Амангелді Айталы: «Ақ жолдың» атынан өткен депутаттарға күдігіміз басым...
2012 ж. 24 қаңтар
1433
4
Олардың ішінде Ұлттық мәселені іске асыра алатыны бар ма деген сұраққа жауап берілмеді...
«Ақ жол» партиясының құрметті мүшесі, танымал тұлға Амангелді Айталы мырзамен арадағы сұхбатымыз көппартиялы Мәжілістің мән-жайы турасында өрбігенімен негізігі әңгіме аталған партиядан сайланған депутаттар жайында болды. «Ақ жолдың» ақсақалы «бұл депуттатардан сенімімізден гөрі күдігіміз басым. Сонда да батамызды бердік» дейді.
- Сайлау өтті. Жаңадан жасақталып жатқан көппартиялы парламент жөнінде ойларыңызды білсек деп едік.
- Мына түріндегі көппартиялық Мәжіліс ештеңе шешпейді. Егерде парламентте, мысалы, бір партия - 45, екіншісі - 35, үшіншісі - 25 пайыз дауыс алып, күштердің тепе-теңдікке жақын балансы қалыптасып, коалиция құрылып, партиялар белгілі бір мәселелерде пікірталастар өткізіп, әр партияның төбе билері елдегі түрлі проблемаларға қатысты көзқарасын жеткізіп жатса, сол кезде ғана көппартиялы парламент туралы айтуға болар еді. Сондықтан, менің ойымша, бұл Мәжілісті түр жағынан - демократия, мазмұн жағынан - авторитарлық деп есептеймін.
- Төртінші шақырылмдағы «2012-ыншы жылы болатын қаржы дағдарысына қауқарсызбыз» деп өзін-өзі таратып жіберген Мәжілістің бірқатар депутаттары қайтадан сайланып жатыр. Бұл қалай болғаны сонда?
- «Қаржылық дағдарысқа қарсы тұра алмайды» деу парламентті таратудың бір жолы болар. Шындығында, Мәжілістің тарауы қаржылық жағдайға байланысты емес. Негізі шетелдік ұйымдар мен сарапшылар Қазақстанды бір партиялы парламент үшін қатты сынады. Сол сын әсер етсе керек. Бірақ бұл өзгерісті ЕҚҰЫ-ның саммитінің алдында ертерек жасау қажет еді. Бірақ олай болмады.
Мысалы, парламентке «Ақ жолдың» жеті, Перуашевпен сегіз дейік, сол сегіз кәсіпкер болашақ экономикалық дағдарыстың алдын алады. Осылардың айтқан пікірі шешуші рөл атқарады немесе «Нұр Отаннан» сайланған депуттарда қаржылық дағдарыстан шығуға күш салады деп айта алмаймын. Себебі, мұның макро және микро экономикалық терең концептуалдық мәселелері бар. Сондықтан «Ақ жолдан» барған кәсіпкерлер алдымен өздерінің фирмаларын дағдарыстан шығаруға күш салар. Үкіметпен, салық комитеттерімен байланысып, жеке кәсіптерін, баққан қойларын құтқарар, бірақ, елді бұлар құтқарады деп айта алмаймын. Және осы депуттардың заң шығару ісі бойынша 80 пайызының тәжірбиесі жоқ. Олардың интеллектуалдық әлеуеті, іс тәжірбиесі дағдарыстан шығуға әсер ете алмайды. Бұл, шын мәнінде президент аппаратының, үкіметтің дайындаған заң жобаларына дауыс беріп қана отыратын Мәжіліс болады ғой деп ойлаймын.
- «Ақ жол» партиясы сайлауалды науқан кезінде «Біз - Алашорданың ізбасарымыз» деп ұрандатып, өзіңіз қатарлы ұлт сөзін сөйлеген азаматтарды Мәжіліске өткізетін партия мүшелерінің қатарына да қосып, алашапқын болды. Алайда, соңғы нәтиже олай болмай шықты. Бұған не дейсіз? Тарихтың алдында ұят болған жоқ па?
