Қуандық ТҮМЕНБАЙ. ТЕКСІЗДІК НЕГІЗІ - ТІЛСІЗДІК. Елу жыл тұтқында тілін ұмытпаған ағай... өз елінде тілінің тұтқында қалғанына құса боп өлді...

ТЕКТІЛІК пен ТЕКСІЗДІК  немесе биология идеологияға қол ұшын берсе...   Тектілік дәстүрді үйрету – ата-ананың ең басты парызы

 

Сүйенеріміз – туған тіл. Осы арқамызды кеңге салғызған алтын қор тіліміздің елу мың сөздің басын біріктірген түсіндірме сөздігіне тәуба! Соған қарап, осы мақаланы жазарда «текті» деген сөзге үңілсем, былай деп түсініктеме беріпті: 1. Шыққан тегі бір, тұқымдас, тектес. 2. Тегі, шыққан жері жақсы. Текті жер – үлгілі, өнегелі ел, ауыл.  Ал «тексіз» сөзінің мағынасы: 1. Тегі белгісіз, отансыз. 2. Ауыспалы мағынасында – тәлім-тәрбиесі нашар, көргенсіз деп түсіндіріпті. Құп дейік. Өмір болғасын екеуі де болады. Бірақ, елуден асып, алпысқа бет бұрған жасымызда осы екі сөз қабат еңсені басып, бірде жоғары, бірде төмен алып ұшып, қиялды шарқ үйіріп жүр... Әкеміз ХІХ ғасырдың 90-жылдары туған адам, «нәсілі текті ғой» деген сөзді оң жамбасына кеп қалғанда нысана көздеген мергендей баптап айтатын. Олардың айтатын тектілері Мұстафа Шоқай, Жұмабай Шаяхметов, Жұмабек Тәшенов, Дінмұхамед Қонаев, Шаһмардан Есенов, Исатай Әбдікәрімов, Иманжүсіп, т.б. еді. Әкем тоқсаннан асып өмірден озды. Қоңыр кителін үстінен тастамайтын. Шілдеде де үстіңгі түймесін ағытпайтын. Тең сөйлесе бастаған тұста: «Ағытып қоймайсыз ба?» десем, «Сталин жолдас барлық уақытта ағытпайды» дейтін. Осы күні ойласам, «арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, соңғысы да солай жүріп», бұлжымас дәстүр қоғамда қалыптасып, мемлекетті ұстап тұрған секілді. Ыбырай Жақаев өмірде Дінмұхамед Қонаевпен етене болды. «Жұрттың ішіне пышақ айналмайды, Қонаевтың ішінде ерттеулі ат айналып жүре береді» дегенді аузы ауыр адам бір рет айтып қалды. Қонаевпен сан мәрте жүздестім. Тебен ұстай білгенмен, көк көрпені көктей алмайтын кезіміз ғой, кейбір албырттықтан туған асығыс сауалыма «үй артында кісі бар» деп жауап берсе, бұл – басқан ізінің бүдіріне дейін бақылауға алған кезі екен. Ол кісіден Ыбырай туралы сұрағанымда екі қырына тоқталды. Бірі – Жетісудағы Балқаш өңіріне күріш егуді бастағанда «Жақаевты шақырып, топырағын көрсетіңдер» депті. Диқан жерден бір уыс топырақ алып: «Топырағы құнарлы, суы мөлдір екен» деген бір-ақ ауыз сөз айтыпты. Ғалымдармен ақылдасып, «О не дегені?» деп сауал тастаса, «Күріш қоймалжың суда өседі, мөлдір суда күрмек көп болады» деп түсіндіріпті. Дереу қондырғы арқылы суды лайлатып, сөзді іске асырыпты. «Ол кісі өзінің үй орнындай томарды өгізбен сүйретіп, өгізі зорығып