Тоқаев жаңа мораторий жариялады
2019 ж. 04 шілде
6435
1
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізу туралы қаулыға қол қойды, - деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын қысқарту және жекеше секторды дамытуға жағдай жасау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілсін, оған мыналар:
1) қызметін әлеуметтік салада және (немесе) елді мекендердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету саласында жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
2) жұмыс істеп тұрған заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру (біріктіру немесе қайта құру) жолымен оңтайландыру шеңберінде құрылатын заңды тұлғалар;
3) жарғылық капиталында дауыс беретін акцияларының елу және одан да аз проценті (қатысу үлесі) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиесілі болатын акционерлік қоғамдар (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер);
4) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы және (немесе) келісімі бойынша құрылатын заңды тұлғалар қосылмайды.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жергілікті атқарушы органдармен және квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірлесіп, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар осы Жарлықты іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдасын.
3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2019 жылғы 3 шілде
№ 51