Әбдіразақ СҰЛТАНОВ, «Ақ жол» партиясы Орталық Кеңесі хатшысы: КЕЗІНДЕ ПАРТИЯНЫҢ БӨЛІНУІ ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМ ҮШІН БИЛІК БІР-АҚ ОРЫН БЕРУІНЕН БАСТАЛҒАН ЕДІ...

Мен дұрыс түсінбей отырмын, партияның колегиялды орыны қайда, Президиум шешімінсіз, партияның ең жоғары органында талқыланбай  неге бұл ең маңызды мәселе – 8 адамның тізімі бірден таңғы сағат 6-да орталық кеңеске шығарылды? Кезінде 2004 жылы «Ақ жол» партиясының бөлінуі осындай депутаттыққа өткен партиялық тізім үшін билік бір-ақ орын беруінен  басталған еді... Мүмкін, жер-жердегі бақылаушыларымыз айтқандай, 15-20 орын үшін 8 ғана орын беріп, билік тағы да сол оқиғаның қайталануын қалап отырған болар... Сіздер кеше ғана  келсеңіздер, біз осы партияның алғашқы күнінен осында еңбек етудеміз. Сондықтан, партия төрағасының бірінші орынбасары, партияның барлық құжаттарында еңбегі сіңген Бөріхан Нұрмұхамедов пен тек партияда ғана емес, жалпы елімізде елдік, ұлттық мүдделер үшін күресіп жүрген, Алаштың ұранын көтерген арқалы ақынымыз, тек жеке тұлғасымен ғана емес, «Жас қазақ үні» газеті арқылы  да, ұлтымызға, партияға ерен еңбегі сіңген Қазыбек Исаны қосқым келеді. Сонымен бірге партия нағыз  қиын-қыстау кезінде, демеушілеріміздің бәрі билік қысымымен тайқып кеткенде қаржылай көмек көрсеткен кәсіпкер Андрей Линникті көргім келеді бұл тізімнен... Мен жеке өзім бұл 8 адамның ешқайсысына қарсы бола алмаймын, бірақ жаңағы мен айтқан Бөріхан Нұрмұхамедовты, Қазыбек Исаны, Андрей Линниктін  бәрін дауысқа салып, көпшілік дауыспен шешуді ұсынамын.