құлағанда, соқаға өзі жегілген сәтін ойлап тұрды ғой...» деп кеңкілдеп бір күліп алды. Осы күнгі аудандық әкімшіліктің бір нұсқаушысының: «Пікірімізді басшыға ашық айтсақ, халық жауымыз ғой» деген сөзі әркез құлағымның түбінде ызыңдап тұрып алады. Сонда білікті агрономдарды шақырып, диқанның сөзімен санасып, оның мәнін саралап, іске асыруы текті адамның тұлғасы емес пе?! Тағы бір сөзі – «Ыбекеңді 70-ке толарда екінші Еңбек Ерлігіне ұсындым. Мәскеуге күңкүл көп түсті...» деп еді Димекең. Сонда сауаты жоқ, тек кетпенді серік қылған дала адамының үстінен оқығандар орысшалап жазып, Мәскеуге күңкіл жолдапты. Жерді, нан өсетін топырақты сыйламау да тексіздік емес пе? «Қазақстан Украина секілді күріштен мол өнім алсын десеңіздер, Ыбырай Жақаевқа екінші Еңбек Ері атағын беріп, жақаевшылар қозғалысын өрістету керек» деп, саяси бюрода мәселе қойып, ел намысын ер намысы арқылы көтеруі – тек партия басшысының емес, Жер-Анаға жаны ашыған адамның бейнесі. Қонаев жүзге толды. Алматыдай астанада, Алатаудың етегінде, ақбоз ат мінген маршал Жуковтай болмаса да, ой кешкен сұңғақ бойлы, қарапайым тұлғаның ескерткіші тұрса, тектілік тұрғандай көрінер еді. Бұл – қазақтай текті жұрттың тілегі һәм арманы. «Тексізді төрге шығарсаң, төбеңе тышады» дейді қайнар бұлақ халық. Кезінде қол ұшын берген өзіміздің жігіттер сәлемін бұлдап, сыртыңнан сөз қылса, ол тексіздік емес – әдепсіздік. Адам «көре-көре көсем болады», олар, сірә, көріп біте алмай жүр. Бір жігітті білемін, көргенді жерден шыққан, тегі мықты-ақ азамат еді. Мединститут бітірген қызға үйленіп, жас келін үй тірлігіне араласып, қазан-ошақтың құлағын ұстаса, анасы келіп: «Менің қызым мединститут бітірген, үй тірлігін істемейді» деп тыйым салып, тойтарыс беріпті. Шыдамның да шегі бар, жігіт заңды түрде ажырасты. Сөйтсе, ол шыққан үйде біреудің босағасына барып-келу «дәстүр» екен. Әпкелерінің жолын қуып, қазір қазан-ошақтан аулақ кетіп, қонақ күтпей, өз төріне өзі шығып ап, пирожки мен тортты талғажау ғып, «тамаша» өмір сүруде. Әкесіз өскен қыз шешесі салған «даңғыл жолмен» жүріп келе жатыр. Бірақ ер-азаматтың көңіліне қаяу түсіп, өмірлік сапарда бір рет сағы сынды. Еркек қой, бәріне көнбіс көңілмен қарайды, бірақ перзентін алып қалған Ана мен қонақтан «қорқатын» бір үйлі жан қоғам үшін тексіз тәрбиелеп отырған жоқ па? Адам өмірден өтерде бәрін еске алады, басқан ізің зымырандай зымырап көз алдыңа кеп, о дүниелік болғалы жатқан Адам бұ дүниеге есеп беретін секілді. Өзі де атақты жолдасым бір атақты адамның қызына үйленді. Ол жиырма бесінде кандидаттық қорғап, елден әкелген бір қойдың етін қазанға