Назарбаева қазақстандық министрлерге айыппұл салуды ұсынды
2019 ж. 03 қазан
4016
0
Сенатта бюджеттің тиімсіз орындалғаны үшін шенеуніктердің жауапкершілігін арттыру ұсынылды.
Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Депутаттар алдында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов сөз алып, бюджет процесін реформалау жөніндегі жол картасын таныстырды. Министр көтерген мәселелердің бірі – Мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінетін бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуы болды.
«Біз 2011 жылдан бастап 2018 жылға дейін жүзеге асқан 10 мемлекеттік бағдарламаға талдау жүргіздік. Олар бойынша жалпы алғанда шамамен 9 триллион теңге игерілді, бірақ біздің ойымызша, бюджет 608 миллиард теңгеге тиімсіз игерілді. Атап айтқанда, кіріс көбеймеген, жұмыс орындары ашылмаған және тағы басқа. Біз мемлекеттік қаржыны тиімсіз игергені үшін жауапкершілік белгілеу қажет деп санаймыз, ал мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі есептерді төленген салықтар, табыстар, жаңа жұмыс орындары, өнім шығару көлемі және тағы басқа көрсеткіштермен толықтыру қажет», - деді Руслан Дәленов.
Ұлттық экономика министрлігінің басшысы бағдарламалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін бағалауға қатысты мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы қаулыға түзетулер енгізуді, алдыңғы бағдарламаларды іске асыру нәтижелері бойынша қорытындылар, индикаторлар карталары, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларға жоспардан тыс бағалау жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау алатын жеке кәсіпкерлер, кәсіпорындар мен ұйымдар үшін қарсы міндеттемелер енгізу көзделіп отыр.
Сенат басшысы Д.Назарбаева мемлекеттік бағдарламалар аясында қаражатты тиімсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныстар әзірлеу қажеттігін қолдады.
«Бізде көбінесе бір адам тұтас саланы басқарады, мемлекеттік бағдарламаны әзірлейді, ал әлдебір уақыттан кейін мұның бәрі тиімсіз немесе басымдықтар қате таңдалғанын, мемлекеттік қазынаға залал келгенін көреміз, бірақ ешкімнен сұрай алмайсың, себебі мамандар ауысып, басқа адамдар келген болып шығады. Жауапты адам да жоқ, ие де жоқ. Біздің тәжірибемізде қаншама сондай жағдай кездесті. Сондықтан біздің ұсынысымыз: жұмыстың ауысуына қарамастан, бұрынғы қызметіне жауапты болу керек», - деді Сенат басшысы.
Сонымен қатар, бюджетті тиімсіз пайдаланғаны үшін әкімшілік айыппұл мөлшері формальды болмауы тиіс, келген зиянға шамалас есептелуі тиіс, депутаттардың пікірінше, оны талқылау аса маңызды болады. Қазіргі кезде Сенат депутаттары Есеп комитетімен бірлесіп отырып осындай айыппұлдарды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізу мәселесін пысықтауда.