Нығматулин министр Атамқұловқа ескерту жасады
2019 ж. 21 қараша
1929
0
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин индустрия және инфрақұрылымдық даму министрін сөкті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Барлығы депутат Нұртай Сабильяновтың сауалынан басталды. Ол мінберде тұрған министр Бейбіт Атамқұловқа сұрақ қойып, бюджет қаражатын игеру кезінде делдалдарды барынша қысқарту қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, мақұлданған үш жылдық республикалық бюджетте жолаушылар вагондарын сатып алуға 40 миллиард теңге қарастырылған. Ол үшін "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингіне республикалық бюджеттен кредит беріледі.
"Одан ары "Бәйтерек" холдингі Қазақстанның даму банкіне тағы да оны кредит ретінде береді. Қазақстан даму банкі өз кезегінде оны "БРК-Лизинг" акционерлік қоғамына тағы кредит ретінде береді. Содан БРК-Лизинг вагондарды сатып алып, "Жолаушылар тасымалы" АҚ-сына лизингке береді. "Қаржы лизингі" деген ол тағы несие деген сөз ғой. Менің сұрағым, бюджет қаражаты түпкілікті жеткенге дейін делдалдың саны неліктен көп? Осы делдалсыз Қазақстан теміржолын қаржыландыруға неге болмасқа?", - дейді Сабильянов.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов осы сұраққа мемлекеттік тілде жауап беріп көрді.
"Үкіметтің шешімі бар. Сол шешімге байланысты біз администратор боламыз ғой....Біздің министрлік...Біз тек қана сол үкіметтің шешімі қабылданған...сол қаржы операторлары арқылы сол бюджеттік кредитті бере аламыз. Соның біреуі...Ол шешімде БРК-Лизинг жоқ. Сонымен соның бас жағындағы компаниясы – Бәйтерек арқылы беруіміз керек. Сондай бізге берілген ереже бар...үкіметтен. Ал, енді, арғы жағында қалай бөлінетіні...Ол деген...Бізде...Осы жерде...", - деді Атамқұлов.
Осы кезде әңгімеге мәжіліс спикері араласты.
"Бейбіт Бәкірұлы, сіз сұрақты естідіңіз бе? Тұра тұрыңыз, қай шешімді айтып тұрсыз? "Біз шешім бойынша жұмыс істеп жатырмыз" дейсіз. Ол шешімді кім қабылдады? Айтыңызшы. Осындай "посредниктер" көп болуы керек деген шешім бар ма? Соны айтып отырсыз ба?", - деп сұрады спикер.
Министрдің сөзіне қарағанда, бюджеттік кредит тікелей "БРК-Лизинг" компаниясына берілсе, мөлшерлемесі 7-8 процентке дейін өсіп кетеді. Ал "Бәйтерек" холдингі арқылы 0,7-0,8 проценттің айналасында болады.
Осыдан кейін мәжіліс төрағасы қаржы вице-министрі Татьяна Савельевадан мәселенің мән-жайын түсіндіріп беруді сұрады. Оның айтуынша, бюджеттің ақшасы тек қаржы операторы арқылы ғана беріледі. Заңнаманың талабы солай. Дегенмен, үкіметтің арнайы қаулысымен "БРК-Лизинг"-тің мәртебесін өзгертіп, делдалды қысқартуға болады. Осы кезде Нығматулин министрге ескерту жасады.
"Министр мырза, естідіңіз бе, бізге бір ғана құжат – үкімет қаулысы керек. Соның арқасында сіздер бюджеттің біраз қаржысын үнемдей аласыздар. "Жолаушылар тасымалы" компаниясы да вагондарды жақсы бағамен алады. Үкімет мүшесі ретінде ондай ұсыныс жасауға болады ғой. Не істеп жатырсыздар? "Осындай шешім бар, сол шешім бойынша жұмыс істеп жатырмыз" дейсіз. Осында отырғандардың ішінде сіз ғана бүгінгі тақырыптан алшақ жүрген сияқтысыз. Неге күлесіз? Мен шын айтып тұрмын", - деді Нығматулин.
Мәжіліс төрағасы министрге үкімет қаулысын әзірлеп, бюджет қаржысын үнемдеуге кеңес берді. Осыдан кейін жүк тасымалдаушыларына транзит туралы ескерту хатын жіберуге қатысты сұрақ қойылды. Бірақ Бейбіт Бәкірұлы ол сауалға жауап беруге дайын емес екенін жеткізді.