сап, екеуміз мәре-сәре болдық. Ет пісті, атақты адамның қызы қамыр илеп, нан салуды білмейді екен. Қаракесек етті қамырсыз қарбыта асаған күнге де жиырма жыл өтіпті. Жұбайы ауыр кеселге шалдығып, көңілін сұрай барғанда, сол сәтті есіне алды. «Сонда мен нан салуды білмедім. Мама виновата за все» деп әйелдік жолды үйретпеген анасын кінәлады. Оңтүстік, солтүстік деп жағрафиямен жадағай айналысқанша, адам күтіп, тектілік дәстүрді үйрету – аналардың ең басты парызы емес пе? «Қызға қырық үйден тыйым» болса, қыз қолына оқтау ұстату оңтүстікте қыздың көкөрім кезінен басталады. Бұдан қыз бала ұтпаса, ұтылмайды. Ол бір шаңырақтың болашақ тірегі. Қыз баланы тектілікке үйрету қазан-ошақтан басталса керек. Біздің телеарналарымыз қазір тектіліктен гөрі тексіздікті көбірек насихаттайды. Кешкі жаңалықтарды ашып қалсаң, тосын оқиға, бақытсыз жағдай, оған түсінік берген полицай погонын таққан баспасөз хатшысы, қысқасы, шаршаған көңілді басып, жан жадыратар хабарлар аз. Бір кездері берекеге айналған миллиард пұт астық өндіргендерді, қой қырқудан оза шапқан Шотай-чемпиондарды аңсайсың. Динара Мыңжасарқызының мақаласында («Қазақстанда суицидтің көбеюіне не себеп?.. «Түркістан», 27 қаңтар 2011) өмірдің осы көріністері ойып алынған. «...баяғыда бір қыз екіқабат болып қалса, соны жабық хат арқылы бүкіл республика бойынша талқылайтын. Бірақ оны телеарнадан, радиодан жарияламайтын еді. Ал қазір экраннан өліп жатқан адамның бет-бейнесін ашық көрсетеді. Мұны көріп өскен баланың ертеңгі күні дәл соны қайталамауына кім кепіл? Меніңше, адам өлтіріп, зорлап кеткен суық ақпаратты теледидардан көрсетуге болмайды. Тыйым салу керек. Жақында балабақшада эксперимент жүргіздім. Балаларға: «Біз отбасы ойынын ойнаймыз. Сендер болашақта кіммен бір үйде тұрғыларың келеді? Соның қолын тез арада ұстаңдар» дедім. Бәрі әп-сәтте қол ұстасып тұра қалды. Тек Гауһар атты қыз ғана басы салбырап, оқшауланып тұр. «Гауһар, саған не болды?» десем, «мен ешқашан тұрмысқа шықпаймын. Менің мамам тұрмысқа шыққан жоқ. Оның қолында сақинасы жоқ» деп жылап жіберді. Ол болашақта өз жолын қалай таңдайды екен? Осы біздің жанымызды қинайды. Ана салған «даңғыл жол» сәби санасында даңғырап жатпасына кім кепіл? Қазіргі баспасөзіміз де, қолға ұстар кітабымыз да – көгілдір экран. Арналарымыз тосын оқиға мен суыт хабардың легінде бір-бірінен асып түсуге асықпай, сараптамасы терең тектілік тұжырымдарын алға ұстаса, «сөздің обалы мен көздің обалы» қабат өтелер еді.  

Тексіздік негізі – тілсіздік.

Елу жыл тұтқында тілін ұмытпаған ағай... өз елінде тілінің тұтқында қалғанына құса боп өлді...

