Серiк ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ: Мемлекеттiк тiлде сөйлемейтiн, ұлттың қамын айтпайтындар өтті...
2012 ж. 27 қаңтар
1323
1
– Өкiнiшке қарай, үмiтiмiздi партия жетекшiлерi тас-талқан еттi. Әу баста ақын-жазушылар «Ақ жолға» сенiп, партияға қызмет етемiз деп ойлап едік. Ондағы ойымыз – Парламенттен орын алып, өз үнiмiздi жоғары жаққа естiртермiз деген ой едi. Өкiнiшке қарай, бiздiң мақсатымыз орындалмады. Бүгiнде көпшiлiк «Нұр Отанды» билiктiң партиясы десе, «Ақ жолды» байлардың партиясы деп атай бастады. Сонда қалған қараша халық қайда қалады? Неге бiз өз елiмiзде өгейдiң күйiн кешемiз? Ұлттың сөзiн жоғары мiнберден айту үшiн Парламентке барғымыз келiп едi, қалталылар қаражатының арқасында өтiп кетiп отыр. Ертең олар мемлекеттiк тiлде сөйлемейдi, олар ұлттың, жұрттың қамын айтпайды. Алдағы уақытта «Ақ жолдың» атынан Мәжiлiске ұсынылған азаматтар бас шұлғып отыра беретiн халге жетедi.
«Ақ жолдың» жүгін көтеріп, намысын жыртып халық алдында абыройлы болуына барынша үлес қосып жүрген бір топ зиялы қауым өкілдері бар. Халқы қадірлеген абыз аға Амангелді Айталы бастаған қаламгерлер қауымы бұл жолы ұлы додада жолда қалғанына қатты ренжігендей болды. Өйткені, бұл аты да, шығармашылық беделі де бар белгілі қайраткерлер қауымынан халық, расында, мол үміт күткен еді. Сондықтан он жыл бойы «Ақ жолдың» намысын қорғап жүрген азаматтар, әсіресе, мәдениет саласының жүгін көтерген қайраткерлер қалталылардың қарымтасын қайтара алмай, ел алдында намыстанып қалды. Себебі, кешегі сайлауда білек сыбана кірісіп, ел-жұртқа өз үнін жеткізген белгілі азаматтар еленбей қалғанда ел де алаңдайды екен. Мәселен, «Ақ жолдың» туын көтеріп, ыстық-суығына көніп, баспасөзде жарнамасын «Нұротаннаан» да асырып жіберген бір Қазыбек Исаның еңбегі неге тұрады?! Ал Амангелді аға елдің абызына айналған адам. Ол кісі парламентте отырып, Үкіметке бір-екі ауыз лебізін арнаса елге де, мемлекетке де сыбаға болары хақ. Оңтүстікте өнерімен де, өлеңімен де елді тамсандырып жүрген Ханбибі де осы жолы көштен қалғандай күй кешіп отыр. Негізінде, барлық Оңтүстік Қазақстан халқы оны, сол өңірден шыққан ақын-зиялыларды қолдағанына сенімдіміз. Ал өз басыма келер болсам, Көкшетау, Торғай өңірінде жүріп біраз халықпен жүздестік. Соның бәрінде де халықтың «Ақ жолға» деген ниетін анық байқадым. Сайлау алдында бұрынғы «Нұротанның» адамдары: «Біз де орынды сатып алып кіргенбіз, сендер де дайындалыңдар» деген болатын. Егер Парламент партасының орны сатылатын болса, болашақта қандай ел болатынымыз өзінен-өзі көрініп тұр емес пе?! Бұл – болашақ ұрпақты апатқа ұрындыратын үрдіс. Оған барлығымыз бірауыздан тосқауыл қоюымыз керек. Он жыл бойы тер төккен адамдарымыздың Парламент мүшелігіне өтпегендігі үшін өз үніміз жеткен жерге дейін айттық. Әлі де айта береміз. Өйткені шындықты тайсалмай айтатын азаматтардың, зиялы қауымның Мәжiлiске өтпеуi өкiнiштi. Ең болмаса, бәріміздің атымыздан Қазыбек Иса өткенде ел мұншалықты шуламас еді...