ҚАРСЫЛЫҚ КҮНІНІҢ ҚАРҚЫНЫ

Әлемге әйгілі данышпан ғалым Архимедтің физикада «Бетімен су толған ваннаға қандай зат батырсаң, сондай көлемде су сыртқа ағып төгіледі» деген атақты заңы бар. Дәл осы сияқты, біздің шекесі тар шенеуніктердің қалтасы қаншалықты қалың болса, ақылдары соншалықты керісінше ғой деймін, шамасы. Бұл да бір баюдың заңдылығы шығар. Құдай барлық жағынан берсін бе, бір жағынан берсе, екінші жағынан қысып қояды. Болмаса билік, 25-ші ақпан күнгі Алматының Достық пен Абай даңғылдарының қиылысындағы өткен митингте ақылға сыяр әрекет жасар еді ғой... Достық даңғылының шығыс жағында тек жаяу жүргіншіге арналған тротуар ғана ашық та, басқа адам жиналуы мүмкін-ау деген барлық алаңқай темір шарбақпен қоршалған. Екі мыңға тарта адам бір жағынан темір шарбақпен, екінші жағынан тізіліп тұрған полицейлермен қысылды да қалды. Халық қашанғы тұрсын, көп өтпей-ақ, полицейлермен айтыс-тартыс басталып та кетті. Бірнеше адам дайын тұрған полицейлік автобустарға күшпен тоғытылды. Қалғаны үйілген қардың үстіне бірінен кейін бірі шығып митингіні жалғастыра берді. Бұл жолы да, өткендегідей, жастар көп қатысты. Сөйлегендер де солар болды. Негізгі тақырып – Жаңаөзендегі орын алған қанды қырғын. Кім атқызды?! Кім атты?! Кінәлілердің жазалануы... Әділетсіз өткен сайлау тақырыбы да сырт қалмады. Сөйлеушілердің аузынан Назарбаевқа қарсы бір ауыз сөз шығуы мұң екен, бірден автобусқа тоғытылып жатты. Бұған қарап «Путин долой!» деген плакат Мәскеудің бұрыш-бұрышында ілулі тұрса да, жүз мыңдаған адам «Россия без Путина!» деп дүбірлетіп митингтер өткізіп жатса да, былқ етпеген Ресей премьер-министрінің мықтылығына таң қалмасқа амалың жоқ! Бірте-бірте автобусқа сүйреп алып барғаны бар, аяқ-қолынан ұстап көтеріп барғаны бар, зорлықпен тығылған адамның саны 40-тан асты. Бұрынғы уақытта елдің екінші шетіндегі болған уақиғаны естімей қала беретін едің. Ал қазір ХХI ғасыр емес пе? Әлемнің қай түкпірінде не болып жатса да, сол мезетте біліп отырасың. Біздің биліктегілер неге араб елдеріндегі, мына тұрған Ресейдегі болып жатқан оқиғалардан сабақ алмайды екен?! Халықтың халықтан айырмашылығы жоқ. Биліктің ғана бір-бірінен айырмашылығы болады. Демократиялық, демократиялық емес, авторитарлық, монархиялық, т.т. Кез келген халыққа әділ, жемқорлық жайламаған қоғам құра алатын билік қана қажет. Осындай қоғамның өзі де өмірдің даму заңына сәйкес жаңарып, жақсарып отыруы тиіс. Бұл үшін басқарушы биліктің ауысып отыруы шартты дүние. Араб елдерінің түбіне жеткен, міне, осы «мәңгілікке» ұмтылу әрекеті. Қазіргі жаһандану заманында бір елде болып жатқан игі өзгерістер өзге елге жетпейді, келмейді деген қателік. Бұл кез – жойқын ақпараттар ағыны заманы. Қазақ қоғамындағы соңғы кездегі орын алып отырған жағдайлар осының айғағы. Билік халық талабына сай әрекет етпесе, қиын болары анық. Тіптен, әрекет еткен күннің өзінде, билік өз ғұмырын «мәңгілікке» соза алмайды. Сондықтан бүгінгі биліктің күтушісі болып жүрген мемлекеттік мекеменің, әсіресе құқық қорғау органдарының жәй қызметкерлері ойлануға тиіс. Билік те, қызмет те кетеді. Қалатыны – олардың бүгінгі істері. Ертең бала-шағасы, немере, шөберелері Жаңаөзендегідей халықты қырған халық жауының ұрпағы болып қалмасын. Қай кезде де өз халқына соғыс ашқан биліктің ісін ақтап алу мүмкін емес. Жаңаөзендегі қарусыз халықты автоматпен қырған билікке енді ешқашанда кешірім жоқ. «Ат!» деп бұйрық бергеннің де, атып өлтіргеннің де ұрпақтарының беттеріне халық түкіретін болады. Қазіргі заманда ешнәрсе ізсіз жоғалып кетпейді. Жеке адамдар, «Азаттық», «Би-би-си» сияқты т.б. теле-радиокорпорациялар, толып жүрген шетелдік құпия агенттер түсірген бейне таспалар ондаған жылдар бойы сақталады. Сондықтан келешек ұрпағын ойлаған саналы адам бүгінгі биліктің заңсыз жасаған айтағынан аулақ жүруі керек. Себебі, бұрынғы уақытта халыққа жасалған осындай опасыздықтарды Қызыл үкіметтің қанды қол саясатынан деп кешірдік. Ал енді өз еркіміз өзімізде кезде не айта алмақпыз? Кешіре аламыз ба?..

Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