Қаржылық дағдарысты шешеміз деп,
Саяси дағдарыс жасап жатқан жоқпыз ба?
Қазір елдің бәрін сайлаудағы «Нұр Отанның» 80 пайыз дауысты қалай «алғаны» туралы емес, Алаш деп ұрандаған «Ақ жолдың» партиялық тізіміне Алаш рухты зиялылардың бір де бірі қалай кірмей қалғаны қатты ызаландыруда. Алаштың атын айтқан соң, Алаш арыстарының әруағын тербеткен соң, сол Алаш аманатына адал болуымыз керек еді. Алаштың атымен, Алаш арыстарының әруақтарымен ойнамауымыз керек еді. Ұлтты алдамау керек еді. Енді елге не бетімізбен қараймыз, ұлтқа не дейміз? Қалай ғана ақталамыз енді... «Ақ жол» енді бұндай масқарадан қалай құтылады? Мұндай шешім болады деп ел де, мен де, осы партияның президиум мүшелері де, белсенділері де күткен жоқ... Саяси салмағы депутаттыққа өткен сегіздіктің әкесіндей Амангелді Айталы ағамыз ашына айтқандай, «ер Алаштың атынан садаға кетсін бұл партия» демей ме ертең? Бұған кім жауап береді? Ер Алаш атын ұрандау – «ералаштық» күлкілі саясатқа айналып кеткені үшін ел алдында не дейміз?!.
Мен «Ақ жол» партиясы арқылы ғана ұлттық мүддені қорғай аламыз деп ойлап келдім... Сол үшін «Ақ жолға» қарсы шыққандарға, оның басшысы кім болғандарына қарамастан, демократиялық партияда бар мәселе партияның жоғары органы Президиум, Орталық кеңес арқылы шешіледі деген оймен, қарсы жауабымызды беріп келдік. Сонда менің сүйенгенім – өзім бірінші рет партия мүшесі болып отырған «Ақ жолдың» жыртысын жырту емес, сол партия арқылы ұлтымның мүддесін қорғау еді... Өйткені қай елде де, саяси партиялар арқылы болмаса, саясат, ұлттық саясатың іске аспайды.
Билік тағы алдады. «Ақ жолды» 8 орынмен «жарылқағанмен», оның ішінде ұлт зиялылары, әсіресе, менің өтпеуімді ерекше ынтамен іске асырды... Нешінші рет алдауы екенін менің тілектестерім мен көрінбейтін «достарым» қызу талқылап жатыр баспасөз бен интернетте...
Менің айтарым – кешегі Алаш арыстарынан, Ахмет, Міржақып, Мағжандардан бастап, бүгінгі мұзбалақ Мұхтар Шахановтарға дейін өздерін ұлт тағдыры үшін саясаттан сырт қоя алмаған. Енді Алаш арыстарының аманатын арқалап, саясат майданында біз де, ұлт тағдыры алаңдататын кез-келгеніміз өз үнімізді білдіруіміз керек деп ойлаймын.
Қазір ұлттық мүдде десе, ұйқысынан шошып оянып, безгегі ұстайтындардың дегені болып тұр. «Нұр Отанның» өзінен бұрынғы құрамдағы Жарасбай Сүлейменов, Нұрлан Өнербай, Бекболат Тілеухан, Құрманғали Уәли т.б. сыртта қалып, кілең тілің түгіл, еліңді де сата беретіндер, Атыраулық нұротандықтар қуып жіберген Соловьевалар секілділер («Нұр Отан» тарихында тұңғыш болған бұл оқиғаға қайтып оралу керек) толып жүр. Енді соларға біздікілер қосылмасын деп тілейік құдайдан. Ұлт мәселесінде оңып тұрмаса да, оппозициялық ЖСДП-ның сайлаудан үшінші партия болып өтуі тиіс болатынын айтуымыз керек, олардың орнына қолдан жасап алып келген қазаққа қарсы косаревтық Коммунистерді 7 пайыз жинады дегенге сол косаревтық коммунистердің өздері де сенбей, қайда келіп қалдық деп отырған шығар...
Ұлтшылдардың көсемі Мұхтар Шахановты алдын-ала минасы жасырылған «Руханиятқа» алып келіп ұрындырды. Алаш рухындағыларды «лақтырған» «Ақ жолдың» «сайлау сабағы» елдегі ең қызу тақырыпқа айналды. Маған ең алдыңғылардың бірі болып хабарласқан Мұхтар Шаханов ағам: «Бізді сайлаудан кетірген соң соңғы үмітіміз сен едің... Сенің қадіріңді, сенің еңбегіңді білмеген «Ақ жол» партиясы кімнің қадірін біледі?!. Бір шара жасауымыз керек...» деп ашуланды. Бұндай «жаңалыққа» таңқалғандардың бірі – «Даттың» жетекшісі, ер мінезді Ермұрат Бәпи де: «Сен үшін, газетің үшін дауыс берді ғой көп қазақ» деп «көңіл» айтты...
Иә, алдау заңдылыққа айналған елден алда не күтуге болады? Қанша адамды құрбан қылған Жаңаөзен жарылысы анау, әлі жеткілікті бағасын ала алмай жатқан... Кеше сайлауда, 13 қаңтарда Ақтауға баратын болғасын, мен Шымкенттегі кездесулерді тастап, шұғыл ұшып келіп едім, бармай қалдық... Ертең мәжілісте біздің депутаттарымыз Жаңаөзен мәселесі көтерілсе жалтара қашып, ұлттық мәселеде ұятқа қалдырмауы тиіс.
Кейінгі кезде күн сайын күрделеніп келе жатқан ұлттық мәселелерге қарап айтарым, осы біз Қаржылық дағдарысты шешеміз деп, қолдан Саяси дағдарыс жасап жатқан жоқпыз ба? Қаржылық дағдарысқа қарағанда саяси дағдарыстың салмағы елді езіп жіберуі мүмкін...