- «Ақ жол» партиясының тарихы күрделі ғой. Биыл партияның құрылғанына он жыл болады. Партия басшылығынан Әлихан Бәйменовтің кетіп, Азат Перуашевтің келуі - партияның дамуындағы бір белес. Бәйменовтің тұсында Алаш идеясын, ұлттық мәселені - барлық мәселенің тұғыры ету, экономиканың ұлттық астары, әлеуметтік мәселеде де қазақ ұлтының жағдайы, тіл, дін, мәдениет саласын тұтас қамтыған ұлттық саясаттың тұжырымдамасы жасалынды. Перуашев келген соң, ұлттық мәселелерде тек ұран қалды да, кәсіпкерлердің ықпалы, басымдығы, олардың ақшасы шешуші күшке айналды. Айналып келгенде, депутаттыққа өткендердің жетеуі сайлаудан бірер ай бұрын ғана осы партияға кірген адамдар. Бұлар Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, тарихтың не екенін білмейтін адамдар. Ең өкініштісі - осы.
Ақша билеген заман ғой. Бір келісім болған: сен сайлауды қаржыландырасың, мен сені парламентке апарамын деген сияқты. Сондай келісім болған шамасы. «Ақ жол» кәсіпкерлердің партиясы, елді дағдарыстан шығаратын партия» деп президент әкімшілігіне тұжырымдама жеткізген. Сондықтан жоғарыдағыдай адамдар өтті. Кеше партияның орталық кеңесінде бұл үлкен әңгіме болды. Мәселе, менің я басқаның парламентке өтуінде болмаса, өтпеуінде емес. Мәселе, «Ақ жолдың» идеясы, платформасы сол жерде ашық, анық көріне ме? Ұлттық мәселе алға тартыла ма? Соны ұран етіп қана емес, іске асыра алатын «Ақ жолдың» депутаттары бар ма деген сұраққа жауап беру өте қиын болды. Кеңесте олар жерге қарап ештеңе айта алмады. Біреуі ғана «қазақ тілін, қазақ идеясын қолдаймыз» деген сөз айтты. «Аға, батаңызды беріңіз, бұл мәселелердің бәрін біз парламентке барған соң қолға аламыз» деді. Сөйтіп, батамызды бердік. Алдын ала бәлен-түген демейік. Бірақ та сенімімізден күдігіміз басым.
- Өзіңізде байқап, біліп жүрсіз: елдің жалпы биліктен, биліктің сайланбалы бұтақтарынан сенімі кетті. Сайлаудан да күдер үзді. Жаңаөзен оқиғасынан кейін мүлдем мемлекет пен халықтың ортасындағы сенімге үлкен селкеу түсті. Аузы дуалы ақсақал ретінде елге не дейсіз енді?
- Елге айтарым, елдің, ұлттың тағдыры - үкіметтің, парламенттің қолында емес. Ұлттың тағдыры - әрқайсымыздың, әр қазақтың қолында. Әр қазақ, Қазақстанның әр азаматы елдің тағдырын шешеді. Сондықтан, билікке жан-жақтан ықпал ету, әрине, заңдық шеңберде, халықтың идеясын қалай болғанда да орындату, мәжбүр ету, бұл - біздің алдымыздағы үлкен міндет. Үкімет пен парламент қоғамды тәрбиелейді екен, ұлттың мәселесін шешеді екен деген ойдан аулақ болғанымыз дұрыс. Өйткені, қай елде де, қай тарихи кезеңде де мемлекеттің тағдыры халықтың қолында болған ғой. Сондықтан, біз, қазақ, - мемлекет құраушы ұлт, елдің тағдырына жауап береміз. Билікке, парламентке сеніп, елдің тағдырын екі ұшты етіп тастауға біздің құқымыз жоқ.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - Өміржан Әбдіхалықұлы
«Абай-ақпарат»
|