Ермегияевтің ісі қайта тексеруге жіберілді
2019 ж. 21 қазан
3629
0
Талғат Ермегияевтің ісі қайта тексерілу үшін соттан алынды. Бұл туралы сотталған "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының экс-баксшысының адвокаты Алла Котлова айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ермегияевтің қорғаушысы бір айдан бері қылмыстық істі құқық қорғау органдары тексеріп жатқанын айтады. Алайда Алла Котлова не себепті тексеру қайта жанданғанын және кім бастамашы болғанын айтпады.
"Біз құқық қорғау органдарының тексеру жүргізіп жатқанын нақты білеміз. Бұл істі кім жүргізіп жатқанын білмеймін... Бұл мәселеде маған ешкім хабар берген жоқ. Бірақ біз, тексеріс жасап жатқан адамдардың сұрағы болса, қажетті ақпаратты беруге дайынбыз".
"Ермегияевке қатысты қылмыстық істің қайта тексерілу керектігі туралы шешім қабылданады деп үміттенеміз, сондай-ақ осы қылмыстық істе басқа да фигуранттарға да қатысты. Біз осыған қатты үміттенеміз", - деді Ермегияевтің адвокаты Алла Котлова Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, тексеру заңдылықтардың бұзылуына байланысты болуы мүмкін екен.
"Тергеу барысында бұзушылықтар мен сәйкес келмеушілік болса, қайта тексеріліп, сотта қаралуы керек", - деді Ермегияевтің адвокаты.
Алла Котлова әзірге тексеріс нәтижесінің қорытындысы қашан шығатынын айта алмайды, алайда өз қорғауындағы адамның кінәсіздігін айтады.
"Ермегияв өзі істемеген қылмысы үшін сотталды. Нақтырақ айтқанда, оған пара алды деген айып тағылғды. Ермегияев пара алмаған. Бұл тергеу барысында да, сот талқысы кезінде де дәлелденбеді. Сол себепті іс қайта қаралу керек деп есептейміз. Қалған эпизодтар бойынша, қосымша тергеу жүріп, сараптамалар тағайындалып, тергеу шаралары жандану керек деп есептейміз", - деді адвокат.
2016 жылдың жазында "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев аса ірі көлемде пара алғаны және бөтен мүлікті ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оны қатаң режимдегі колонияда 14 жылға бас бостандығынан айырды. Сол кезде сот оның барлық мүлкін тәркілеуге қаулы еткен еді.