 

Тектілік тұжырымдамасы – тіл. Тексіздік негізі – тілсіздік. Бұған Алматыда да, Мәскеуде де көз жеткіздік. «Орыс болу үшін әуелі қазақ болу керек» деген өзбек-әкәнің сөзіне өкпелеуші едік, «өз ағам» Мәскеуде де Тәшкенде жүргендей қызыл тілі жаңылыспай тектілігін танытып жүреді. Біздің бозбалалар Мәскеуде де, Парижде жүргендей «қазақша сөйлегеніміз ұят қой» деп, бет моншақтары төгіліп тұрады. Ұят концепциясы – бас ию емес, бет моншағымыз төгіліп тұру – биіктік емес, төмендік. Мәскеуде орысша сөйлемей көштен қалып жатқан өзбекті, тәжікті, украинды, латыш пен эстонды көрмедік. Жатақхананың бірінші қабатынан алтыншы қабатқа айғайлап жататын армян мен грузин барлық уақытта Ереван мен Тбилисиде жүргендей. Біздің «интерн» боп иіліп тұрған мінез-құлықтан алған бас бәйгеміз – тектілік тұғырының төмендеуі, «оларға бәрібір» деген одағай сөздің өзімізге қарап айтылуы. ГДР мен ФРГ-ның арасындағы тас қорған жойылып, шекара ашылғанда, немісте тұтқын боп қалған ағай атамекенге оралды. Қазақ той жасаудан ешкімді алдына шығармайды, көрісу мен «құтты болсын!» айту айларға созылды. 1941 жылы кеткен ағай қазақшаны ұмытпапты, немісшеге де судай. Ауылдың темір ұстасы Эмель келіп, өз тілінде сөйлесіп, терлеп-тепшіп адам боп қалды. Ол бірде Эмельге сын айтты, «өз тіліңді дұрыс сөйлемей тұрсың» деп. Қырық жыл қырғыннан аман қалған Эмельде не кінә бар, «қайтем енді!» деп нән балғаны төс темірге бір-ақ ұрды. Алматыға қыдырып кеп, ағайындарына қатты таңқалды, «тілді қалай ұмытқансыңдар?!» – деді таңырқап. «Елу жыл тұтқында жүрген біз тәуір екенбіз ғой. Автобуста «Абая» дейді, Желтоқсан көшесін ескі атымен «Мира» дейді екен. «Үш әріптің» кеңсесі тұрған көше қазір Наурызбай аталса да, «Дзержинский» дейді екен. Бізді құртқан сол Дзержинскийдің ұрпақтары ғой, түксиіп тұрған тас мүсінге түкіріп қайттым. Автобустағы билет кесуші жігітке: «Неге Наурызбай демейсің?» деп наз айтсам, «Қазір ешкім олай демейді» деп, нақты жауап берді. Сол кісі жылан жалағандай үйінде жатып құсадан қайтты. Оралғанына өкінген жоқ, тексіздікке өкінді. Шолоховтың Андрей Соколовы да тұтқыннан қашып шығып, Сталинді таңқалдырса, біздің ағай елге келгенде тілінің тұтқында қалғанын көріп, жүрегі жараланды. Кетерінде тілден айрылды. Неміс жеңгей: «Өлеріңде ең болмаса өз тілінде қоштаса да алмады ғой» деп көз жасын сығып алды. Жылай бергесін жеңгейді Германияға шығарып салдық. Пойыз орнынан қозғалғанда ол «Ауф видерзеен» деген жоқ, «Көріскенше хош болыңдар!» деді солқылдап. Өмір көрінісі осы. Неміс Герағаң (Герольд Бельгер) топыраққа адалдығын дәлелдеген тұлға. «Қазақтың қазақша сөйлегені мені қуантады, – дейді ол кісі. – Ал басқа милләт өкілдері мемлекет тілін меңгерсе, әрине, нұр үстіне нұр. Қоныс тепкен елдің тілін білу – міндет, парыз деп түсінген жөн. Онсыз елдің шынайы азаматы болуың екіталай. Дей тұрғанмен, қазақ тілін қызғыштай қорғап, сақтай білетін бірден-бір ұлт – қазақтар деп білемін. Өзге жұрт өкілдері қазақ тілінің дамытушысы болуы неғайбыл. «Исатай басшы, мен қосшы» дегендей, сіздер, қазақ елінде қоныстанушы өзге жұрт өкілдері, ең алдымен сенімді қосшы деңгейіне көтерілуіміз керек». («Алматы ақшамы», 6 қыркүйек 2011 ж.). Ұлттық тілді дамытудың болашақ үшін ұсынысы, міне, осы. Өмір талабы да осы. Жалынан сипай берсең, жылқы да атдорбасын сілкіп-сілкіп, басынан шығарып тастайды. Герағаң да жаулап алған жерінде әскерін қыпшақ тілінде сөйлеткен Шыңғыс ханның талабын еске түсіріп отыр. Егер Елбасы бір жиналыста бастан-аяқ қазақша сөйлесе, бәрі бір күнде қазақша сайрар еді. Өйткені, тіл – күнкөріс құралы ғой. Өмір талабын қайтсек те орындауымыз керек.  

