Тоқаев Президент болатынын қашан білгенін айтты
2019 ж. 18 маусым
4370
1
Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews басылымына берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімі туралы 3,5 жыл бұрын білгенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті 19 наурызда өз өкілеттігін тоқтату туралы мәлімдеген. Сол күні президент міндетін Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратыны белгілі болды. Тоқаевтың айтуынша, шешім туралы ол бұрыннан білген.
"Осыдан үш жарым жыл бұрын ол маған "сен келесі президент боласың" деді. Уақыт мәселесі еді, біз уақытты таңдадық", - деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаев саясатта қалғанын атап өтті.
"Мен онымен негізгі стратегиялық мәселелер бойынша кеңесу қажет деп санаймын. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі Қазақстанда екі билік болмайтынын, ол кететінін айтты. Бірақ Президентке көмектеседі. Оның қанша уақыт бойы көмектесетіні оған байланысты болады", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews-ке берген эксклюзив сұхбатында Қазақстанда тұрғындарға шеруге шығуға рұқсат беретін заң қабылданатынын айтқан еді.
"Әрине, заңсыз болғанның бәрі тоқтатылады. Бас прокуратура көшедегі осындай митингілердің заңсыз екенін бірнеше рет ескертті, себебі олар оған қатысқысы келмейтін халыққа кедергі жасайды. Сондықтан, жаңа заң қабылданады, енді демонстрацияға шығып, өз пікірін білдіргісі келген халық тиісті органға жүгінеді, оларға өз пікірін білдіру үшін арнайы жер беріледі", - деген еді Президент.
Сонымен қатар, Тоқаев ЕҚЫҰ-ның соңғы президенттік сайлау жайлы баяндамасында айтылған сынға қатысты пікірін білдірді:
"Ашық сайлау өткізу үшін барлық жағдай жасалды. Кей учаскелерде заңбұзушылықтар болуы мүмкін. Әрине, толыққанды сараптама жасаймыз, егер заң бұзылғаны анықталса, қажетті шаралар қолданылады".
Айта кетейік, 9-12 маусым арасында елімізде рұқсат етілмеген митингілер өткен болатын. Заңсыз акцияға қатысып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін 957 адамды сот әкімшілік жауаптылыққа тартты, оның ішінде қамауға алынғаны - 670, айыппұлға - 115 және 172 адамға ескерту жасалды.