Уәлихан ҚАЛИЖАН: Нұрлы жолды жалғастырады деп сенемін
2019 ж. 10 маусым
4671
0
Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Бұл сайлаудың бұрынғы сайлауға қарағанда ерекшелігі көп болды. Өйткені, Президент сайлауына жеті үміткер қатысты. Олардың ішінде қоғамдық ұйымдардың өкілдері, басқа партиялардың өкілдері де бар. Президенттікке үміткерлердің арасында өздерінің бағдарламасын халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Президент міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы күндерден бастап бұл сайлау ашық, трансфарентті өтеді деп мәлімдеді. Мінекей, біз соның куәсі болып отырмыз. Өйткені, шын мәнісінде бүкіл интернет жүйесінде босын, басқа да ақпарат құралдарында болсын, әр кандидат өздерінің бағдарламаларын халыққа жеткізуге мүмкіндік алды, кездесулер өткізді. Әрине, осы сайлауға кедергі жасағысы келетін әр түрлі топтардың болғандығы жасырын емес. Бірақ, соған қарамастан Қазақстан халқы өзінің таңдауын жасады. Неге? Өйткені, біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық деңгейдегі ірі саясаткер, ірі мемлекет және қоғам қайраткері. Елбасының серіктесі, қиындықтардың барлығын бірге өткізген, өкіметті басқарған. БҰҰ басшысының орынбасары болған, үлкен саяси мектептен өткен тұлға. Сондықтан, ол барлық қазақстандықтардың мүддесі үшін деген ұранмен шығып, өзінің саяси бағдарламасында ең негізгі мәселені көтерді деп ойлаймын. Ол мәселе – біріншіден, жемқорлықпен күрес, екіншіден, мемлекеттігімізді одан әрі нығайту, үшіншіден, басқару жүйесіндегі бүгінгі қалыптасқан тәртіпті сақтау. Яғни, Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырған үлкен саяси жолдан таймай, осы саясатты ары қарай жалғастыру өзінің үлкен абырой, міндеті екендігін мәлімдеді. Сонымен қатар, ол күшті Президенттік билік, ықпалды Парламент, Парламентке тәуелді Үкімет, мінекей, осы биліктің үш тармағы бір-бірімен сәйкес жұмыс істеген кезде Қазақстандағы даму процестері ойдағыдай жүзеге асатындығын айтты.
Тиісті орындардың алдын-ала жасаған есептеулері бойынша Президент міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыздан астам дауыс жинап отыр. Кезектен тыс өткен Президент сайлауында халықтың сайлауға деген ынта-ықыласы көрінді. 77 пайызға жуық халық Президет сайлауында дауыс берді. Бойкот жариялаймыз деп әр түрлі дақпырт болғанмен, халық бұрынғы халық емес. Халық қазір саясатты, экономиканы, әлеуметтік жағдайды саралай алады. Олар ақпарат көздерінен тиісті ақпараттарды ала алады. Оларға өздерінің таңдауын жасауға мүмкіндік берілді.
Батыста, Еуропада осындай сайлаулар өткен кезде жеңілген адамдар сайлау әділ өтпеді деп ешқашан күл шашпайды. Олар жаңа сайланған Президентті құттықтайды. Біз бүгін елімізде осы үрдістің куәсі болып отырмыз. Біз оған қуандық. Қазақстандағы демократиялық үрдістер жақсы қалыптаса бастағаны және орныққаны көрінді. Президенттікке үміткерлердің барлығы осы сайлауда өздерінің жеңілгендерін мойындап, Қасым-Жомарт Тоқаевты
құттықтады. Бұл еліміздегі сайлау жүйесінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Менің ойымша, Қазақстандағы экономикалық және әлеуметтік даму одан ары қарай да жалғасын табады. Нұрсұлтан Назарбаевтың салып берген сара жолы, нұрлы жолы ары қарай да жалғасады. Қазақстан халқы мемлекетіміздің іргесін нығайтып, болашақта өркениетті 30 елдің қатарына қосылуға мүмкіндік туатынына кәміл сенемін. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта да жүзеге асып жатқан реформаларды дамытып, оған өзіндік көзқарасын, өзіндік танымын, өзіндік менталитетін байланыстырып, ары қарай жалғастырады деген ойдамын. Біздің енді толыққанды Президентіміз бар. Жаңадан сайланған Президентіміз Қазақстан халқын жаңа бағытқа, жаңа жаңғыруға бастайды деп сенемін.
Уәлихан ҚАЛИЖАН,
мемлекет және қоғам қайраткері