Өтірік айтпайтын Адам ойлап шығарсақ...

Өтірік айтпайтын Адам – текті Адам.

  Ғылым мен техника дамыған сайын жалған сөйлеп, жалған ақпарат беру де қатар дамып келеді. Ат арба мен есек арба ХХ ғасырдың 80-ші жылдары көзден бұл-бұл ұшып еді, қазір ауыл толы арба. Өйткені, жұрттың бәрі маймен жүретін жеке мәшине ұстауға шамасы жетпейді. Ғарышқа Адам ұшырған Байқоңырдың түбіндегі Төретам аулының жағдайы да осындай. Осында тұратын бір қазақ жігітіне: «Не істеп жүрсің?» десем, «Бәрін өзім жеймін» деген гимн жазып жүрмін, – дейді. Мәскеудің Бауман атындағы Жоғары техникалық университетін бітірген жігіт еді, қазіргі сөзі біртүрлі. – Алматының «Барахолкасында» қырғыздардың жүгін тасыдым. Өзіммен бірге оқыған қырғыз «троишник», мен «красный дипломникпін» ғой, – деп мырс етті. – Ол қазір Кабминде орынбасар, менің ешкімге керегім жоқ. Оларда Мәскеудің жоғары техникалық оқу орнын бітіргендер үкімет тізімінде тұрады екен. Біздің Ғылым Академиясының алдына дәу әріптермен бадырайтып «Ғылым Ордасы» деп жазып қойыпты. Оны тағы да Академия тарағасын жазды. Сәтбаев, Қонаев (екеуі де), Есенов, Айтхожиндер бар кезде жазуы керек еді... – Жігітте сөз көп. Оқудан ба, тұрмыстан ба, айныңқырап қапты. – Әнеукүні сахнаға әнебір ерлі-зайыпты әншілер ән айтатын қуыршақ алып шықты. Басын қалтақтатып тұрып, мұрнынан халық әндерін айтты. Халық мәз, ду қол шапалақ. Біздің халық не үшін қол шапалақтап тұрғанын білмейді. Ең соңғы айтарым, сен асығып тұрсың ғой, өтірік айтпайтын қуыршақ неге шығармасқа? Тек ақиқатты айтатын қуыршақ ел басқарса. Онда адам баласын алалау деген болмайды. Мен ойлап шығарар едім, бірақ патент бермейді ғой», – деп иығымнан бір ұрды да бұрылып жүре берді. Қандай текті жігіт еді, тұрмыс тұнжыратып жіберіпті. Тек аман болсын, бір жерден тесіп шығары сөзсіз. Тәуелсіздікке 20 жыл. Жетістігіміз жоқ емес, тек адами мінез-құлықта ауытқу мол. Әсіресе, даладан қалаға келген жастар, әлгі тұтқыннан шығып келген ағай айтпақшы, автобусқа билет кесуші боп орналасып, құлағына музыка сымын тығып ап, қалада бәрін қатырып жүрмін деп көкірек кереді. «Коммунистік проспект» дейді дауыстап. «Абылай хан десейші». «Оның кімге керегі бар?». Естіген құлақта жазық жоқ, көз – куә. Соларды әке-шешесі, «баламды медресеге біл деп бердім» демекші, «Астанаға барып күніңді көр, адам бол» деп жіберді. Ол тектілікке қарай бойұсынудың орнына, көргенін қайталап, көрбалаға айналуда. Үлкен-кішіге «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалі үлестірілді. Шағын мекемедегі 14 адамның алтауы – Бас директордан бастап, 4 бөлім бастығы марапатты түгел алған екен, қалған қарапайым сегізі құр әшейін қол соғып отырыпты. «Жетінші боп сенің алмағаның дұрыс-ақ» – дедім танысыма. – Жеті – киелі сан. Сен сол жердің киесісің һәм иесісің». Жапония – өмірге