Бөріхан НҰРМҰХАМЕДОВ: ЖАРИЯЛЫЛЫҚ болып, ЖАРҒЫҒА сүйенсек, жолымыз АҚ болады

Мен бірінші рет осындай ашық дискуссия өткізіп отырғанымызға қуанып отырмын. Жаңа осында көптеген мәселелер айтылды. Ол өте дұрыс және маған таныс. Өйткені бұл сұрақтар осы уақытқа дейін бізге,орталық кеңеске келіп жатыр. Бұған партияның жетекшісі Азат Перуашев бастап, біз жауап бермесек болмайды. Мен өз пікірімді айтайын деп отырмын. Кез келген мәселеде, қиындықта біз ең алдымен партия қабылдағын Жарғыға қарауымыз керек.Жарғыда ең алдымен демократиялық, коллегиялдық, жариялылық, есеп берушілік басты міндеттеріміз екені айқын жазылған.Жарғыға көз салсақ, біз бірден қай жерден қателескенімізді біле қоямыз. Енді біз алда не істеуіміз керек? Менің ойымша біз ең алдымен президиумды жұмыс істейтін президиум жасауымыз керек. Ол жұмыс істеу үшін аптасына немесе айына бір рет президиум отырысын өткізіп, туындаған мәселелерде  коллегиялды түрде шешім қабылдап, басшылық жасалуы керек. Сонымен бірге сырттай сұрау салу арқылы қағаз жүзінде дауыс беруді тоқтатуымыз керек. Орталық кеңес мүшелерін сайлағанда қандай талаптарға сүйенуіміз керек, оны анықтап алайық. Партияның өз ішінде праймериз, ішкі сайлауы болуы керек. Сонда кім көп дауыс алады, сол баруы керек депутаттыққа. Қаржылық дағдарыс деп жатырмыз, онда дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылдағанымыз дұрыс болар. Партиялық комиссия құрып, қаржылар қалай жұмсалғанын, болашақта қайда жұмсалатынын тексеріп отыруымыз қажет.Жариялылық деп отырмыз, ең алдымен партия басшылары, біз, депутаттар декларациямызды жариялап үлгі көрсетейік. Ең басты айтарым, филиалдармен жұмысты жандандыру қажет. Сол филиалдың басшысы сол облыста, партия ішінде  беделге ие болып, сайланған адам ба, жоқ тағайындалған адам ба, міне, мәселе қайда жатыр? Басты назарды осыған аударайық. Ол елде де, партияда да беделді адам болуы тиіс. Облыстық кеңестің мүшелерін сайлағанда сол өңірдің аудандары түгел қамтылуы тиіс. Сонымен бірге біз партиялық мектебімізді ашып,  онда филиал басшыларын, облыстық кеңестің аппарат басшыларын, мәслихат депутаттарын оқытуымыз керек. Барлығы ашық, жариялы түрде болса, онда партияның болашағы жарқын болады. Жаңа Азат Перуашев «Ақ жолдың» парламенттегі фракциясының алдында тұрған мақсаттар жөнінде жақсы айтып өтті. Біз кеше сайлауда алдымызға қойған мақсатымыз 20 пайыз дауыс  алуға жеттік деп ойлаймын. Бірақ бұйырғаны осы болып тұр... Біз енді өткенде Азамат Әбілдаев бауырымыз айтқандай, бүгіннен,  бірінші күннен бастап, келесі сайлауға дайындалуымыз керек.