Тоқаев: Орталық Азия елдері ішінде Қырғызстан – Қазақстанның екінші сауда серіктесі
2019 ж. 28 қараша
3134
4
Қазақстан мен Қырғызстан делегацияларының арасында өткен келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қырғызстанға жасаған сапарының ерекше маңыздылығын атап өтіп, елдерімізді ежелден жалғасып келе жатқан тығыз достық байланыстарымыз, терең тамырымыз, тіліміз бен мәдениетіміз біріктіретінін айтты.
Қазақстан Президенті өз сөзінде одақтастық әрі стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткен екіжақты байланыстарды дамытуға Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбековтің қосқан үлесіне тоқталды.
– Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков 2017 жылы саяси ерік-жігер танытып, екі ел үшін де маңызды саналатын мемлекеттік шекараның құқықтық мәртебесін бекітті. Бұл Қазақстан мен Қырғызстанның бүкіл әлем қоғамдастығына тату көршілік рухының жарқын үлгісін көрсетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол Қазақстанның Президенті ретінде көпжақты қазақ-қырғыз ықпалдастығын дамыта беруге ниетті екеніне назар аударды. Оның айтуынша, бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған Бірлескен декларация соның айқын дәлелі.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарға баса назар аударылғанын мәлімдеді.
– 2015-2018 жылдары екіжақты тауар айналымы 30 пайызға артып, 900 миллион долларға жуықтады. Соның нәтижесінде еліміз Қырғызстанның жетекші сауда серіктесіне айналды және Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші орынды берік иеленіп отыр. Өз кезегінде Орталық Азия елдері ішінде Қырғызстан – Қазақстанның екінші сауда серіктесі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте, Қазақстан Президенті тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу міндетіне айрықша тоқталды. Келіссөздер барысында кәсіпкерлер тұрақты түрде тікелей байланыс орната алатын арнайы алаң құру бастамасы талқыланды.
– Қазақстан мен Қырғызстанның өңіраралық форумын өткізу тәжірибесін енгізу осының бір мысалы бола алады. Үкіметтерге бұл ұсынысты пысықтау тапсырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті өзара сауда-саттықтың шамамен 50 пайызын құрайтын шекара маңы ынтымақтастығының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Экспорт-импорт операцияларын қолдап, ынталандыру үшін Қазақстан тауарларды рәсімдеу және дайындау жөніндегі логистикалық орталық құруды ұсынып отыр. Бұл жобаның іске асырылуы елдеріміздің аумағында әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, тауарларды жылжытуға айтарлықтай мүмкіндіктер туғызады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Су және энергетика саласындағы мәселе – кездесудің маңызды бөлігі. Қазақстан Президенті Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердегі су ресурстары ортақ байлығымыз деп санайды.
Келіссөздер барысында екі ел басшылары мәдени-гуманитарлық саланы одан әрі дамытудың перспективаларын жеке мәселе ретінде қарастырды. Атап айтқанда, алдағы уақытта елдеріміздің өзара Мәдени күндерін ұйымдастыру ұсынылды. Соңғы рет мұндай шара алты жыл бұрын өткізілген болатын.
Қазақстан Президенті келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған екіжақты құжаттарға баса мән беріп, жалпы сипаты бойынша серіктестігімізді нығайтуға тың серпін беретін Ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасына ерекше тоқталды.