ТОҚАЕВ ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ РЕФОРМАҒА ӨЗГЕШЕ СЕРПІН БЕРГІСІ КЕЛЕДІ

Германия әлем өркениетінің ұшар басында тұрған көшбасшы мемлекеттердің бірі. Геосаяси, геоэкономикалық әлеуетті зор. Озық технология елі. Қаржы саласы мығым. Экономикалық қуаты жөнінде әлемде төртінші орында. Кәрі құрлықта жатқан мемлекеттер арасында саяси және экономикалық жетекшілік рөлге ие. Ал, мұндай әлеуетті мемлекетпен тығыз қарам-қатынас орнатуға кез-келген ел мүдделі. Соның бірі Қазақстан. 1991 жылдың 31 желтоқсанында Германия Қазақстанның егемендігін таныды. Дипломатиялық байланыс орнатты. Содан бері екі ел арасында саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік байланыс басталды. Барыс-келіс, алыс-беріс дұрыс жолға қойылды. Сол тұста Қазақстанға тағдырдың талайымен көшіп келіп, тұрып жатқан неміс ұлтының 700 мыңға жуығы өзінің тарихи отанына оралды. Онда тұратын біраз қандасымыз атамекенге ат басын тіреді. Мұның өзі екі ел арасындағы достық қатынасты нығайта түсті деуге болады. Әсіресе елімізге Германияның озық технологиясы, қаржысы керек болды. Содан болар Қазақстан Германиямен экономикалық байланысты күшейтуге күш салды. Әрине Германия Қазақстанға инвестиция құйған елдердің ішінде он екінші орында тұрғанмен, немістердің әр тарапта жұмыс істейтін алпауыт Siemens, Knauf, MetroCash&Carry, Heidelberg Cement, Quaesta Capital, Linde AG және басқа да компаниялары елімізге келді. Қысқасы, елімізде ірілі-уақты 600 ден астам компания –кәсіпорын неміс инвестициясына жұмыс істеуде. Осы орайда айтқым келгені, Қасым –Жомарт Тоқаевтың президент ретінде Еуропаға арнайы сапарын Германиядан бастауының өзінде үлкен мән бар. Германия аса жоғары дамыған индустриялы – аграрлы ел. Елдегі ұлттық табыстың 33,6 % -ін өнеркәсіп пен құрылыс өнімдері, ал 1,2 %-ін ауыл шаруашылығы өнімдері мен орман шаруашылығы береді. Қазақстанның Германиядан үйренері көп. Әрине мұның алдында мемлекет басшысы сапарлап құдайы көрші Ресейге де, Қытайға да барып қайтты. Бұл екі елде әлемдік геосаясатта орны айрықша . Қытайдың экономикалық-қаржылық әлеуетті зор болса, Ресейдің әскери күш-қуаты мығым. Үкіметіміз шығарған өткен жылдың (2018 жыл) қортындысына қарасақ, Қытай (1,2 миллиард $) мен Ресей (1,2 миллиард $) Қазақстанға инвестиция құйған ірі 10 мемлекеттің қатарына кіреді екен. Бірақ еліміздегі түрлі топ, қозғалыстар арасында екі елге байланысты қарама-қайшы ұстанымдар баршылық. Әсіресе Қытайға байланысты әр қазақта «қытай синдромы» бар. Ол - «егерде тым тығыз байланыс орнаттсақ, қарыз көп алатын болсақ, бір жарым миллиард халқы бар аждаһаның жемсауына түсіп кетеміз, мемлекеттігіміз жоғалады» деген. Сол секілді «Ресейменде тонның ішкі бауындай араласудың жөні жоқ. Мәскеудің ниеті басқа. Өйткені, өткен тарихқа көз салсақта жетеді. Оның үстіне Ресей Батыс салған санкцияның құрсауында отырған, экономикасы батпақтап жатқан мемлекет. Заманауи технологияға ие емес» дейтіндер көп. Демек жұрттың басым бөлігі Қытай мен Ресейден гөрі, Еуропаның қарқынды дамып жатқан мемлекеттерімен байланыс орнатқанды жөн көреді. Осының бәрін безбеннен өткізген президент, Еуродақ елдеріне арналған арнайы сапарын Германиядан бастауды дұрыс деп шешсе керек. Сапардың басты мәні немістің алпауыт компанияларын елге әкелу, солар арқылы ел экономикасының тамырына қан жүгірту. Келіссөздер барысында Қасым – Жомарт Тоқаев: «Германия экономикалық әлеуеті жағынан әлемдегі төртінші мемлекет болғанымен, бізге тікелей инвестиция салып отырған елдердің ішінде 12-орында. Қазақстан әртүрлі саладағы 700-ден астам жобаны жекешелендіретін болады. Бұл неміс инвесторлары мен компанияларына жақсы мүмкіндік туғызады деп санаймын. Неғұрлым инвестиция көп тартылса, соғұрлым екі ел үшін де тиімді болмақ, – деген Мемлекет басшысы, Германия инвесторлары үшін арнайы жеңілдіктер ұсынып отырғанын, бұл екі тарапқа да өте тиімді болатынында тілге тиек етті. Демек Қазақстанға келетін неміс инвесторларын көптеген жеңілдіктер күтіп тұр деуге болады. Әрине бұл жақсылықтың нышаны. Немістің озық технологиясы, сапасы, тәжірибесі бізге керек. Әлі есімде осыдан үш – төрт жыл бұрын немістің су тазартатын құрылғы шығаратын компаниясы келіп, Көкшетау, Шортанды жағында пилоттық жұмысын бастаған еді. Бірақ біздің елдегі түрлі кедергілер неміс бизнесінің жүріп кетуіне бөгет болды. Амалсыз олар қайтып кетті. Мұндай жағдай инвесторлар үшін тиімсіз. Бұл жолы неміс инвесторларының жұмысына президент өзі тікелей кепіл болатын болса, онда неміс бизнесі Қазақстанда қанат жаяры белгілі. Ол өз кезегінде еліміздің экономикасына серпін бермек.   Демек экономист, кәсіпкер (27 жыл болды осы салада келе жатырмын) ретінде, Тоқаевтың Германияға сапар жасап, ондағы бизнес өкілдерін Қазақстанға шақырып, «ел экономикасын көтеруге үлес қосыңдар» дегенін қолдаймын. Бұл да Тоқаевтың жаңа экономикалық реформасының бір баспалдағы болуы бек мүмкін.   Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.