Бәрін Ақ Орда
шешсе, «Ақ жол» не шешеді?
Майданға –Қазыбектер, мандатқа – қаржыбектер керек екен...
Біздің билік Ұлттық мүдде десе, жау көргендей болатын болды. Тіпті ұлттық мүдде туралы жай бір ауыз айтылған сөзді де олар көтере алмайтын, шамданатын жағдайға жеткенін көрсетеді. Ал мұндай әлсіздік, мұндай шамшылдық шаршағанда ғана болатыны белгілі. Биліктегі өзара сыннан өлердей қорқатын шаршағандар онда демалуы керек. Мен бұл жерде бір айлық еңбек демалысын айтып тұрмағаным белгілі шығар деп ойлаймын.
Бұдан шығатын қорытынды – ұлтшылдардың басы бірікпей, ешнәрсе өнбейді. Кешегі күздегі 5 мың адам жиналған, Мұқаң бастаған тіл митингісінде мен: «Егер тіл мәселесін Ақорда шешпесе, алаңда біз шешеміз» дегенде, елдің сөзін айттым. Ал пікірімізді алаңдағы жанталаста емес, Парламент алаңындағы заңталаста шешкіміз келіп, істеген тірлігіміздің соңы мынау болды...
Парламентке кім баратынын партия мен оның ең жоғары органы – Президиум шеше алмаса, онда демократиялық деген аты бар партияның демократиялық деңгейі қандай жағдайда?.. Неге бұл мәселе Президиумда қаралмай, таңғы 8-де болатыны бір күн бұрынғы кешкі сегізде айтылды? Неге сегіздіктің ішінде серкелеріміз, Алаш рухты ұлт зиялыларының бірі жоқ? Президиум ешнәрсе шешпесе, оның не қажеті бар? Егер бәрін Ақ Орда шешсе, сонда «Ақ жол» не шешеді? Біз «Нұр Отанды» сынап жүріп, өзіміз одан да асып түсетін түріміз бар ғой.
Парламентке өтетіндерді АП шешті деп жатыр, бізде КПСС дегендей, бәрі де әлі шет тілінде айтылады ғой. «Оны шешкен АП» дегеніміз – Администрация президента ма, әлде Азат Перуашев па, бір құдай біледі? Екеуі де АП ғой өйткені... Кеше сайлау кезінде талай өңірді бірге аралағанда партия басшысы Азат Перуашевтың: «Сізге деген ел ықыласы жоғары екен. Екеуміз бірге жүріп, мен сіз секілді ұлтшыл, сіз мен секілді экономист болып кеттіңіз» дегенін шын көңілмен айтқан еді деп ойлаймын...
Сайлау дегеніміз – майдан! Сондықтан ешқайсымыз аянып қалғанымыз жоқ. Ал сайлау майданында ең үлкен күш – газет, газетсіз майданға шығу – бос патронмен соғысқа шығу дегендей, «Жас қазақ үні» газетінің еңбегі өз алдына бөлек екенін айтып жатқан азаматтарға рахмет айтамын. Кезінде Қабанбай батырды шеттеткенде Абылай хан бастаған батырларға Бұқар жырау: «Қабанбайдан бұрын қайсың найза тіреп ең?» дегенін білеміз. Мен мұны жай мысал ретінде айтып отырмын. Майданға –Қазыбектер, мандатқа – қаржыбектер керек екен ғой деген ойға тірелген соң айтып отырмын... Осылай болатынын маған алдын ала талай ұлтшыл, талай саясаткерлер айтып, сақтандырғанда, сенгіш басым сенбеп едім, өкінішке қарай, расқа айналды…
Алаш аманатына
адал болайық
«Ақ жол» партиясының басшылығы мен депутаттарына айтарым, Алаш идеясын, ұлт мәселесін судан өтіп алған соң «суға батырмаңыздар!» Өйткені оны сіздер бізге ғана айтқан жоқсыздар, бүкіл елді аралап жүріп, жүздесіп жүріп, айтып шықтыңыздар. Енді оның өтеуі депутаттыққа өткен 8 депутаттың тізімімен бітпейді.Енді оны ақтау керек. Өйткені, Алаш аманаты ауыр.
Енді біздің алдымызда бізге берген дауыстары үшін сайлаушылар аманатын, олардың алдындағы өз бағдарламамыздың басты бағыттарын орындау миссиясы тұр. Соған жұмыла кірісіп, сайлау кезінде талай айтқанымыздай, төртеу түгел болып, төбедегіні келтіруіміз керек.
Біз де, «Ақ жолдағы» ұлт зиялылары, Алаштың аты аталып, әруағы қозғалғасын, оны жерде қалдырмай, дамыту үшін Алаш атты кеңес құруды жоспарлаудамыз. Оған кіру партия мүшелерімен шектелмейді деп сенемін. Оның болашағын уақыт көрсетеді.
Қорыта айтқанда, сегіз депутатымыз сексенге татитын серке шығуын тілейміз. Ертең біздің бағдарламаның ең басты бағыты – ұлттық мүдде таразыға түскенде, кеше біздің Атазаңнан орыс тілі туралы бапты алып тастау керек деген 138-дің ашық хатын нұротандық 107 депутаттың ішіндегі қолдаған 4-ақ депутаттың біреуі Нұртай Сабильяновтай ұлттық мүддеге берік депутаттардың қасында «Алаш идеясын арқалап келген ақжолдықтардың түрі мыналар ма?» деген күлкіге қалмайық!
Қаржылық дағдарыс саяси дағдарысқа ұласпасын! Алаш аманатына адал болайық!