сабақ ел. Бұларда бөлім меңгерушісі есік аузында, қалғандары онан жоғары отырады екен. Ол сол жердің иесі, басқаларды сыртынан бақылап, еңбегіне әділ баға береді, келгендерді күтіп ап, шығарып салады. Оларда император біреудің жұмыс орнына келсе, ешкім бас бұрып қарамайды, ол еңбек тәртібін бұзғандық боп есептеледі. Бұларда айтулы мерекелерде көбіне берекенің символы ретінде күріш сабағын тапсырады, басқа марапаттар да әрбір адамның еңбегін сынаптай ғып сынақтан өткізіп барып беріледі. Бізде марапат жоғарыдан басталса, бұлар төменнен бастайды екен. Заман ХХІ ғасырдың ортасына қарай жылжып келеді. Уақыт зулайды, Адам – уақыттың құлы. Тектілер азайып, тектілік жоғалып барады. Ілім мен білімнің биігінде о бастан биологтар тұр. Осы биологтарды идеологияға қарай тартсақ қалай болар екен? Дәстүрлі әндерді айтатын қуыршақтар шығып жатқанда... бірақ, олардан тектіліктің иісі аңқып тұрған жоқ. «Мен айтқышпын, мені сатып ал» деп бизнес әуеніне сап басын қалталақтатып, иелерінің айтқанын істеуде. Сәнді сахнада тұрса да жарнамасы басым. Өтірік айтпайтын Адам ойлап шығарсақ деймін. Өтірік айтпайтын Адам – текті Адам. Кеңес мемлекеті жаңа қалыптасып келе жатқан кездегі Сталин бастаған топ, өзіміздегі Шаяхметов, Тәшенов, Қонаев, Әуелбеков, Заманбек, Алтынбектердің өтірікке қаны қас емес пе еді? Сахаров, Сәтпаев, Бекмаханов, Бөкетов, Зиманов секілді арамызда жоқ ғалымдар да ақиқатшылдар емес пе еді? «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген сөзді ақсақалдарымыздан естіп өстік. Сондай бір тұтам құйрығы таза, қазақ айтпақшы, «арты таза»  Адам ойлап шығарса, біздің күнделікті тіршілігіміз жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жуылар еді. Өзбек драматургі ХХ ғасырда «Темір қатын» пьесасын жазып, тауқыметке көнгіш шығыс әйелінің образын жасады. Оның қолынан бәрі келеді, тек төсек ләззатына келгенде жібімейді екен. Күйеуі саналы түрде ажырасады, өйткені өмірде төсек ләззатынан асқан ләззат бар ма? Қазір лас ләззаттан көгілдір экран көрінбей қалды. Биологтар биікте отырып өтірік айтпайтын бір-ақ адамды өмірге әкелсе, тоғыз ай, тоғыз күн күтіп, ат шаптырып, той қылар едік. Ұл көргісі келген әкенің қандай болатынын білесіз ғой... Маргарэт Тэтчер, Индира Ганди, жақын жердегі Отынбаевадай болса да, төмен етекті деп таусылмас едік. Тектілікті аңсаған адамның қиялы да тежеусіз. Оның үстіне біз Гагарин ұшқан мекеннің Мәскеуге жалға берген жағында емес, есек арба айдаған Төретам жағындамыз. Тіпті болмаса, Төретамда күнкөріс үшін әрнәрсенің басын бір шалып жүрген Бауман университетін қызылмен бітірген сөзі біртүрлі жігітке айтсақ, ол да қарап қалмас еді. Мейлі ұл болсын, мейлі қыз болсын, әйтеуір әкесінің атын атап туған текті атаның баласы болса... Идеологияға биология қол ұшын беретін кез келді...