - деген әділ талап. Мен бұл сөзді олардың өз ауыздарынан естідім. Үшінші, саяси партиялар мен қозғалыстың мақсатына байланысты  білгім келетін ділгір мәселе, ол - эконмикалық тәуелсіздік мәселесі: қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киіле ме, жоқ па?» (Бөкейханов), яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен экономикалық бірлікке қол жеткізуге ұмтыла ма, жоқ па? Жоқ, қазақ жұрты КимЛиСиндердің, МашШодИбрлардың, ЛужПутБайстардың жалдамалысына айнала бермек пе? Кедендік отарлаудан құтыламыз ба, жоқ па? Қазақ үкіметі өзі өндірген затқа өз еркімен баға қоя ала ма, жоқ па? Әлде, тағы да кеңестік «темір ноқта» киеміз бе? Абайдың:«Бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң: атасы басқа, діні басқа,  күні басқалар да жалданып тірлік қылады. Бірлік сатылса - антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек», - дегендегі бірлік -  тәуелсіз экономикалық бірлік сақтала ма, жоқ па? Оппозициялық және билік партиясының мүшелері тиын мен тебеннің тілін менен көрі жақсы біледі. Сондықтан да тереңдетіп жатпайын. Ал біздегі сатылмайтын құндылық - тек «жалданып тірлік құру» ғана болып қалғаны бәріңізге аян. Төртінші білгім келетіні, сол партиялар мен қозғалыстар - қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігін мойындай ма, оған билікке келген күннен бастап жол аша ма? Яғни, Х.Досмхамедов айтқандай, «ұлттық мәдениет үстемдігі» сақтала ма, жоқ па? Әлде, Шәмшіге емес, «Битлзге» Көктөбеден ескерткіш қоюға жанталасқандарың қатарында жүре бере ме, әлде Алматыны - Алма-атаға өзгерте ме? «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім», - деп Сара ақынның сал Егер қоғамның дамуы осы бетімен кете берсе, күні ертең біз алыс-жақынымызға арнап оқытатын «Құранды» да орыс тілінде оқыттыратын боламыз. Бесінші, білгім келетіні, сол саяси партиялар мен қозғалыстар: тәуелсіз ғылымға жол аша ма, жоқ па. Заңды ұлттық салт, дәстүрге негіздей отырып қабылдай ма. Қандай үлгідегі мемлекет құрмақ:  Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет пе, америка сияқты азаматтық мемлекет пе, бір ұлттың мүддесіне негізделген мемлекет пе, жоқ, жалпақшешей мемлекет пе? Міне, осындай өзекті мәселелерге өзінің көзқарасын білдірген және соны жүзеге асыра алатын партияның немесе қозғалыстың соңынан еруге халық дайын. Әйтпесе, өздерінің ұстанымы анық емес жалған ұраннан халықтың көңілі қалды. Бізге, нақты статискалық ақпараттар мен талдаулар керек. Халық Қазақстанның нақты экономикалық көрсеткішін білсін. Бюджеттегі ашық қаржыдан «қарабауыр қаржының» көлемі бір, біржарым есе көп - деген мәліметті айтып жүрген  бұрынғы министрлердің сөз рас па, жоқ па? Мұны бейресми Үкімет құруға шақыру деп те түсінулеріңізге болады. 1990 жылғы «Қазақстанның суверенитеті» туралы мәлімдемеде қамтылған осы бес түрлі ұлттық ұстаным бұтақтала келіп, 2002 жылғы жерді сату туралы заң жобасынан кейін қазақ мемлекеті ұлттық идеядан толық арылып, беймарал мемлекеттің құрылымына көшті. Соншама азап шеге жүріп аңсаған тәуелсіздік идеясынан нағып соншама тез жеріндік? «Алаштап» жүріп «Ақ жол» партиясы Айталы ағамыз бастатқан қазақтың марқасқа зиялысын «судан өткенше пайдаланды» да, судан өткен соң суға лақтырып кетті. Лениннің: буржуазия жалтақ. Онда ар-ождан жоқ, пайдакүнемдік мүдде ғана бар -дегені рас болып шықты.  Кейде, маған кеңес тұсындағы Балтық жағалауы, Өзбекстан, қазіргі Бельгия сияқты Үнсіз Азаматтық Мойынсынбау қозғалысын бастап кетсек қайтеді - деген ой да келеді.

Қазыбек ИСА

ЕЛ  НАМЫСЫ – ЖАҢАӨЗЕН! Жаназа боп мереке, Жаңаөзенді жел керді... Ашынған аш ел өте, Той қазанды төңкерді!..   Мұнай - елдің қорегі, Қызығын қытай көреді... Қырылып қазақ өледі... Қор болардай осынша, Кімнен ұлтым кем еді...   Қара мұнай орнына, Қан ағызды қып-қызыл... Ел Тәуелсіз болды ма, Басты батпан тіпті зіл...   Ағып жатқан қаны өзен, Жаңа дәуір – Жаңаөзен! Шалғайдағы ел көрсетті, Болмайтынын және жем... Ел намысы - Жаңаөзен!   Маңғыстаудай маң дала, Қарады әлем таңдана... Өзі қыру – өз халқын, Жан алатын «жарнама» Жаңаөзенге жанашыр, Болып отыр бар қала!   Қара халқын қырғызып, Қара алтынды жинаған... «Үздіктерге» үргізіп, Үркінді елді қинаған, Бола алар ма сыйлы адам?!.   «Дамып кету»- далбаса, Жалған өмір сүргенбіз... Кім көрінген алдаса, Патшамызды кім дерміз?..   «Атқызған кім? Атқан кім?» Аттандайтын сұрақ бұл. Құл бола ма бек халқым, Басқарса егер бір-ақ құл...   Кемдігі жоқ ұлтымның, Кеңдігі ғой құлқынның... Құлқыны үшін Құрдымның, Құл бола алмас жұртым мың...   Тексіздердің құлы боп, Тер төккенше аһ ұрып... Тең атаның ұлы боп, Теңдік сұра ақырып!..   Ақысы – тер төккеннің, Жетімдік пен жесірлік! Нанын талап еткеннің, Қанын төгу не сұмдық!..   Аң атқандай қуып әр, Боялды ғой құм қанға... Аң атсаң да құны бар,- Ал қазақта құн бар ма?!.   Қайғысын ел көтерер, Басын қалай көтермес? Ердің құны өтелер, Елдің құны өтелмес!   Елді қорғай алмаған,- Кенді қорғау амалы... Жерді қорғай алмаған,- Жемді қорғау болады... Тілді қорғай алмаған, Кімді қорғай алады?   Бар ма халқым, не дерің, Кеңес болды Кеденің... Елес болды Бостандық, Бес теңге боп беделің... Қалай енді табамыз, Жараланған ел емін?..   Құмар болса Қамытқа, Құны болар халық па? Қара бастың қамы үшін, Халыққа күш танытпа! Бас айналса байлықтан, Тақ айналар табытқа!..   Желтоқсанның елесі, Ел кезіп жүр... Айта біл! Азаттықты келесі Алу керек қайта бір!..                         16.03.2012.