Асқар Мамин АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасарымен кездесті
2019 ж. 21 тамыз
2161
0
ҚР премьер-министрі Асқар Мамин АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Д. Хэйлмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды primeminister.kz.
ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласына Орталық Азия мен АҚШ елдері арасындағы диалогты дамыту жөніндегі «С5+1» отырысына қатысуға ресми сапармен келген АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Дэвид Хэйлмен келіссөздер өткізді.
Келіссөздер барысында екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. АҚШ — Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі. 2005 жылдан 2018 жыл аралығында АҚШ-тан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны $40 млрд құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ҚР-ға америкалық инвестициялар жаңа рекорд орнатып, $5,3 млрд құрады. Биылғы қаңтар–маусым аралығында екі ел арасындағы тауар айналымы $1,1 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 31,8% жоғары.
Дэвид Хэйл Қазақстанның АҚШ инвесторлары үшін тартымдылығын атап өтті.
«Бізде экономикалық қатынастарды дамытудың үлкен әлеуеті бар. Сіздің елімізге ресми сапарыңыз елдердің өзара іс-қимылын нығайтуға елеулі серпін береріне сенімдімін», — деді Асқар Мамин.
Сонымен қатар, ҚР премьер-министрі елдердің энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар, логистика, туризм, авиағарыш өнеркәсібі салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдете түсудің перспективаларын атап өтті.